Дәрі шөптің қадірін білейік!

07 тамыз 2020, 10:07

Қазақ даласы ежелден дәрілік шөпке бай. Тіпті кейбір елдерде емге табылмайтын сирек кездесетін өсімдік бізде көп. Алтайдың ақбас таулары мен Арқаның сары даласында, Алатау мен Қаратаудың қойны-қонышында, Бетпақта мың түрлі дертке шипа болатын дәрілік шөптің алуан түрі өседі. Бірақ соңғы жылдары осы табиғи байлығымызды пысықтар әртүрлі жолдармен сыртқа асырып жатыр. Ал көрші ел әлгі шөптерден дәрі-дәрмек жасап, қайтара бізге сатып, еселеп пайда табады. Қазақ даласындағы дәрілік шөптердің есебін алып, қорғап, сақтап, отандық фармацевтикаға орайлы пайдаланып, табиғи байлығымызды дұрыстап игеретін уақыт әлдеқашан жетті. Егер осы сала дұрыс жолға қойылса, ел экономикасына миллиардтаған табыс әкелуге болар еді. Оның үстіне, пандемия кезінде жалған дәрі жасап сатқан алаяқтардың ісі халықтың дәрі-дәрмекке деген сеніміне көлеңке түсірді. Мұндай жағдайда қарапайым халықтың табиғи өнімге ықыласы ауатыны заңдылық.

Дәрі шөпке қатысты ой-сауалдарымызды қазақ дәстүрлі медицинасының білікті дәрігері Арғынбек Қабылхақұлы мен жапон елінен дәрігерлік білім алған Уатхан Сейпілге қойдық.

Jas qazaq: Арғынбек мырза, сіз қазақтың дәстүрлі халық медицинасымен айналысады екенсіз. Табиғи дәрі шөптермен емдейсіз. Мысалы, әдеттегі тұмауға қандай шөптен жасалған дәрі бересіз? Сол сияқты өкпе аурулары мен жөтелге, дене қызуын басуға қандай шөп дәрілер қолданасыз?

А.Қабылхақұлы: Қазақтың халықтық медицинасында тұмауға пайдаланатын дәрі өте көп. Өкпенің екіжақты қабынуын зәхрап немесе зертең деп айтады. Оған ұшқат гүлін пайдаланған. Қызылмияның тамырын да осы дертке қолданады. Томағашөп деген бар. Бақбақты да пайдалануға болады. Сасыр мен рауғаш та өкпе ауруларына таптырмайтын ем. Көкбояу мен тұт ағашының тамыр қабығы өкпе аурулары мен тұмауға, қабынуға өте шипалы шөптер. Жалпы қазақ шипагерлігінде өкпе аурулары мен тұмауға берілетін шөп дәрілер бірдей. Бөліп-жарудың қажеті жоқ. Өйткені ол табиғи шөп қой. Қырықбуынды қызылша, қарағай дәнегі өкпе қабынуы мен өкпеге суық тиюге пайдалы. Жалпы, дәрі шөптердің бір ерекшелігі қабынуды басып қана қоймайды, сонымен бірге адамның ауруға қарсылық қуатын да арттырады.

Әдетте қызылмияның тамырын жөтелге, аллергиялық жөтелге қолданады. Ал қытайлар мен жапондар «ган сау шуаң ган» деген дәріні ине арқылы салады. Онымен қан құрамын тазалайды, аллергияны емдейді. Қытайлар қызылмияның шырынынан «ган сау пиан» деген дәрі шығарып жатыр. Оны жөтелге қарсы пайдаланады. Өкпенің қабынуы мен созылмалы ауруларына ақжүрек деген шөптің тамыры өте жақсы нәтиже береді. Шамғұрды да өкпе ауруларына пайдаланамыз. Шұғынық деген құртқа ұқсайтын гүлдің тамыры бар. Ол өкпеге де пайдалы, әсіресе бүйрекке таптырмайтын дәрі. Шұғынықты иммундық қуатты арттыруға да ішуге болады. Қаразере бүйрекке пайдалы. Бауыр ауруларына арқар жусан деген шөпті ішкен бұрынғылар.

Бірақ бұл жерде бір нәрсені айта кету керек. Ешбір дәрігер шөптен жасайтын дәрінің рецептісін көрсетпейді. Бұл әркімнің өз құпиясы. Сондай-ақ кейбір шөп дәрілерді адамның райына қарай пайдалану керек. Яғни кейбір адамның денесі жел болады, біреулердің іші ыстық болады. Біз ем жасағанда сол жақтарына да қараймыз. Әйтпесе, шипа береді деген шөптің өзі ауруды қоздырып жіберуі мүмкін. Қысқасы, бардың қадірін біліп, дәрі шөптерді отандық дәрі өндірісіне енгізуміз керек.

Jas qazaq: Қытай дәрігерлері коронавирусты емдеуге шөп дәрілерді пайдаланғаны туралы айтып еді. Нақты қандай шөптен қандай дәрі жасап, ем-домға қалай пайдаланды?

У.Сейпіл: Шөп дәрімен емдеу – шығыс медицинасының ең негізгі дәстүрлі ерекшелігінің бірі. Шығыстың емдеу тәсіліне қытайға қоса, жапон, корей медицинасы да жатады. Шығыс медицинасының басқа да маңызды емдеу әдістері бар, шөп дәрілермен емдеу соның бір түрі ғана. Әрине, шөп дәрілердің ішінде өкпенің қабынуын емдейтін, өкпедегі метаболизм процестерін реттейтін, өкпедегі ыстық пен суықтың балансын қалыпқа келтіретін дәрілік препараттар қытай медицинасында бұрыннан бар. Тіпті өте жақсы дәрілер мен емдеу әдістері бар. Қытайлар сол дәрілерді коронавирусқа қарсы ем-шара кезінде қосымша пайдаланды. Алайда ғылыми айналым жүйесінде, яғни клиникалық практикада «коронавирусқа мына шөп дәрі өте пайдалы болды» дегенді ешкім айтқан жоқ. Қазірше айта алмайды. Өйткені бүкіл әлемде бұл дерттің дәрісі, екпесі әлі табылған жоқ. Оны табуға, пайдалануға рұқсат беруге бірнеше жыл кетеді.

Jas qazaq: Біздің елде өсетін қызылмия сияқты дәрілік шөптерді пысықтар шетке апарып сатып жатады. Қызылмия тамырынан басқа қандай емдік өсімдіктер бар бізде? Жалпы емдік шөптерді отандық медицина өндірісінде неге пайдаланбасқа?

У.Сейпіл: Иә, қызылмияның тамыры Қытайға көп жөнелтіліп жатыр. Оны сатумен айналысқан таныстарымыз да бар. Қызылмия Қызылорда өңірінде, яғни сулы, тұзды аймақтарда көп өседі екен. Жапондар да қызылмия тамырынан көптеген дәрілік заттар шығарады. Әсіресе, қызылмиядан жасалған препараттардан қабынуға (аллергия) қарсы дәрі-дәрмек жасайды. Одан қытайлар көптеген емдік дәрілер шығарады.

Қазақстанның жері таулы, сулы, нулы, тұзды келеді. Оның үстіне, табиғи жаратылысы бүлінбеген. Сондықтан, бұл топырақта өскен өсімдік, оның тамыры көптеген емдік шөпке таптырмайтын байлық.

Шөп дәрімен емдеуді клиникалық медицинада қолдану үшін көптеген жыл қажет. Қомақты қаржы, білікті маман, мемлекеттік бағдарлама, арнайы факультет ашу қажет. Сонда ғана дәрі шөп медицинасын халықтық медицинамен байланыстырып дамытуға әбден болады. Ең бастысы, ынта, пейіл, ықылас қажет. Бірақ осының бірі де болмай тұр…

Jas qazaq: Дәл қазіргі індет жағдайында қазақтың дәстүрлі медицинасына сүйенуге бола ма?

У.Сейпіл: Бірнеше мың жылдық тарихы, дәстүрлі жолы бар қытай медицинасының ковидті емдеуге қауқары жетпеді. Бұл анық. Ал онымен салыстырғанда, «сайда саны, құмда ізі» ғана қалған қазақ дәстүрлі медицинасының өкілдері мұны емдейді деу қисынға келмейді.
Қазақстанда дәстүрлі медицинамен айналысатын мамандар бар. Бірақ дәрілік шөптерді клиникалық медицинада пайдалануға әлі жеткен жоқ. Дәрі жасау, оны өндіріске шығарудың күрделі процесс екенін өздеріңіз де білесіздер. Бір шөптен дәрі жасап, оны клиникалық медицинада пайдалану үшін ондаған жыл, қаржы, маман, бағдарлама қажет дедік. Ендеше «Дәл қазіргі жағдайда коронавирусқа мынадай шөп дәрі пайдалы деу» немесе «қазақтың дәстүрлі медицинасымен емдеу қажет деу» басы артық әңгіме.

Қазақтың дәстүрлі емдеу әдісі дегенде, ең бірінші, шөп дәрі еске түсетіні анық қой. Алайда бардың қадіріне жете алмай отырмыз. Бұл өзі бөлек тақырып…

Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет!

Жарас КЕМЕЛЖАН

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?