Блогер салық төлей ме?

12 наурыз 2021, 11:14

Терістік көршіміздегі блогер қауымы бұдан былай салық төлейді. Ресей цифрлық даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрлігі осыған қатысты құжат дайындап жатыр. Бұл жоспар жүзеге асу үшін шетелдік платформалар әлеуметтік желіні табыс көзіне айналдырғандарға қатысты қаржылық ақпаратты беруі тиіс.

Ал орыс блогері аз таппайды. «Ведомости» сайтының BloggerBase зерттеу компаниясына сілтеме жасай отырып жариялаған мәліметте өткен жылы тек видеоблогерлердің өзі шамамен 18 млрд рубль (біздің ақшамен 100 млрд теңге) тапқан. Ал оларға мұндай мүмкіндік берген компаниялардың пайдасы миллиардтаған доллардан асады. Оның үстіне жер-дүниеге жайылған пандемия кезінде интернеттегі жарнамаға тапсырыс беретіндер тіпті көбейген.

Ресейде IT-индустрияны дамыту және салық түсімін арттыруды көздейтін федералдық заң жобасын осы жылдың ортасына таман дайындау көзделіп отыр. Оның орындалу барысын қаржы, экономикалық даму министрліктері мен федералдық салық қызметі қадағаламақшы. Бұған сәйкес, Facebook, YouTube, Instagram, Twitter, Tik Tok және тағы басқалар салық агенті ретінде Ресейге салық төлеуге міндетті. Бұл құжатта «ресейлік блогерлердің блогындағы жарнамадан түскен табыс салығы» деп көрсетілген.

Жарнама нарығының бұл саласы құрығы ұзын салық бақылауынан тыс қалыпты. Шетелдік компания жарнамаға тапсырыс бергенде ақша блогердің жеке есебіне доллар немесе рубль түрінде келіп түседі. Оның мөлшері 500 мың рубльден аспаса, қаржы мониторингінің назарына ілікпейді. Басылымға сұхбат берген «Юрвиста» заңгерлік компаниясының директоры Алексей Петропольский былай дейді: «Мемлекеттің қаншама қаржыдан қағылып жатқанын тап басып айту қиын. Бірақ жыл сайын миллиардтаған рубль екені анық. Өйткені жарнаманың жартысынан астамы интернетке ойысты. Ал интернет дегеніміз – блогерлер белді ойыншысы болып табылатын алаң». Елдегі әлеуметтік желіні кәсіби түрде қолданушылар қауымдастығы салық өндіріп алу оңайға соқпайтынын, жарнама жарияланған аккаунт иесінің кім екенін анықтау қиынға түсетінін көлденең тартады. Қауымдастық жетекшісі Владимир Зыков ең алдымен шетелдік компаниялар Ресейде толыққанды жұмыс істейтін өз өкілдігін ашуы тиіс деген пікірде.
Осы өкілдік ашу тек терістік көршіміз ғана емес, өзгелер үшін де көкейкесті мәселе болып тұр. Түркия билігі таяуда интернеттегі ірі компанияларды елде өз бөлімшесін ашуға міндеттей бастады. Сол арқылы салықпен қатар құқықтық қарым-қатынастан туындайтын кейбір талас-тартыс та өркениетті түрде шешілуі тиіс. Ал ондай деректер соңғы кездері көбейе түсті. Күні кеше Роскомнадзор мекемесі Google LLG компаниясының бір жаңсақ ақпарат бойынша 3 млн рубль айыппұл төлегенін хабарлады. Бұдан бөлек, Ресейдегі медиа менеджерлер өз сайтында жарияланған дүниелерді шетелдік агрегаттардың тегін пайдалану арқылы жарнама немесе PR-материалдан қыруар пайда тауып, ақпарат құралына көк тиын төлемейтініне наразы. Былтыр Сочиде өткен Халықаралық шаңғышы-журналистердің басқосуында Екатеринбургтен келген әріптесіміз мұның бүкіл ТМД-дағы БАҚ үшін аса маңызды мәселе екенін айтып еді.

Біздегі жағдай қандай? Әлеуметтік желіні жарнама жасауға, лотерея ойнатуға, мақтап немесе даттап «бизнеске» айналдырып алған отандық блогер мен әншілердің алды айына 30 млн теңгені қалтаға басады. Ал газет пен сайттардағы дүниелердің арасына жарнаманы тегін орналастырып қоятын гуглдардың қанша табатыны тек өздеріне аян.

Срайыл Смайыл

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?