Қара күзде тұмау-сырқаудың қозатын, ескі дерттің өршитін әдеті бар. Індеттің екінші толқыны біраз елде басталып та кетті. Көрші Ресейде ауру асқынып тұр. Бізде де ауырғандар көбейіп келеді. Қазақ «Сақтықта қорлық жоқ» дейді. Сондықтан да ковидпен күресті қазірден бастап, дайындыққа ерте қам жасаудың еш зияны бола қоймас. «Qmed» ұлттық инновациялық медицина палатасының» басшысы, қоғамдық денсаулық магистрі, дәрігер Әкім Тұрсынмен болған сұхбатымыз аты жаман аурудың екінші толқыны, дәрігерлердің дайындығы, екпе туралы болды.
Jas qazaq: Әкім мырза, Бас дәрігер пандемияның екінші толқыны туралы айтып жатыр. Жалпы біз бұл індеттен қорытынды шығардық па, жоқ па?
Ә.Тұрсын: Індеттің екінші толқыны Еуропа елдері мен Ресейде басталып кетті. «Бұл індеттен қорытынды шығардық па?» деген сауалыңызға жауап беру дәл қазір қиындау. Өйткені бұл сұрағыңызға екінші толқын өткеннен кейін ғана жауап беруге болады. Екінші толқынға қалай қарсы тұра аламыз? Бұл – өзекті сауал.
Дәл қазір індеттің екінші толқыны басталған елдер ауруханадағы төсек-орындар мен жасанды тыныс алу аппаратын көбейтті. Бізде де солай. Қоймада дәрі-дәрмек, медициналық қажетті құрал-жабдықтың бәрі дайын деп отырмыз. Бірақ материалдық дайындық мүлтіксіз болғанымен, біз бір нәрсені ескерген жоқпыз. Дәрігерлер мен мамандар жеткілікті ме, олардың дайындығы қалай? Сол жағын кім ескеріп жатыр? Мысалы, қаншама дәрігердің үстемақысын береміз дегелі неше ай өтті? Уақытты созып, қайдағы түсініксіз құжатты талап етіп жатыр. Нақтырақ айтқанда, жұмыс кезінде ауырған дәрігерлердің 50 пайызы үстемақысын әлі алған жоқ. Ресми мәлімет бойынша, 13 мың дәрігер індет жұқтырды деп айтылуда. Шын мәнінде, вирус жұқтырғандардың саны одан да көп. Өйткені көп дәрігер үйінде емделді. «Ауруханада қарапайым халық емделсін» деп олардың көбі ем-домды өз үйінде, өзіне-өзі жасады. Сол дәрігерлердің құжатын қабылдамай жатыр. Осы жағдайлардан кейін, көптеген білікті, тәжірибелі дәрігерлердің көңілі қалды. «Карантин бітіп, ауру басылғаннан кейін, біз шетелге кетеміз. Бізді бағаламады. Еңбегімізді елемеді», – дейді. Бізге дайындықты осыдан бастау керек еді.
Jas qazaq: Иә, ауырған адамды машина емес, адам емдейді ғой. Сондықтан, мәселені дәрігер-мамандардың дайындығынан бастау керек еді. Дегенмен, үстемақы төлеу тәртібінде шешімін таппай жатқан түйіннің нақты себебі не деп ойлайсыз?
Ә.Тұрсын: Бұл жердегі түйін – баяғыдан бойымызда қалып кеткен бюрократиялық әдетте жатыр. Көп өңірлерде үстемақыны бас дәрігер немесе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы өз қалтасынан төлейтіндей кергиді. Қатты айтсам, ренжімесін, бұл «Байдың асын байғұс қызғаныпты» дегеннің кері. Бұйрық бар ма?
Бар. Онда ковидпен ауырған дәрігердің бәрі үстемақы алуы керек. Алайда ондай болмай тұр. Мысалы, Алматы облысының Талғар ауданында ковидпен ауырып шыққан дәрігерлердің бәріне бірдей ақша берілуі керек еді. Олардың бәрінің қолында бірдей ПТР, КТА, ИФА нәтижелері бар. Бірақ ақша біреуіне төленген, екіншісі әлі ала алмай шапқылап жүр. Неге? Алматы облысының денсаулық басқармасындағы мамандар: «Олар «қызыл аймаққа» барған жоқ», – дейді. Бұйрықта ондай талап көрсетілмеген. Міне, осындай сұрақ көп. Мұның бәрі жергілікті жердегі басшыларға қатысты болып отыр.
Алматы қалалық 12 ауруханада алғаш 548 дәрігер жаппай ауырған болатын. Оның 400-і үстемақысын алды. 148 дәрігерге ақша әлі берілген жоқ. Әртүрлі себеп бар. Өткен апта барып қайттым. Біреуінің телефон нөмері ауысып кеткен, біреуінің карта номері жоқ деген сияқты қателіктердің кесірі. «Бірдің кесірі мыңға тиеді» дегендей, мысалы бір топта 20 дәрігер болса, оның бесеуінің құжаты дұрыс болмаса, соның кесірі қалған 15 адамға тиеді. Осындай қателіктерді түсіндіріп айту керек. Бірақ жергілікті басшылардың бюрократтық мінезінің салдарынан, соны ешкім түсіндірмейді. Әйтпесе, денсаулық сақтау министрлігі мен еңбек министрлігі ақшаны төлеуге дайын.
Jas qazaq: Ковидпен бір рет ауырған адам тағы да ауырды. Бір адам тіркелді, оның өзі көз жұмған. Мамандар «Бойында антител бар адам екінші рет ауырса, ауру жеңіл өтеді» деген еді. Олай болмады, неге?
Ә.Тұрсын: Ковидпен бір рет ауырған адамның екінші рет қайтадан жұқтыру мәселесінде көп дүниені ескеру керек. Мысалы, бірінші рет індет жұқтырған адамның денсаулығы мықты, ауруға қарсылық қуаты бар болса, ол екінші рет әлгі вирусты қайтадан жұқтырмайды. Жұқтырған күнде де жеңіл өтіп кетеді. Ал бірінші рет жұқтырған адам қатты ауырса, соның кесірінен жүрек-қан тамыры созылса, бүйрек қызметі бұзылса, сусамырмен ауырса, онда ол екінші рет ауырғанда қауіп өте жоғары болады. Екпе жасалғаннан кейін, бұл індет әдеттегі тұмау сияқты болып қалуы мүмкін.
Jas qazaq: Індет шыққалы бір жылға таяп қалды. Ресейде, Жапонияда дертке қарсы екпе жасалған еді. Адамдарға да егіп, сынақтан өткізілген болатын. Тәжтажалды ауыздықтайтын екпе неге кешігіп жатыр? Бұл вирустың бір түрден екінші түрге тез ауысып кететінін білеміз, бірақ ХХІ ғасырдың медицинасы үшін бұл да себеп болмаса керек…
Ә.Тұрсын: Екпе туралы айтқанда, біз бір нәрсені анық ұғып алуымыз керек. Біз ғана емес, бүкіл әлем дәрі-дәрмек өндірісін ақша табудың көзі ретінде түсініп, технологияны солай бағыттап кетті. Бұл – бір. Екіншіден, екпе жасау – дәрі жасау емес. Бала тоғыз ай, тоғыз күн ананың құрсағында пайда болып, дамып, жетілетіні сияқты екпені де жасаудың сатылары бар. Оны жасағаннан кейін адамға егіп, сынақ мерзімін өткізіп, нәтижесін зерттеп, тексеріп көру керек. Мұның бәріне ұзақ уақыт керек. Тіпті бірнеше жыл кетуі мүмкін. Содан кейін ғана екпені медициналық өндіріске шығарады. Мысалы, біздің Қазақстан жасаған екпе де бірнеше түрлі сынақтан жақсы көрсеткіштермен өтіп келеді. Бірақ екпені жасау бөлек, оны өндіру басқа әңгіме. Қомақты қаржы, үлкен технология қажет болады. Сондықтан бұл уақыттың еншісіндегі шаруа. Дәрігер ретінде болжамым, бір жарым жылдың ішінде тәуір екпе жасалып шықса, ол үлкен көрсеткіш. Біздің Қазақстан ғалымдары жасап жатқан екпені жаңа жылға дейін барлық сынақтан өткізіп, өндіріске шығарамыз деп жатыр. Ол күн де алыс емес.
Jas qazaq: Биыл індет асқынған кезде жұрт ауылға барып, қымыз ішіп әл жинады. Дәрігер ретінде айтыңызшы, бүгінгі медицинаға қымыз-қымыран, айран-сүт сияқты ұлттық асты емдеу тәсіліне пайдалану қолға алына ма? Сіздер дәрігерлер осыны ұсынып жүрсіздер ме?
Ә.Тұрсын: Қымыз-қымыран, айран-сүт сияқты ұлттық ас-ауқаттың пайдасы туралы дәрігерлік нұсқаулықта көрсетілген. Салауатты өмір салтын ұстану тәртібінде, яғни дұрыс тамақтану ережесінде бұл өнімдер бар. Бірақ бұл ковидтің негізгі емі емес. Адам организмінің кез келген ауруға қарсылық қуатын күшейтетін, қалыптастыратын қажетті дәрумендік тағамдар. Дәл қазіргі жағдайда вирусты жойып жіберетін бірде-бір дәрі, не дәрумен жоқ. Қазіргі беріліп жатқан дәрі-дәрмектер сол вирустың кесірінен пайда болған симптомдармен ғана күреседі.
Қазақтың дәстүрлі тамақтану тәртібінде қойдың құйрық майы мен қой етінің сорпасы ерекше емдік қасиеті бар тағам деп айтылады. Дұрыс. Өйткені өкпенің ішінде «сурфактант» деген сұйықтық болады. Ол өкпені майлап тұрады. Қарапайым тілмен айтқанда, өкпенің майы дейміз. Қойдың майы сол сұйықтықтың түзілуіне көп көмегін тигізеді. Біздің әжелеріміз бен аналарымыз баланы суға шомылдырғаннан кейін, қойдың майымен денесін сылап тұрған. Әлі де бар. Бірақ мынаны ескеріңіз, бұл қазіргі індетті емдеп жіберетін емдеу әдісі емес. Бұл қосымша жасалатын емдік шара ғана.
Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет!
Жарас КЕМЕЛЖАН