jasqazaq.kz

Болсынай Исмаилова: Масылдықтың белең алуына жол бермеген жөн

10 қыркүйек, 12:46

Шымкент тұрғыны Болсынай Исмаилова 43 жыл Қайтпас елді мекеніндегі №58 мектепте ұстаздық етіп, қазір бейнетінің зейнетін көріп отырған жан.

Зейнет жасына жетсе де қайнаған еңбектің ортасында жүрген Болсынай Исмаилова қазіргі қоғамдағы патерналистік көзқарастың басым түсіп жатқанына өкінішін білдірді.

«Ата-анамыз бізді жастайымыздан еңбекке тәрбиеледі. Ал қазір біз қайтеміз?! Біз балаға жауапкершілік жүктемейміз. Жауапкершілікті көбіне өзіміз алып қоямыз. Олардың жанын қинағымыз келмейді. Барлығын өзіміз тауып береміз. Ал біздің әке-шешеміз бізге бір дайын нәрсе берген жоқ. «Өзі еңбектенсін, қиналсын, түсінсін, қадірін біледі» деді. Енді әжелер алқасының негізгі тақырыбы – ене мен келін болғандықтан, бүгінгінің келіндері туралы айтайын. Ыстық су да, кір жуатын машина да, тамағын дайындап беретін қазанына дейін дайын тұрады. Бірақ сонда да ол кісілер өмірге қапа ғой. «Ойбай, келін келеді!» деп шапқылап, үйді әктедік, барлығын қанттай қылдық. Ол дайын үйге топ етіп түсті. Содан кейін де ешнәрсенің қадірін білмейді. Ал біз, мысалы, қолдан кірпіш құйып, өзіміз үй соқтық. Ал қазір үйге қонақ шақырып, күндегіден екі сағат кеш ұйықтағанға келіндердің рең-басы бұзылып жүреді. Қонақ шақыру – кей келіндер үшін депрессия.

Мен тек келіндердің мысалын айтып отырмын. Бірақ жалпы патернализм мен масылдықтың белең алуына қоғам да кінәлі емес. Оған заман да кінәлі емес. Уақыт та кінәлі емес. Оған кінәлі ата-ана», — дейді қоғамның көкейтесті мәселесін жеткізген кейуана.
Болсынай әжей ұрпағын еңбексүйгіш етіп тәрбиелеуге бар күш-жігерін салып жүргенін жасырмады. Мәселен, биылғы үш ай жазғы каникулда немерелері әжесінің қасында болыпты. Смартфондарын тастатқызып, қолдарына ертегі кітап беріпті.

«Аллаға шүкір, екі ұл, екі қыздан алты немерем бар. Жаһанданудың әсері ғой, телефонға телмірген баламен күрес оңайға соқпады. «Біз осы заманның баласымыз» деп өзіңе қарсы әңгіме айтқанда, қарсы аргумент айту да үлкен ерік-жігерді талап етеді. Азанда тұрғаннан темірдей тәртіп орнаттым. Төсегін, есіктің алдын жинатып, уақытылы тамағын ішуді, бау-бақшаға қарауды үйреттім. Кейіннен әке-шешесіне «Апам бізге бүгін тыныштық бермеді» деп айтса да қайтпадым (күліп). Сосын бүгінгінің баласы оқыған мәтінін түсіндіріп, жатқа айта алмайды. Ол да сол телефонның зияны ғой. Зейіні тұрақты емес, сөздік қоры жоқ. Ойын айта жеткізе алмайды. Осы олқылықтарды тек еңбекпен жеңеміз деп ойлаймын», — дейді әже.

Болсынай апаның өмір жолы, еңбек жолына қарап отырсақ, еңбек ширататынын, өмір үйрететінін ұғынамыз. Болсынай Исмаилова 43 жыл мектепте ақ адал еңбек етіп, ұрпаққа тәлім-тәрбие берді. Өзінен тараған ұрпақтарын да қатарынан кем қылмай өсіріп, оқытып-шоқытты. Абыроймен зейнетке шықты. Одан соң да еңбек етер ортасын тауып, әжелер тобының құрамында қоғамдық іс-шаралардың көркіне көрік қосып келеді. Болсынай Несіпбекқызы сияқты еңбекпен жетілген аналардан үйренеріміз көп.

Мөлдір Кенжебай,
Шымкент қаласы

06 қазан, 11:27
Алматыда Азаматтық қоғамды дамытуға арналған форум өтті
30 қыркүйек, 11:51
Алматы: Сапалы ауыз сумен қамту бағытында
25 қыркүйек, 13:46
Алматы: Көлік инфрақұрылымындағы жаңа белес
25 қыркүйек, 13:15
Бүгінгі Әлемнің Тілеуі – Қауіпсіз Ғалам
23 қыркүйек, 16:23
"Үлкен Алмадағы" жемісті жүздесу
22 қыркүйек, 15:31
TEKNOFEST 2025: Стамбулды технология ордасына айналдырған фестиваль өтті
20 қыркүйек, 23:04
PRO.NRG Fest 2025: Тамыры тереңнің бұтағы биік
20 қыркүйек, 12:12
Қала күніне орай ауданда жаңа жүргіншілер аймағы ашылды
03 қыркүйек, 14:27
«Шанхай рухымен» - сенімді серіктестік пен кемел келешекке