Еліміздегі саяси партиялар халық пен билік арасындағы алтын көпір іспетті. Олар ел тұрғындарының талап-тілегін билікке жеткізіп, оның орындалуын қадағалайды. Бұл ретте «AMANAT» партиясының орны бөлек. Сайлаушылар аманатын орындайтын, қалың бұқараның үніне құлақ асатын ұйым. Партия Парламент пен мәслихаттардағы өзінің депутаттары арқылы сайлаушылардың аманатын орындап, елге қызмет етеді. Еліміздің барлық өңірлеріндегі қабылдау бөлмелері мен қоғамдық кеңестері халықтың мұң-мұқтажына құлақ түріп, билік орындарына жеткізеді. Тек жеткізіп қоймай, оң шешім қабылдануына ықпал етеді. Партия мемлекетті өркендетуге, оны озық елдер қатарына қосуға, халықтың тұрмысын жақсартуға күш салады. Беделді ұйым осы мақсат жолында Мемлекет басшысының қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларын толықтай жүзеге асыру жолында жан-жақты қолдау көрсетеді. Оқырманға «AMANAT» партиясының Солтүстік Қазақстан облысындағы игілікті істері туралы баяндаған тілшіміздің мақаласын ұсынамыз.
Биыл еліміздің бірқатар өңірі су тасқынынан зардап шеккені белгілі. Табиғат апатына тап болған өңірлердің бірі – Солтүстік Қазақстан облысы. Әсіресе, Қызылжар және Есіл аудандары өте көп шығынға ұшырады. Қаншама адам баспанасынан айырылды. Солардың бірі – Есіл ауданы Покровка ауылында тұратын жалғыз басты ана Инга Тодоровская.
Инга жастайынан жетім өсіп, тағдыр тауқіметін көп тартты. 6 жасында анасы бақилық болған соң, тәтесінің қолында тәрбиеленіпті. Жетім ретінде ұзақ жылдар бойы пәтер кезегінде тұрған. Бірақ жуық арада пәтерлі бола алмайтынына көзі жеткен соң, жалдамалы баспанадан жалыққан жалғызбасты ана басқа жолдарын қарастыра бастайды. Құдай қосқан қосағымен дәм-тұзы жараспай ажырасқалы бала тәрбиесіне жауапкершілік өз мойнында. Әлеуметтік педагог мамандығы бойынша жоғары білім туралы дипломы қолына тиген соң, Инга 2021 жылы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына қатысып, Покровка ауылынан үй сатып алды. Оған бұл мақсатқа мемлекеттік бағдарлама бойынша 4 миллион 300 мың теңге бөлінген-тін. Таңдаған үйі Береговая көшесінде еді, яғни Есіл өзенінің жағасында. Биыл көктемде табиғат тосын мінез танытып, Инганың үйі топан су астында қалды. Үйдің іші-сырты, едені, терезесі, қабырғасы, есігі, төбесі, тіпті жиһазы да жарамсыз күйге түсті. Ол аздай, бұдан бір жыл бұрын осы үйде өрт болып, жөндеп, есін жиғалы да аса көп уақыт өте қоймаған.
«Кез-келген әйел сияқты үйімнің жайлы болғанын қалаймын. Сол себепті өрттен соң жаңа терезе орнатып, жылы еден, жаңа линолеум төсеп, түсқағаз жапсырып, төбесін жаңартқанмын. Келесі жылы сыртын жаңартам деп жоспарлап отырғанда, осындай жағдайға душар болдық», — дейді Инга.
Қиын жағдайға тап болған Инга көмек сұрап, құзырлы орындардың есігін талай қақты. Су басқан үйлердің жай-күйін анықтайтын комиссия оның сау-тамтығы қалмаған баспанасын тұруға жарамды деп тапты. Тіпті үйді жөндеу мақсатына өтемақы да тағайындалды. Үйі жөндеуге келмейтінін айтып, жалғызбасты ана талай табалдырықты тоздырғанымен, естір құлақ жоқтығына қапаланды. Тек «AMANAT» партиясының республикалық қоғамдық қабылдауының жедел тобы жалғыз басты ананың зарына құлақ түріп, көмек қолын созу керек деген шешім қабылдады. «AMANAT» партиясының атынан сайланған Есіл ауданының әкімі Мереке Мұхамедияров та бұл бастаманы қолдап, ақырында толық емес отбасыға басқа үй сатып алынды. Бұл – су жаңа баспана болмаса да, су тасқынынан зардап шекпеген, тұруға жарамды үй. Инга мен оның 11 жасар ұлының қуанышында шек жоқ. 2 жатын бөлмесі, қонақжайы, ас бөлмесі бар. Оған қоса үйіне су тартылған. Гараж, монша, сарай, құс қорасы, отын сақтайтын жер сияқты қосалқы құрылыстың барлығы бар. Әсіресе, алма ағашы, шие, таңқурай, қарақат өсетін бау-бақшаға қатты қуаныпты. Арнайы бөлінген 580 мың теңгеге өз ақшасын қосып жаңа жиһаз сатып алған.
«Өмірдегі қиындықтар адамдарды тек шыңдайды деп ойлаймын. Мен қаншама тауқімет тартсам да, еш мойыған емеспін, тек одан сайын мықты бола түстім. Покровка мектебінде 3 жылдан бері әлеуметтік педагог болып еңбек етіп жүрмін. Ұлым – жанымда, осы мектепте оқиды. Басымда баспанам барына, төтенше жағдай кезінде киім-кешек, азық-түлік түрінде гуманитарлық көмек берілгеніне ризамыз. Бәрі де көңілімнен шығып жүр, мың да бір тәуба. Тек «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы бойынша ескі үйіме алған несиенің тағдыры толғандырады», — дейді Инга Автондиловна.
«Көп түкірсе — көл» дегендей, биылғы алапат су тасқынына орай жарияланған төтенше жағдай кезінде халық бір жеңнен – қол, бір жағадан – бас шығарып, жұдырықтай жұмылды. Еліміздің басты қозғаушы күші – «AMANAT» партиясы ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңде тұрғындарды күш біріктіруге үндеп, алдыңғы шептен көріне білді. Дамбаларды бекіту, тұрғындарды эвакуациялау, тамақтандыру, гуманитарлық көмек қабылдау және тарату қосындарында білек сыбанып жұмыс істеді.
Роза ШӘКЕНОВА,
Солтүстік Қазақстан облысы