jasqazaq.kz

Болсынай Исмаилова: Масылдықтың белең алуына қоғам кінәлі емес

10 қыркүйек, 11:57

Шымкент тұрғыны Болсынай Исмаилова әжей — «Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» деген ұстаныммен өмір сүріп келе жатқан еңбексүйгіш жан. 43 жыл Қайтпас елді мекеніндегі №58 мектепте әдіскер, неміс тілінің, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып істеп, абыроймен зейнетке шыққан. Табаны күректей жылдар бойы бір орында тапжылмай тер төгіп, аталған білім ордасының ыстық-суығын бірдей көтерген ұстаздың төрт бірдей жоғары оқу орнын бітірген дипломы бар. Өмір ағысында түрлі себептермен төрт түрлі мамандық алуды нәсіп еткен соң алған мамандығының үдесінен шығуға тырысты. Jasqazaq.kz тілшісі Болсынай әжемен еңбектің пайдасы мен масылдықтың зияны жайында әңгіме-дүкен құрды.

Ана сүтімен келген тәлім-тәрбие оны жастайынан еңбекке үйір болуды үйретті. Қарапайым шаруа отбасынан шыққан Болсынай мектепте 5 сыныпта сабақ берген неміс тілі апайына ұқсап баққысы келді. Ұстаз болсам деп армандады. Мектепті тәмамдаған соң Шымкент педагогикалық институтының жанынан ашылған екі жылдық неміс тілі курсын оқыды. Бірден жоғарғы оқу орнына түсіп кетуіне де болар еді. Ол отбасының жағдайын ойлады. Дәл сол уақытта ағасы өз күшімен КазМУ-ге оқуға түсіп кетеді. Бір үйге екі студент ауырлық қылады, оданша дайындық курсына түсіп, бос уақытымда еңбек етіп, әке-шешеме көмектесейін деген оймен еңбек етіп, отбасына қолғабыс етеді.

«Сөйтіп жүргенде жаныс еліне келін болып түстім. Ата-енем сондай көзі ашық жандар еді. Кешкілік оқуға түсемін деп едім, бірден қолдады. Содан кешкілік оқуға түсіп, Қайтпастағы №58 мектепке әдіскер болып жұмысқа тұрдым. Алғашқы еңбек жолым осылай басталды. Жүрек қалауыммен кірген соң таңнан кешке дейін мектепте, кешкісін жалдамалы пәтерге келеміз. Жұмыстан тыс уақытта жолдасым кірпіш құяды, мен ертеңгісін кірпіштерді аударып қоямын. Жұмыста да, жеке өмірде де барлығына тынымсыз еңбекпен қол жеткіздік», — дейді Болсынай Несіпбекқызы.

45 жасында денешынықтыру пәнінің мұғалімі деген төртінші мамандығын алуына денсаулық жағдайы себеп болыпты. Оң жағынан инсульт алып қалғандықтан, қимыл-қозғалысы көп жұмысқа ауысуға тура келді. Қан қысымы ауруын әжелер ансамбліне келгенде мүлде ұмытыпты. Өйткені құдайдың құтты күні іс-шара, кездесулерден босамайды. «Ауыруға уақыт жоқ» дейді өзі.

Болсынай әже – Қаратау аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған Аналар алқасы «Ғасыр» әжелер тобының мүшесі. Зейнетке шыққанына екі жыл. Бірақ зейнетке шықтым деп жатқан әже жоқ. «Ғасыр» әжелерімен бір топта, бір толқында қоғамдық іс-шараларға белсене қатысып жүреді. Одан бөлек, бесікке салу, қыз ұзату, тұсаукесер тойларын жүргізетін асабалық жұмысы бар. «Сіздей болса» деген ниетпен шақыратын жұрт Болсынай асабаның өнерін жоғары бағалайды.

Зейнет жасына жетсе де қайнаған еңбектің ортасында жүрген Болсынай Исмаилова қазіргі қоғамдағы патерналистік көзқарастың басым түсіп жатқанына өкінішін білдірді.

