Бізді үй кезегіне қоймады!

23 қыркүйек 2022, 11:07

Алматы облысы Талғар қаласындағы «Нұр» балалар үйінің басшысы Тұяқ Есхожинаны бұрыннан білеміз. Тұяқ апа осыдан 24 жыл бұрын есік-терезесі сынған, қабырғасы қаусап, қаңыраған бұрынғы мектеп-интернаттың ғимаратында күрделі жөндеу жүргізіп, қайырымдылық үйін ашқан. Ол үшін Алматыдағы жеке баспанасын сатыпты. Міне, осы «Нұр» балалар үйінде өсіп-өніп, өмірге құлаш сермеген бір топ жас «бізді үй кезегінің тізіміне енуге күш салмады» деген сыңайда Талғар ауданының құрметті азаматының үстінен арыз түсіріпті. Көктемде көтерілген даулы мәселенің қызуы әлі басылған жоқ. Сот жүріп жатыр.

Мән-жайды білу үшін біз Талғар қаласына жол тарттық. Ең алдымен ат басын «Нұр» балалар үйіне бағыттап, көкейдегі күпті ойды тарқатып алу мақсатында Тұяқ Қаскенқызына бірнеше сауалымызды қойдық.

Тұяқ Есхожина, Талғар ауданының Құрметті азаматы:

Бұл қысастық жаныма қатты батты…

Абайдың «күшік асырап ит еттім, ол балтырымды қанатты» дегенге саяды бұлардың тірлігі. Жалпы бұл дау өзі неден тұтанды? Қазақ «аталатсаң аталат, боталатпа» демейтін бе еді. Мен ботамнан айырылып, қайғыдан қан жұтып отырған адаммын. Үлкен ұлым қайтыс болды. Оның жалғыз қызы бар еді, өмірге келгенде жүрегінде ақауы болды. Сол немерем 14 жасында өмірден өтті. Әкесі жалғыз қызының қазасын көтере алмай, көп ұзамай дүние салды. Сондай қайғыдан қайғы жамылып жүргенде мынадай жағдайға тап болып, жолымды бөгеушілер тағы да шықты. Жаңа өзің де сұрап отырсың «бұлардың артында қандай да бір топ бар ма» деп. Кім біледі, ол жағы бір Аллаға аян. Осы «Нұр» балалар үйі ашылғалы менің мына тайқы маңдайым не көрмеді! Таяққа да жығып кетті, басқа да көрсеткен қысастықтары жетерлік. Қайсыбірін айтайын оның.
«Бізді үйдің кезегіне қоймады» деп шулағандар о баста ұзын-ырғасы 36 бала болатын. Кейін 10 шақтысы ғана қалып, арыздың ақырына жетеміз деп жүр. Сондағы маған таққан айыптары «Тұяқ Қаскенқызы бізді үйдің кезегіне қоймады» екен. Айналайын-ау, менің оларды үйдің кезегіне қоятындай моральдық та, заңдық та құқығым жоқ қой. Басым көпшілігінің ата-анасы бар. Бірінің әкесі, бірінің шешесі дегендей. Үйдің кезегіне солар қоймай ма? Егер бұлар тұлдыр жетім, ауру деген анықтамасы бар, болмаса, ата-анасы заңды түрде бас тартқан болса ғана мен үйдің кезегіне қояр едім. Бұл балалар біздің орталықта өсті. «Не кием, не ішем» демеді. Кезінде ата-аналары «баға алмадық, шамамыз жетпейді, шаршадық» деп жылап-еңіреп есігімізден аттап әкеліп тастап еді. Міне, сол балалардың арасынан осындай «жер астынан жік шығарушылар» пайда болды. Осы балалар үйі ашылғанда бір үйден үштен, тіпті бестен балаларын әкеліп орналастырып еді. Аңғал басымды, аңқаулығымды да пайдаланушылар өздерінің ыңғайына қарай икемдеп әкете берген екен. Оның бәрін кейін маңдайыма таяқ тигенде барып білдім.

Енді мәселеге келейін. Бұл балалар осы орталықта тұрды, ақ төсекте ұйықтады, не ішем, не киемге бас ауыртып мазасы қашқан жоқ. Жолдасымның айлығын, менің тапқан табысымды, жеке кәсіпкерлердің қолдау-көмегін ортаға салып, асырап келдік. Ақыры, міне, 36 бала жырылып шығып, білмеймін, біреулердің айтағына ерді ме, осындай қадамға барып отыр. Немеремнің қазасы, баламның өмірден озуы екі есе қайғы болғанда, бұлардың қысастығы да жаныма қатты батып отыр. Бұл балаларды арғы жағында біреулер айтақтап, сөздеріне сүйеу болып отыр ма деп те сезіктенемін.

