«Бір рет татып, тәуелді болдым»

30 қыркүйек 2022, 11:19

Өткенде қаладағы ірі ойын-сауық орталығының маңынан 4 жасар балам екеуміз өтіп бара жаттық. Бір кезде ұлым «Анашым қарашы, ақ жейде киген бала түтін шығарып жатыр» деді. Қарасам, ақ жейде киген үш жасөспірім электронды темекіні кезек-кезек шегіп тұр. Ешкімнен қымсынатын емес. Жандарына барып, «Қай мектепте оқисыңдар? Мына заттың зиян екенін білесіңдер ме?» дегенім сол еді, әлгі үшеуі үндеместен тайып тұрды.

Кейін тағы бірнеше жерден осындай көріністі байқадым. Қаладағы мектепке жақын орналасқан азық-түлік дүкендерінде әлгі заттың емін-еркін сатылып жатқанын да көрдім. Сұрастыра келе, жастардың осы бәлеге құмарлығы артқанын білдім. Ұл баланы былай қойғанда, қыздар да елти бастапты.

Алматының тұрғыны, көпбалалы ана Гауһар Әлімқызы 9-сынып оқитын ұлының сөмкесінен электронды темекіні тауып алыпты.

«Жақында ұлымның сөмкесінен фломастерге ұқсас бір зат тауып алдым. Бірден суретке түсіріп, интернеттен қарадым. Сөйтсем, бұл электронды темекі екен. Онысымен қоймай неше түрлі дәмдері де бар. Бағасы да арзан емес. Бір талы 1800-3600 теңгенің аралығында. Онда да бұл бір реттік пайдаланатыны. Ал телефон сияқты қуат алатыны 15 мың теңгеден жоғары тұрады. Ұлыммен бұл жайында әкесі үшеуміз жақсылап сөйлестік. Мұғаліміне де айтып қадағалауын өтіндім. Ата-аналар жиналысында да осы туралы ескерттім. Қазір мұндай заттар дүкендерде ашық сатылуда. Тіпті кәмелетке толмаған балаларға да сата береді. Соған алаңдаймын», – дейді ол.

Соңғы кезде қоғамда электронды темекінің зияны аз деген түсінік қалыптасқан. Жасөспірімдерді қызықтырып, түрлі дәм мен иістен тұратын «вэйп» деп аталатын құрылғы бүгінгі күннің ең өтімді тауары. Көп дүкенде самсап тұр. Ал осы құрылғы қаншалықты зиянды? Оның құрамында не бар? Осы сауалдардың жауабын біз медицина саласының маманынан білдік.

Алматы қалалық №22 аурухананың нарколог дәрігері Назгүл Оразбекқызы «электронды темекінің зияны кәдімгі темекімен бірдей» дейді.

Назгүл Оразбекқызы, Алматы қалалық №22 аурухананың нарколог дәрігері:

«Заман ағынына сай электронды темекінің түр-түрі шығып үлгерді. Әсіресе, ересек адамдар арасында соны тұтыну арқылы шылым шегуден арыламыз деген қате түсінік қалыптасты. Ал қазіргі жастар мен жасөспірімдер вэйп, эльф-бар дейтін түрлеріне құмарлық танытуда.
Электронды темекінің құрамында глицерин, пропилингликоль, никотин, түрлі дәм беруші ароматизаторлар мен иіс беруші химиялық қоспалар бар. Бұл заттар адамның тыныс алу жүйесін зақымдап, өкпенің қатерлі ісігі, қан айналым жүйесінің аурулары мен жүректің ишемиялық ауруларын тудырады. Сонымен қатар, ағзаның иммундық жүйесіне кері әсерін тигізеді. Ал никотиннің адам денсаулығына зиянды екенін барлықтарыңыз білесіздер. Сондықтан электронды темекінің зиянды екенін өскелең ұрпаққа жан-жақты түсіндіру керек. Алдын алу жағын ересектер ертеден ескерсе екен».

Қоғам белсендісі Бағила Балтабаева жас ұрпақтың электронды темекіге әуестігін қойдыру мақсатында денсаулық сақтау министрлігі мен оқу-ағарту министрлігі тарапынан ешқандай жұмыс жүргізілмейтінін сынға алды.

Бағила Балтабаева, Қазақстан ата-аналар одағының өкілі, қоғам белсендісі:

«Бүгінде балаларға қатысты мәселенің барлығы өзекті. Қай саланы алып қарасақ та, қазіргі болып жатқан жағдайлардың барлығы үрейлі. Ғаламтордың пайдасынан зияны артып тұрған шақта, балаларымыздың өзге елдің теріс дүниелеріне еліктеп, құрдымға кетіп бара жатқанына налимын. Қазір ұл түгілі қызға да «Қой, болмайды!» дейтін сөзді айта алмайтын дәрежеге жеттік. Тіпті өзгенің емес, өзіңнің балаңа да ақыл айта алмайсың. Бәрі шетінен ақылды. Қандай тақырыпты айтсаң да, телефонға телміріп, бірдеңені іздейді де тұрады. Бізбен емес, телефонмен «сырласады». Міне, қазіргі жастардың кескін-келбеті осы. Өткенде қоғамдық көлікте үлкен кісіге орын бермей, онымен қоймай тіл қайтарған оқушының видеосын көріп жағамды ұстадым. Неше түрлі зиянды заттарды пайдаланған балаларымыз ашулы. Қоғамдық ортада өзін-өзі ұстауды білмейді. Ұрпағымыз осылай кете беретін болса, болашақ не болмақ? Алуан түрлі зиянды дүниенің ішінде кәмелетке толған жастардан бөлек, мектеп қабырғасындағы жасөспірімдердің әлден әуестеніп шегіп жүргені – электронды темекі. Бұл заттан еш жақсылық күтудің қажеті жоқ. Өз басым электронды темекіні болашақ ұрпақты улап жатқан үлкен дерт дер едім. Жастардың денсаулығын құртудан басқа ештеңе емес!

Жастардың санасын улаған есірткіден қалай құтыларымызды білмей жүргенде, электронды темекіге деген сұраныс күннен-күнге артып келеді. Оның зияны мен залалы қанша рет жазылып та, айтылып та келеді. Бірақ шын мәнінде күресудің тетігі жоқ. Балалар жылында «қауіпті заттардан қорғану үшін не істеу керек» деген сияқты мәселелер де тыс қалып қойды. Балалар жылында көрікті көрме көрсетіп, ойын-сауық кештерін ұйымдастырып, ән мен биден әріге аса алмадық. Электрондық темекі де үлкен қасірет. Оны сататын дүкендер мен онлайн сауда орталықтарына «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқ. Мерейімізді асырып, білім алып жүр деген кейбір балалар электронды темекінің арбауында. Оқушыларды еліткен бұл темекінің жарнамасына сүйенсек, электронды түрі шылым шегуді азайтады, әрі оның еш зияндығы жоқ екен-мыс».

Иә, маманның айтуынша, электронды темекінің залалы зор. Ал мектепте оқып жүрген оқушы шылым шегуден арылғысы келе ме? Әлде оларға әсер етіп тұрған бұл құрылғының біз білмейтін сиқыры бар ма? Осы орайда біз жасөспірімдердің электронды темекіге жаппай әуестігінің себебін психолог мамандардан сұрап білдік.

Гүлбақыт Маратқызы, балалар психологы:

«Жасөспірім қазірден никотинге тәуелді болса, болашақта одан арылу қиынға соғады. Кейбіреулер бұл әуестікті өтпелі кезеңмен байланыстырады. Алайда бұл негізгі себеп емес. Бала бұл заттың зиянды екенін білмейді. Көбінесе мектеп жасындағы балаларға әсер ететін ең бірінші жағдай – араласатын ортасы. Біз осы зат пайда болғалы бері оқушылар арасында арнайы зерттеу жүргізіп көрдік. Анонимді сауалнама толтыру барысында жасөспірімдердің көбі ең алғаш өз орталарында шегіп көргендерін жазды. «Бір рет татып көріп, тәуелді болып қалдым» дегендері көп кездесті. Оның үстіне, бізде балалардың көбі ата-анасымен ашылып сөйлеспейді. Кей бала үйінде мінезі тұйық, тіл алғыш көрінгенімен, өз ортасында белсенді болуы мүмкін. Өйткені ол қатарластарының арасында өзін еркін сезінеді. Ата-анадан жасыратын құпиясы көбейеді. Ата-анасымен еркін әңгімелесетін балалармен жұмыс істеу жеңіл. Олар өз ойларын, мазалаған нәрселері мен сырларын ашық айтады».

Балалар психологы Алмагүл Жексембайқызы «Вэйптер зиянды емес дейтіндердің ойын түсінбедім» дейді.

Алмагүл Жексембайқызы, балалар психологы:

«Вэйп дегеніміз – жоғары сығымдалған аэрозоль, қарапайым тілмен айтқанда, ішке жұтатын бу. Ал буды бұлай ішке пайдалану да зиянды есірткіні пайдаланумен бірдей. Токсикомандарды еске түсірейікші.

Желім, толуол, басқа да зиянды заттарды иіскейтіндер. Олардың санасының уланғаны соншалық, ой-өрісі де төмендеп, психикалық ауытқуға ұшырайды. Сол сияқты электронды темекінің де зардабы мол. Бұл затқа тәуелді болған бала, оның ықпалынан шыға алмай қалады. Ата-анасын алдау, вэйп қолданатынын жасырумен қатар, өз үйінен ақша ұрлау сияқты іс-әрекеттің көбейетіні анық. Сондықтан бұған әуестенген бала, бірте-бірте тәуелді болғанын байқамай қалады. Ата-аналар, мұғалімдер балалармен ашық сөйлесіп, бұл құрылғының зияны туралы жақсылап түсіндіруі керек. Бізде ақпараттық түсіндіру жағы төменгі деңгейде. Қазірден бастап дабыл қақпасақ, ертең кеш болады!».

Баланың болашағына балта шауып жатқан электронды темекі кез келген дүкенде емін-еркін сатылуда. Қалтасының қампайғанын құп көретін саудагерлер өрімдей бала ақшаның шетін көрсетсе, темекінің кез келген түрін сатуға дайын. Онлайн сауданың тасы өрге домалап тұр. Үйдегі балаңыз төрде отырып-ақ қалаған электронды темекісін алдыра алады. Тіпті бұл құрылғыны үйге дейін жеткізіп беру тегін көрінеді. Кешке дейін жұмыста жүретін ата-ана баласының немен айналысқанын сұрамақ түгілі, бетіне қарауға уақыт таппайды. Баласы күндіз мектепке барса, кешкісін қолындағы смартфонымен «сөйлеседі». Өзіне қажеттің бәрін бір түймені басып-ақ басқара алады.

«Вэйп пайда болғалы бері оны ұрлайтын мектеп оқушылары көбейді» дейді Талғар қаласындағы шағын дүкеннің иесі Жазира Ыдырысқызы.

«Біздің дүкен мектепке жақын орналасқан. Түскі уақытта тамақ алуға оқушылар асығады. Заң бойынша, кәмелетке толмаған оқушыларға электронды темекі сатылмайды. Өткенде кешқұрым уақытта сусабын сұрап екі оқушы келді. Біреуі менімен бірге тұрмыстық заттар тұрған сөреге келіп әңгімеге айналдырды. Екіншісі кассаның жанында қалған болатын. Бір уақытта менің қасымдағысы өзі іздеген сусабынның жоқ екенін айтып кері айналды. Осы кезде қасындағысы дүкеннен шығып кеткен екен. Ішім бірдеңені сезгендей болып, бейнебақылау камерасын кері айналдырсам, вэйптің 3 талын алып кетіпті. Ертесі учаскелік полицияға барып, балалар бірден табылды. Ата-аналары мен мектеп басшылығына ескертілді. Осындай ұсақ ұрлықты кейде байқап қаламыз, адам толы кезде қарауға да мұрша жоқ», – дейді ол.

Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты ювеналды полиция инспекторы Бақытжан Болатбекұлы «Қазіргі ата-аналар балаларына ұрысуды білмейді» деген пікірде.

Бақытжан Болатбекұлы, Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты ювеналды полиция инспекторы:

«Жаңа оқу жылы басталғаннан бері бір ай уақыт өтпесе де, электронды темекіге әуес жасөспірімдердің мәселесімен бетпе-бет келіп отырмыз. Қазір бұған тек ұл бала емес, қыздар да үйір. Былтырғы оқу жылында тоғыз айда 12 балаға ескерту жасалса, биыл 4 балаға ескерту жасалып, екі баланың ата-анасына әкімшілік айыппұл салынды. Былтырға дейін бұл құрылғы емін-еркін сатылып келді. Мәселе ушығып бара жатқандықтан «Әкімшілік құқық бұзушылық» туралы кодекстің 411-бабына өзгеріс енгізіліп, 21 жасқа дейінгілерге, яғни жасөспірімдерге темекі бұйымдары, оның ішінде қыздырылатын темекі мен қорқорға ұқсас бұйымдарды және оларға арналған сұйықтықтарды пайдалануға қатаң тыйым салынды. Қазір білім ордаларымен ювеналды полиция инспекторлары тығыз байланыста. Қандай мәселе болмасын, бірлесіп шешімін тауып жатыр. Кәмелетке толмаған баланың әрбір әрекетіне ең бірінші ата-анасы жауапты екенін ескерткіміз келеді. Кәмелетке толмаған балаларға шылым сатқан дүкенші рейд барысында ұстаған жағдайда, оған да, дүкен иесіне де әкімшілік айыппұл салынады. Сонымен қатар «темекі мен темекі өнімдерін сатуға рұқсат» деген лицензиясы тексеріледі. Былтырдан бері бұл өнімдер дүкен сөрелерінен алынып, арнайы жасырын сөрелерде ғана сатылады. Бірақ ол ережені сақтап жатқандары шамалы».

Біз жастар мен жасөспірімдер белсенді араласатын «ТикТок» әлеуметтік желісінде анонимді сауалнама жүргізіп көрдік. Сауалнамаға 12-16 жас аралығындағы жеткіншектерден 100 шақты бала қатысты. Нәтижесі мынадай:
48 бала – электронды бір реттік вэйпті үнемі қолданады.
22 бала – бір реттік вэйпті бір-ақ рет қолданып көрген.
30 бала мүлде татып көрмеген.

Бұл 100 баланың тең жартысы бұл құрылғыға әуестеніп үлгергенін аңғартады.

Елімізде шылым шегушілердің саны азайғанымен, вэйпке құмартушылардың саны артып келе жатқанын денсаулық сақтау министрлігі де мойындайды. Министрлікке қарасты ұлттық денсаулық сақтау орталығының сарапшысы Жанар Қалмақова осы мәселені жыл басында көтерген болатын. «Келешекте вэйп айналымына да қатаң тыйым салып, қыздырылатын темекі мен оны тұтыну құрылғысын кәдімгі шылымға теңестіру арқылы акцизін көтеру керек» деген еді.
Сондай-ақ темекіге тәуелділікті азайту мақсатында «Темекі түтінінен азат Қазақстан» ұлттық коалициясы да темекі акциздерін көтеру арқылы, оны пайдаланушылардың санын қысқартамыз деп білек сыбанып отыр. Бұдан нәтиже шықса, қанеки!

Мақпал Ноғайбаева

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген