
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев ішкі істер министрі Ержан Саденов пен мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға әлеуметтік желіде пранктердің таралуына байланысты сауал жолдады. Онда былай делінген:
«Бүгінгі депутаттық сауалым «Ойын түбі — от, тұман түбі — жұт» дегенді санасына сіңірмеген селтеңбайлар туралы. Қазір қоғамда пранкпен парақшасындағы лүпілдің санын арттырғанмен парасат биігінен омақаса құлағандар қаптап кетті. Адамды қорқытуды, қоғамдық орында ақымақтық жасауды қызық көріп әзілдің шекарасынан шығып кеткен әркімдер әлеуметтік желіде әлек салуды доғармай тұр. Нақты мысал айтайын:
Ол ол ма, біздің блогер-сымақтар шетелге барып абыройды айрандай төгіп жүр. Мәселен, қазақстандық блогер Аружан Айбекова Қытайда «ұрлық жасап жатқандай» ролик түсірген. Арты үлкен шу болып, ақыры әлгі қыз жергілікті полицияға шақырылды. Түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бірақ ол түсінді ме? Өйткені дәл осы блогердің арада аз уақыт өткенде Ташкент метросында жігіттердің қолынан ұстап тиіскені туралы бейнежазба тағы тарады. «Ойыннан да омыртқа сынатынын» білмейтін мұндай блогер-сымақтарды қатаң жауапқа тартатын кез келді. Себебі бұл адамның жеке өміріне қол сұғу, қоғамдық тәртіпті бұзу.
Қазір пранк деген парықсыз әрекеттің тағы бір түрі пайда болды. Ол жасанды интелекпен жасалады. Бірінде мемлекет басшыларының, лауазымды тұлғалардың қандай да бір дүкенге сауда жасауға келгені бейнеленген. Цифрлық технологияны білмейтін адамның санасы сан саққа жүгіреді, сеніп қалады. Маркетинг үшін деп жасанды интелект арқылы мұндай жасандылыққа жүгінуді тоқтату керек. Тағы бір пранкте балалар ата-аналарына «танымайтын адам үйге келіп тұр, не істейміз?» деп жасанды интелект арқылы беймәлім адамның үйге кіріп кеткен, пәтерді аралып жүрген суреттерін жібереді. Зәресі ұшқан ата-ана полицияға телефон шалады, жұмысын тастап үйіне барады. Ақырында бұл пранк деп бала-шаға бейқам отырады. Дәл сол уақытта полиция шын мұқтаж адамға көмекке баруға үлгермей қалуы мүмкін, оны интернеттің инесіне отырғандар ұқпайды.
Ол ол ма, жуырда бір блогердің тірідей табытқа жатып, өзін көміп, «24 сағат табытта» атты челлендж бастағанын қоғам қатаң сынға алды.
Хәкім Абай: «Ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек – бұл нәрселердің бәрінің де өлшеуі бар. Өлшеуінен асырса, зияны тимек» деген уағында. Сондықтан өлшемге өресі жетпейтіндерді заңмен тұсайтын кез келді.
Осыған орай мынадай ұсыныстарды қарау орынды деп санаймын: