Дамира Нұрғожаева: «Сервистік әкімдік» халықтың атқарушы мемлекеттік органдарға сенімін арттырады

14 мамыр, 13:56

 

 

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған Жолдауында азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет екендігін атап өтті. Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел әрекет ету, қолжетімділік — мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары.

Осы бағытта жергілікті атқарушы орган мен халық арасына алтын көпір орнату мақсатында Алматы облысының бірнеше ауданында «Сервистік әкімдік» орталығы ашылған еді. Бізге Талғар ауданы әкімі аппаратының құжаттамалық қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтер мониторингі және ақпараттық технологиялар бөліміне қарасты орталықтың жұмысы жайлы басшы Дамира Нұрғожаевамен тілдесудің сәті түсті.

— Өзіңіз жетекшілік ететін бөлімнің бағыт-бағдары туралы тарқата айтысаңыз.

— Алматы облысы, Талғар ауданында «Open space» форматында жергілікті халыққа қызмет көрсететін «Сервистік әкімдік» 2020 жылдың 11 желтоқсанда ашылды. Қазіргі таңда Талғар ауданында бүгінгі күнге барлығы 84 қызмет түрі көрсетіледі. Соның ішінде 36 мемлекеттік қызметті осы «Сервистік әкімдіктен» бірден алуға болады. Мұнда 5 адам жұмыс істейді. Жоғарыда айтқан қызмет түрлері бойынша көмекке жүгінген әрбір азаматқа орталықтың кеңесшілері бағыт-бағдар беріп, жөн сілтейді. Қажетті құжаттамалық қағаздарын жүйелеп береді. «Сервистік әкімдік» – түрлі мемлекеттік қызметті көрсететін мекемелерді бір орталыққа шоғырландырған арнайы орын. Азаматтарға қызмет түрлерін ұсыну тәртібі айтарлықтай жеңілдеп отыр. Азаматтардың мемлекеттік органдарға қолжетімділігі артып, кедергісіз ортаны қалыптастырды. «Сервистік әкімдікте» қызмет алудың жеделдігі мен ыңғайлылығын қамтамасыз етуге, бюрократиялық кедергілерден арылтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін қысқартуға, сондай-ақ халықтың жергілікті атқарушы мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді.

— Ең ұтымдысы ашықтық, жариялылық қанат жайып, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың жолына тосқауыл қойылады екен.

— Әрине, орталықты құрудағы мақсат та осы жегіқұрттан арылу ғой. Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде атқарушы органдармен тізе қосып жұмыс істеу де өз нәтижесін беріп келеді. «ИИС ЦОН», «Адрестік регистр», «Е-лицензия», «Е-акимат» сынды ақпараттық жүйелерімен қатар электронды үкіметтің веб-порталы қолданылады. Ашық кеңседе аудан әкімінің аппараты, сәулет және қала құрылысы, жер қатыныстары, тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің де мамандары отырады. Биылғы жылдың 4 айында 811 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Аудан тұрғындарына да тиімді, уақытын сарп етіп бір анықтама қағазын алу үшін бірнеше мекеменің есігін қағып, табанынан тозбайды.

Сервистік әкімдікке келушілерге, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағдай жасалған. «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы» арқылы кез-келген мемлекеттік қызметті электронды түрде алуға, қажет болған жағдайда аудан басшыларымен онлайн қабылдау бұрышы арқылы тікелей байланысқа шығуға мүмкіндік бар. Бұл көрсеткіштер «Сервистік әкімдіктің» ашылуымен анағұрлым өсетіні сөзсіз, халыққа барлық мемлекеттік қызметті бір жерден электронды нұсқада белгіленген уақытта алуға мүмкіндік жасап отырмыз. Ғимарат ішінде ана мен балаға арналған жеке бөлме де жабдықталған. Кеңседе «Азаматтарды қабылдау орталығы» жобасымен жабдықталған азаматтарды қабылдау кабинеті бар. Мұнда аудан әкімі, әкім орынбасарлары, мекеме басшылары тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізеді.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің қадамдық жоспарына сәйкес, айына бір рет «Қызмет алушы» күні өткізіледі. Халыққа мемлекеттік қызмет көрсетілудің түрлері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Жұмыстарды жүйелі жүргізу арқылы да ашықтық пен жариялылықты, жұмыс сапасының артуы мен тұтынушылардың кедергісіз қызмет алу мүмкіндіктерін қалыптастырып отырмыз.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Қуаныш Жомарт,

Алматы облысы,

Талғар ауданы

Суреттерді «Сервистік әкімдік» ұсынды 

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген