Полиция – қоғамның қорғаны, қауіпсіздіктің кепілі, тыныштықтың ұйтқысы. Мұны жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 23 маусым — Полиция күнімен құттықтауында да баса айтты. «Сіздер заң мен тәртіпті сақтауға, азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғауға елеулі еңбек сіңіріп келесіздер. Әділдік идеясы үстемдік құрған қоғамда полиция қызметкерлеріне жоғары талап қойылып, зор жауапкершілік жүктеледі. Сіздер антқа адалдықтың және жұртқа жанашырлықтың озық үлгісін көрсетулеріңіз керек. Әрбір тәртіп сақшысының қызметін мінсіз атқарып, білікті маман, отаншыл азамат болуы өте маңызды. Сіздердің әділетті мемлекет пен берекелі қоғам құруға өлшеусіз үлес қосып, «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруға атсалыса беретіндеріңізге сенемін», — деді Президент.
Қоғамның тыныштығын күзетуге орасан үлесін қосатын полиция қызметкерлеріне жүктелер жауапкершілік те жоғары. Сондай аманатты арқалап, халыққа қызмет етіп жүрген азамат – Дархан Нағашыбайұлы Кемелтаев. Жуырда оның еңбегі еленіп, мемлекеттік марапатқа да ие болды. «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының учаскелік полиция инспекторы Дархан Кемелтаев су тасқыны кезінде тұрғындарды үйінен алып шыққан.
Учаскелік инспектор күндіз үйлерді аралап, содан кейін тұрғындарды эвакуация пункттеріне жеткізуге атсалысқан.
– Дархан, jasqazaq.kz сайтының оқырмандарына бейбіт күннің сақшыларын таныстыру мақсатында сізден сұхбат алсақ дейміз. Алдымен жуырда аталып өткен Полиция күнімен құттықтаймыз. Өзіңізді жақынырақ таныстырсаңыз, туып-өскен, оқыған ортаңыз туралы, отбасыңыз жайында айтсаңыз.
– 1986 жылдың 20 қарашасында Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданына қарайтын, тұмса табиғаты ғажайып Тұмабұлақ ауылында өмірге келдім. Ауылдағы мектепті тәмамдаған соң 2004 жылы Ақтөбе қаласындағы Қайнар университетіне оқуға түстім.
– Сөзіңізді бөлейін, білуімізше, сіздің алғашқы таңдаған мамандығыңыз заң саласынан қашықтау болған екен.
– Иә, университеттің психология және педагогика факультетіне оқуға түсіп, 2008 жылы бітірдім. Өзім көп балалы отбасында тәрбиелендім, он ағайындымыз, алтын ұл, төрт қыз. Мен тоғызыншы баламын, өзімнен кейін інім бар. Өкінішке қарай, 2022 жылы әкем өмірден озды, былтыр анамыз да келместің кемесіне мінді. Кейде кеудеңде бір өкініш болады, ата-анаңа деген сағыныш үнемі басылмайды. Менің жетістігімді көргенде, немерелерінің қызығына кенеліп жүре тұрғанда деп армандайсың, бірақ тағдырға қарсы не қайран бар? Өзімнің де төрт балам бар, көпбалалы отбасы статусына кіреміз.
– Полиция қызметкері болуға кім жол көрсетті, әлде өзіңіздің қалауыңыз ба? Отбасында ішкі істер саласында істейтін жандар бар ма?
– Әкем марқұм бала күнімнен менің заң саласында жұмыс істегенімді қалады. Бірақ дәл полиция формасын киесің деп бағыттамаса да қорғаушы, болмаса прокуратурада еңбек етсең деп айтатын еді. Бала күнімнен өзім де әскери форма кигенді көңілім қалайтын. Психология және педагогика мамандығы бойынша оқуымды аяқтаған заң саласында, күштік құрылымда жұмыс істеуге бел будым.
– Жуырда еңбегіңіз еленіп, Мемлекет басшысының қолынан марапат алдыңыз, қандай сезімді бастан кештіңіз?
– Өз еліңнің басшысының қолынан марапат алу жігерлендіретіні сөзсіз. Ерекше толқығаным да рас. Бұған дейін де аудан әкімдігі тарапынан, аудандық полиция бөлімі басшылығының алғыс хатымен марапатталып, құрметке бөленіп те жүрміз. Бірақ Мемлекет басшысының өзі кеудеме медаль тағады деп үш ұйықтасамм да, түсіме кірген емес. Әрине, аса қатты толқыдым, қобалжыдым, еңбегімнің еленіп, құрметсіз қалмағанына қуандым.
– Көктемгі тасқын кезіндегі қоғамдық қауіпсіздікті күшейтіп, тыныштықты күзетуге орасан үлес қостыңыздар, Президент те осы еңбегіңізді бағалап отыр ғой.
– Дұрыс айтасыз, тосыннан келген табиғи апат — тасқын кезіндегі күштік құрылымдардың басты қорғағаны халықтың қауіпсіздігі, тұрғындардың бас амандығы еді. Солардың арасында өзіміз де болдық, күн демей, түн демей, тәулік бойы тұрғындарды қауіпсіз жерге уақытша орналастыру шаруасынан бастап, бос қалған тұрғын үйлерін күзетуді де өз жауапкершілігімізге алдық. Жұмысымыздың ауырлығын саралап, еңбегімізді елеп, қамқорлық танытқан Мемлекет басшысына зор алғысымды білдіремін. Мұндай қолдау біздің жұмысымыздың ілгері басып, қарыштап дамуына серпін береді.
– Полиция қызметкері болуды қалайтын, құқық қорғау органдарында еңбек етуге ұмтылған жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Кез келген мамандықты адам өзінің жан қалауымен таңдағанда ғана нәтиже шығарады. Біздің жұмыс ең алдымен тәртіп пен шыдамдылықты талап етеді. Елдің тыныштығын қорғап, дамуына үлес қосу — полиция қызметкерінің бұлжымас парызы. Мемлекет басшысы да полиция қызметкерлерін құттықтағанда бізге артылар жүктің салмағы тым ауыр екенін, жауапкершілігі де жоғары болатынын баса айтты. Форма кию мақтаныш емес, елге қызмет етудің үлгісі болуы керек екенін жеткізді. Сондықтан да кейінгі жас буын ішкі істер саласында қызмет атқарамын деп талпынса, орындалмайтын арман болмайды
– Келешекте балаларыңыз әке жолын жалғасам деп осы саланы таңдаса, қолдайсыз ба?
– Үлкен ұлым келешекте әке жолын жалғаймын деп талпынып жүр. Ойын баласы ғой, биыл 3-сыныпты бітірді. Келешекте ойы өзгеріп, қалауы басқа саланы таңдаса, ешқандай шектеу қойып, талабын бөгемеймін. Менің жолымды жалғап, ішкі істер саласының қызметкері болам десе де қолдаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Қуан Жомарт