Еліміз үшін мүнай стратегиялық маңызын жоғалтады. Сол себептен экономикаға серпіліс беретін басқа жол қарастыру керек. Белгілі экономист Жақсыбек Күлекеев газетімізге сұхбат бергенде осылай деді. Сондай-ақ ол мемлекеттік қаражаттың тиімсіз жұмсалатынын көтеріп, инвесторлардың елімізге не үшін тартылмай жатқанын айтты.
Жас қазақ: Жақсыбек Әбдірахметұлы, алғашқы сауалды мұнай бағасынан бастасақ. Соңғы уақыттары қара алтын бағасы аз да болса өсті. Мұнай бағасының өсуі бюджетке жалпы экономикаға әсер ете ме? Сарапшы ретінде өз бағаңызды берсеңіз?
Жақсыбек Күлекеев:Мұнай бағасының қазіргі деңгейден көтерілуіне әзірше үлкен себеп жоқ.Өйткені барлық мұнай өндіретін елдер өндіріс көлемін арттыруға тырысуда. Сондықтан бұл тауар кез-келген басқа шикізат секілді сатылып, оның бағасы нарықтық күштің ықпалымен қалыптасады. Биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша дүние жүзіндегі мұнай ұсынысы сұранысқа қарағанда орта есеппен тәулігіне 1,5 млн баррелге артық болса, ал қазір бұл көрсеткіш 1 млн баррелге дейін төмендеді. Демек, нарықта бұл шикізатқа деген сұраныс әлі де ұсынысқа қарағанда төмен. Сол себепті мұнай бағасының өсуіне еш фундаменталды негіз жоқ.
Болжам бойынша бұл заттың орташа бағасы биылғы жылы 50 доллар шамасынан аспайды.Ал келесі жылдың ортасына таман 60 долларға дейін өсуі мүмкін. Мұнай бағасының өсуіне АҚШ-тағы мұнай өндірісінің төмендеуі өз әсерін тигізуде. Бірақ, мұнай бағасы барреліне 55 доллардан асса, онда тез арада АҚШ-та өндірісті қайта дамытуға толық мүмкіндік туады. Әсіресе соңғы кезде сәл азайған тақтатастан (сланец) алатын мұнай көлемі тез арада қайта дамуы сөзсіз. Бұл мемлекетте соңғы 4 жылда жаңа технологияларды кеңінен пайдаланудың арқасында тақтатастан алатын мұнай көлемі 5 есе өсіп, тәулігіне 4 млн баррелден асты. Соның арқасында АҚШ дүние жүзіндегі алдыңғы қатарлы мұнай өндірушіге мемлекетке айналып, жылына 500 млн тоннаға жуық мұнай өндіретін дәрежеге жетті. Қазір АҚШ мұнай және газ өнімдерін стратегиялық ресурс қатарынан шығарып, экспортқа жібере бастады.
Жас қазақ: «Аспандау» қоры ұйымдастарыған жиында да «мұнай алдағы уақытта стратегиялық ресурс ретінде маңызын жоғалтуы мүмкін», — деп айттыңыз. Қандай негізге сүйеніп отырсыз?
Жақсыбек Күлекеев:Ел экономикасы үшін мұнай және газ саласының орны бөлек.Себебі осы өндіріс өнімдері мұнай бағасы жақсы болған жылдары еліміздің экспорттан алатын қаражатының 60 % жуығын, ал бюджеттің кірісінің 40 % жуғын қамтамасыз ететін. Бірақ мұнай бағасы құлдырауына байланысты және экономиканың бір өндіріске тәуелді болуы салдарынан қалыптасқан жағдай валюта мен бюджет тапшылығына соқтырып, экономиканы дағдарысқа ұрындырып отыр. Мұнай бағасы жуық арада көтерілмейтінін ескерсек, онда экономикалық стагнацияның созылатыны анық. Бұдан кейінгі кезеңде де мұнай және газ, басқа да шикізат өндіретін салалардың біздің ел үшін орны ерекше болары сөзсіз.Бірақ олардың экономикаға локомотив болып қалары күмәнді. Демек, ел экономикасын дағдарыстан алып шығу үшін осы жағдайларды жан-жақты зерттеп, экономикаға серпіліс беретін басқа өсу жолдарын қарастыру қажет.
Жас қазақ: Жиын барысында бюджет жоспарлағанда түпкі нәтиже тасадан тыс қалып қоятыны туралы мәселе көтердіңіз. Сонда қалай? Бөлінген қаражат игеріледі. Бірақ нәтиже жоқ па? Түрлі бағдарламалар қабылданып, аяқсыз қалатынын білеміз. Жаңа басшы келген сайын, жаңа бағдарлама қабылданады.
Жақсыбек Күлекеев: Өкінішке қарай, бюджет саясатында әліде үлкен кемшіліктер орын алуда. Оның ең негізгісінің бірі – бюджет шығыны тиімділігінің төмен болуында. Бюджетті жоспарлау, бағдарламаны қаржыландыру, шығындардың тиімді пайдалануын бақылау процессінде үлкен кемшілік орын алуда. Бұған Парламенттің дәрменсіздігі де өз үлесін қосуда.Себебі бұл мемлекеттік орган бюджет саясатына белсенді араласа алмайды.
Жас қазақ:Сол себептен бюджеттің тиімді игерілуін қадағалау Парламентке берілу керек деп отырсыз ба? Одан қандай нәтижеге қол жеткіземіз?
Жақсыбек Күлекеев:Дамыған мемлекеттерде Парламенттің атқаратын үлкен жұмысының бірі бюджет саясатына тікелей араласып, халық қаражатының тиімді пайдалануын қамтамасыз ету. Оған қажет құзырлы биліктің бәрі Парламентке берілген. Мысалы, бюджеттің дұрыс жоспарлануын қамтамасыз ететін Парламенттің арнайы «Бюджет комиссиясы» болады. (Бізде бұндай комитет Үкіметте). Ол жыл бойы жұмысын тоқтатпай және ведомства басшыларын ұдайы шақырып, бірлесе отырып бюджет шығынын тиімді жоспарлауға тырысады. Содан соң, Парламентке тәуелді арнайы құзырлы орган «Есеп палатасы» (бізде ʺЕсеп комитетіʺ) халық қаражатының тиімді пайдалануын үзбей бақылап, уақытылы Парламентке ақпарат беріп отырады. Егер тексеру барысында ведомства басшылары тарапынан жіберген кемшілік анықталса, онда олардың қызметтен алынуын қамтамасыз етеді. Өкінішке қарай, бізде бюджет қаражатын тиімді игеру мәселесі қаражатты толық және уақытылы игеру түсінігіне айналды. Толық игерген қаражат нәтижесіз болуы мүмкін.Бірақ ол екінші немесе үшінші кезекте тұрған мәселе. Соның салдарынан халық қаражаты орынсыз әрі тиімсіз жаратылып, талан-таражға түсіп жатады. Осы аталған, басқа да аталмаған кемшіліктер бюджет саясатын дамытуға себеп болуы тиіс деп ойлаймын.
Жас қазақ:Соңғы уақыттары сырттан келетін инвесторға барлық жағдай жасалды. Соның өзінде ауыз толтырып айтарлық нәтиже жоқ. Неге
осындай мүмкіндікті отандық инвесторларға да жасамасқа?
Жақсыбек Күлекеев:Елге инвесторлар тарту мәселесі бүгінгі күннің өзекті мәселенің бірі. Отандық немесе шет елдік инвесторды біздің экономикаға кең көлемде тартылуы олардың ертеңгі күнге деген сеніміне байланысты. Егер кез-келген азамат бүгін қаражатын салып, бизнесін дамытып, ертең оның жемісін көретініне сенімді болса, онда оларды ешкім тоқтата алмайды. Керісінше, іскер азамат тәуекелге барып, қаражатын бизнеске салып, жетістікке жеткен кезде оның бизнесін тартып алатын болса, онда бұндай елде бизнес те дамымайды. Инвесторларды күтудің де қажеті шамалы. Сондықтан, бүгінгі күні елімізге инвестор тарту мәселесі ол күрделі институционалдық реформалар жүргізуге тәуелді. Бұл айтылып та жазылып та жүрген проблема.Өкінішке қарай, әзірше бұл төңіректе ауыз толтырып айтар жетістіктер шамалы.
Сұхбаттасқан Елдос Өмірзақұлы