«Чайка» жігіттер

21 қыркүйек 2018, 11:17

Адам мінезі өзгерді ме, әлде қулыққа құрық бойламайтын заман келді ме? Неге екені белгісіз, соңғы жылдары қыз-келіншектерді алдап-арбап, сұлулардың ақшасына қол салатын еркектер пайда бола бастады. Тіпті кейбір келбетті жігіттер бай қыздардың, қалталы әйелдердің басын айналдырып, үйіне кіріп алатын, асыранды баласындай масыл болатын оқиғалар қылаң беріп жүр.

Өз көзімізбен көрген оқиғадан бастайық. Осыдан екі ай бұрын Алматыдағы әйдік мейрамханалардың біріне бас сұққанбыз. Қасымда Атырауда мұнайшы болып жүрген досым бар. Көптен көріспеген соң, тамақтанып отырып әңгімелесейік дегенбіз…
Қайтар кезде бір қызық оқиғаға куә болдық. Екі қыз есік алдында ботадай боздап отыр. Жұрт қаумалап алған. Мән-жайды сұрап-білген едік, әлгі екі қыз қаладағы бастауыш сыныптардың бірінде мұғалім болып жұмыс істейді екен. Оларды осы кафеде төрт жігіт алдап, тақырға отырғызып кетіпті. Қалай дейсіз бе? Кино сияқты. Жастар әлеуметтік желі арқылы танысқан. Жігіттер қыздарды кафеге шақырады. Бұлар барын киініп, боянып-сыланып кездесуге шығады. Кафеге келген соң, жігіттер қымбат арақ-шарап, кәуапқа тапсырыс беріпті. Жастар бір-бірімен танысып, күліп-ойнаған…
Мейрамхана жабылатын кезде, мұғалімдер әлгі жігіттерді таппай қалады. Телефондарын өшіріп тастапты. Кетейін десе, ешкім тегін тамақ бермейді. Төлейін десе, жігіттерге сеніп ақшасыз шыққан. Еңіреп отырғандары сол, бірақ көз жас көмектеспейді. Содан не керек, досым бөріктілердің намысын қорғап, әлгі қыздардың есебін жауып берді.
Бұрын дәл осы сценариймен қыздар жігіттердің аузын аңқайтып кететін. Ондайларды «Чайкалар», «Чайка қыздар» деуші еді. Қазір керісінше «Чайка жігіттер» пайда болған сияқты. Олар қыздың ақшасымен кафеге барудан, тіпті соның ақшасымен өмір сүруден арланбайды.
Бұл оқиғаны неге қозғап отырмыз?
Жамбыл облысында 25 жастағы бір қыз жігітінің кесірінен өзіне өзі қол жұмсаған. КТК телеарнасы көрсеткендей, жігітіне 5 миллион теңге қарыз алып берген қыз мал қораға барып асылып қалыпты. Бұл да кино сияқты. Кино болғанда да сериал дерсіз. Әйгерім Молдатаева бұрын тұрмыста болыпты, бір қызы бар екен. Ал оның сеніміне кірген «Дон Жуан» одан екі жас кіші көрінеді. Жастар махаббат дастанын бастарынан кешеді. Жігіт қыздың сеніміне әбден кірген. Өйткені, Әйгерімнің туыстарының айтуынша, марқұм жігітіне бірнеше рет қарыз алып беріпті. Әйгерімнің анасы Жеңіскүл Молдатаева «Бір жерден 200 мың теңге алыпты. Тағы бір жерден 300 мың теңгенің тауарын рәсімдеп, бірақ қарызды ақшалай алған. Ең соңғысы «Каспий банкінен» 1 миллион теңге рәсімдепті. Сонша көп кредитті банктер қалай бере берген? Түсінбеймін. Оның арасында құрбыларынан да қарыз сұрапты», — деп отыр.
Әйгерімнің қазасына әлгі жігіт әкесімен бірге көңіл айтуға келіп, қарыз алдырғанын да сол кезде мойындаған. Бірақ біраз уақыт өткен соң жігіт сөзінен айнып алыпты. Әкелі-балалы екеудің айтуынша, банктен алдырған 2 млн 500 мың теңгені толық өтеп берген. Қалғанына қатысы жоқ көрінеді. Ал қыздың ата-анасы жігіттің үстінен арыз жазып, 5 млн теңгені төлеп беруін талап етіп отыр. Бірақ қылмыс құрамының жоқтығына, дәлел-дәйектің болмауына байланысты іс жабылып қалған.
Айтпақшы, психологияда әйелдерді алдап, нәзік жандылардың ақшасымен өмір сүретін масылдарды «альфонс» дейді екен. Бұл терминнің мағынасын мамандар былай түсіндіреді: альфонс – психогиялық тұрғыдан жетілмей қалудан пайда болатын мінез. Ондайлар көбіне жалғызбасты аналар өсірген балалардың арасында көп ұшырасады. Ер адамның тәрбиесін көрмегендіктен, еркек болудың міндетін білмейтін баланың санасында «әйел – асыраушы» саналады. Сол себепті олар биологиялық есею жасына 30, тіпті 40-қа келсе де әйелдің тамағын, табысын, үйін, мүлкі мен қаржысын пайдаланудан еш арланбайтын көрінеді.
Жамбылдағы жағдайды «альфонс» деуге бола ма, әлде «чайка» деген жөн бе, ол жағына бірдеме айту қиын. Бір анығы – қыздың ақшасына малдану ер жігітке тән мінез емес.

Жарас КЕМЕЛЖАН

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген