Бұрымдының былығы

30 қазан 2020, 15:10

Редакцияның телефоны шыр етті. Тұтқаның ар жағынан жыларман күйдегі ананың дауысын естідім.

– Көмектесіңіздерші! – дейді жалынышты үнмен. – 18 жасар қызым Алматыға жұмыс іздеп кетіп еді. Екі апта бұрын ғана «Боди массаж деген жұмыс таптым, администратормын» деген болатын. Бір аптадан бері хабар жоқ. Кеше таңғы 4-те телефонға хабарласып тұр «мама, мені ұрып жатыр» деп. «Кім ұрып жатыр?» дедім сасқалақтап. «Бастығым» дейді. Бірден жиналып бардық. Қызымды көкпарға салған лақтай ары тартып, бері тартып, отбасылық достарымның көмегімен алып кеттік. Үсті-басы көкала қойдай. Қызым әбден қорқып қалған. Біздің тартыс-төбелесімізді байқаған полицияның патруль көлігі жанымызға тоқтады. Алматының Бостандық аудандық бөліміне бардық. Арыз жаздық. Әлгі қызымды күштеп ұстаған жігіттер де барды. Таң ата тарқастық. Алайда содан бері екі апта өтті. Арыздың мән-жайын білейін десем, тергеуші телефонын алмайды. Өздері де хабарласпайды. Менің мақсатым – қызым ол жақта өзінен басқа 7-8 қаракөз қыз барын айтты. Өзге қыздар да мәжбүрлі түрде қорқып жүрген сияқты ма? Басқа қазақтың қыздарын да күштеп ұстап отырса, сіздермен бірге барып араша түссек», – деп барып тоқтады.

– Аты-жөніңіз кім? – деп сұрадым.
– Шынар боламын, – деді.

Қыл үстінде қалған өрімдей қыздың тағдырына қалай араша түспейсің? Әлбетте, қолдан келген заңды көмек – беруге бекіндім.
Ол төрт баланың анасы. Бір қыз, үш ұл өсіріп отырған жалғызбасты әйел. Өзі Талғар маңындағы дәмханада ыдыс жуады. Қызы анасына масыл болмайын деп жұмыс іздеген көрінеді.

– Бірден қызымды мәжбүрлеп ұстап отырған пәтерге барайық. Ол жақта Сұлудың біраз киімдері де қалыпты, – деді.
– Жоқ. Бірден полицияға барамыз, – дедім мен…

Хош, сонымен Сұлудың өзін көрдім. Сырт көзге анасы айтқандай именіп, қорқып қалған қызды байқай алмадым. Жұлқынып, жанып тұрған бойжеткен. Қыздың айтуынша, алдымен боди массаж жасайтын салонға әкімші етіп алыпты. Кейін бір ақ ұнтақты иіскетіп, қарсылық таныта алмай, ессіз күйге түсіретін есірткі қабылдатқызған. Сұлу: «Тіпті жан-дүниеңді қоздыратын таблетка сататын жігіттің үйіне бәріміз топталып бардық. Салон қожайындары Алматының дәулеттілері қоныстанған тұрғын үй кешенінен пәтер жалдаған. Секіріп қашайын десем, пәтер 22-қабатта. Үйде 6 қыз болдық. Бәріміз өрімдей жаспыз. Бастығымыз екі адам. Біреуі – Сәбит, екіншісі – Алтай. Үнемі көк желкемізден қадағалап отырады. Телефонды артық ұстатпайды. Тек әке-шешемізбен хабарласуға ғана береді. Сыртқа шықса, есікті құлыптап кетеді, – деп мән-жайды түсіндірді.
– 102-ге хабарласпадың ба?
– Қорықтым!

Сонымен Шынар ханымның қызы және мен бар – үш адам Алматы қалалық қылмыстық полиция басқармасына келдік. Ғимаратқа жеткен кезде әлгі қыз: «Мұнда кірмеймін. Кірсем де ешкіммен сөйлеспеймін», – деп қиғылық салсын.

– Сен бар шындықты айтпасаң, саған қалай көмектесеміз? – деп көрген-білгенін айтуға көндірдік.
Неге екені түсініксіз, Сұлудың сөзі мың құбылды. Әккі тергеушілер нақты сұрақ қойған сайын күмілжіп, қос қолына тыным бермей мазасызданды. Әңгімеге анасы араласса, тіптен беттен алып шаптығып отырды. Осылайша, тергеу созылған сайын бойжеткеннің жауабы да сұйыла берді. Сұлудың сөзінен түсінгеніміз, ол боди массаж деген желеумен жезөкшелікке өз еркімен барған адам болып шықты. Есірткіні де ешкім зорлап иіскетпеген. Ақ ұнтақтың ұнағаны сондай, өзі іздеп тұратын халге жетіпті. Массажға келетін ер-азаматтарға жезөкшелік қызмет көрсетудің 1 сағаты – 40 мың теңге. Қожайындар бір түндік «тән ақының» 16 мың теңгесін күнделікті пайдаланған есірткіге ұстап қалады екен.

Өзіміз атын ғана еститін, көп жұртқа түсініксіз «боди массаж» деген не? Оның отаны Тайланд деседі. Адамды ес-түстен айырғанша ләззатқа бөлейтін эротикалық уқалау. Ең бастысы, клиент денесіне сырттай массаж жасатады. Бір сөзбен айтқанда, адам денесін уқалау, сыйпалау. Кісіні экстазға әкелу, яғни еркекті қоздыру. Ары қарай клиент сұранысын орындау. Көп жағдайда есін ұмытқан еркектер ессіз кешті жыныстық қатынаспен жалғастыруды қалайды. Массаждың сағаты – 20 мың теңге болса, ары қарай клиенттің жыныстық қатынас сұранысы сағатына 30, 40 мың теңге болып жалғасып кете береді. Бәрі де еркектің қаншалықты қалауына байланысты. Үздігіп тұрған азамат дәл қазір қанша ақы десе, сонша төлеуге дайын екенін притон қожайындары әбден біліп алған. Бір сөзбен түйіндесек, боди массаж атауының артында әдемі жасырынған жезөкшелік бизнес жатыр.

 

Алматы қалалық ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының (УБОП) басшысы Дидар Жақыпбаев: «Еліміздегі әр боди массаж салонын тексере келгенде түнгі көбелектер ошағы әшкереленеді», – деп әңгімеге араласты. Жыл басынан бері аталған басқарма Алматыда 10-нан аса боди массаж салондарына «күтпеген» тексеріс жүргізген. Жезөкшелікпен айналысқан барлығы 83 бойжеткен құрықталып, он шақты «жеңгетай» ұсталды. Алып шаһарға жеңіл жұмысты қалап келгендердің басым бөлігі – Өзбекстан, Қарақалпақстан, Тәжікстан мен Қырғызстан азаматтары. Әлбетте, өзіміздің қаракөздер де жетерлік.

Осы сәтте Сұлу жайлы ақпаратты полиция базасынан іздеп отырған анықтаушы «бәрі түсінікті» деді. Сөйтсек, анасы қызғыштай қорып отырған өрімдей қыз қалада болған күндері ұрлық жасағаны үшін ұсталып, үстінен қылмыстық іс қозғалған екен. Пәтерде болған кезде полицияға хабарласуға, қашуға барлық мүмкіндік болғаны тағы анықталды. Ондай мүмкіндікті қыздың өзі қажет етпеген. Тіпті анасы алып кеткен күннің өзінде серіктес қыздарымен әлі күнге хабарласып тұратыны анықталды. Азан шақырып қойған Сұлу деген әп-әдемі есімі «көбелек әлемде» Мия деп өзгерген. Сорақысы сол, көктемгі карантин кезінде Мия жезөкшелік қызметі үшін ұсталып, есепке алынған.

Электрондық базадағы тайға таңба басқандай мәліметтерді естіп, оқып, қызының фотосын көріп тұрғанымен, ана жүрегі жамандыққа сенбеді. Сенгісі келмеді. «Мүмкін емес, мүмкін емес» деп күбірлей берді, күбірлей берді…

Бұл сәтте Сұлу-Мия осыған дейін анасының жанындағы ұяң қыз образын сілкіп тастап, тергеуші бөліскен шылымды будақтатып отыр еді. Мен алақанымды жайып «не істейміз» деген ишарамен Шынарға қарадым. Ол «Менің қызым Алматыдағы нөмір бірінші жезөкше болса да, мен оны қорғаймын! Ана жүрегім қызымды мына батпақтан алып шықпай тыныштық таппайды», – деп шырылдады.

Гүлмира ӘБІҚАЙ,
журналист

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген