Биыл қай әншінің есімі жұрт аузында? (видео)

24 желтоқсан 2016, 17:04

Күні кеше ел алдында жүрген айтулы азаматтардың, сахна жұлдыздарының балалы болғандары мен шаңырақ көтергендерінің қуанышын бөліскен едік. Бірақ өмірдің тек қуаныштан тұрмайтыны, өмір болған соң жағымсыз жайттар мен дау-жанжалдың болатыны белгілі. Сол себепті бүгін биыл басы дауға қалып, шу шығарған шоу-бизнес өкілдерін еске түсірмекпіз.

 

Көктем шыға салықшылар сахна жұлдыздарының салық төлеу мәселесін көтеріп, 2015 жылы әр шоу-бизнес өкілінің ел алдында атын атап, түсін түстеп, тапқан табысын тиынына дейін санап көрсетті. Осы орайда 163 салық төлеушінің 41-і ғана жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендігі анықталды.

​Биыл дүйім жұртты шулатқан шоу-бизнес өкілдері кімдер? - Фото

Сонымен, 2015 жылы әнші Бүркіттің табысы (доллардың ескі бағамымен алғанда) 1 миллион АҚШ долларын құраған. Асхат Тарғын 172,8 млн, Алишер Кәрімов 135 млн, Ділназ Ахмадиева 108 млн, Бақтияр Мамедов 90 млн, Әли Оқапов 54 млн, Жанар Дұғалова 45 млн теңге табыс тапқан.  Есімдері аталған өнер жұлдыздары қомақты табыс тапқандарына қарамастан, салық төлемеген. Луиза Қарынбаева (Луина) мен Мақпал Исабекова жеке кәсіпкер ретінде тіркелсе де салық төлеуден бас тартқан.

​Биыл дүйім жұртты шулатқан шоу-бизнес өкілдері кімдер? - Фото

Журналистер жауап сұрай барғанда, барлығы дерлік бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын, рас болған күннің өзінде шығыстарының шаш етектен екенін айтып безек қаққан еді.

Қоғамда резонанс тудырған биылғы жылдың басты оқиғасы Баян Есентаеваның басында болды. 10-маусымда шет елден келген продюсерді жұбайы Бақытбек әуежайдан күтіп алып, жол бойында соққыға жығып, пышақ салған. Дер кезінде жеткен үлкен қыздары Айсәуле анасына араша түсіп үлгереді. Баян Мақсатқызы дереу ауруханаға жеткізіліп, ота жасалды. Жолдасының соққысынан мұрны сынып, көзіне зақым келіп, бас-ми жарақатын алған продюсер тергеу процесінің өн бойында бірнеше ай бойы шет елде ем қабылдады.

​Биыл дүйім жұртты шулатқан шоу-бизнес өкілдері кімдер? - Фото

Бұл оқиғаның нүктесі қазан айында ғана қойылды.  Ерлі-зайыптылардың бұл күйге жетуіне қызғаныш себеп болғанын Баян Мақсатқызының өзі де мойындады.  Бақытбек Есентаевқа әуелде денсаулыққа ауыр зия келтіру, кісі өлтіруге талпыну, жыныстық сипаттағы зорлық әрекеттері, күш қолдану баптары бойынша айып тағылды. Әйелін соққыға жыққанда Бақытбек Есентаевтың мас болғаны да айтылды. Сот отырысы басталған кезде Баян Мақсатқызы арада екі бала бар екенін ескеріп, 22 жыл отасқан  күйеуін кешіретінін мәлімдеді. Дегенмен сот Бақытбек Есентаевты 9 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл оқиғаға дейін Бақытбек Есентаевтың құмар ойыннан үлкен соманы ұтылып қалып, төбелес шығарғаны түсірілген видео ғаламторда кең тарап кеткен болатын. Ол кезде Баян ханым төбелес шығарған адамды танымайтынын айтып, жұбайын ақтап алған-ды.

​Биыл дүйім жұртты шулатқан шоу-бизнес өкілдері кімдер? - Фото

Баян Бақытбек Есентаевқа 20 жасында тұрмысқа шыққан. Қазірде Айсәуле және Айару есімді екі қызы бар. Жолдасына үкім шығарылып, істің нүктесі қойылғаннан кейін тілшілерге кең көлемді сұхбат беріп, біраз сырымен бөлісті. Продюсер осы оқиғаға дейін жолдасынан үш рет ажырасуды өтінгенін, бірақ оның рұқсат бермегенін, күйеуінің өзін шексіз сүйгенін, өзінің сол махабатты көтере алмағанын айтып, енді өз бақытын іздейтінін де жасырмады. Не де болса қайырын тіледік!

​Биыл дүйім жұртты шулатқан шоу-бизнес өкілдері кімдер? - Фото

Бұдан кейін кезекті дауға Шымкенттегі кілем фабрикасында тілшілерге дүрсе қоя берген Төреғали Төрәлі ілікті. Жұлдызы жанып, қазақ эстрадасының төріне жылдам көтерілген жас әншіге  сұхбат алып тұрған журналистердің бірінің «қолыңды қалтаңнан шығарып тұр» деген ескертуі жақпай қалған еді. Видео желіде кең тарап, әнші көпшіліктің қатаң сынына ұшырады.

Қазақстан шоу-бизнесі жыл сайын жаңа топтармен толығып, өнерге жаңа леп, жаңа серпін қосылуда. Бірақ осы тұрғыда дау көп. Себебі дәстүрлі қазақ өнері мен есті әндерді жоғары бағалайтын сахна саңлақтары жаңашыл жастардың «өнері жеңіл, қазақтың санасы мен өнерін өлтіреді» деп айыптайды.

​Биыл дүйім жұртты шулатқан шоу-бизнес өкілдері кімдер? - Фото

Осындай дау Ерболат Беделхан жетекшілік ететін «Ninety one» тобына қатысты туындады. Тек көпшілік бұл топтың өнеріне емес, сыртқы түр-келбеттеріне қарсылық білдірді. Олардың киіну стилін, сырға тағып, шаштарын бояуын қазақ азаматына жат,  қызтекелікті жарнамалу деп сөкті. Алғаш болып оларға отандық бағдарламалардың бірінде белгілі айтыскер ақын Ринат Зайытов шүйлікті. Осыдан кейін Бекболат Тілеухан, Төреғали Төрәлі сынға алып, Бағлан Әбдірайымов сес көрсетті. Қоғам да қарсы шығып, топтың бірнеше қаладағы концерттері өтпей қалды. Дегенмен бұл шабуылдар «91» тобына жақсы пиар жасап, танымалдылықтарын арттырды. Бірнеше апта бұрын аты шулы топтың «Қалай қарайсың» әніне түсірген бейнебаяндары жарық көрді. Бұл кезде де топтың «ит терісін басына қаптағандар» аз болған жоқ.

Ал жақында, Қыдырәлі Болманов ел күтпеген тосын мәлімдеме жасады. Жазғытұрым жұбайы Қарақат Әбілдина еріне тоқал  алып бермек ниеті бар екенін айтып, жалпақ жұртқа жар салған болатын. Іле-шала екеуі бұның қалжың екенін айтып, ақталған-ды. Күзде шыққан «Ұят емес» бағдарламасында Қарақат өзінің тоқал екенін мойындап, Қыдырәлінің өзіне дейін бір үйленгенін алғаш рет жария етті. Қазақ халқына қадірлі жұптың тосын мәлімдемелері бұнымен аяқталмады.

​Биыл дүйім жұртты шулатқан шоу-бизнес өкілдері кімдер? - Фото

Қыдырәлі Болман жуырда тоқал алу тақырыбын жұрттың назарын ушыққан жер мәселесінен әкету үшін ойлап тапқанын мәлімдеді. Сәуірде қазақ жерін шет елдіктерге жалға беруге қоғам қарсы шығып, еліміздің бірнеше қалаларында толқулар өткен-ді. Қыдырәлі толқудың төңкеріске ұласып кетпеуі үшін қара басын «құрбандыққа» шалып, осындай қадамға барғанын мойындады. Әйтсе де, ел сыйлы азаматтың бұл қылығын кекесінмен қабылдап, «Болманов болмаса жерсіз қалғандай екенбіз» деген сыңайдағы сыни пікірлер Қыдырәлі мен Қарақаттың тарапына толассыз жауды.

​Биыл дүйім жұртты шулатқан шоу-бизнес өкілдері кімдер? - Фото
Осы даудың қызуы басыла бере, КешYou тобының мүшесі, жақында көрерменге жол тартқан «Гламур для дур» фильмінде басты рөлді сомдаған Ақбота Сейтмағамбет сынның астында қалды. Оған себеп болған әншінің тұрмысқа шығуы туралы жаңалық. Продюсері Баян Мақсатқызы Ақботаның тұрмысқа шығуына байланысты топтан кетітінін, топ құрамы жаңаратынын айтқаны сол екен, желі қолданушылары бақытты жігіттің кім екенін болжауға көшті. Нысанаға Ақботаның «Гламур для дур» фильмінде сүйіктісін сомдаған Дәурен Айдарқұлов ілікті. Бұған актердің келіншегінің әлеуметтік желіге отбасылық суреттерін жүктеп, жүктілігін сылтау еткен сылқымның күйеуін тартып алуына жол бермейтінін жазуы себеп болған. Ұзақ уақыт жақ ашпаған Ақботаның шыдамы шегіне жетті ме, кезекті жазбаларының бірінде барлық қаңқу сөздің нүктесін қойды.

​Биыл дүйім жұртты шулатқан шоу-бизнес өкілдері кімдер? - Фото

«Қайырлы күн достар! Сіздерге өзімнің жеке өмірім жайлы айтқым келіп отыр. Иә, Ержан мен Әли, Даурен мен … Бәрімен қосып шықтыңыздар. Енді сіздерге айтарым, Мен ешкімнің отбасын бұзған жоқпын. Менің Дәурен Айдарқұловпен ешқандай қарым-қатынасым жоқ. «Кинода да маxаббат,өмірде де маxаббат болып кетіпті» дегендерге: Ол кісіге қосуды доғарыңыздар! Менің тұрмысқа шығатын болашақ жарым мүлде өнер адамы емес.

Ал Даурен Айдарқұловқа келетін болсақ, отбасылық жағдайын өздері шешсін. Тек мені араластырмауларын сұраймын. Мен ешкімнің отбасын бұзған жоқпын. Білемін мені қанша қарғадыңыздар, жек көріп кеттіңіздер, ластадыңыздар, түрлі-түрлі жүрекке тиер сөздер айттыңыздар. Мен бәрін түсінемін. Алла қаласа келесі жылы той!

Әркім өз отбасымен бақытты болсын. Өздерінің лас тірліктеріне мені қоспасын. Егерде бақытты отбасы болса,осыншама айқай-шу шығарып, елді дүр сілкіндірмес еді. Не дейін енді бақытты болыңыздар!»-деп жазған еді ол.

​Биыл дүйім жұртты шулатқан шоу-бизнес өкілдері кімдер? - Фото

Жыл соңындағы соңғы дау Мерует Түсіпбаева мен Жадоның (Жадыра Сахиева) арасында өрбіп жатыр. Даукес Меруерт Түсіпбаева отандық бағдарламалардың бірінде өзінің стиліне қатысты ойын айтқан сәнгер Жадоны әлеуметтік желіде «білімсіз әрі семіз» деп сынға алып, білім алуға, арықтауға кеңес берген болатын. Меруерттің сөккені жалғыз Жадо емес. Одан кейін әнші Алматыдағы мешіт молдаларына шүйлігіп, шала молдаға теңеген еді.

Әншінің әлгі сөзі сәнгерді ауруханадан бір-ақ шығарды. Мұны көтере алмаған Жадо кейін сотқа жүгініп, әншінің үстінен арыз түсірген. Ал күні кеше өтуі тиіс сот отырысына Меруерт ханымның келмегені туралы ақпарат тарады. Ендігі сот отырысы қаңтардың 10-жұлдызына белгіленген. Оқиғаның қалай өрбитінін уақыт көрсете жатар.

Жылдың аяқталуына бір апта уақыт қалды. Сол аралықта  енді ешкім шулатып жүрмесе болды. Жаңа жылды жанжалсыз қарсы алайық!

 

reactor.inform.kz

Бүгін, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде