«Біз қазақша сөйлейміз!»

14 қазан 2016, 12:54

Таяуда Көкшетау қаласындағы Жанайдар Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжінде зәуір бір себеппен болғанымызда, осы оқу орнында оқитын өзге ұлт өкілдерінің балалары қазақша қатырып сөйлеп тұрғандығын естідік.

Кейін біздің «қауашаққа» әдемі ой келді. «Жас қазақтың» конференциясын осында өткізсек. Тілімізді меңгерген, дәстүрімізді жетік білетін өзге ұлт өкілдерінің балалары сөз сөйлеп, пікір айтса, басқаларға үлгі болар еді.

dsc_6920

Жас қазақ: Егор ұстаздарың сені Қобыланды батыр жырын жатқа біледі дейді. Қазақ тілін қай жасыңнан бастап білесің?

egor-tihonov-1

 

 Егор ТИХОНОВ, 1-курс студенті:

Қарақыпшақ Қобыланды-
Атасы мұның Тоқтарбай,
Халықтан асқан болды бай.
Байлығында есеп жоқ,
Айдалып бағып жайылды
Төрт түлік малдың бәрі сай.

Елімізде тұратын әрбір азаматтың қазақ тілін білуі парыз. Ал оқып үйренбеу меніңше, мүлде ұят тәрізді. Мен өзім кішкентай кезімнен қазақ тілінде сөйлеп, қазақ балаларымен дос болып өстім. Мектепте сабақ берген апайым менің тілге деген ықыласымды көргеннен кейін көбірек көңіл бөле бастады. Соның арқасында жетік меңгеріп алдым. Еш қиындығы жоқ. Содан соң мені түрлі байқауларға қатыстыра бастады. «Абай оқуларына», «Оралхан Бөкей оқуларына», қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша өтетін аудандық, облыстық олимпиадаларға қатыстым. Қазір Қобыланды жырын тұтас жатқа оқимын. Ұлы Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін кез келген жерінен сұрасаңыз да айтып бере аламын. Осы былтыр ғана 8-сыныпта оқып жүргенімде облыстық «Абай оқулары» байқауында бірінші орынға ие болдым.
Менің әпкем де қазақ тілінде сөйлейді. Отбасымызда екі ұлттың да салт-дәстүрлері сақталған. Жыл сайын анам наурыз көже дайындайды. Тіпті айт кезінде де біздің үйде бауырсақ пен жұқа нан пісіріледі. Ал қазақтың үлкен асы – етті сүйсініп жеймін. Оны айтасыз біздің үйдің төрінде домбыра ілулі тұр. Анамның мамандығы аспаз болғанымен, домбыраны жақсы тартады. Сол кезде мен қос ішектен шыққан үнге елітіп, елжіреп тыңдайтынмын.
Біздің Есіл ауданында қазақтар оншалықты көп емес. Бірақ көбі орыс тілінде сөйлейді.

davyd-yaskulskij-2
Жас қазақ: Давид сенің ұлтың неміс деп естідік. Таңдаған мамандығың спортпен байланысты екен. Қазақтың ұлттық спорт түрлеріне қызығасың ба?

