Бір мая шөп – көпке үлгі

02 шiлде 2021, 11:43

Қазақта асарлату деген жақсы дәстүр бар. Біреу үй салса, шөп шапса, оған ауылдастары, туыс-туғандары жиналып көмектеседі. Бітпей жатқан жұмысын тездетіп, біреуі сөз жылуын, біреуі бөз жылуын береді. Мұндай игілікті іс бүгінде әр өңірде көрініс беріп жүр. Қызылорда мен Маңғыстауды қуаңшылық жайлап, ірі-қара мен ұсақ мал жемшөптен қысылып, шіліңгір шілдеде қырылып жатыр. Әрине, бұл ауылда отырған ағайын үшін қиын.

Әлеуметтік желіде бір видео тарады. Видеода Түркістан облысының Сарығаш ауданында тұратын бір жас жігіт қуаңшылықтан қысылған жұртқа сөзбен емес, іспен көмектескісі келетінін айтып, қолына шалғы алып шөп шабады. Шабылған маяны Арал мен Маңғыстауға жеткізбекші. Ол осы бастамасы арқылы басқа өңірдегі жастар мен студенттерді шөп шабуға, асарлатуға үндейді. Жас жігіт осылайша көмекке мұқтаж аймаққа тамшыдай болса да өз үлесін қосқысы келеді.

Біреуге қол ұшын беру, қолтығынан демеу, көмектесу – бұл қазақтың қанында бар қасиет. Десе де, қазір сарыағаштық жігіт сияқты көпшіл, жүрегі кең адам аз. Өйткені қазір басың айналып құлап қалсаң, үстіңнен атап өтіп кете беретін заман. Адамда мейір, махаббат азайған уақыт. Тіпті біреу көлігін соғып алып, ауыр жараланып жатса да, оған ең алдымен қол созбай, телефонмен видеоға түсіретін жағдайға жеттік. Жуырда ғана әлеуметтік желіде үлкен жолда өртеніп жатқан көліктің видеосы тарады. Көмектесудің орнына, оны тоқтатпай, артынан еріп отырып, видеоға түсіргендердің ісін қалай түсінесіз? Әлгі әуесқой «операторларды» өртенген көлік емес, әлеуметтік желіні «жаратын» видеоның қызықтырғаны анық.

Әңгіменің басында қазақтың жақсы дәстүрі туралы айттық қой. Жат түгілі, жақынын жат көретін, ағайынға бір нанын бөліп бермейтін безбүйрек қоғамда сарыағаштық жігіт шапқан бір шөмеле шөп көпке үлгі болып тұр. Әлгі азаматтың екі арқа пішені қай жыртыққа жамау болсын? Соның шапқан шөбі Аралдағы аңқасы кепкен жұртқа жете ме, жоқ па? Бірақ мәселе онда емес. Әңгіме пейіл мен ықыласта. Бүгін ол жарты гектар жерді шауып, жарты трактор шөп жинаған шығар. Ертең оны көрген басқа ағайын қарекет қылады. Сөйтті де. Әлгі видеодан кейін «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ұжымы қаламды ораққа айырбастап, бір күндік жұмыстарын қырда өткізіпті. Олардікі де жақсы ниет. Әйтпесе, күнде шалғы ұстап көсіліп шөп шауып жүрмеген журналистер не тындырсын? Солар жиған бір үймек шөп 2 мың шақырымдағы Маңғыстауға жете ме? «Көп түкірсе – көл» деген. Бүгін Түркістан жұрты асар жасаса, ертең ағайынгершілікті басқа аймақ жалғастыруы мүмкін. Бастысы, көмектің көлемінде емес, адамның ниетінде. Жақсы ниетпен жасалған жақсылықтың берекесі болады.

Биыл Қазақстанда ғана емес, қуаңшылық Орталық Азияны алқымынан алып тұр. Жаздың ортасы әлі ауған жоқ. Алда қара күз бар, қатал қыс күтіп тұр. Мал ала жазда аштықтан қатып жатса, қысқа іліне ме, жоқ па? Төрт түліктің жайын жақсы білетін фермерлер Арал мен Маңғыстаудағы ағайынға малды Арқа мен теріскейге отарлатуды айтып, қуаңшылық қыспағынан шығар жалғыз жолды көрсетуде. