Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Жарлығымен жаңадан үш облысы құрылды. Соның бірі – Абай облысы. Шығыс Қазақстан облысынан енді Абай облысы бөлініп, әкімшілік орталығы Семей қаласы болады.
Шекара шебіндегі өңірдің өркендеуі елдің еңсесін тіктеуіне серпін берері сөзсіз.
Өткен жылды қорытқанда халық денсаулығына жауаптылар облыс ковидке қарсы екпе алуда елімізде алдыңғы орында тұрғанын айтты. 18 жастан асқан облыс тұрғындары түгелге жуық тәжтажалға қарсы екпе алған. Осы істі ілгері өрістету жолында 343 егу кабинеті ашылып, жылжымалы пункттер мен мобильді кешендер іске қосылды.
Ауыл-ауылды, иен жаладағы елді мекендерді аралап тұрғындардың індетке қарсы иммунитетін көтеруге септігін тигізді. Еліміздің шығысына барған сапарда негізінен медициналық орталықтарды аралаудың орайы туды. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметовпен сұхбатымыздың желісі денсаулық саласы бойынша өрбіді. Өйткені өндірістің орасан орындары осы шығыс топырағында орналасқан.
Jas qazaq: Даниял Кенжетайұлы, Шығыс Қазақстан облысы әр саланы өрістету жолында өзге өңірмен салыстырғанда тегеурінді. Оған себеп те бар, жердің асты да, үсті де қазба байлыққа толы, тұмса табиғаттың сұлулығына тамсанғанда көзіңнің сұғы өтеді. Біз сұхбатымызды «бірінші байлық» төңірегінде өрбітсек дейміз. Соңғы бес жылдың ішінде өңірдің медициналық әлеуетін арттыру мақсатында халықаралық стандарт пен қатаң талап сүзгісіне төтеп беретін заманауи 3 мыңнан астам медициналық құрал-жабдық сатып алынған екен.
Даниял Ахметов: Қазақ «бірінші байлық денсаулық» деп тегін айтпаған. Бірінші байлықты күтімге алу, халық денсаулығының жақсаруы, ару-сырқау, өлім-жітім көрсеткішінің төмендеуі үшін атқарылар жұмыс әлі де шаш етектен. Бес жыл ішінде сатып алынған жабдықтардың нәтижесінде медициналық техниканың көлемі 2,5 есеге артты. Жедел жәрдем паркінің автокөліктері жаңартылып, 200-ден астам жаңа көлік сатып алынды.
Бұл күнде әлем денсаулық саласын ядролық медицинамен емдеуді үлкен күшке айналдырып, шарапатын көріп отыр. Өркениеттің көшінен біз де қалмауымыз керек. Сол мақсатта диагностика және терапия біздің облыста қарқынды дамып келеді. Семей қаласында радиофармпрепараттар өндіретін, радионуклидтік диагностика мен терапия жүргізуге дейінгі процестерді іске асыратын ядролық медицинаның бірегей орталығы ашылып, іске қосылды. Радионуклидтік терапия бөлімшесі – еліміздегі теңдесі жоқ жалғыз орталық. Емдеу ісі әлемнің осындай орталықтарымен шендесе алады. Радионуклидтік терапия «емі жоқ аурудың» өзін емдеуге мүмкіндік тудырады.
Қаншама адам емделіп, диагностикалық зерттеулер жүргізілді. Тарихи қала Семейдегі перинаталдық кешенінде балаларды оңалту және катамнез орталығына жаңарту, жаңғырту жұмыстары жасалды. Шығыс Қазақстан облысының орталығында маммология мен гинекологияның жансақтау бөлімшесіндегі ота жасалатын блогына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңғыртылды. Гематология орталығының құрылысы жүргізілді. Жасушалық әрі гендік-инженерлік технологиялырды пайдаланудың ресурсы жоғары. Облыстың медициналық ұйымдарының материалдық-техникалық базасын күшейтіп, жаңғырту мақсатында 2 компьютерлік томограф, бірнеше рентген-ааппараты алынды, Үржар ауданы Алакөлдің жағалауында фельдшерлік-акушерлік пункт салынды.