Давид Яскульский, 1-курс студенті:
– Төртінші сыныпқа дейін Зеренді ауданы Приреченское ауылында орыс тілінде оқыдым. Кейін әлдебір себеппен отбасымыз Ұялы ауылына көшіп келді. Ол жердегі мектеп қазақ тілінде ғана екен. Амалсыздан қазақ тілінде оқыдым. Бірден игеріп кеттім. Менің таза сөйлейтінімді көрген талай замандастарым «Қиын емес пе?» – деп таңырқап сұрап жатады. Мен оларға баяғыда кеңес өкіметі кезінде қазақ балалары орыс тілінде білім алып шықты. Бұл да сол сияқты деп қоямын. Өз басым 5-сыныптан бастап таза қазақ тілінде білім алып келемін. Ал қазақ тіліндегі көркем әдебиеттерді сүйсініп оқимын. Ағамыз екеуіміз басымыз қосыла қалғанда, осы тілде сөйлейміз. Кейде көшеде келе жатқанда құпия әңгімеміз болса, басқалар түсінбесін деп бірден мемлекеттік тілге көшеміз. Достарымыз «Не айтып келе жатырсыңдар?» – деп қайта-қайта сұрайды. Менің өз басыма қазақтың керемет салт-дәстүрлері қатты ұнайды. Әсіресе, жігіттердің білек күші, жүрегі сыналатын көкпар, қыз қуу, қазақша күрес тамаша өнер емес пе? Бала кезімізден асық ойнап өстік. Қазір мен тоғызқұмалақты жақсы игеріп алдым. Бұл ойын адамның ой-өрісінің дамуына көп көмегін тигізеді.
Спортпен айналысып жүрген соң ағзамыздың кінәратсыз болғандығы дұрыс қой. Мен бал татитын қымызды сүйсініп ішемін. Бұл – қазақ халқының тамаша тағамы. Ұялыға барғанда кез келген бие байлаған үй шақырып қымыз береді.

ruslan-kachalskij-3

Руслан Кочальский, 1-курс студенті:
– Мен де кішкентайымнан қазақ тілінде сөйлеймін. Өйткені, тағдырдың жазуымен балалар үйінде тәлім-тәрбие алдым. Нанасыз ба, ондағы достарымның көбі қазақтың балалары болды. Солармен ойнап, сөйлесіп жүргенімде тілдерін қалай үйреніп кеткенімді өзім де байқамай қалыппын. Балалар үйінің атынан бірнеше мәрте жарысқа қатыстым. Аудандық, облыстық додаларда жүлделі орын алып жүрмін. Мектепте Ақкөл ауданының орталығындағы №3 білім ошағында оқыдым. Ол жерде мен орыс тілінде де оқи алар едім. Бірақ достарым қазақ болған соң, қазақ тілінде білім алғанды жөн санадым. Ол қадамыма ешқашан өкінбеймін.
Өмір болған соң нешетүрлі жағдай болады. Кейде қоғамдық орындарға барғанымда мені қазақша түсінбейді деп ора шолақ орысшасымен сөйлесіп жататындар кездесіп қалады. Мен оларға «жаныңызды қинамай, қазақша неге сөйлемейсіздер» – деп қоямын. Сол сәтте олар таң қалады.
Жас қазақ: Қазақ тілінде сөйлеп, ұлттық құндылықтарымызды тізбелеп отырғандарыңыз жүрегіме жағып барады. Елена сіз қайдан үйрендіңіз?

 

elena-root

Елена Роот, 

4-курс студенті:
– Кішкентай кезімнен қазақ ауылында өстім. Дайындық сыныбынан бастап, қазақ мектебінде оқыдым. Жылымды таза қазақ ауылы, біз ғана өзге ұлт өкілі болдық. Достарымның барлығы қазақ. Шынымды айтсам, не бір орыс, не бір неміс досым жоқ. Туысқандарымнан басқа. Осында поляк қызы Лада ғана өзге ұлт өкілі деп айтуға болады. Оның өзі қазақ тілінде сөйлесіп, екеуіміз бір топта оқимыз,. Ойлана келіп, осы колледждің филология факультетіне түсуге бел будым. Тіл жағынан қарағанда оқу қиын емес. Бірақ әдебиеттен қиналған кезім болды. Әрине, барлық қазақтың ақын-жазушыларының өмірі мен шығармашылығы, олар туралы зерттеулер, шығармаларын оқу, осы жағынан қиналатын тұсым аз емес. Қазақстан тарихын сондай керемет білемін деп айта алмаймын. Бірақ бір адамдай білемін. Наурыз мейрамын қатты ұнатамын. Асыға күтемін десем, өтірік айтқандық емес. Жаңа жылдың алдында кішкентай балалар Аяз атаны көруге, одан сыйлық алуды асыға тағатсыздана күтеді. Сол сияқты мен де тағат таппай күтемін. Анам екеуіміз қазақтың ұлттық тағамдарын жасап, дастарқанымызды жайып қойып, бауырсақ пісіріп, «наурыз көже» дайындаймыз. Жылқының қазысы қосылған көже қашанда тіл үйіреді. Кейде анама үйге бара жатқанда «анашым маған «Наурыз көже» сияқты тағам әзірлеп қойшы деп өтінемін. Құрт қосылған сорпаға не жетсін, шіркін! Мектепте оқып жүргенде тоғызқұмалақ ойнадым. Қонақ келгенде де анам бауырсақ пісіріп, құлақнан жайып, ет асып қарсы алады. Өзімнің отбасым туралы айтсам, әкем көбіне қазақша сөйлейді. Анам орыс тілінде сөйлейді. Үйде орыс тілінде де, қазақша тілінде де сөйлесе береміз. Анам да түсінеді, бірақ сөйлемейді. Үйдің жалғыз қызымын. Қазақта немерені бауырына салып алу деген бар ғой, білмеймін әйтеуір атам мен әжем сол дәстүр бойынша мені өз тәрбиелеріне алып, әлпештеп өсірді. Олар қазақша сөйлесіп, қазақтың бар салт-дәстүрін, ырымдарын ұстанады. Әкем, оның бауырлары қазақ тілін еркін меңгерген. Оларды сөйлесіп жатқанда, ешкім бізді неміс деп те ойламайды, «қазақ» деп қалатындар бар. Кейбіреулер оларға сары қазақтар деп күледі екен. Туысқан сіңлілеріміз бәріміз бір жерге жинала қалсақ, қазақ тілінде әңгіме дүкен құрып сырласамыз.
Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде әжем отбасымен Саратов қаласынан Зеренді ауданындағы Баратай ауылына қоныс аударыпты. Әжем он жасқа толғаннан кейін Жылымды ауылына көшіп келіпті. Ал атам Саратов қаласынан 1967 жылы көшіп келген. Жылымдыда әжеммен танысып, екеуі отбасын құрып, бүгінде ата мен әже атанып отыр. Қыста соғым соямыз. Қуырдақ әзірлейміз. Омыртқаға кісі шақырамыз.
Қазақстан жерінде тұратын кез келген азамат міндетті түрде мемлекеттік тіл – қазақ тілін білуі тиіс. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте. Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл. Тіл үшін күрескен қаншама қайраткерлеріміз бар. Солардың ішінде маған Мағжан Жұмабаевтың «Қазақ тілі» өлеңі қатты ұнайды.

lada-goroshko-4

Лада Горошко,
4-курс студенті:
– Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар ауданында дүниеге келгенмін. Мектепке барғанымнан қазақ тілінде сабақ оқыдым. Тілді сонша ұнаттым, мектеп қабырғасында оқып жүргенімде осы филологиядан басқа мамандықсыз өзімді елестете алмадым. Алдағы уақытта осы мамандық бойынша жоғары оқу орнына түсіп, оқуымды жалғастырамын. Мұғалім болуды армандаймын. Егер өз мамандығыма байланысты жұмыс табылып жатса, оған қуанатын едім. Алайда таба алмасам, тілге қатысты бір жұмыс табылар. Аудармашы болсам да күн көрермін. Тіл білген адам далада қалмайды. Оның үстіне қазіргі таңда мемлекеттік қызметші болу үшін мемлекеттік тілді жетік меңгеру керек. Дегенмен ол жайында біздің көп аға-әпкелеріміз басын ауыртқылары келмейтін сияқты. Сонда қазақ тілінде келген хатқа қалай жауап береді екен деп таң қаламын. Өздері қазақ бола тұра, аудармашы іздейді.
Дайындық сыныбынан бастап қазақ тілінде білім алғаннан кейін қазақ тілінсіз өз өмірімді елестете де алмаймын. Тоғызыншы сыныпты тәмамдаған соң, қандай оқу орнына оқуға түссем деп көп ойланған жоқпын. Себебі ортаншы сыныптарда оқып жүргенімде осы Жанайдар Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжіне түскім келетін. Мұнда тек қана қазақ тілінде оқытады. Айналамда кілең қазақтар және Ленадан басқа өзге ұлт өкілі жоқ. Оның өзі қазақ тілінде сөйлейді. Сондықтан біз қазақ тілінде ғана сөйлейміз. Орысша, ағылшын тілінде аздап сөйлеймін. Бірақ қазақ тілін білетіндей деңгейде білемін деп айта алмаймын. Қазір туысқандарымды да онша көп көрмеймін. Олармен кездескенде орысша сөйлесуге тура келеді.
Қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері, мейрамдары, оның ішінде Наурыз мейрамы ұнайды. Баланың дүниеге шыр етіп келгенінен бастап, о дүниеге аттанғанына дейін той ғой, шіркін. Орыс халқында ондай емес. Шағын ғана өзінің туған-туысы мен ең жақын деген достарын шақырып той өткізеді. Ал біздің қазекемдер ұлан-асыр той жасайды. Солардың ішінде қызға сырға салу, қыз ұзату сияқты аруларын әспеттеп, алақанында ұстайтын әдемі салт-дәстүрлері өзінің сән-салтанатымен маған ерекше ұнайды. Егер болашақта Надежда Лушникова апаларым сияқты қазақтың келіні болып жатсам, осындай салт-жоралғымен ұзатылғым келеді. Айналамда араласып жүрген жолдастарым, достарым бәрі қазақтар. Сондықтан бір қазақпен шаңырақ көтерермін деп ойлаймын.
Бесік жырын да жатқа білемін. Болашақта өз бөбегімді бесік жырымен әлдилеп, қазақтың әдемі әндерімен ұйықтатар едім. Ашамайға отырғызу, сүндет той, тұсаукесер сияқты салт-дәстүрлердің де орындалуын қадағалар едім. Себебі қазақтың әрбір салт-дәстүрінде ұрпақ тәрбиесі жатыр. Өзім қыз қуу ойынына қатысқаным да бар. Жылқыны жақсы көремін.
Ұлы Мұхтар Әуезов те «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демейді ме. Міне, осы тұрғыдан алғанда, балаларымызды бесік жырымен әлдилесек, барлық әдебиетіміз бен мәдениетімізді бала жастан бойына сіңіре берсек, одан асқан патриот болмайды. Қазіргі қазақ эстрадасында нағыз қазақы болмыс-бітімі өзіне жарасқан, әрбір әні мен шығармасында қазақтың иісі аңқып тұратын бүгінде көп әндері хитке айналған Төреғали Төреәлі деген әншінің әндерін жаным жақсы көреді. Ол өзі айтыс ақыны болғандықтан, сөз қадірін білетін адам. Сондықтан, кез келген әнінің сөзі мен мән-мағынасы жарасып тұрады. Тіпті қазақ қызға үйленем деген әзіл-қалжыңға толы әні де өзіндік ерекшелігімен басқа әншілерден бөлектеніп тұрады. Бос уақытымда күй тыңдаймын. Ұйықтар алдында күй тыңдаймын.
Отбасында қазақ тілінде тек қана мен сөйлеймін. Анам орыс тілінде сөйлейді. Үйдегі қарым-қатынас орыс тілінде өрбиді. Олар қазақ тілін жақсы түсінеді. Ата-бабам тың игеру жылдары Қазақстанға жер аударылып келген. Содан бері менің ата-анам, біз осы елде туып-өстік. Сіз айтпақшы, тарихи Отанға оралыңдар деп жатса, онда мен өзім жалғыз қалсам да, Қазақстаннан асып ешқайда бармаушы едім.
Жас қазақ: Елімізге деген сүйіспеншілігіңіз, қазақ тіліне деген құрметіңізге бас иеміз. Валентинаға кезек берейік.

valentina-del-5

Валентина Дэль,
3-курс студенті:
– Мен колледжге дейін тек қана орыс тілінде сөйлейтінмін. Себебі он бір жыл бойы орыс сыныбында білім алдым. Мектепте орыс сыныптары арасында өтетін қазақ тілі мен әдебиетінен олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрдім. Қазақ тілін Лена мен Лададай жетік білемін деп айта алмаймын, десек те, бір адамдай сөйлеймін. Оқуға түскен жылдары қазақша оқудың қиын екендігін көріп, жастықты жастанып алып жылаған күндерім болды. Дегенмен уақыт өте келе үйреніп кеттім. Әрине, өкінетін күндерім болды. Бірақ маған қазақтың қыздары сабақ барысында көп көмектесті. Олардың бойында кішіпейілділік, жомарттық, мейірімділік қасиеттер тұнып тұрады екен. Солардың қол ұшын беріп, түсінбеген жерлерді айтып жіберіп, үйретіп жіберіп, менің тілді тез меңгеруіме көмек болды. Отбасымда туғандарым, айналамдағы достарым бәрі орысша сөйлейді, орысша ойлайды. Мен өзім колледжге келген кезде ғана қазақ тілінде сөйлеймін. Тіпті қоғамдық орындарға, автобустарда жүрсек те, дүкеннен бір зат сатып алу үшін орыс тілінде сөйлеу қажет. Қонысбай ауылында бүгінде үш отбасы орыс ұлтының өкілдері тұрады. Қазақ ауылы. Барлық тұрғындар қазақша сөйлейтін шығар деп ойлайтынмын. Жоқ, олай емес екен. Аралас сөйлейді. Орысша да, қазақша да тіл табыса береді. Ата-анам қазақ тілі және әдебиетіне оқуға түсер алдында «Сен олардай жетік білмейсің. Қиын болады» – деп ақыл-кеңесін берді. Бірақ мен оларға «Қазақ тілін одан да жақсы білгім келеді» – дедім. Егер сіздер мен ағылшын тіліне оқуға баратын болсам, қарсы болмас едіңіздер ғой, үйрен, оқы деп айтар едіңіздер. Міне, дәл сол сияқты мен қазақ тілінде оқимын деп, осында өз еркіммен құжаттарымды әкеліп, емтихан тапсырып оқуға қабылдандым.
Біздің отбасымыз орыс болса да, қазақтың еті мен қымызын бәріміз ұнатамыз. Бауырсақ та пісіреміз. Бізді кейбір қазақтар борщ сияқты тағамдарды ғана дайындайды деп ойлайды. Жоқ, біз қазақтар сияқты ет жегенді ұнатамыз.

veronika-kargina-6

Вероника Каргина, 1-курс студенті:
– Мен әнді сүйгендіктен, қазақ педагогикалық колледжінің музыка бөліміне оқуға түстім. Қазақ тілін балалық шақтан, дайындық сыныбынан бастап білемін. Алты жасымнан бастап өмірім музыкамен байланысты. Қалалық, облыстық, республикалық байқауларға қатыстым. Астанада «Таңшолпан» республикалық байқау өтеді. Сонда жыл сайын балалар үйінің атынан қатысып, жүлделі бірінші, екінші орындарды иеленіп жүрдім. Өзім фортепиано класында оқимын, домбыра класына қатысамын. Қазір әр музыкалық аспаптың кіріспе сабақтарын оқып жатырмыз. Алдағы уақытта осы фортепиано мен домбыраны иегеріп шығамын деп ойлаймын. Бүгінде қазақ тілін өзге ұлт өкілдері жақсы біледі деп айта аламын. Өйткені, тәуелсіздік алғаннан бергі жылдары аралас мектептер көбейді ғой, сонда олар қазақ сыныптарымен араласып, қазақ балаларымен достар тапты.

Міне, өздеріңіз оқығандай өзге ұлт өкілдерінің балалары осылай сөйлейді, ойлайды. Конференцияны ұйымдастыру барысында біз олардың тілдеріне қиянат жасап, әрлеген жоқпыз. Негізгі сорабын сақтауға тырыстық. Бір қуанғанымыз – өзіміздікінен өзгенің пейілі кем емес екен.

Дайындаған
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Ақмола облысы

17 шiлде, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде