Алып күштер арасында Кәрі құрлықтың күнгейінде өршіген саяси және әскери текетірестің қашан аяқталары әзірге белгісіз.
Әйтеуір, «Саясат – экономиканың жалғасы» дейтін формуланың тығырыққа тірелгені анық. Талай жылдан бері әбден орныққан шаруашылық және қаржылай байланыстардың дағдарысқа ұшырауы бұған дәлел екенін түсіндірудің қажеті жоқ. Бір сөзбен айтқанда, экономика – таяқ жеген тарап. Тек бір жақ емес. Санкция соғысына ұласқан әлгі текетірестен ешкім ұтпайды. Дегенмен біздегі қайсыбір сарапшылар сияқты дабыл қағып, байбалам салудың қажеті жоқ. Президент Қ. Тоқаев айтқандай, санкция зардабын кішірейтуге де, әсірелеп үлкейтуге де болмайды.
Бір анық
Ғаламдық базарға апаратын теңіз жолынан алыс жатқан елдердің (Landlocked Contries) қатарына жататын елімізге де оңай соқпайды. Бізді сол теңізге жетелейтін төте сүрлеу терістік көршіміздің жерінен өтеді. Тіпті мұнайымыз да сол елдің маркасымен (Urals) сатылады. Біраз бөлігі Кәрі құрлыққа барады. Құрлықта көп алатын мемлекет – Италия. Былтырғы жылдың алғашқы 6 айында елімізден шетелдерге 37 млн тонна «қара алтын» жөнелтілсе, оның 9,6 млн тоннасы осы елге жеткізілген. Екінші орында – Нидерландтар (4 млн тонна).
Экономикалық серіктестікті тежейтін тыйым күшейгелі ақпарат соғысы да белең алды. Өткен жетіде ақпарат құралдары «үндінің аса ірі мұнай-газ компаниясы Indian Oil Corporation (IOC) қазақ мұнайын алудан бас тартты» деп жар салды. Бұған қуанып, әдеттегідей, байыбына бармай, боркемік болжамын тықпалайтындар бөркін аспанға атты. Шын мәнінде, «қара алтын» құбырда қалып қойды ма? Соған тоқталайық.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының мамандары дереу түсініктеме берді. IOC тек сақтандыру мен тасымал ақысының күрт қымбаттауына байланысты Urals маркалы және Қазақстан құбыр желісі консорциумына тиесілі қара май алуды тоқтатқанын білдірген. Бұл компания мұнайдан үзілді-кесілді бас тартты деген сөз емес. Егер сатушы шикізатты Үндістандағы мұнай өңдеу зауыттарына жеткізіп берсе, IOC алуға дайын.
Енді компанияны осындай қадамға баруға мәжбүр еткен себепке тоқталайық. Батыс елдері Ресей экономикасына қарсы жаппай санкция енгізіп, орыс кемелерін қабылдамайтынын жариялап жатқанда сақтандырушылар Қара теңіздегі айлақтарды «тәуекелі зор қауіпті аумақ» деп жариялады. Осыдан кейін танкер жалдау құны да өсті. Ал теңіз жолы арқылы жасалатын мұнай саудасында FOB (Free On Board) жүйесі жұмыс істейді. Бұған сәйкес, сатушы тауарды портқа әкеліп, оны кемеге тиеу ақысын төлейді. Сатып алушы сақтандыру, межелі жерге жеткізу, танкерден түсіруді өз мойнына алады.
Баламалы бағыт
Ел экспорты үшін жалғыз жол Ресей емес, әрине. Парсы Шығанағындағы Иран таяқ тастам жерде. Бірақ тұйық теңіз саналатын Каспий жағасынан ол жаққа қарай құбыр төсей алмайсыз. Вашингтонның Теһранға санкция соғысының тарихы тым әріде, 40 жылдан асып барады. Бір қызығы, көмірсутегі төңірегіндегі жобаларға салынған тыйымды Еуропа да қолдаған. Сөйтіп банктерді SWIFT-тен ажыратып тастады. Бірақ өзара тиімді сауда-саттықсыз өмір сүру қиын. Осыны ұмытпаған еуропалықтар Иран мұнай компанияларымен есеп айырысуды баламалы жүйемен жүзеге асырып жатыр.
Сарапшылар Еуроодақ санкцияны үдеткенімен орыстың мұнайы мен табиғи газынан бас тартпайды дейді. Бұл пікірдің жаны бар. Өйткені Кәрі құрлық жыл сайын 500 млн тонна қара майға зәру. Оның 150 млн тоннасы Ресейден келеді. Бұған орыс кәсіпорындарынан жеткізілетін 80 млн тонна мұнай өнімдерін қосқан жөн. Содан болар, соңғы күндері Германия мен Нидерландтар Сібірден келетін көмірсутегіге санкция енгізілмейтінін айта бастады. Еуропарламент депутаты Тиери Мариани мұнайды доллармен сатып алатындарын, ал еуроның американ ақшасына шаққандағы бағамы құлдырап жатқанын еске салды. Ол санкцияны (біреуді) тістеп жатқанды сыртынан тістеп алуға теңеді.
Кісідегінің кілті аспанда. Біреуге басыбайлы байланғанның күні қараң екенін жете түсінген Қазақ елі экономикада, соның ішінде транзиттік тасымалда басқа жолдарды іздеді. Сондай оңтайлы бағыттың таңдап, «Бір жол, бір белдеу бастамасына қосылды. Мұның Қытайдың алып базарына, шығыс көршідегі Ляңиунгаң теңіз айлағына жол ашқаны мәлім. Айта кеткен жөн, Үкімет жанынан құрылған дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі Жедел штабтың отырысында тасымал жайын баяндаған «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының жетекшісі Нұрлан Сауранбаев Қытаймен екі арада жүк тасымалында ешқандай кідіріс жоқ екенін хабарлады.
Десек те, дәл қазір сыртқы сауда-саттықта дәстүрлі серіктес – Еуропадан қол үзбеу көкейкесті міндет. Кәрі құрлықтың орыс кемелеріне айлағын жапқанын әлгінде айтып өттік. Бұл отандық тауарды Ресей порттарынан (Санкт-Петербург, Новороссийск, Усть-Луга, Тамань) тұтынушыға жөнелтуде қиындық туғызды. Күрмеуі көп түйінді шешу үшін Латвиямен келіссөз жүргізілді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев осы елдің қатынас министрлігі мемлекеттік хатшысының орынбасары Улдис Рейманиспен Балтық теңізіндегі Рига, Вентсплис және Лиепая порттарын пайдалану мүмкіндігін талқылады. ИИДМ баспасөз қызметі хабарлағандай, латыш тарапы бұған оң жауап беріпті.
«Орта дәліз», отандық контейнер
Үкімет Еуропаға тауарды тоқтаусыз жеткізуде ТрансКаспий бағытын пайдалануға ден қойып отыр. Бұл жерде Ақтау және Құрық порттарының әлеуеті зор екенін айтқан абзал. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың пікірінше, аталған айлақтардың қазіргі жүк өткізу қарқыны небәрі 23 пайыз. Құрық – тәуелсіз мемлекетіміздің баламалы жүк тасымалы бағытын жетілдіруде қол жеткізген елеулі жетістігі. Айлақтағы теміржол кемежайы жылына 4 млн тонна жүк өткізе алады. Бұл көрсеткіш автокөлікте 2 млн тонна, мұнай және мұнай өнімдерінде 2,6 млн тоннаны құрайды. Бұған қоса, 150 мың контейнерді жөнелтуге мүмкіндігі бар. Биыл және алдағы 2 млн тонна жүкті осы контейнермен тасымалдап, оның экспорттағы үлесін 30 пайызға жеткізу көзделген. Бұл үшін отандық контейнер шығаратын өндіріс ошағы қажет.
ТрансКаспий теңіздің арғы бетіндегі Әзірбайжан мен Грузия (Баку, Батуми, Поти порттары) арқылы кәрі құрлыққа жүк тасымалын арттыра алады. Түркия вице-президенті Фуат Октайдың елімізге жасаған сапары кезінде аталған бағытты жандандыру жайы сөз болды. Түріктер «Орта дәліз» деп атайтын транзиттік тасымал жобасы Анадолы – Қап тауы – Каспий теңізі – Қазақ даласы – Қытай бағыты бойынша қазірдің өзінде жүк пойызы жүріп жатыр. Мамандар «орта дәліздің» теңіз жолына қарағанда тасымал уақыты 15 күнге қысқаратынын алға тартуда.
Көмірсутегі – кәрі құрлықтың ең осал тұсы. Еуроодақ басшылары осыны жете түсінгендей. Сейсенбі күні Брюссель мұнай мен газ импорты бойынша Мәскеуге санкция жарияламайтынын мәлімдеді. АҚШ, керісінше, тыйым салды. Сарапшылар Америкадағы қиямет-қайым бейнеленген «Мен аңызбын» (I`m Legend) фильміндегі жанармай бағасымен бірдей, яғни 6,60 доллар болады деп отыр. Қазірдің өзінде кейбір штаттарда баға 5 долларға жақындап қалды.
Әңгіменің басында айтылған саясат пен экономиканың қабыспайтын тұсына қайта оралсақ. «Біз (ОПЕК) саяси ұйым емеспіз. Шамамыз келгенше, саясаттан аулақ тұруға тырысамыз. Біз мұнай жеткізу ісіне саяси сипат бермеуге күш салып жатырмыз. Біздің арамызда көзқарас қайшылығы болуы мүмкін. Бірақ, өтінеміз, ОПЕК хатшылығына бет алғанда немесе байланыс құралы арқылы кездескенде олардан (көзқарас қайшылығы) арылып келіңіз». Мұнайды сыртқа экспорттаушылар ұйымының Бас хатшысы Мұхаммед Баркиндо қазіргі санкция соғысына қатысты осындай кеңес береді. Айтары жоқ, пәтуалы пікір. Тек саясаткерлер құлақ асса, қанеки.
Срайыл Смайыл,
экономикалық шолушы