Қазіргі кезеңде мемлекеттің қолдауын алуға тиіс тізімде өнім өндіретін кәсіпорындар болмай шықты. Есесіне, монополистер көп. Осылай деп дабыл қаққан депутат Азат Перуашев Премьер-Министрдің атына сауал жолдады. Халық қалаулысы жүйе құраушы кәсіпорындар Реестрінің соңғы үлгісін талқылаудан алып тастаудан өтінді. Оның айтуынша, бұл тізімге ең қажетті тұтыну тауарларын өндіретін кәсіпорындар енбеген.
Жуырда ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Төтенше жағдай жөніндегі Мемлекеттік комиссияға жүйе құраушы кәсіпорындар Реестрін ұсынды. Бұл тізім жұртшылық пен Парламент тарапынан қатал сынға ұшырады. Онда ауыл шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, азық-түлік, киім-кешек, балаларға арналған, медициналық, гигиеналық және жеке қорғаныс құралдарын шығаратын кәсіпорындар, яғни ең қажетті тұтыну тауарын өндірушілер мүлде жоқ.
Реестр жобасы салалық министрліктің экономикалық процестерді кешенді түсінбегенін айғақтайды. Бұл – салалық монополистердің тізімі. Оған тіпті бәсекелестері де кірмеген. Мәселен, құрылыс магнаттары тізімде болғанымен, құрылыс материалдарын өндірушілер атымен жоқ.
Сондай-ақ Реестрде барлық автоқұрастырушы кәсіпорындар бар. Тек өскемендегі зауыт енбепті. Ал ол елімізде ең алғашқы болып автокөлік құрастыруды бастаған зауыт. Бүгінгі күні өндірістің толық айналымын қамтитын кешен салып жатыр. Құрылыс саласы одағының дерегінше, Реестрге үстем компаниялармен кірікпеген сегіз жетекші компания да енгізілмепті. Кәсіпорындарды таңдауда министрліктің қандай критерийлерді басшылыққа алғаны түсініксіз.
2011 жылы Үкіметтің 2007-2009 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы бағдарламасы негізінде экономикалық даму, индустрия, қаржы және ауыл шаруашылығы министрліктерінің «Жүйе құраушы кәсіпорындарға жатқызылатын критерийлерді бекіту туралы» бірлескен бұйрығы шыққан болатын. Оған сәйкес, кәсіпорын орта не ірі бизнеске тиесілі және бір саладағы жалпы өнеркәсіп өнімі көлеміндегі үлесі 0,1 пайыздан кем болмауы тиіс.
Сонда министрлік бұл туралы білмей ме? Есесіне, ол Реестрге ұлттық компанияларды, сондай-ақ негізінен мемлекеттік сатып алу арқылы табыс табатын компанияларды енгізген. Одан гөрі ашық бәсекелестік жағдайында жұмыс істейтіндерге қолдау көрсеткен дұрыс болар? Жұмыс орнын сақтау және отандық тауарларды сатып алудан басқа, бизнестің қарсы міндеттемелері, біздіңше, мынадай болуы керек: Бағаны арзандату, соның ішінде құрылыс нысандары мен тұрғын үй, коммуналдық қызмет пен әуе билеті, сауда алаңдары және т.б. тарифін төмендету. Егер компания қоғамның осындай қажеттіліктерін орындай алса, ол мемлекеттік қолдауға мұқтаж емес. Ондай жағдайда, мәселен, құрылыс компанияларын емес, мұқтаж жандардың ипотекасын тікелей субсидиялаған дұрыс болар еді.
Мемлекет үшін қайсысы маңызды: монополиялар табысын қорғау ма, әлде миллиондаған адамды құтқару ма? Мұндай жағдайда АҚШ және еуропалық елдер корпорацияларды емес, шағын және орта бизнесті құтқарады. Себебі қоғамның басым бөлігін құрайтын да солар – орташа дәулеттілер. Реестрге қатысты қоғамдық пікір экономика ғана емес, елдің де, қоғамның да өзгергенін көрсетіп берді. Бұл енді мемлекеттік мекемелер мен министрлер санасатындай шындық.
Азат ПЕРУАШЕВ,
Мәжіліс депутаты