Басы ауырып, балтыры сыздамайтын пенде жоқ. Ондай кезде дертімізге ем іздеп дәрігердің алдына барамыз. Бірақ, жаныңа батқан ауруға шипа сұрайтын дәрігерің дертіңе дерт жамаса, қайтпек керек? Орны толмас ауыр қазаны жергілікті дәрігерлердің салғырттығынан көретіндердің бірі – Золотухиндар отбасы. Олар адал жар, 3 балаға қомқор болып отырған жас ана Анна Золотухинаны бүгін қара жер қойнына тапсырды.
Baq.kz хабарлағандай, қостанайлық 24 жастағы жас ана бұған дейін ешқандай жанына бататын ауру жайында шағымданбаған. Тек көз жұмарынан бір апта бұрын ангинамен ауырып, жағдайы нашарлағанда 2 күн қатарынан 6 рет жедел жәрдем шақыртқан. Бірақ, шақыртумен келген дәрігерлер науқасқа уақытша тыныштандыратын дәрі салып, ауруханаға жатқызудан үзілді-кесілді бас тартыпты. Тіптен бір рет марқұм Анна Золотухина шақырған жедел жәрдем дәрігерлерімен бірге бой бермей, облыстық ауруханағада еріп барғанда қабылдау бөлімі науқасты кері қайтарған. Тек Анна үшінші күні аурудың салдарынан жүре алмайтын халге жеткенде келген жедел жәрдем науқасты үйінен көтеріп алып кеткен.
«Біздің Аннамызды Қостанай қалалық ауруханасына сенбі күні жатқызған болатын. Сол күні кешке үйіне хабарласқан аурухана дәрігерлері оның ес-түссіз ауыр халде жансақтау бөліміне жеткізілгенін және арнайы құрылғының көмегімен ғана дем алып жатқанын айтты», – дейді ауруханада көз жұмған әйелдің кіндік шешесі Татьяна Дидух іштегі өксігі мен өкінішін баса алмай.
Қапыда көз жұмған ана Анна Золотухинаның артында шиттей 3 баласы қалыпты. Үлкен қызы даярлық сыныбында оқып жүрсе, ортаншы қызы 4 жаста. Ал, кенже ұлы жақында 1 жасқа толады екен.
«Отбасында бала үшін ананың орны бөлек қой. Үлкен екі қызыма аналары енді қайтіп келмейтінін жайлап түсіндірермін. Бірақ 1 жасқа енді толатын ұлым анасын іздеп шарық ұрғанда жанымды қоярға жер таппаймын. Өйткені, ол әлі анасынан бір елі ажырап көрмеген. Оның үстінде әлі еметін. Барлығы дәрігерлердің қателігінен болып отыр. Қазір Анна біздің арамызда жоқ дегенге де сенбеймін. Мен бұл істі аяғына дейін апарамын. Себебі, менің балалырымның анасын жоқтап мезгілсіз төгілген жасына кінәлі дәрігерлер өз жазасын алу керек», – дейді Виктор Золотухин.
Ауруханада ес-түссіз жатқан Аннаның жағдайына алаңдаған туыстарын дәрігерлер сабырға шақырып, бәрі жақсы болатынына сендіріп баққан. Тіптен науқастың басын МРТ-ден өткізіп, кішкентай ісіктің барын анықтағанын алға тартыпты. Бірақ, оған науқастың есін жиып, өзіне келген соң ота жасауға болатынын баяндапты.
«Біз Аннаның есін жиып, ортамызға қайта оралатына сенімді едік. Бірақ, мені дәрігерлердің салғыттығы деп айыптауымның өзіндік себебі бар. Аннаның ес-түссіз жатқанына бес күн толған сәтте түн ортасында ол дем алып жатқан арнайы құрылғыдан туыстарының келісімінсіз ажыратылған. Осы орайда күмән бар. Олар өздерінің қылмыстарын жасыру үшін бізді алдап Аннаға алдын ала өтірік диагноз қойып, кейін көпе-көрнеу өлтірді. Оған жедел жәрдем қызметі де кінәлі. Олар ертерек ауруханаға алып барғанда осындай жағдай болмас еді», – дейді кіндік шешесі Татьяна Дидух.
Ал, Анна Золотухина өмірінің соңғы күндерін өткізген аурухана дәрігерлерінің өзіндік уәжі бар.
«Біз Аннаның туыстарына оның қандай сырқаттан көз жұмғандығын медициналық тексерулердің нәтижесі арқылы дәлелдеп бердік. Марқұмның өліміне мидағы қан айналымының бұзылуының өткір түрі себеп болып отыр. Ауруды кеш анықтағаннан оның өмірін құтқарып қала алмадық. Өйткені, ауру әбден асқынып кеткен. Бұл жерде біздің аурухана дәрігерлерінің ешқандай кінәсі жоқ», – дейді Қостанай қалалық ауруханасының бас дәрігері Самат Шүменбаев.
«Бұл мәселе бойынша әлі тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Сондықтан, қазір дәрігер мен науқас жайында қандайда бір уәж айту ерте», – дейді Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасының ақпарттық-аналитикалық бөлімінің басшысы Әнуар Едрисов.
Бірақ, көз жұмған Аннаның туыстары дәрігерлердің бұл уәжіне сеніп отырған жоқ. Олар өлімнің алдын алуға болатынын еді дейді. Олар ақиқатқа құзырлы органдардың көмегімен қол жеткізуді көздеп отыр.