Jas qazaq: Соңғы жылдары шығысқазақстандық медицина мамандары әлем елдерінде тәжірибе жинау, шеберлік шыңдап, білімін жетілдіру ісі де кезең-кезеңімен жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Даниял Ахметов: 2017 жылдан бастап кардиология, оның ішінде кардиохирургия, инсульт орталықтар, нейрохирургия, медициналық оңалту, онкология, акушерлік һәм гинекология салалары бойынша әлемнің алдыңғы қатарлы орталықтарында мамандарымыз тәжірибе алмасып, шеберліктерін шыңдап қайтты. Англия, Германия, Польша, Ресей, Италия, Литва, Израиль, Жапония сынды елдерде болды. Әлі де барып, білімін жетілдіріп келіп жатыр. Медициналық кадрларды оқыту бағдарламасының аясында 5 жыл аралығында 5 мыңнан астам медицина қызметкері оқып келді.
Өскемен қаласындағы 1947 жылы облыстық онкологиялық диспансер ретінде ашылып, бертінге дейін Шығыс Қазақстан облыстық онкологиялық диспансер ретінде қызметін атқарып келді. 2018 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облыстық көпсалалы «Онкология және хирургия орталығы» деп өзгертілді. Орталыққа айналған медициналық кешенді аралап көріңіз, кейбір заманауи құрылғыларды мен Алматыдан таппайсыз деп мақтанышпен айта аламын. Халықтың денсаулығын жақсартуға алабөтен көңіл бөліп, тәуекелге бел буудың нәтижесінде көптеген жетістікке жетіп келеді. Қатерлі ісік патологиясы бар науқастардың сырқатын диагностикалық талдаулар арқылы анықтау және сырқатын емдеу шараларын халықаралық стандартқа сай жүргізу осы орталықта жүзеге асырылып жатыр. Консультациялық-диагностикалық бөлімшеге консультациялық блок, амбулаториялық хирургия орталығы, амбулаториялық химиотерапия кабинеті, эндоскопиялық блок, оңалту блогы қарайды.
Jas qazaq: Ертеректе шығысқазақстандықтардың да сырқатын емдетпестен, бұрын дәрігердің алдына барып кеңесін алу, диагностикалық зерттеу жүргізу үшін Алматы, Астанаға сабылғаны рас. Көпсалалы «Онкология және хирургия» орталығының медициналық құрылғылары да, заманауи жабдықтары да әлемдік стандартқа сай екенін аралағанда көрдік. Демек, жергілікті халық енді бұрынғыдай табағынан тозбайды, жақын жерден тексеріле алады деген сөз.
Даниял Ахметов: Дәл солай, осы күнге дейін науқастар алдын ала жазылып, уақыты келгенде ғана тексерілуге жететін. Қазір жағдай мүлде басқаша, қайта пациент өзі қалаған уақытына жазылып, ыңғайлы мерзімде тексерістен өте алады. Қорытындысын арнайы базадан жергілікті дәрігері арқылы шығарып алуына да мүмкіндік қарастырылған.
Шетелдік компаниялардың озық технологиясын сатып алмастан бұрын мамандарды оқуға жіберіп, тәжірибесін, шеберлігін шыңдап көздерін үйреттік. Содан кейін орталыққа түрлі аппараттар мен медициналық жабдықтарды сатып алдық. Барлығы да заманауи, озық технология үлгісі болып саналады. Шетелдің мамандары келіп, біздің кадрларды баулыды, тәжірибесімен бөлісті. Соның нәтижесінде осы онкология және хирургия орталығы мамандарының басым көпшілігі шетелде білімін жетілдірді. Ертеректе тәжірибе алмасуға екі апта мерзімге барып келсе, енді оларды біз 1-3 ай аралығында оқуына жағдай жасап, орай туғызып бердік. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев халықтың денсаулығына баса көңіл бөлуді қадап айтып, жүйелі тапсырмаларды жүктеді. Бұл салада әлі де атқарылар шаруа жеткілікті. Айылды босатып, еркінсуге болмайды. Шығыс Қазақстан облысында алдыңғы орында өкпе ауруы тұр. Халықтың денсаулығына бақылау орнату мақсатында скринингтік тексеру жүргізіледі. Тіпті сенбі-жексенбі күндері де арасында ашық есік күндері болады. Жұмыс уақытында келе алмаған жандар осындай ашық есік күнінде тексерілуіне қолайлы жағдай жасап отыр.
Сұхбаттасқан Қуаныш Нұрданбекұлы,
Өскемен қаласы