Шымкентте қала күніне орай, Бозарық шағынауданында №20 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ашылды. Қала әкімі М.Әйтенов бұқаралық спортты дамытуға мүмкіндік беретін заманауи талапқа сай жабдықталған жаңа ғимаратты аралап көрді. Спортты серік еткен елдімекен жастары енді қала орталығына қатынамай, жақын аумақтағы жаңа үлгіде бой көтерген нысанда спортпен шұғылданады. Спорт мектебі 3 ауысымда жумыс істейді.
Сәулетті нысанның төменгі қабатында қажетті платформалармен жабдықталған ауыр атлетикаға арналған спорт залы мен әмбебап залдар қарастырылған. Ал жоғары қабатта жаттығу алаңдары, теннис үстелі, өрмелеу арқаны, дзюдо татамиі, бокс рингі және ауыр атлетикамен белсенді айналысуға қажетті қосымша жабдықтар орнатылған. Сонымен қатар, ғимаратта асхана, медпункт, массаж кабинеттері де бар.
Спорт кешенінде ауыр атлетикадан, бокстан, еркін күрес пен грек-римнен, дзюдодан, пауэрлифтингтен, қол күресінен топтар ашылатын болады. Озық үлгіде бой көтерген бұл мектеп жастардың спортқа қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді.
Жаңа спорт ғимаратында 10-16 жас аралығындағы 1000-ға жуық оқушы спорттың 7 түрінен жаттыға алады. Ашылған сәттен бастап 500-ге жуық бала спортпен ауыр атлетика түрлеріне жазылып үлгеріпті. Бұл жердегі барлық зал заман талабына сай жабдықталған. Ғимараттың бірінші қабатында ауыр атлетика залы, киім ауыстыру бөлмелері, жуынатын бөлмелер, жаттықтырушылар бөлмесі, 16 орынға арналған асхана, медициналық кабинеті бар. Ал, екінші қабатында күрес, грек-рим күресі кілемдері, дзюдо татамиі, бокс рингі секілді әмбебап залдар орналасқан.
Ауыр атлетикадан Азия чемпионы Нұрғиса Әділетұлы осындай залдар елімізде сирек екенін айтып, қала әкіміне алғысын жеткізді.
–Спортшыларға барлық жағдай қарастырылған залдар елімізде өте сирек. Шымкент қаласынан ауыр атлетикаға арналған, замануи спорт кешені ашылғанына өте қуаныштымыз. Бұл елді мекенде де еліміздің туын көкке көтерер әлем чемпиондары шығады деп үміттенеміз, — деді Азия чемпионы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын. «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз», деп атап өтті. Шымкентте қабылданған кешенді жұмыс жогспарының нәтижесінде бүгінге келіп қаладағы оқушылардың 82 пайызы қосымша білім мен спорт үйірмелерімен қамтылған.
Мерей Әлімбек