Чебачье емес, Айнакөл!

15 мамыр 2020, 13:34

Төтенше жағдай жарияланғанның алдындағы оқиға еді. Елдегі Есенбайдың сүт кенжесі шаңырақ көтерген. Келін түу сонау Түркістаннан. Құда келмек. Есенбай әуелі қалаға шапты. Қазір келін түсірудің өзі кетпектей шаруа ғой.

Ет желінер, қымыз ішілер, алдымен жер жаннаты – Көкшенің ғажайып көркін көрсетпек. Оның ішінде жасыл желекке малынған, елесі ертегідей Бурабайды. Ақылбай асуын көктей өтіп, Абылай алаңына ат басын бұрған. Қолдың саласындай ақ қайыңдар мен мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген аумағы ат шаптырым алаңда көктем жаңа туғанмен, кісі қарасы көп екен. Көңіліне бір желік кірген елден келген Есенбай құдаларға ел мен жердің тарихын білгенінше екпіндей баяндап жатыр.
– Мынау Абылай атамыздың алаңы. Хан иеміз баяғыда осы жерді қоныстаныпты. Әне, анау арада ақ бурасы жатқан.
Жандарына таяп келген бірер қазақтың таңғы тымық ауаны қақырата жыртқан дауыстары ап-анық естіліп тұр.
– Осы Ясная Полянаға іргесінде тұрып келмегелі екі жыл болды, – дейді біреуі.
– Оны айтасыз мен Чебачье мен Котыркульді, Боровое көліне түспегелі қанша жыл, – дейді екіншісі.
Құдалар сынай келеді емес пе, әлгілердің сөзіне елең еткен.
Енді Есенбай ентігін басып түсіндіріп жатыр:
– Боровоеңыздың әу бастағы атауы – Әулиекөл. Бағзы заманда тап-таза суы мөлт-мөлт етіп жатқан көл жиегін әулие мекен еткен деген аңыз бар. Тау етегіндегі тәмам жұрт әулиенің алдына келіп мұң-зарын айтқан. Ақ батасын алса, қабыл болып, шаруасы оңынан оралған деседі. Кейін әулиенің бойындағы бар қадір-қасиеті көлге көшіпті. Көл суымен бетін жуған адамның бағы жанады деген ырым бар. Ал жұрттың Чебачье деп жүргені кәдімгі Айнакөл. Әр нәрсені ырым ететін қазақ бауырына басқан жер-суының атын да қадірі мен қасиетіне, өңі мен түсіне қарап қойған ғой.

Жиегіне шылбыр тастам таяп келіп жанарыңды қадасаң, құтты бір тостағанға құйып қойған су тәрізді күн көзімен шағылысып, айнадай жарқырап жатпай ма? Сондықтан Айнакөл деп ат қойған. Котыркуль дегеніңіз кәдімгі Қатаркөл. Жерасты бұлақтарымен суы молығатын, білетіндердің айтуына қарағанда, тереңнен бір-біріне тамыр тартқан егіз көл. Жалпы табиғатта тау да егіз, көл де егіз жаратылатыны туралы мысалдар аз емес қой, құда.
Бұдан әрі аялдауға уақыт болмай Көкшетауды басып өтіп, елге бет алған. Жол-жөнекей тілінің қотыры бар бір құда:
– Есеке, осы Көкшетауыңыз бұрын Кокчетав деп аталмап па еді, – деп қытығына тимесі бар ма?
– Тәуелсіздік алғаннан кейін тәубасына түсірдік қой, – деп қопиған бұл.
Есенбай қопиғанмен естен тандырар мысал әлі де Сібірдің самырсынындай сыңсып тұр еді. Облыс орталығынан шыға Еленовканы көктей өтіп, Антоновка селосын басқан. Тап бір жер атауын тексеруге келген комиссия сияқты құдалар «мынауы несі?» деп таң қалған. Қызықтың көкесі алда еді. Арғы елді мекендер кешегі кеңес заманының жөн-жосықсыз қойылған атауларына тұнып тұр. Аудан орталығының өзі бертінде ғана Саумалкөл атанған. Әйтпесе бұрынғы атауы Володаровский еді. Бұл кім болды екен деп іздемей ме? Сөйтсе, қара жер хабар бермесін, білдей бір ауданның атын иеленген Володаровскийіңіз ақ қашып, қызыл қуған аласапыранда Саумалкөлдің іргесінен топырақ бұйырған ақтың солдаты екен. Қай еңбегі сіңгенін кім білсін, жетпіс жыл бойы әлгі аудан Володаровскийдің атауын иемденіп келді. Осы аудандағы Комаровка ауылының атын өзгертеміз дегенде тәмам орыс қарсылық білдірген. Тіпті «ауылдың атын өзгертсек, сиырдың сүті көбейіп кете ме» деп кекете сұрапты біреу. Есенбайдың кеуде қағып, мақтанғаны өтірік. Тәуелсіздік алғалы 29 жыл өтсе де, өткеннің өңі жаман мұрасы әлі тұр. Зұлымдықтың шекпені де жыртылмайтын мықты болады екен ғой.

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі Ақмола облысындағы ономастика саласындағы игі бастамаларға қолдау білдіріп, архивтерде шаң жұтып, қажымай-талмай ізденіс жұмыстарын жүргізу арқылы байырғы жер-су атауларын ғылыми-сараптамадан өткізіп, дәйекті деректер ұсынып отыр. Ендігісі – осы құжаттарды негізге алып, әділеттің салтанат құруы. Жоғарыда біз айтып өткен Сандықтау ауданындағы қазіргі қаптаған атаулардың бәрі кешегі кеңес заманында әділетсіздікпен қойылған. Зерделей зерттесеңіз, ілкі заманғы жер-су атаулары тұнып тұр. Мәселен, орталық мемлекеттік архивтегі №317 қордың бірінші тізіміндегі №58 істе Новоникольскінің – Қояндыкөл, Новоселовканың – Жалтыркөл, Веселоеның – Балапан, Быстримовканың – Жалпаққарағай, Граниновканың – Тақыржыланды, Михайловканың – Жыланды, Меньшиковканың – Қарағайлысай, Новомарковканың – Үшаша, Спасскоеның – Сарымсақты аталғаны туралы нақты деректер бар. Ақкөл ауданындағы Урюпинка ауылы ілкі заманда Шолаққарасу аталған екен. Бұл жайлы дерек орталық мемлекеттік архивтегі №371 қордан табылып отыр. Ондағы Ақмола уезі қоныс аудару аудандарындағы елде орналасу барысы туралы мәлімдеме деп аталатын құжатта тайға таңба басқандай ап-анық көрсетіліпті. Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің жинаған деректеріне қарағанда, бұл елді мекен сонау 1884 жылы құрылып, 1901 жылға дейін Сосновка деп аталған. Оның себебі де бар, жаңа елді мекен орналасқан жерді ит тұмсығы өтпейтін қалың қарағай орман қаумалап тұрған. Тек кейін, өкінішке қарай, сансыз зәулім қарағай аяусыз оталып, құрылысқа пайдаланылған да, кейін жойылып кеткен. Уақыт өте келе, Ресейдің Волгоград облысындағы Урюпинск қаласынан қарашекпенділердің жайлы жер іздеп, үдере көшіп келулеріне байланысты бұл жер Урюпинка аталған. Әйтсе де, ескі атауы біраз уақытқа дейін жойылмай, Сосновка-Урюпинка деген қосарлы атпен аталған. Бұл туралы Ақкөл ауданының мектеп мұрағатынан табылған жазбада жан-жақты баяндалады. Көркем табиғаттың ілкі замандағы кескініне қылау түспей тұрған шақтағы ғажайып бейнесі де сипатталыпты.

Ілкі заманда атам қазақ жер-су атауларын тегіннен-тегін қоя салмаған. Төскейіндегі елге айрықша еңбегі сіңген, ерлігі мұра болған бабалар есімі немесе жер-судың айрықша белгілері негіз болған. Мәселен, осы Урюпинканың қоныстанған жерінің ілкідегі атауы Шолаққарасу. Бұл өзен негізгі қорегін жерасты суларынан алатын болған. Қырық күн шілдеде, қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта өзен тартылып, ойдым-ойдым қара суларға айналады екен. Сол себепті жылап аққан шағын өзен Шолаққарасу атанған. Осы аудандағы Ново-Рыбинский ауылының байырғы атауы – Шортанкөл. Жалпақ далада тананың көзіндей жарқырап жатқан көлде шортан балық ересен көп болыпты деседі. Жаздың жалпағында таң ата жылқыны суға құлатқанда, шортан балық бастары шоқпардай болып, көл жиегінде үймелесе жүзеді екен. Көптігі сондай, қаталап келген жылқыны үркітеді екен. Міне, осыдан көл Шортанкөл деген атауға ие болған. Байырғы атау туралы орталық мемлекеттік архивтің №371 қорында анық дерек келтірілген. Елді мекеннің көл жағасына орналасуының да өзіндік себептері бар. Өйткені, шабатасын сүйреткен қарашекпенділер қазақ даласының құнарлы жеріне, өзен-көлдерінің маңайына үйір болған. Орманында саңырауқұлағы, жеміс-жидегі бар, көлінде балығы бар болса, құдайдың бергені емес пе? Мәселен, Аршалы ауданындағы Михайловка ауылы Мойылды өзенінің жағасынан ірге тепкен. Есіл өзенінің Ақмола алқабында әлденеше ұсақ салалары бар. Шөліркеген даланың шөлін қандыру үшін жаратқан ие әдейі дәл осылай иен далаға тармақ-тармақ қылып жіберген тәрізді. Өзен аңғарындағы Михайловканың әуел бастағы есімі Мойылды екендігі ешбір талас тудырмайды. Бұл да архивтегі №371 қорда бар.

Астрахан ауданындағы Новочеркасск елді мекенінің бұрынғы атауы -Шаншар. Бұл туралы Омбы облыстық тарихи архивінің №198 қорының үшінші тізімінде ап-анық жазылған. Ақмола облысындағы ел мен жер атауларын зерделей зерттеп, айрықша мол еңбек сіңірген өлкетанушы Клара Әмірқызының «Атақоныс ақиқаты» атты өлкетану жазбасының 37-38 беттерінде Астрахан селосына таяу жердегі Шаншар ауылының үстіне Доннан келген мұжықтар 1895 жылы қоныс салғаны жайында деректер жазылады. Бұл жерді бұрын жергілікті жұрт «Кіші Тасмола», Семеновка поселкесін «Үлкен Тасмола» деп атаған екен. Бұл атаулардың да өзіндік мәні бар. Ақмола қорғаны орнағаннан кейін ат аяғы жететін жерлерде топ-топ солдат ұстау үшін осындай орын сайлаған деген нақты дерек бар. Ондағы мақсат – қазақтың атты сарбаздары шабуыл жасай алмас үшін биік етіп жақпар тастардан қалап осындай қорғандар жасаған. Бұл тас молалардың қалдығы 1943 жылға дейін сақталды деседі көзі қарақты жергілікті тұрғындар. Шаншар жеріне келімсектер ХІХ ғасырдың соңында қазық қадаған екен. Ит арқасы қияндағы Курскіден, Полтавадан, Саратовтан, Тамбовтан, Харьковтан, барлығы 134 адам көшіп келіпті деген дерек бар. Кейін көктемгі лай судай лықсыған келімсектің саны одан да өсіп, 10 губерниядан 49 отбасы қоныс аударып, ұзын-ырғасы 347 адамға жеткен. Осы аудандағы Петровка бұрын Жыланды атанған. Ордалы жыланға мекен болған қырат төбе ежелден Жыланды аталған екен. Ордалы жылан туралы естіген адам сенгісіз неше қилы аңыз да бар. Клара Әмірқызының «Атақоныс ақиқаты» атты жазбасында 1985 жылы Қушоқы, Қоскөлді мекендеп отырған ауылдардың үстіне Эстляндия, Лифляндиядан келген эстондықтарға крестьян шенеуніктері арғы аталарынан мұра болып қалғандай жер бөліп беріпті. Олар өздері мекен еткен жерге Петровское деп ат берген. Міне, осылайша түгін тартса, майы шығатын жер ешбір негізі, таянышы жоқ атауға ие болып, әлі күнге дейін тұр. Ал Камышенка ауылының бұрынғы атауы – Балықты. Бұл туралы дерек жоғарыда аталған музей қорының бірінші тізімінде көрсетілген. 1899 жылы балықты көлін бауырына басқан аға сұлтан Ыбырайдың тұңғышы Теңізден туған Садық қажының атамекеніне Саратовтан сандалып келген жұрт қоныс салыпты. Көл кейпіне қарап, Камышенское деп ат қойыпты. Сол атау әлі күнге дейін өзгерген жоқ.

Құдалардың алдында қараптан-қарап қарабет болған Есенбай ежелгі жер-су атаулары қашан қалпына келер екен деп кіжініп отыр.

Байкен Көбеев,
Көкшетау

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?