Болат Аманқұл: Қуыршаққа жан бітіру — өнер

05 қыркүйек 2023, 15:31

Бәріне ортақ журналистика

Jas qazaq газеті мен Chevron компаниясының бірлескен жобасы

Жобаның мақсаты – ерекше жандарды журналистика жанрларын меңгеріп, сауатты жазуға бейімдеу. Қазір журналистикаға құмар жандар компьютерлік сауаттылық, мерзімді баспасөз және тележурналистика бойынша тәжірибесін шыңдап, шағын хабар, ақпарат, мақала жазуға, сұхбат алуға төселіп келеді. Кезекті дәрісте курсқа қатысушылар журналистиканың сұхбат жанрының қыр-сырына қанық болғаннан кейін Алматыдағы 90 жылға жуық тарихы бар Мемлекеттік қуыршақ театрына бас сұғып, театр тынысымен танысты. Курсқа қатысушы Раушан Әділханованың театрдағы қуыршақ шебері Болат Аманқұлмен сұхбатын оқырман назарына ұсынамыз.

— Болат мырза, Қуыршақ театрында қай кезден бері жұмыс істейсіз? Мамандығыңыздың қыр-сыры туралы әңгімелеп берсеңіз.

— Менің бұл театрда жұмыс істеп жатқаныма он жылдан асты. Қуыршақ шебері болып жұмыс істеймін. Біз ең алдымен режиссердің қолтаңбасымен танысамыз. Режиссер қай бағытта қуыршақты көргісі келеді, сол бойынша жұмыс істейміз. Мысалы, драма бағыты немесе балаларға арналған көңілді қойылым болуы мүмкін. Осыған мән бергеннен кейін, қуыршақ кейіпкерді жасауға кірісеміз.
Біздің сахналық қойылымдар алуан түрлі. Қуыршақ театры болғасын, көпшілік тек балаларға арналған деп ойлайды. Ал біздің спектакльдер 3 жастан бастап 70 жасқа дейінгі қарияларға дейін арналады. Қойылымдардың да жанры әр түрлі. Ең алдымен режиссерлер келіп қандай қойылым қоятынын айтады, ондағы кейіпкерлердің мінез-құлқын, образын түсіндіреді. Ал бас суретшілер әр кейіпкердің эскизін алып келеді. Біз соған қарап қуыршақты жасаймыз.


Бірінші пластилиннен қуыршақтың нобайын жасаймыз, одан кейін ағаш, паралон, пластик сынды заттардан денесін жасауға кірісеміз. Қуыршақтың жалпы нобайы жасалғаннан кейін детальдау және механизация жұмысы басталады. Бұл — қуыршақтың көзін ашып-жұматындай етіп, басқа да дене мүшелерін қимылдату. Біз режиссер айтқан образға қарап, қуыршақтың эмоциясын білдіретін бөліктерін іске қосамыз. Ең көп уақыт қуыршақтың механизміне кетеді, ол оңай нәрсе емес. Қуыршақтың әр дене мүшесінің қозғалысын қамтамасыз ету үшін, қыруар жұмыс жасалады. Біз қуыршақты дайындап бергеннен кейін, тігін цехында оларға арнайы киім тігіледі. Онымен басқа мамандар айналысады.

— Заман ағынына сай қуыршақ жасайтын материалдар да өзгерген шығар?

— Өзгерді деуге де болады. Мәселен, біз қазір жеңіл материал — паралонды қолдана бастадық. Бірақ оны ұзақ уақытқа шыдамайды, жыртыла бастайды. Дәстүрлі түрде қолданатын материал — ағаш. Ағаш ешқашан тозбайды, ұзақ уақытқа шыдас береді. Сондай-ақ папье-маше материалы, яғни картонның қосындысы да қуыршақ жасауға жарамды.

— Осы мамандыққа қызығып келетін жастар бар ма?

— Жастар келеді. Бірақ ұзақ тұрақтамайды. Өйткені қуыршақ жасау — қажырлы қайрат пен төзімді талап ететін мамандық. Бұл мамандықты жан-тәніңмен жақсы көруің керек. Оның үстіне елімізде қуыршақ шеберін дайындайтын арнайы оқу орны жоқ. Менің жұмыс істегеніме он жыл болса да әлі ізденіс үстіндемін. Әлі де үйренерім көп. Негізгі мамандығым — суретші. Бір кездері қысқартуға ұшырап, жұмыс іздеуге тура келді. Жарнамадан театрға суретші керек дегенді көріп, Алматыдағы «Зазеркалье» театрына бардым. Қуыршақтарды алғаш рет сол жерден көрдім. Оларды маған дейін жұмыс істеген шеберлер жасаған екен. Қуыршақтарды әбден зерттеп, мен де соны жасай бастадым. Қуыршақ шеберінің алғашқы жұмысы осылай басталды. Міне, сол жерден тәжірибе жинақтап, Қуыршақ театрына дайын маман болып келдім.

— Қазіргі жас буын шетелдің небір кейіпкерлеріне еліктейді. Оларды бес саусақтай біледі. Ал қазақ ертегілеріндегі кейіпкерлерді білмейді. Балаларға қазақтың ұлттық қаһармандарын таныту үшін не істеуіміз керек деп ойлайсыз?

— Әрине, бұл орынды сұрақ. Одан кейін қазір смартфонның дамыған заманы. Кішкентай баланың барлығы телефонға байланған. Ол жерде шетелдік контенттің саны басым қазақша мультфильмдер аз. Мүлдем жоқ емес, бар. Бірақ олардың сапасы сын көтермейді. Бізде анимацияны әлі де дамытуымыз керек. Біздің театрда қазақтың ұлттық ертегілері жиі қойылады. Осы арқылы да титтей үлес қосып жатырмыз деуге болады. Әлі де болса дамытуымыз керек.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Раушан Әділханова

05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді