Біздің мақсат – бәсекелесу емес

03 маусым 2016, 18:29

13

Жуырда Мемлекет басшысының төрағалығымен Инвесторлар кеңесінің жиыны өтті. Онда негізгі әңгіме «Астана» халықаралық қаржы орталығы төңірегінде өрбіді. Осыған орай біз орталықтың Басқарушысы Қайрат Келімбетовтен сұхбат алдық. 

Жас қазақ: Қайрат Нематұлы, жақында өткен Инвесторлар кеңесінің жиынында Елбасы инвесторларға қарата «Қайрат Келімбетов бұл жұмыста пайдалы болады» деп айтты. Қаржы орталығынан не күтеміз?
Қайрат Келімбетов: Рахмет! Инвесторлар кеңесі жиынындағы негізгі тақырып осы «Астана» халықаралық қаржы орталығының төңірегі болды. Бұл, расын айту керек, ел экономикасын әртараптандыруға арналған жоба. Осы шаруаны жолға қою үшін конституциялық заңға өзгеріс енгізілді. Біз әлемдік қаржы саласының алпауыттарын елімізге келіп жұмыс істеуге шақырамыз. Орналасатын жері – ЭКСПО көрмесі өтетін аумақ. 25 гектарға сай. 2018 жылдан кейін осы аумақта толыққанды жұмыс басталады. Ал қазір дайындық шаралары жүргізіліп жатыр. Қаржы орталығының ерекшелігі – мұнда тіркелген компаниялар арнайы заң – ағылшын құқықнамасы бойынша өз операцияларын атқарады. Ресми тілі – ағылшын тілі.
Жас қазақ: Неліктен ағылшын құқығына иек тіремексіздер?
Қайрат Келімбетов: Өйткені инвесторларды оларға таныс жүйе бойынша жұмыс істеуге шақыруымыз керек. Қандай да бір мәселе туындаса, оны қарастыратын Тәуелсіз сот жүйесі, арбитраж құрылады. Біз бұл жүйені қазіргі ең озық қаржы орталықтарының тәжірибесін ескере келе, қолға алып отырмыз. Дубай, Гонконг, Сингапур, Нью-Йорк, Лондон қаржы орталықтарының үлгілеріне сүйендік. Біздің орталыққа тіркелетін компанияларды 50 жылға дейін корпоративтік және құн салығынан босатамыз. Оларды ЭКСПО көрмесі өткеннен кейін біздің иелігімізге берілетін кеңселермен алғашқы жылдары тегін қамтамасыз етеміз.
Жас қазақ: Қаржы орталығына келетін компаниялар қай бағытта жұмыс істемек? Оларға біз не ұсына аламыз? Біздің рынок олар үшін тартымды ма?
Қайрат Келімбетов: Біздің басты бағытымыз – бұл капитал нарығы, активтерді басқару, жеке тұлғалардың әл-ауқатын басқару, исламдық қаржыландыру және қаржы-технология салалары.
Естіген боларсыз, «Самұрық-Қазына» қорының компаниялары жекешелендіруге әзірленіп жатыр. Ірі компаниялар немесе «ұлттық чемпиондар» деп атап жүрміз. Солардың акциялары АХҚО алаңында орналастырылады. Бұл біздің негізгі бағытымыздың бірі.
Активтерді басқару деген сала – ол мына Ұлттық қор мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтерін басқару.
Жеке тұлғалардың әл-ауқатын басқару әлемдік өзге қаржылық орталықтарында таңсық емес дүние. Бұл сала да әрі қарай дамытуды талап етеді. Исламдық қаржыландырудың Қазақстан үшін маңызы зор. Біздің аймақ – көршілес елдерді қосқанда, осы ислам қаржыландыруы құралдарын дамытуға аса үлкен мүмкіндік беретін аймақ. Қаржы технологияларының қазір екінші деңгейлі банктердің алдын орап алып кететін әлеуетін көріп отырсыздар. Бұл да біз үшін маңызды бағыт. Міне, осы атап өткен 5 бағыт біздің орталықтың қызмет көрсететін саласы.
Жас қазақ: Біз осыдан 10 шақты жыл бұрын Алматыда дәл осындай қаржылық орталық ашамыз деп жоспар құрғанбыз. Ол жүзеге аспай қалды. Бұл орталық ол кемшілікті қайталамайды ма?
Қайрат Келімбетов: Алматы аймақтық қаржы орталығын құру жобасы мен бұл «Астана» қаржы орталығының айырмашылығы жер мен көктей. Ең алдымен, ол қаржы орталығында, мына қазіргі жаңа орталықтағыдай ағылшын заңнамасы жұмыс істеген жоқ. Тәуелсіз сот деген ұғым болмады. Дәл қазіргідей нақты саяси шешімге ие болған жоқ. Оның үстіне, дәл сол уақыт банктердің әлемдік қаржылық институттардан несиені көп алатын кезеңімен тұспа-тұс келді де, әрі қарай дағдарыстың басталғанын білесіздер. Сол кездегі Аймақтық қаржылық орталық пен қазіргі Халықаралық қаржы орталығының бір-бірінен өзгешелігі – өзге стратегия, өзге бизне іс-шаралары.
Жас қазақ: Дубайдан, Сингапурдан үлгі аламыз деп отырсыз. Олармен бәсекелесетін қауқарымыз қандай?
Қайрат Келімбетов: Біздің мақсат – бәсекелесу емес, керісінше, ірі қаржы орталықтарымен ынтымақтаса жұмыс істеп, солардың озық үлгілерін біздің қаржы орталығына енгізу. Мәселен, жаңа айтып өткенімдей, активтерді басқару деген негізгі саламыз бойынша біз сингапурлық модель бойынша жұмыс істейміз. Исламдық қаржыландыру бойынша малайзиялық модельге иек тірейміз. Қаржы орталығын басқару жүйесі бойынша дубайлық модель бізге көбірек ыңғайлы. Ал инвестициялық климат бойынша гонконгтық үлгі бізге өте тиімді.
Сосын мына мәселеге назар аударуыңызды сұраймын – біздің осы еуразиялық аймақта дәл осы секілді ағылшын заңнамасы бойынша жұмыс істейтін, тәуелсіз сот жүйесі құрылатын басқа қаржы орталығы жоқ. Біздің сондықтан да мүмкіндігіміз молырақ болмақ.
Жас қазақ: Қайрат Нематұлы, ал біздің аудиториямыз қандай елдер? Біз қай елдердің инвесторларына иек тірей аламыз?
Қайрат Келімбетов: Ең алдымен, ол біздің көршілеріміз – Еуразия экономикалық одақтың (ЕЭО) елдері, Орталық Азия мемлекеттері, Қытай.
Тағы бір ескеретін жайт – Астана халықаралық қаржы орталығы әлем инвесторлары үшін осы жаңа аталған елдерге ашылатын дәліз секілді. Инвесторлар біздің көмегімізбен, сол елдердің нарығына кіре алады.
Өзіңіз ойлап қараңызшы, мәселен, Дубай қаржы орталығы Таяу Шығыс пен Африка елдерінің қаржы орталығы ретінде қызмет көрсетеді. Қытайда қандай ерекшеліктердің барынан Гонконг қаржы орталығынан артық ешкім хабардар болмас. Ал біз «Астана» халықаралық қаржы орталығы ретінде Орталық Азия, ЕЭО елдерінің қаржы жүйесін жақсырақ білеміз. Сондықтан, осы аймақтағы ел инвесторларының біздің орталықта тіркеліп, жұмыс істеуі аса тиімді.
Жас қазақ: Қандай елдің инвесторларымен кездесіп, келіссөздер жүргізіп жатырсыздар? Жалпы, инвесторлардың көңіл ауаны қандай?
Қайрат Келімбетов: Еуропаның, Азияның, Таяу Шығыс пен АҚШ-тың қаржы орталықтарында болып, ірі қаржы орталықтарының басшылары және өкілдерімен кездесу өткізіп жатырмыз. Жаңа айтып өткенімдей, «Дубай» ХҚО-мен жұмыс жүргізудеміз. Ол Парсы шығанағы өңіріндегі біздің негізгі серіктесіміз. Лондондағы ХҚО, Лондон қор биржасы және Лондон қаржыгерлер қауымдастығымен кеңірек ықпалдастыққа қол жеткіздік. Америкалық серіктестеріміздің «Астана» ХҚО қызығушылығы жоғары. Қытайдағы қаржы реттеушілері, Қытай инвестициялық корпорациясы, Жібек жолы қорымен бірлесіп іс атқармақпыз. Еуропаның қаржы реттеушілері де осы аймақтағы жаңа қаржы орталығына құлақ түріп отыр.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы 2018 жылдың басында толыққанды жұмыс істей бастайды. Соған дейін біз әлемнің қаржы нарығында бар барлық үздік тәжірибелерді енгізу үшін орасан мол қызмет атқаруымыз қажет.
Жас қазақ: Енді осы орталықтың негізгі қызмет істейтін мамандық иелерін білсек. Тек қаржыгерлер ғана орталықта қызмет ете ала ма? Отандастарымыз жұмысқа қалай қабылданады?
Қайрат Келімбетов: Орталықтың қатысушы мүшелері ретінде брокерлік-дилерлік қызмет көрсететін компаниялар, инвестициялық компаниялар, ислам банктері, сақтандыру компаниялары, заң компаниялары, аудиторлық, бухгалтерлік, консалтингтік қызмет ететін компаниялар шақырылады. Бұл құрылымдық реформаларды жүргізуге өте жақсы әсер ететін жоба. Алдағы 7-10 жылдың ішінде 18 мыңнан астам жұмыс орны құрылады деген жоспарымыз бар. Оның ішінде, әрине, қазақстандық қаржыгерлер, заңгерлер, өзге де мамандық иелері болады. «Астана» халықаралық қаржы орталығы елдің ішкі жалпы өнімінің артуына, жалпы, Астананың әрі қарай дамуына оң ықпал етпек.

Сұхбаттасқан Руслан Достаев

 

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?