Бос қайтқан ұшақ

30 сәуiр 2021, 10:59

Адамды қырсық шалайын десе, оп-оңай. Әйтпесе, майлы жіліктен қарпып қалып, дымын білдірмей жүргендер қаншама. Оның үстіне кешегі топ-менеджер, бүгінгі айыпталушы кінәсін мойындар емес. Терісі қалың ба, әлде «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтыладының» кері ме?

Өткен аптада шашы ағарып, сақал-мұрты өскен Елжан Біртановтың суреті тарап кетті. Экс-министрді жақтайтын ат төбеліндей топ болмаса, қалың бұқара оны мүсіркеуге асықпады. Керісінше, «аяныш туғызу үшін әдейі жасап отыр» десті. Бұған дейін оны ақтайтын сарында бірнеше мақала жарық көрген. Ондай жазбалардың тапсырыспен жазылатыны белгілі. Ақырында «Жұмыс істеп, бала-шағамды асырауым керек» деп мұңын шаққан Біртановқа таңғы 8-ден кешкі 19.00-ге дейін үйден шығуға рұқсат берілді. Білуімізше, қазір «Emdeu Group» ЖШС-да.
Ал осы аптада «СК-Фармацияның» бұрынғы басшысы Берік Шәріптің соты басталды. Қызмет бабын асыра пайдаланды деген айыппен ол былтырғы тамызда қамаққа алынған-тұғын. Оған қатысты тергеу амалдары биылғы қаңтарда аяқталды. Қылмыстық іс 135 томнан тұрады. 100-ге жуық куәгерден жауап алыныпты. Нұр-Сұлтандағы Есіл аудандық сотының онлайн отырысында прокурор Дастан Көпербаев қылмыстық істің мән-жайын баяндады.

Біз «СК-Фармация» басшысы пандемия кезінде дәрі-дәрмекті қоймада ұстап, қолдан тапшылық тудырғаны үшін ұсталды деп жүрсек, ол бер жағы екен. Хикаят тендерден басталады. Өткен жылы көктемде «СК-Фармация» медицина қызметкерлерін жеке қорғаныш құралдарымен (ЖҚҚ) жабдықтау мақсатында байқау өткізеді. Әлбетте, оған бірнеше компания қатысқысы келген. Бірақ Б.Ш. төрағалық еткен комиссия бәрін «лақтырып тастайды». Қолдан келіп тұрғанда қонышынан басқан «СК-Фармация» басшысының бүйрегі «Іңкәр» ЖШС-ға бұрады. Тендер құжаты да дәл осы компанияға сәйкестендіріледі. Жасыратын не бар, бұл тендер атаулыда жиі кездесетін құбылыс.
Сөйтіп «СК-Фармация» «Іңкәр» ЖШС-мен келісімге отырады. Компания бұл құралдарды Қытайдан сатып алмақшы болған. Сыртқы істер министрлігі ондағы сенімсіз жабдықтаушылармен байланыспауға кеңес берсе де, алған бетінен қайтпаған. Бұл кезде Қытай экспорт саясатын өзгертіп, шетелге ЖҚҚ сатуға екі компанияға ғана рұқсат берген. «Іңкәр» келісімшарт жасасқан «Холилинк» компаниясы оның ішінде жоқ болып шықты.
Тендерді жеңіп алған «Іңкәр» ЖШС-ға 8,3 млрд теңге бөлінді. Ол қаржының 50 пайызын қытайдың «Холилинк» компаниясына аударуы керек еді. Прокурордың ақпаратынша, компания ең әуелі «Альфа банктегі» қарызын өтеп, 50 000 ЖҚҚ сатып алуға 365 млн теңгені ғана аударады. Өнімді әкелуге «Scat» компаниясының ұшағын жалдайды. Алайда Гуанчжоуда ұзақ уақыт тұрғаннан кейін ұшақ бос қайтады.

Бұдан кейін Б.Ш. Қытайға мемлекеттік бортты аттандыруды ойластырады. «Іңкәр» ЖШС өнімді өз бетінше жеткізуге тиіс екенін біле тұра, ол денсаулық сақтау министрлігіне жүкті әкелу үшін мемлекеттік әуе көлігін пайдалануды сұрайды. Министрлік мемлекеттік «Бүркіт» әуе компаниясы ұшағының сапарын «Шұғыл медицина ұлттық орталығы» қаржысы есебінен жүзеге асыруға рұқсат береді. Гуанчжоуға «Бүркіт» борты ұшып шығады. Алайда ол да бос қайтады. Ақырында Берік Шәріп бүкіл облыс, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент денсаулық сақтау басқармаларына ЖҚҚ жеткізу жөнінде келісім жасау мүмкіндігі жоқтығын хабарлауға мәжбүр болады.

Соның нәтижесінде Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Қарағанды және өзге де өңірлерде ЖҚҚ тапшылығы орын алады. Бұл өткен жылдың сәуір-мамыр айында медицина қызметкерлерінің жаппай вирус жұқтыруына, әрмен қарай тұрғындар арасында таралуына әкеп соқтырды. Медицина қызметкерлері «лас аймақтан» «таза бөлікке» шыққан кезде қорғаныш құралдарын әр үш сағат сайын ауыстыруы қажет. Бірақ онымен жеткілікті түрде қамтамасыз етілген жоқ.
«Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық орталығы» мамандарының 2020 жылғы 19 қазандағы қорытындысы бойынша, бір реттік қорғаныш киімдерінің тапшылығы Алматыдағы медицина мекемелерінде 2020 жылғы 15 сәуір мен 31 мамыр арасында жаппай эпидемиялық жағдай туындауының бірден-бір себебі екені дәлелденді.

Осы аралықта елімізде коронавирус инфекциясын (соның ішінде ковид пневмониясын) 2000-нан аса медқызметкер жұқтырған. Оның ішінде Алматыда – 562, Нұр-Сұлтанда – 200, Шымкентте – 75, Қарағанды облысында – 75. Республикалық бюджеттен олардың әрқайсысына екі млн теңге өтемақы төленді. Мемлекеттік айыптаушы осының бәрі Берік Шәріптің қаржыны алақол жабдықтаушыға бұра тартып жіберуінің кесірінен дейді.

«Іңкәр» ЖШС келісімшартты орындамағаны үшін мемлекетке небәрі 10 млн теңге қосалқы өтем төлеумен құтылыпты. Мұнда зардап шегуші – денсаулық сақтау министрлігі. Сотқа қатысқан министрлік өкілі Сержан Оралов дәрігерлер қорғаныш құралдары жоқ болғандықтан ковид жұқтырды деген пікірде.

Алғашқы сот отырысында судья Қанат Дүйсембиев министрлік өкіліне осы оқиғаның кесірінен қанша медқызметкердің вирус жұқтырғаны жөнінде нақты мағлұмат әкелуді тапсырды.
Соттың екінші отырысында сотталушының адвокаты Бауыржан Бибатыров министрлік өкіліне: «17 өңірдің 15-і ЖҚҚ тапшылығы болған жоқ деген мәліметті ұсынды. Солардың ішінде ең көп таралған Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстары бар. Бұған қандай түсініктеме бересіз?» деген сауал қойды.

Әрине, адвокаттың міндеті – айыпталушыны қорғау. Жоғарыда айтқандай, Берік Шәріп өзін кінәлі санамайды. «Біз 361-бап бойынша (қызмет бабын асыра пайдалану мен оның ауыр зардабы) менің кінәм жоқ екендігі туралы өтініш бердік. Өкінішке қарай, ол прокуратурада да, сотқа дейінгі тергеу кезінде де қаралған жоқ», – дейді ол.

Айыпталушы мен оның адвокаты жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілмегендіктен қанша медқызметкердің ковид жұқтырғаны жөніндегі мәліметті білуге құштар.
Ал біздің білгіміз келетіні: «Іңкәр» ЖШС кімге тиесілі? 8,3 млрд теңге қазынаға қайтарыла ма?

Гүлнар Ахметова

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?