«Нұр» балалар үйін не үшін аштым дейсің бе? Өзім әке-шешеден жалғыз болып өстім, есейдім. Есімімнің Тұяқ аталуы да сондықтан. Жетімдіктің зардабын тартудай-ақ тарттым. 13 жасымда ауылдан кетіп, содан бері өз жүгімді өзім арқалап келе жатқан жанмын. Басымнан өткен тағдыр болған соң да жетімдер жыламасын, жылулық көрсін, ата-ананың мейіріміне қанып, өссін деп Алматыдан Талғарға қоныс аударып, қаладағы үйімізді сатып осы жолды таңдадық. Сөз басында айтқанымдай, демеушілердің, кәсіпкер азаматтардың, халықтың қолдауымен осы күнге жетіп отырмыз. Балаларды оқыттық, 9-сыныптан кейін колледжге барам дегендерді, мектеп бітірген түлектерді жоғары оқу орындарына өздерінің қабілет-қарымына қарай түсіріп, оқыттық. Міне, солардың ішінен осындай шағын шоғыр шығып отыр. Бұлар Талғар аудандық әкімдігіне барған да «бізді үй кезегіне қойыңдар» деген талап айтқан. Ал әкімдіктегілер «сендерді кезінде Тұяқ Қаскенқызы үй кезегіне тізімдетіп қойдыруы тиіс еді, уақытты өткізіп алған екенсіңдер» деп шығарып салған. Содан кейін олар сотқа берді.

Ашылғаннан бері қарай біздің орталықтан 950 бала тәрибеленіп, есейді, үлкен өмірге аттанды. Міне, солардың ішінен осы 36-сы жырылып шығып, өздерінің су ішкен құдығына түкіріп, өскен ортасына таңба салып отыр. Олардың ойынша, айтқан уәжіне құлақ түрсек, мен бұл арызданушы балаларды кезінде үйдің кезегіне қоюым керек екен. Айналайын-ау, мен бұлардың ата-анасы бар, олар ата-аналық құқығынан айырылған емес, үйдің кезегіне солар қоюға міндетті, айналып келгенде, бұл шаруаның бәрі де әкімдіктегілердің құзіретінде.

Бұл балалар менен аттап өтіп, көпшіліктің алдында абыройыма нұқсан келтіргісі келеді. «Нұр» балалар үйін не үшін аштым? Басымдағы баспананы сатып, жиған мал-мүлкімді қоса саудалап, осы ауыр аманатты арқалауға бел буғанда тілегенім осы ма еді? Әрбір баланың оқуына барынша күшімізді салдық. Тіпті Астана қаласындағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» мектебіне балаларды пойызбен апарып оқыттық. Еліміздің жетекші жоғары оқу орындарына да беделімді, абырой, атағымды алдыға сала жүріп, ұлдар мен қыздардың жоғары білім алуына жағдай жасадым. Бірнеше қызымызды қолымыздан ұзатып, жасау-жабдығын өзіміз әзірлеп, құтты ұясына қондырдық. Міне, 1998 жылдан бері қарай жетім балалар көшеде қаңғымасын деп жанталастық. Қазақ қашанда жетімнің көз жасынан қорыққан, наласынан қалмауды ойлаған. Сондай текті ұрпақ бүгінгі қоғамда жетімін көшеге тастаса не болады деген аналық көңілмен ашқан үйіміз еді.

«Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дейді, бағып-қаққан балаларымның барлығы бірдей арызқой демеймін. Білмеймін, жіктің жер астынан қалай шыққанын осы бір үркердей топ әлі де шулатып келеді. Талғар ауданының әкімдігі бар шаруаны маған артып жіберіп, үй кезегіне тұра алмай жүргендерді «Нұр» балалар үйіне қарай бағыттап отыр. Қайырымдылық үйін ашқалы тайқы маңдайымыз не көрмеді. Бір емес, 27 (!) рет тонап та кетті біздің орталықты. Ешбіріне арыз жазғам жоқ, табылмайтынын, әңгіме көпке созылып, соңы сиырқұймышақтанып кететін білдім де, бір Алла жазасын бер деп қойдым. Осындай кедергі қиындықтардың өткелегінен өтіп жүріп, балаларды жазғы демалыс маусымында еліміздің іргелі демалыс орындарына сауықтыруға жіберіп тынықтырдық. Түрлі іс-шаралардан да қалыс қалған емес.

Жақсы, мен бұл балаларға тамақ, киім тауып берудің қамында жүріп, үйдің кезегіне қоя алмаған екем, алды 2-3 жаста келіп, мектеп бітіргенше, тіпті студент атанғанда да осы орталықта тұрған балалар бар. Солар өз қолы, өз аузына жетіп, біздің орталықтан 24-25 жасында кетті. Неге өздері барып әкімдіктен білмеді, өзінің қамын өзі күйттеудің орнына сексенге жасым таяған маған ысырып қойғаны қаншалықты ақылға қонымды?

Даудың көзі – үй кезегі

Осы мәселе бойынша Талғар аудандық әкімдігіне бардық. Аудандық білім бөлімінің басшылыға бас сұқтық. Аудандық білім бөліміне басшысы Қарлыға Айсабекқызы денсаулығына байланысты ем алу демалысындаа екен. Білім бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Ләззат Құрманбаеваға бардық. Жаңа оқу жылы басталып, ауданның оқу саласындағы мамандары бірі кіріп, бірі шығып сапырылысып жатыр. Сүт пісірім уақыт күтіп, реті келгенде Ләззат Серікқызына мән-жайды ұғындырдық. «Мен сектор меңгерушісімін, менің құзіретіме жатпайды, жауапты адамдары келеді, солардан білерсіз» деп ұзатып салды. Жауапты адам деп бағдар сілтегені Талғар аудандық білім бөлімі мемлекеттік мекемесінің заңгері Ақан Данабеков екен. Бұл кісінің де нөмірін теріп едік, сол күні (19 қыркүйекте) Қаскелең қаласында ювеналды сот процесінде жүргенін айтты. Ақан мырза бұл мәселе туралы, яғни балаларды қамқорлыққа алуға қатысты сауалымызға жауап бере алмайтынын жеткізді. Өйткені дәл осы мәселе бойынша Қаскелең қаласындағы №2 мамандандырылған ауданаралық сотта осы іске қатысты процесс жүріп жатыр екен. Заңгер А.Данабеков судья қандай да бір шешім шығармайынша, ешқандай пікір білдіре алмайтынын жеткізді.

Сот процесіне талапкерлердің сенімді өкілі қатысып жүрген заңгер Арай Байболова осы мәселеге қатысты былай дейді:

«Қазір алдын ала сот отырыс жүріп жатыр, басты сот талқылауы әлі тағайындалған жоқ. Дайындық мерзімі аяқталған соң соттың өтетін күні белгіленеді. Мен осы 10 талапкердің атынан сенімді уәкіл ретінде қатысып келемін. Бұл балалар «Нұр» қайырымдылық үйіне қабылданғанда Тұяқ Қаскенқызы әкімдікке барлық құжаттарын өткізіп, ата-аналық қамқоршылықты өзіне алғандығы туралы құжат алған. Өйткені бұлардың ата-анасы қайтыс болған, кейбірінің ата-анасы баласын асырай алмайтынын айтып, нотариалды түрде бас тартқан. Ата-анасы қайтыс болғандығы туралы анықтама да берілген. Тұяқ Қаскенқызына қамқоршылық құзырет тағайындалғаннан кейін жетім балаларды уақытында үйдің кезегіне қоюы тиіс еді деген уәж айтып отыр бұл талапкерлер. Бұлар Тұяқ Қаскенқызы әкімдіктен жер алып, сол жерге үй салып береді деген сеніммен жүріп, жастары 29-дан асып кетіп отыр. Енді үй кезегіне ата-анасы жоқ есебінде тұрайын десе, заңға сәйкес жасы өтіп кеткен. Қазіргі сот процесіне Тұяқ Қаскенқызын жауапкер ретінде тартуға ешқандай талап-арыздары жоқ бұл талапкерлердің. Сотқа тек үшінші тарап ретінде тартылып отыр. Алдағы сот отырысында бұл кісі өзінің пікірін айтып берсе, жеткілікті. Жауапкер тарап – Талғар ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі. Бұл жердегі бар кілтипан балалар өздерінің қамқоры болып панасына алған аналарының осы күнге дейін үй салып береміз деп айтқан сөзіне сенгендігінен шығып отыр».

Қақ жарылған көзқарас

Бір қолдың саласындай бір үйдің баласындай болып, тату-тәтті өмір сүріп, Тұяқ Қаскенқызының шарапатына бөленіп, қанаттанып ұшқан жастар биылғы жылдың көктемінен бері екіге жырылып отыр. О баста 36 бала «бізді тұрғын үйдің кезегіне қоймады» деген мәселе көтерілгелі дай-дай болған қос тараптан да өздерін өсірген Тұяқ Есхожина туралы пікірлерін білдік.

