jasqazaq.kz

Бүгін туын ілді, ертең…

21 мамыр 2021, 12:45

17 мамыр Халықаралық гомофобияға, биофобияға, трансфобияға қарсы күн (IDAHOBIT) ретінде атап өтіледі. Осы шараға орай, 16 мамырдың кешінде АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі ғимаратында ЛГБТ туы ілінді. Көпшіліктің пікірін екіге жарған жалаудың ілінуіне қоғам белсенділері, намысты жастар қарсылығын білдірсе, кейбіреулер үшін көз үйренген көрініс.

Былтырғы карантинде қашықтан қазақ тілін үйренуді қолға алған АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозердің маңайындағылар сол туға қатысты пікір де айтты. «Біз жыл сайын гомофобияға, биофобияға, трансфобияға қарсы халықаралық күнді атап өтеміз», – деді елшілік өкілдері. Мозер мырза тек тілді ғана үйренбей, қазақылықтың қасиетті ұстындарын да бойына қабылдағанда, бәлкім, әлгі ту ілінбес пе еді?

2004 жылдың 17 мамырында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) гомосексуализмді «психикалық ауытқушылық» деген диагноздан ажыратып, аурулар тізімінен сызып тастады. Дәл сол күннен бастап жыл сайын 17 мамыр кең көлемде аталып келеді. Әлемдік саясаткерлердің, бұқаралық ақпарат құралдарының, жалпы көпшіліктің назарын ЛГБТ өкілдерін кемсітушілікке назар аударуға күш салатындар әр жерде бой көрсетіп, өздерінің ұрандары мен оспадар әрекеттерін насихаттауға белсене кірісті.

Алғашында гомофобия түсінігін қорғауды қолға алу мақсатындағы жобаға трансфобия термині де қосылды. Одан кейін жыныстық дискриминацияның деңгейіне бас ұратындар өз әрекеттерін қорғау жолында биофобияны қосты.

Бұрындары Батыс қоғамының көз түрткі көріністерін көгілдір экраннан көріп, кірпідей жиырылатын көңіліміздің бүгінде көзі үйреніп алды. Қазақстанда ЛГБТ мүшелері «жыныстық бағыты мен ерекшелігіне сай кемсітуге тап боламыз» деп мұңын шаққанда етегі жасқа толады.
Биыл 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнінде Алматыда алабөтен шеру ұйымдастырылды. Көшеге «Әр әйел – жалғызым!» дегенді желеу етіп, жалауын көтеріп шыққандар алшаң басып, Алматының орталық көшесімен жүріп өтті. Қалалық әкімдіктің рұқсатымен шерулеткен феминистердің арасында әйелдерге көрсетілетін зорлық-зомбылықты тоқтату, олардың білім алуына, еңбек етуіне, саяси құқықтары мен бостандықтарына қол сұқпауды талап етуді ұранға қосқандары да болды. Феминистер шеруін өткізуге рұқсат алу үшін талай есікті тоздырғандарын айтқан ұйымдастырушылар лесби, бисексуал, квир, трансгендер, жыныстық қызмет көрсететін әйелдердің құқығы аяққа тапталатынын жеткізді. Олардың құқығын қорғау үшін аянып қалмайтындарын білдірді. Міне, көрдіңіз бе, елімізде ЛГБТ ұйымының мүшелерінің мақсат-мұраты қалай қорғалады! Басқа емес, білдей бір АҚШ елшілігі Қазақ елін ЛГБТ қауымдастығына құрмет көрсетуге үндеп, туды ілуінің ар жағында біраз жайт жатыр. Елшілік екпін берген соң күшеймегенде қайтеді бұлар? Осындай оспадар тірлікке қарсылық шарасын өткізген «Намыс» жастар қозғалысының өкілдері Алматыдағы АҚШ консулдығының алдына келді. АҚШ елшілігі осы әрекеті үшін қазақ халқынан кешірім сұрауын талап еткендер жазған арызын консулдық өкілдеріне тапсырды. Азамат Жолданбаев, «Намыс» жастар қозғалысының жетекшісі: «Жердің иесі қазақ екенін естерінен шығармауы керек. АҚШ әлемге демократияның үлгісін көрсеткендей болғанымен, осындай ерсі әрекеттері арқылы бүтіндей бір ұлттың мүддесін таптап отыр. Қоғамдағы аз топтың сойылын соғып, солардың сөзін сөйлеп, демеу танытуын арандату әрекеті деп санаймын. Біз келер ұрпаққа құндылықтарымыз бен ұлтттық болмысымызды сақтап, жеткізуге міндеттіміз. Сол себепті де АҚШ консулдығынан ЛГБТ ұйымының әрекеттерін біздің елімізде насихаттауды тоқтатуды, елшілік ғимаратын туды ілгені үшін кешірім сұрауды, келешекте мұндай әрекетке бармауды талап етеміз», – деді.

АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Уильям Мозер елімізді Батыспен елдестірмек қызметке келгенге дейін Молдавияда талай жыл елші болды. Молдавия 1995 жылдан бері бір жыныстылардың қатынасын заңмен қорғайтын, көпшілік ортада ЛГБТ-ны кемсітуге тыйым салған мемлекет. Қазақстан Молдавия емес. Жесірін жылатпаған, жетімін қаңғытпаған, қасиеті қанының тазалығымен таразыланатын елде үй ішінен үй тігіп, осындай оспадар істермен іріткі салудың ақыры жақсылыққа бастамасы анық. Қазақ қоғамы қабылдай алмайтын келеңсіз жайдың орын алуына қарсылықтың бас көтеруі де содан.

Қуаныш Көшек

30 желтоқсан 2025, 12:34
2026 жылы елімізде не күтіледі? (Видео)
26 желтоқсан 2025, 17:18
ЮНЕСКО тізімі және цифрландыру: тарихи-мәдени мұраны сақтау саласында қандай жұмыс жүргізілді?
26 желтоқсан 2025, 13:06
Айлалы роман: алаяқтар танысу сайттарында қалай алдайды
25 желтоқсан 2025, 16:53
Даңқты батыр Бауыржан Момышұлына “Халық Қаһарманы” атағы ресми түрде берілді
25 желтоқсан 2025, 15:12
«Әкең жынды болса, байлап бақ»: Мұхамеджан Тазабеков Түркістандағы оқиғаға қатысты пікір білдірді (Видео)
25 желтоқсан 2025, 13:38
Жыл қорытындысы: заң, тәртіп және цифрлық даму
25 желтоқсан 2025, 11:48
"Қауіпсіз шот" жоқ! Бас прокуратура алаяқтардан сақтануға шақырды
24 желтоқсан 2025, 10:54
2025 жыл: мәдениет саласындағы даму мен жаңару кезеңі
22 желтоқсан 2025, 13:50
Қызылорда облысына биыл 750 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды