Жамбыл облысының спортшылары жалпы 1387 медальға қол жеткізді. Бұл туралы ӨКҚ-де өткен брифингте облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков мәлім етті.
Спикердің айтуынша, жыл басынан 124 спортшы Қазақстан спорт шебері нормативін орындаса, 11 спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 1 спортшы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері» нормативін орындап, 5 жаттықтырушы және 4 төреші «Ұлттық дәрежедегі төреші» атағына ие болды.
Сондай-ақ, 387 спортшыға «Қазақстан спорт шеберлігіне кандидат» және 43 спортшыға «І-ші разрядты спортшы» спорттық разрядтары берілді.
Бүгінгі күні облыс спортшылары жалпы 1387 медальға қол жеткізді. Оның ішінде: Әлем, Азия чемпионаттары мен Кубогы жолындағы жарыстарда 242 медальға (оның ішінде 104 алтын, 63 күміс және 75 қола), Қазақстан чемпионаттары мен Кубоктарында 854 медальға (оның ішінде 332 алтын, 248 күміс және 274 қола) және халықаралық турнирлерде 291 медальға (оның ішінде 141 алтын, 61 күміс және 89 қола) ие болды. Өткен жылмен салыстырғанда 348 медальға өскен (2016 жылы барлығы 1039 медаль иеленген).
2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен ХХХI жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін облыстың 5 спортшысы лицензия жеңіп алды. Олар: бокстан Олжас Сәттібаев, дзюдодан Елдос Сметов, жеңіл атлетикадан Михаил Красилов пен Светлана Голендова және Олимпиадалық ойындардың салтанатты ашылу кезінде Қазақстанның мемлекеттік Туын көтеріп шыққан таеквондошы Руслан Жапаров болатын.
Осы спортшылар арасынан күміс медальды дзюдодан 60 келі салмақ дәрежесінде Елдос Сметов, сонымен қатар Параолимпиада ойындарында Зүльфия Габидуллина жүзуден қазақ спорты тарихында тұңғыш рет мүмкіндігі шектеулі жандар арасында 100 метр қашықтықта әлем рекордын жаңартып, алтын медальды еншіледі.
Ал 2017 жылдың басынан облыс спортшылары төмендегідей нәтиже көрсетті.
2017 жылдың 10–14 мамыр аралығында Нью-Дели (Үндістан) қаласында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен ересектер арасында Азия чемпионаты өтті. Жамбыл облысынан еркін күрестен Қазақстан Ұлттық құрама командасының сапында Ақжүрек Таңатаров (70кг) қатысып І орын иеленді.
2017 жылдын 25 – 27 мамыр аралығында Женева (Швейцария) қаласында спорттық акробатикадан Халықаралық турнир өтті. Жамбыл облысынан 2 спортшы Просветова Юлия мен Нуржанова Анель қатысып, жұптық өнер көрсетуде ІІІ орын иеленді.
2017 жылдың 1-5 маусым аралығында велоспорттан Чехияда өткен Grand Prix Priessnitz Spa Әлем Кубогының үшінші кезеңіндеҚР Ұлттық құрамасы сапында Дінмұхамед Ұлысбаев жеңімпаз атанды.
2017 жылдың 6 – 9 шілде аралығында Берлин (Германия) қаласында дене мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында жүзуден Германия ашық чемпионаты өтті. Қазақстан құрама командасы құрамында 9 спортшы қатысып 9 алтын, 6 күміс және 9 кола медаль иеленді. Қазақстан құрама командасы құрамында Жамбыл облысынан Зульфия Габидуллина қатысып, жарыс қорытындысы бойынша 200м еркін жүзуден, 100м еркін жүзуден және 50м еркін жүзуден 3 алтын, «Шебер» санатында – 1 күміс медальді және екінші дәрежелі «Шебер» санатында 3 алтын медаль иеленді. Сонымен қатар Зульфия Габидуллина 200м еркін жүзу қашықтығында Әлем рекордын жаңартты.
2017 жылдың 19 – 30 тамыз аралығында Тайбэй (Қытай) қаласында жазғы студенттік Универсиада өтті. Жамбыл облысының спортшысы Бегәділ Шаймерденов (73 кг) ІІІ орын иеленді.
2017 жылдың 21-27 тамыз аралығында Астана қаласында тұңғыш рет көкпардан Әлем чемпионаты өтті. Аталған чемпионатқа 12 елден 144 спортшы қатысты. Ақтық жарыста Қазақстанның құрама командасы Қырғызстан құрама командасын 4:1 есебімен жеңді. Ұлттық құрама командасы сапында Жамбыл облысынан 4 спортшы қатысты. Олар: М.Дүйсембиев, Б.Шырынбаев, А.Рүстемов, Қ.Тоғайбаев.
2017 жылдың 25 тамыз 2 қыркүйек аралығында Гамбург (Германия) қаласында ересектер арасында бокстан Әлем чемпионаты өтті. Аталған чемпионатта Жамбыл облысының спортшысы Ұлттық құрама командасының сапында Әбілхан Аманқұл (75 кг) қатысып, жүлделі 2 орын иеленді.
2017 жылдың 2-11 қыркүйек аралығында Будапешт (Венгрия) қаласында армрестлингтен ересектер, жастар және жасөспірімдер арасында Әлем чемпионаты өтті.
Жамбыл облысының спортшылары Ұлттық құрама командасының сапында қатысып, 16 медаль (8 алтын, 5 күміс, 3 қола) иеленген.