Ұлан Қалдыбаев, әскери офицер, капитан:

«Тұяқ анамыздың қолына 1998 жылдың көктем айында келдім. Мені 5-сыныптан бастап Астана қаласындағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» әскери мектебіне оқуға түсірді. Сонда біз бес бала барып құжатымызды өткізіп, сынақ емтиханын тапсырдық. Солардың ішінен менің бағым жанып, оқуға қабылдандым. Жеті жыл оқып, 2008 жылы бітіріп шықтым. Алматы қаласындағы радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік училищеге жолдамамен қабылдандым. Оқуымды тәмамдаған соң 2013 жылдан бастап әскери бөлімдерде взвод командирінен рота командирі лауазымына дейінгі қызметтерді атқардым. Біз бұл орталықта киімнен де, тамақтан да ешқандай таршылық көргеніміз жоқ. Жаз мезгілінде Тұяқ анамыз бізді түрлі демалыс орындарына жіберетін. Демеушілер, меценаттар келіп түрлі мерекелік іс-шаралар, спорттық сайыстар да өткізіп тұрды».

Зәуреш Шынашева, «Нұр» қайырымдылық үйінің түлегі:

«Мен де анамыз Тұяқ Қаскенқызының шарапатын көрген жандардың бірімін. «Үйдің кезегіне қоймады» деп шулатып жүрген замандастарымның әрекетін құптамаймын. Солармен қатар өзім де өстім, бірге ойнап-күліп есейдік. Анамыз біз үшін жанын шүберекке түйіп жүріп жеткізді. Демеушілер, атымтай-жомарт азаматтар, елдің көрсеткен қамқорлығымен осы күнге жетіп отыр. Кейбір қыздарды өз қолымен ұзатты. Аналық мейірімді, қамқорлықты біз осы «Нұр» үйінен алдық. Бұлар секілді мен де үй кезегіне анамыздың қолында болғанда тұрғам жоқ. Тек тұрмысқа шығып, өз күнімді көремін деп бөлек шыққан соң әкімдікке барып үйдің кезегіне тұрдым. Өзімнің жағдайымды өзім жасап, әрекет етіп келемін. Анамызға ешқандай өкпе артпаймын. Тұрмысқа шыққан 21 жасқа дейін Тұяқ анамыз бізді қанаттыға қатырмай, тұмсықтыға шоқытпай өсірді, жеткізді. Енді неге біз осындай қамқорлық жасаған адамға кінә артып, айыптап сөйлейміз? Мен мұны түсіне алмаймын. Бұлардың «Нұр» балалар үйіне деп берілген жерді сұрауы негізсіз деп санаймын. Өйткені ол жер Тұяқ Қаскенқызының жеке өзіне емес, қайырымдылық үйіне 49 жылға жалға берілген. Анамыз сол жерге осы түлектерге деп үй салу үшін демеушілер іздеп те табанынан таусылып жүр».

Жандос Қаржаубаев, «Нұр» қайырымдылық үйінің түлегі:

«Мен 7 жасқа толғанда әкем қайтыс болды. Анам өмірден өткенде 12 жаста болдым. Алматыға ауылдан 9-сыныпты аяқтап келдім де, Талғардағы менеджмент және агробизнес колледжіне оқуға түстім. Кураторымнан көмек сұрап өзімнен кейінгі екі бауырымның бар екенін, үшеуміздің бір жерде болғымыз келетінін айтып едім, колледж директорына ертіп кірді. Нәйлә Үмбетова деген кісі Тұяқ Қаскенқызын жақсы таниды екен. Сол кісіге хабарласып, бізді «Нұр» қайырымдылық үйіне орналастырды. 2007 жылдың наурыз айынан бастап екі бауырыммен бірге сол орталықта өстік. Мектепті аяқтаған соң Тұяқ апамыз мені М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясына оқуға түсірді.

Біз осы балалар үйінде жүргенде «сендерге жер алдық, сол жерге үй салып береміз» деген сөзіне иланып, үйдің кезегіне тұрмадық. Ал қазіргі күнде тұрғын үйдің кезегіне тұрайын десек, жасымыз 29-дан асып кетті. Бізді Тұяқ апамыз өсірді, бақты-қақты, оны жоққа шығармаймыз. Бірақ сол кісінің қамқорлығында болған жылдары бізді үйдің кезегіне қойса, мүмкін осы уақытқа дейін үй алып кетер ме едік. Ал егер өзі сарсаңға салынып жүрмес үшін бізге тым болмаса бағыт-бағдар беріп ақылын айтса, өзіміз де жүгірер едік. Қазір, міне, отбасын құрып, бала бағып отырмыз. Басымызда баспана жоқ, тапқан-таянғанымыз шайлығымызға әзер жетеді».

Түйін

Бұл мәселенің тамыры тым тереңде. Өйткені бір жағынан жастардың тағдыры таразыға тартылып отыр. Тұяқ Қаскенқызының де қажырлы еңбегі елдің есінен шықпақ емес. Даулы мәселенің нүктесін жоғарыда айтылған ауданаралық сот қояды. Шешім қалай шығады, талапкерлердің талабы да сол бойынша орындалмақ.
Біз бұл мәселені назарда ұстаймыз.

Қуаныш Разақ,
Талғар ауданы
Алматы облысы

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?