Болашақ, қайда барасың?!

03 мамыр 2016, 18:41

Бюджеттік ұйымдардың бірінде қызмет істейтін Жалғасбектің жұмыстан қысқарып кеткеніне төртінші ай. Жұмыс істеп жүргенде азын-аулақ айлығы шайлығына әзер жететін. Ай соңында алақанын жайып әркімнен қарыз сұрайтын. Ол кезде ықыласы түскендер меселін қайтармай сұраған ақшасын беріп те тұратын. Қазір қарыз беретін кісі де жоқ. Мұның жұмыс істемейтіндігін таныстарының бәрі біледі. Білген соң да қайтара алмайды ғой деп қашқақтап жүреді.

Төрт ай бойы табанынан таусылып есігін қақпаған мекемесі жоқ. Бірақ, жұмысы бар болғыр табылмай, діңкесін құртып тұр. Өзінде де бар ауыл шаруашылығы институтының зоотехникалық факультетін бітірген. Келіншегі Клара да сол факультеттің түлегі. Мал бақпайтын облыс орталығында бір үйдегі екі зоотехник мамандығы бойынша жұмысты қайдан тапсын.

«Құдай бір айналдырғанды шыр айналдырады» дейтін рас екен. Жұмыс іздеп қаңқалақтап жүргенде бір дөкейдің «Джип» автомашинасын соғып алғаны. Баяғы Брежневтің заманында алған көксау «Жигулидің» құны «Джиптің» жалғыз фарасын жөндетуге жетпей жер қылды ғой. Енді жаяу қалды. Әйтеуір, астында ескі де болса көлігі болған соң кісі тасысам да күн көрермін деп Клараға кіжінуші еді. Қазір үндемейді. Шақшадай басы шарадай болып жүргенде мектепте 8 сыныпта оқитын Жәнібегінің сынып жетекшісінен хабар келген. Әлгі бала орталық дүкенде шалбар ұрлап ұсталыпты. Әйтеуір, құдайға қараған дүкеншілер полиция шақырмай, баланың оқу орнын анықтап, мектепке хабарлаған.

Қанша дегенмен бала емес пе, жаңа шалбарға қызығып кеткен ғой. Киім өлшейтін жерге екі-үш шалбарды апарып біреуін ескі шалбарының ішінен киіп алған. Сөйтіп, ұрламақ болған ғой. Мектепке Жалғасбек жердің үстімен барып, астымен қайтты.  Жолда Жәнібегін желкесінен түйіп-түйіп жіберді.

–Мына шалбарым тозып кетті, әке,–дейді Жәнібек жыламсырап,–жаңа шалбарды емтиханға киейін деп едім.

–Ескімен барсаң есің шыға ма? – деп Жалғасбек кіжінеді,–құдай-ау ел-жұрттың алдында қарабет қылдың ғой.

–Өзіңіз ғой енді жұмыс істемейсіз, анау Қанат пен Сырымдікі сияқты қатқан костюм-шалбар әпере алмайсыз. Балалардың бәрі шыт жаңа болып емтиханға барғанда тізем жылтырап қалай барамын?

Дәл осы жерге келгенде Жалғасбектің көмейіне құм құйылған. Айтса айтқандай костюм-шалбар әпермек түгіл шұлық әперетін де қаражаты жоқ. Әнеукүні ауылдан келген Айдарбек ақсақал әке беделі туралы әңгіме айтып еді. Елдегі Қаратайдың қуаяқтары дүйім жұрттың көзінше әкелерін сабапты. Айдарбек ақсақал айтады. Баяғыда әкесіне қарсы келмек түгіл, қол көтермек түгіл бала біткен бетіне қарап сөйлей алмаушы еді. Бұл өзі ақсақалдың пайымдауынша, үлкен мәселе. Әке беделінің кетуі немесе азаюы алдымен баладан емес, әкенің өзінен. Өйткені, ауыл адамдарының көбі еркіндіктен, ең бастысы жұмыссыздықтан бос уақыты көп болғандықтан ащы суды ермек етеді. Күні бойы көз алдарында есі бір кіріп, бір шығып мас болып жүрген, табыс таппайтын, балаларын оқытуға қаражаты жоқ әкенің де беделі күн өткен сайын төмендеп бара жатқан тәрізді ме.

Жалғасбек балалардың бұзақылығы, тіпті қылмыс жайлы анықтап білмек болған. Себеп-салдарын да. Сөйтсе биылғы жылдың алғашқы алты айында облыс аумағында 27 қылмыстық факті тіркеелген екен. ал, өткен жылдың есепті мерзімінде балалардың қолымен 32 қылмыс жасалыпты. Оның басым көпшілігі Ақкөл мен Бурабай аудандарында орын алған.

Жалғасбекке облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция капитаны Азамат Меңдібаев былай деді:

–Балалар негізінен ұрлық үшін ұсталады. Қазір балалардың мұндай оқиғаға баруы көбейіп кетті. Оның бір себебі, отбасындағы жоқшылық, яғни, әке-шешесінің жұмыссыз отыруынан. Біз әрбір қылмысты зерттеп, себебін анықтағанда осындай байламға келіп отырмыз. Әрине ,алдын алу жұмыстары да жүріп жатыр. «Түнгі қаладағы» балалар рейді тұрақты өткізіледі. Кешкі сағат он бірден кейін ойын-сауық орындарын кезіп жүрген баларды анықтаймыз. Әкімшілік хаттама толтырамыз. Биыл тек Көкшетау қаласы бойынша 563 тәртіп бұзушылық орын алып, хаттама толтырылды.

Мұның бәрі ұсақ-түйек. Тіпті, назар аударуға да тұрмайтын тәрізді. Ал, мынандай фактілерді естігенде Жалғасбек жағасын ұстады. Ақкөл ауданында 17 жасар ер бала анасын қорғаймын деп өгей әкесін пышақтап өлтірген. Өгей болса да әке, үлкен адам емес пе.

Балалардың қараусыз қалуының тағы бір себебі, ата-анасының мұршасы болмауынан. Баланы бала бақшаға апарып, өскен соң мектепке тапсырып, оларға мойын бұруға шамасы келмейтін үлкендер жеткіншектерінің не істеп жүргенін хабарсыз. Қалалық жерлерде бұрынғыдай аула клубтары да жоқ. Дұрыс тәлім-тәрбие көрмей өсіп келе жатқан жастардың қылмыс әлеміне күмп ете түспесіне кім кепіл.

Енді осы бір мәселенің шешуі қай тұста жатыр. Өзі де бала бағып отырған Жалғасбек былайша ойлайды. Бала әр тәуліктегі бес-алты сағатын білім ошағында өткізетіндіктен тәрбиеге ұстаздар мен мектеп инспекторлары жауапты. Қазір Ақмола облысында ювеналды полиция қызметі саласында 93 маман жұмыс істесе, оның 39-ы мектеп инспекторлары. Ішкі істер департаментіндегі мамандардың уәжіне қарағанда бұл құрам балалар қылмысымен күресуге қауқарсыз. Өйткені, облыста табаны күректей 573 мектеп, әлденеше колледждер мен бес бірдей жоғары оқу орындары бар. Оларда да жасы 18-ге толмаған балалар оқитындықтан ол жерлерге де мектеп инспекторлары қажет. Ал, Көкшетау қаласы бойынша 24 мектеп пен 4 колледжге жиырма шақты полиция инспекторлары бекітілген. Бірақ, олар барлық  уақытта бірдей қадағалай алмайды ғой.

Қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция бөлімшесінің аға инспекторы, полиция майоры Анаргүл Ыбыраева былай дейді:

–№3 орта мектептің салтанат залында іс-шара өткізіп жатыр едік даладан екі оқушы жүгіріп келді де, бейтаныс қыздардың ақша талап етіп, ұрып-соққанын айтты. Іле қасыма мұғалімдерді ертіп алып оқиға орын алған  Темірбеков көшесіне бардым. Шынында да осы жерде үлкен қыздар мектеп оқушыларына әлім-жеттік көрсетіп, ақшаларын тартып алған екен. Тиісті шара қолдандық. Қазіргі жастардың мінез-құлқын адам түсінбейді. Мынадай бір жайды айта кетейінші, 16 жасар қыз бала бет-жүзін ешқашан көрмеген, тек әлеуметтік желі арқылы танысқан жігітпен әлденеге келісе алмай қалып, өзіне өзі қол жұмсаған.

Шынында да қазіргі жастардың мінез-құлқын Жалғасбек түсіне алатын емес. Болар-болмас дүние үшін мынау жарық дүниені қиып кетуге бола ма? Ал, балалардың мәселесі шынында да назар аударарлық дүние. Облыс бойынша бақандай 840 бала есепте тұр екен. Көкшетау қаласындағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 226 бала жеткізілсе, 2016 жылдың алғашқы тоқсанында 75 бала әкелінген. Бұл не қылған, қайдан қаптап кеткен қараусыз жүрген балалар? Ел қайда, жұрт қайда? Жарайды, жұмыссыз жүрген Жалғасбек не Алланың, не адамның тізімінде болмай-ақ қойсын. Ал, мыналар еліміздің болашағы емес пе?

Бала жайын ойлайды дейтін ата-аналардың да кейбірін тәрбиелеу керек сияқты. Өйткені, үстіміздегі жылдың алғашқы үш айында 38 ата-ана сот шешімімен ата-ана құқығынан айырылған екен.

Беу, жарық дүние, қалың ой тұмшалаған Жалғасбек еңсесін көтере алмай, қала шетіндегі үйіне қарай жаяулап келе жатыр. Әне бір жерде, жылу құбырының тасасында үстері алба-жұлба үш-төрт бала қаужаң-қаужаң етіп бірдеңені жеп отыр. Жалғасбектің көзіне дәл сол жерде бала емес, болашақ отырғандай көрініп кетті.

Байқал БАЙӘДІЛОВ

Ақмола облысы

17 шiлде, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде