Бюджетке берерінен алары көп

24 маусым 2016, 14:55

b42f6c0e-41de-48b6-a9ee-86df9cbb6be9

Жақында Мәжілістің қаржы және бюджет комитетінің отырысында бір топ депутат «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингін әбден сынады. Мемлекеттік қаржы ресурстарын тиімді басқарады деген құрылым, өзі сол ақшамен күн көріп келіпті. Онымен қоймай, сыртқы қарызға да белшесінен батса керек. Холдингке қатты шүйліккен Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаевқа біз де бірер сауал қойып, мәселенің мән-жайына қанығуға тырысқан едік.

Жас қазақ: Омархан Нұртайұлы, «Бәйтерек» холдингі сыртқы қарыздарды қандай мақсатта алған және ол өз мақсатына жұмсалып жатыр ма?
Омархан Өксікбаев: «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің негізгі мақсаты – экономикамыздың басым секторларына сыртқы инвестицияларды көбірек тарту, отандық кәсіпкерліктің дамуына қолдау көрсету, еліміздегі инвестициялық жобаларды қаржыландыру, осылайша, ұлттық қор мен мемлекеттік бюджеттен осы мақсаттарға бөлінген қаржыны ел қазынасына кіріспен қайтару, яғни қаржы ресурстарын тиімді басқару болуы тиіс. Бірақ холдинг аталған мақсаттарға әлеуетті инвесторларды іздеу орнына сырттан қарыз алумен көбірек айналысып кетті. Мәселен, тек өткен жылдың өзінде сыртқы қарызы 1021,1 млрд теңгеге өскен. Холдинг пен оның еншілес компанияларының жалпы қарызы бүгінде 4,9 млрд АҚШ долларына жетіп отыр. Ол қарыз ақшалардың тиімді жұмсалып жатқанына көзіміз жетіп отырған жоқ. Оның үстіне холдинг 2015 жылдың желтоқсан айында Қытай банкінен (China Development Bank) 200 млн АҚШ доллары көлемінде қарыз алған болатын. Ол қаржы да ешқандай жобаға салынбады, әйтсе де жарты жылдан бері Қытай банкіне келісімге сәйкес пайыздық төлемі қайтарылуда. Сондай бұл қарыз қандай мақсатқа алынды? Біз осы сұрақты өзіміз қоюға мәжбүр болдық. Бірақ оған нақты жауап ала алмадық.
Жас қазақ: «Бәйтерек» холдингіне соңғы үш жыл ішінде мемлекет 365,4 млрд теңге қаржы құйғаны айтылды. Сонда бұл қаржыдан инвестициялық жобаларды игеруге бір тиын да салынбаған ба?
Омархан Өксікбаев: Ұлттық қор мен республикалық бюджеттен инвестициялық жобаларға бағытталған қаржы холдингтің еншілес компаниялары арқылы бөлінеді. Көп сатылы әртүрлі деңгейдегі келісімдер жасау – ұзақ процесс. Осылардың бәрінен өтіп, қаржы негізгі тұтынушыға жеткенше жарты жыл, кейде одан да көп уақыт кетеді. Ал бұл аралықта холдингтің бақылау есепшотына түскен қаржыға екінші деңгейдегі банк жасырын дивиденд түрінде пайыздық өсімдер төлей бастайды. Сондықтан да холдинг мақсатты қаржыны еншілес компания арқылы негізгі тұтынушыға жеткізгенше, өз есепшотында көбірек ұстайды. Яғни бюджеттің ақшасы арқылы банктің пайыздық өсімінен пайда тауып келген. Жеңіл жолмен келген ақшаға құныққан холдинг өздеріне көзделетін шығын мөлшерін 2015 жылы белгіленген жоспардан 0,7 млрд теңгеге асырып жіберген. Инвестициялық жобаларға қаржылардың уақытылы жетпеуі, қаржылық шығындар мен тиімсіз инвестициялық салымдар салдарынан бүгінде көптеген жоба жүзеге аспай қалды. Соның бірі – құрылыс саласына арналған минеральды мақта өндіретін зауыт құрылысы. 2010 жылдан бері бизнесмендер «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ-нан (НАТР) бұл жобаға байланысты не техникалық құжаттамаға, не қаржылық қолдауға қол жеткізе алмай жүр. «Атамекен» ҰКП-ның мәліметіне қарағанда, жоғарыдағы агенттіктің кінәсінен осындай 8 инвестициялық жоба тығырыққа тіреліп тұрған көрінеді. Орайы келгенде айта кетейін, «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ-ның бірқатар инвестициялық жобаларының сәтсіздігі анықталды. Агенттіктің 2006-2011 жылдары жұмыс істемей қалған 2,6 млрд теңге көлеміндегі инвестициясының тек 141,2 млн теңгесі ғана қайтарылды. Оның 131 млн теңгесін «AB Metals» ЖШС қайтарса, «Құрылысшы» ЖШС 10,0 млн теңге, «Бизнес-телеком» 0,2 млн теңге қаржыны кері құйған.
Жас қазақ: Холдингке қарасты «Қазақстан даму банкінде» де қайтарылмаған қаржы көлемі көп сияқты…
Омархан Өксікбаев: Иә, бұл банк қызметінің тиімсіздігі негізінен көптеген проблемалық жобалардың пайда болуына байланысты. Сондай 36 жоба «Қазақстан инвестициялық қоры» АҚ-на берілген. Банк мәліметіне қарағанда, оған дейін бұл жобалар бойынша берешек негізгі қарызбен қоса сыйақы, өсім және айыппұлдармен қосып есептегенде 344,9 млрд теңге болған. Ал ол жобалардың қорға берілетін күнгі нақты баланс құны 16 пайыз көлемінде, яғни 47,4 млрд теңге ретінде тиянақталған. Қалған расталмаған бөлігі – 300 млрд теңге қайда екені белгісіз. Екі жыл көлемінде қайтарылған қаржы 12,9 млрд теңге ғана, қалған бөлігі 2025 жылға дейін ұзартылған.

Сұхбаттасқан
Меңдолла ШАМҰРАТОВ

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?