«Ата-анамыз бізді жастайымыздан еңбекке тәрбиеледі. Ал қазір біз қайтеміз?! Біз балаға жауапкершілік жүктемейміз. Жауапкершілікті көбіне өзіміз алып қоямыз. Олардың жанын қинағымыз келмейді. Барлығын өзіміз тауып береміз. Ал біздің әке-шешеміз бізге бір дайын нәрсе берген жоқ. «Өзі еңбектенсін, қиналсын, түсінсін, қадірін біледі» деді. Енді әжелер алқасының негізгі тақырыбы – ене мен келін болғандықтан, бүгінгінің келіндері туралы айтайын. Ыстық су да, кір жуатын машина да, тамағын дайындап беретін қазанына дейін дайын тұрады. Бірақ сонда да ол кісілер өмірге қапа ғой. «Ойбай, келін келеді!» деп шапқылап, үйді әктедік, барлығын қанттай қылдық. Ол дайын үйге топ етіп түсті. Содан кейін де ешнәрсенің қадірін білмейді. Ал біз, мысалы, қолдан кірпіш құйып, өзіміз үй соқтық. Ал қазір үйге қонақ шақырып, күндегіден екі сағат кеш ұйықтағанға келіндердің рең-басы бұзылып жүреді. Қонақ шақыру – кей келіндер үшін депрессия.

Мен тек келіндердің мысалын айтып отырмын. Бірақ жалпы патернализм мен масылдықтың белең алуына қоғам да кінәлі емес. Оған заман да кінәлі емес. Уақыт та кінәлі емес. Оған кінәлі ата-ана», — дейді қоғамның көкейтесті мәселесін жеткізген кейуана.
Болсынай әжей ұрпағын еңбексүйгіш етіп тәрбиелеуге бар күш-жігерін салып жүргенін жасырмады. Мәселен, биылғы үш ай жазғы каникулда немерелері әжесінің қасында болыпты. Смартфондарын тастатқызып, қолдарына ертегі кітап беріпті.

«Аллаға шүкір, екі ұл, екі қыздан алты немерем бар. Жаһанданудың әсері ғой, телефонға телмірген баламен күрес оңайға соқпады. «Біз осы заманның баласымыз» деп өзіңе қарсы әңгіме айтқанда, қарсы аргумент айту да үлкен ерік-жігерді талап етеді. Азанда тұрғаннан темірдей тәртіп орнаттым. Төсегін, есіктің алдын жинатып, уақытылы тамағын ішуді, бау-бақшаға қарауды үйреттім. Кейіннен әке-шешесіне «Апам бізге бүгін тыныштық бермеді» деп айтса да қайтпадым (күліп). Сосын бүгінгінің баласы оқыған мәтінін түсіндіріп, жатқа айта алмайды. Ол да сол телефонның зияны ғой. Зейіні тұрақты емес, сөздік қоры жоқ. Ойын айта жеткізе алмайды. Осы олқылықтарды тек еңбекпен жеңеміз деп ойлаймын», — дейді әже.

Болсынай апаның өмір жолы, еңбек жолына қарап отырсақ, еңбек ширататынын, өмір үйрететінін ұғынамыз. Болсынай Исмаилова 43 жыл мектепте ақ адал еңбек етіп, ұрпаққа тәлім-тәрбие берді. Өзінен тараған ұрпақтарын да қатарынан кем қылмай өсіріп, оқытып-шоқытты. Абыроймен зейнетке шықты. Одан соң да еңбек етер ортасын тауып, әжелер тобының құрамында қоғамдық іс-шаралардың көркіне көрік қосып келеді. Болсынай Несіпбекқызы сияқты еңбекпен жетілген аналардан үйренеріміз көп.

Мөлдір Кенжебай,
Шымкент қаласы

03 қыркүйек, 14:27
«Шанхай рухымен» - сенімді серіктестік пен кемел келешекке
31 тамыз, 11:07
USAID ақыры жабылды
29 тамыз, 19:32
Шетелден ақша алатын белсенді мен блогерге жайсыз жаңалық
27 тамыз, 12:47
The Guardian: Темірлан Анарбеков «Қайратты» Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне алып шықты
27 тамыз, 10:24
Жолдау-2024: «Таза Қазақстан» - кемел келешектің қайнар көзі
26 тамыз, 15:56
Баланың психологиялық саулығы – қоғамның басты құндылығы
22 тамыз, 14:11
Өнер өмірге құштарлықты арттырады немесе «Ақжайық» мектебіндегі музыкатерапия
20 тамыз, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы - басты назарда
20 тамыз, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда