Бір рет дәмін татқан құрдымға құлайды

27 маусым, 11:48

1987 жылы 26 маусым күнтізбеге халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күні енді. Бұл күні Біріккен Ұлттар ұйымы Бас Ассамблеясы жершары тұрғындарына жастарды баудай түсіріп, денсаулығына зиян , өмірін тас-талқан қылған нашақорлықтың алдын-алуға және оның салдарына назар аударуға , күресуге үгіттеп, нашақорлықтан азат әлемдік қоғам құруды мақсат етті.

Елімізде үкімет тарапынан ғаламдық өзекті мәселе нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы кешенді шаралар атқарылып жатыр. Есірткі қылмысына қарсы құқық бұзушылықтар анықталып, заңсыз сауданы қыздырып, табыс көзіне айналдырған сайттар бұғатталуда. Өкінішке қарай әлем жұртын алаңдатқан бұл індеттің құрығы ұзын болып тұр. Біріккен ұлттар ұйымының мәліметінше соңғы он жылда есірткі тұтынушылардың саны әлемде 23 % өскен. Халықаралық ұйымның 2021 жылғы дерегі бойынша дүниежүзінде 296 миллион нашақор бар. Кейбір бейресми деректерге жүгінсек, Қазақстанда қазіргі таңда 150 мың адам есірткі құралдары, психотропты заттарға тәуелді болуы мүмкін деп болжайды.

Еліміздің психологтары психобелсенді заттарды тұтынушылардың көбейгеніне алаңдайды. Әсіресе, еңбекке қабілетті 20-40 жастағы ерлер, қыз-келіншектер есірткі, психотропты белсенді заттардың құрсауында шырмалып жүр. Бір мәрте тұтынып, дәмін көремін деп өмір-бақи сол медефрон, «скорость» сияқты кең тараған психотропты заттардың құлына айналып, осы шыңыраудан шығудың жолын іздеген науқастармен тілшіміз сұхбаттасып, мамандардың пікірін тыңдап қайтты.

Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының ерлер бөлімінде елуге жуық науқас есірткі заттары, алкогольді сусындарға тәуелділіктен емделіп жатыр.

Бізге сұхбат беруге келісім берген Дамир 25 жаста. Алматыда туған. Сымбатты жігіт. Тепсе темір үзетін көрікті бөріктінің сыртқы келбетінен есірткі заттарына тәуелді, ұрлық жасаған, бір жыл бойы далада түнеген адамға ұқсату қиын. Бірақ денесін қасынып, тырнағын мүжіп, сындыратын әдеті көзге оғаштау көрінді.

Дамир: «Скорость мені құртты»

«6 сыныптан есірткінің дәмін таттым. Ауладағы балалармен шөп шегуге әуес болдық. Колледжде оқыған кезде темекі сияқты оны жиі тұтынуды әдетке айналдырдым. Анам сезген жоқ. Мен үнемі білдірмеуге тырыстым. Бір күні досым «скорость» деген психотропты заттың дәмін татуға үгіттеді. Ол қазір түрмеде отыр. Әлгінің жарнамасы ұнады ма, бір көруге ынтық болдым. Бірінші тұтынған кезде бойымда күш, бір ғаламат құлшыныс пайда болды. Қыздармен тілдесудің шебері атанып, үнемі көңілім тасып жүрді. Оның бір дозасы он мың теңге. Бастапқыда бақыттан басым айналып, ұмытылмастай көңіл-күй сыйлаған «скорость» көп ұзамай бойымды билейтін, санамды басқаратын пульт сияқты затқа айналды. Іздеп, соны сатып алу үшін үйден безіп, ұрлық жасадым. Бір айда 30 келіге жүдеп кеттім. Кейде екі апта тамақ ішпеймін. Қарным ашып, ақша тапсам, тамақ ішемін деп армандаймын. Теңге табылған сәтте «скорость» сататын чатқа қалай сүңгіп, тапсырысты қалай тез бергенім есіме түспейді. Анам жекеменшік клиникада екі жыл бойы емдеді. Ақшасын аямады. Оқудан, жұмыстан қудалауға ұшырадым. Шипа қонбады. Уайымнан қажыған анам қазір ауыр халде жатыр. Отбасымда болып жатқан оқиғаларға қылдай жаным ашыған жоқ. Тағы да әлгі затты іздеп кетемін».

Ақырында Дамирді отбасы үйден қуып жібереді. Ол бір жыл бойы компьютерлік клубтарды, қонақ үйді паналайды. Базар, дүкенге барып, ұрлық жасауды әдетке айналдырады.

«Базарға барғанда мен костюм мен шалбар киіп барамын. Ол кезде мені ешкім ұры деп күдіктенбеді. Мені үш жыл бұрын үйден анам қуып шықты. Базардан көбіне техникалық затты ұрладым. Соны есірткі сатушылар бартер ретінде сатып алады. Басында «скорсть» мені батыл, идеяшыл етіп, керемет көңіл — күй сыйласа, қазір тұтынған кезде бойымды үрей билеп, түрлі дауыстар естимін. Үлкен көлеңкеден қашамын, ол қуады. Ал есіктің ар жағында сүйікті қызымның бөтен жігітпен тұрғанын, олардың дауысын естимін. Кейде адам жанын алатын бейнелер елестейді. «Скорость» мені құртты. Мен енді мәжбүрлі түрде емдейтін бөлімге жатамын. Өзімнен өзім кейде қорқамын. Анам ауыр халде. Қарындасымның көзіне қарауға бет жоқ. Орталықтан шыққаннан кейін қаладан жырақта мекендейтін нағашыларымның ауылына кетемін. Бала кезде кәсіпкер болғым келген. Синтетикалық есірткі оны күл -талқан қылды. Қымбат киім киіп, үнемі қалтам да, карточкам да теңге мол болатын . Қазір бір тиыным жоқ. Өзгеруім керек», — деп тырнағын жұлмалап, Дамир жерге қарады.

Алматы қалалық психикалық денсаулық сауықтыру орталығының психологы Айтолқын Жүзбаева есірткі құралдарын, психотропты заттарды қалада өскен балалар тұтынады деген пікірмен келіспейді. Тіпті бұл індет кедей отбасының дерті емес, бақуатты және лауазымды қызметте еңбек еткендерді де тұзағына іліп жатыр екен.

Айтолқын Жүзбаева: Ауылдан келгендер де есірткіге шырмалады

«Біздің жұмысымыздың негізгі мақсаты -аурудың алдын алу, профилактикалық шараларды ұйымдастыру. Жылдың басында білім бөлімі, аудандық, қалалық әкімдіктермен, полиция қызметімен бірлесіп, профилактикалық шаралардың жылдық жоспарын құрамыз. Биыл участкелік полиция инспекторларына 8, жасөспірімдер ісімен айналысатын инспекторларға 8 семинар, мектептегі педагогтар, психологтарға 8 жиын және 90 мектепте шәкірттерге есірткінің зияны және оны тұтынған баланың бойындағы белгілері бойынша баяндама оқыдық. Бұған қоса, ата-аналармен, жабық мектептерде ,әскери бөлімдер, төтенше жағдайлар қызметі , ҰҚК академиясында, жоғары оқу орындарында да есірткіден аулақ болуға үгіттейтін жиындар өткіздік. Қазіргі таңда жазғы қосындарда наркологтар семинарлар өткізіп жатыр. Есірткіге қарсы күрестің ең тиімді жолы оның зияны жайлы жастарды ақпараттандыру. Себебі, есірткі саудалаушылар, таратушылар психотропты заттар, есірткі құралдарының адам ағзасына зияны жоқ, бір дәмін татып көргенде ешқандай әсері болмайды деп жарнамалайды. Темекі сияқты шегіп, ұмытасың деп алдайды. Есірткі ешқашан ауыр, жеңіл деп бөлінбейді. Кез келген есірткінің жеңілі болмайды. Профилактикалық шаралардың тиімділігі жасөспірімдер оның қауіптілігінен хабардар болады.

Ауылдан келген жастар да нашақор.

Енді есірткі тұтынушылардың жас ерекшеліктеріне тоқталсақ, әртүрлі. Әсіресе 20-40 жас аралығында ерлер, қыздар тәуелділіктен араша сұрайды. Ата-анасы, бауыры есірткі тұтынған отбасының балалары тәуелді болады деген қате пікір. Қазіргі кезде бақуатты жанұяда өскен, әке-шешесі білімді, лауазымды қызметте жұмыс істейтін, қиыншылық көрмеген, жоқшылықты түсінбейтін, бірақ жағымсыз әдетке үйір жастар көмек сұрап келетіні жаңалық емес. Кәсіпкер, депутат, педагог болған науқастар да бар. Сол ақшаның көптігі есірткінің құлы болуға итермелейді ме, емделушілер өздерінің қалай тәуелді болып қалғаны жайлы түрлі себеп айтады. Тағы бір осы есірткі тұтынушыларға қатысты ел арасында шындыққа жанаспайтын әңгімені жоққа шығарғым келеді. Қалада өскен балалар осы пәлеге құмар деген жалған ақпарат. Қазір ауылдың балалары оқуға түсіп, арманын есірткі ұрлаған студенттер де бар. Өкінішке қарай өрімдей бойжеткендер де ауылда өсіп, тәрбиесі бөлек болса да, синтетикалық есірткінің шырмауында жүр. Бағасы тиімді ме, қолжетімді ме, пайдалану тәсілі тиімді ме, қазіргі таңда психобелсенді заттарда тұтынушылардың саны көбейді. Ел аузында мұны синтетикалық есірткі деп атайды. Өкінішке қарай, жұмысқа қабілетті жастар бұл індеттің құрығына ілініп жатыр. Өйткені синтетикалық есірткіні ұзақ уақыт тұтынған науқасқа ем қону қиын», — дейді психолог.

Осы орталықта үш аптадан бері емделіп жатқан Арнұрдың арманы жоқ. Бұл жігіт біртүрлі күйде отыр. Өзінің орталыққа қалай тап болғанын есіне түсіре алмады. Дауысы бәсең, әрі нашақор деген сөзге қатты намыстанып, есірткіге тәуелді емеспін деген сөзді бірнеше мәрте қайталады. Алматы облысында әскери бөлімде қызмет еткен жігіттің жасы 27. Үйленбеген. Ата-анасы ажырасқан. Есірткі құралдарын ұзақ уақыт бойы тұтынып, сыра, араққа тәуелділік апталдай азаматты осындай күйге түсірген сияқты. Әскери саладағы қызметіне қайта оралуға енді оған мүмкіндік жоқ. Есін енді жиғандай «есірткіге енді жоламаймын» деп шешім қабылдап, белді бекем буып отыр.

Арнұр: Менің мұнда емделіп жатқанымды ешкім білмейді

«20 жаста көршім марихуана шегуді үйретті. Өзім сатып алып, ақырында тәуелді болып қалдым. Алматы облысында әскери бөлімде келісімшартпен жұмыс істедім. Есірткі, арақ, сыраға тәуелділіктің нәтижесінде жұмыстан кеттім. Синтетикалық есірткіге ақша таппай қалғанда сыра, арақпен бойымды кернеген құмарлықты басамын. Орталыққа полиция қызметкерлері алып келіпті. Мұнда қалай жеткізгені есімде жоқ. Ешнәрсе бүлдірген жоқпын. Өзімнің әрекетімді дұрыс деп ойлаймын, есірткіден бас тартамын. Ал ішімдікті тастау маған қиын. Есірткіні тұтыну уақыт алады, жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді. Маған анаңды, қарындасыңды ойла деп психологтар кеңес береді. Менің ойымша, әр адам өзі жеке тұлға. Әрі өз өміріне өзі жауап беру керек. Мен мұнда палатада бірнеше мәрте нашақорлықтан емделуге келген науқастармен таныстым. Көшеде мұндай адамдардан аулақ жүретін едім. Қазір солардың күйіне түскеніме өзім намыстанып отырмын. Менің мұнда емделіп жатқанымды ешкім білмейді. Достарым да нашақор деп есептемейді. Бұл пәлекет асқынып кетпей тұрғанда есірткі заттарын тұтынудан бас тарту үшін орталықтың көмегіне жүгініп отырмын».

Орталықтың психологы Айтолқын Жүзбаеваның айтуынша сирнтетикалық есірткілердің қауіптілігі — тұтынушы тез тәуелді болады. Оның зияны мидан бастап, орталық жүйке жүйесін зақымдайды. Жүрек, бауырдың қызметін тежейді. Себебі синтетикалық заттарды пайдалану кезінде барлық уытты заттар бауыр арқылы денеге тарайды. Психобелсенді заттар жүрек қызметінің жұмысын үдетіп, қан айналымын күшейтіп, қағысын жиілетеді. Науқастардың арасында туберкулез, ВИЧ, бауыр циррозы секілді аурулар жиі анықталады.

«Нашақорлық меңдегенде ең қорқыныштысы — тұлғаның деградацияға ұшырауы. Бұл науқастың жұмыс істеуге зауқы болмайды. Ойлау қабілеті нашарлайды. Ақыл -есі тежеледі. Өзінің эмоциясын басқару құқығы шектеледі. Достары, бауырлары теріс айналады. Ата-анасын, балаларын, отбасын ұмытады. Ол нағыз құмарлықтың құлы болады. Біздің орталықта мәжбүрлі түрде емдеу бөлімі бар. Онда айналасындағы адамдарға қауіпті әрекет жасағанда туыстары өтініш жазып , комиссияның қарауына ұсынып, үш айдан екі жылға дейін соттың қаулысымен ұзақ уақытқа емделуге жатқызылады. Себебі кәрі әке-шешесін қорқытады. Қылқындырады, пышақ көрсетуі мүмкін. Оған тек есірткі сатып алатын ақша керек. Өкінішке қарай синтетикалық есірткі тұтынушылар ақырында психоз туындап, шизофренияға ұласуы мүмкін», — дейді Айтолқын Жүзбаева.

Мамандарды алаңдататыны психобелсенді заттардың құрамындағы биохимиялық заттардың салдарынан гармондардың түзілуі бұзылады. Психологтың айтуынша есірткі заттарынан жастарды жирендіру үшін ата-ана баласының өміріне назар аударып, отбасы мүшелері темекі шегу, ішімдікті тұтынудан аулақ болуы керек. Өкінішке қарай тәуелділіктен айықтыратын медицинал екпе ойлап тапқан жоқ. Сондықтан саналы ұрпақ өсіріп, жағымсыз әдеттен аулақ болсын десеңіз, ата-ана, салауатты өмір салтын қалыптастыруды өзінен бастауы керек.

Жазира Бегалы,

журналист

Суреттерді түсірген автор

26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында ұздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 17:38
Түркістан: Есірткіге қарсы профилактикалық шаралар қарқынды жүріп жатыр
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді
24 шiлде, 15:23
Түркістан: Басты мақсат-қылмыстың алдын алу
23 шiлде, 12:11
Түркістан: Миллиондаған қарызы бар борышкер мен мас жүргізуші құрықталды
23 шiлде, 12:06
Түркістан: «Таза Қазақстан» аясында 21 000-нан астам құқық бұзушылық анықталды
23 шiлде, 11:56
Түркістан: Шардара ауданында профилактикалық іс-шаралар жалғасуда
22 шiлде, 14:26
Түркістан: Жетісай ауданында қауіпсіздік іс-шаралары өтуде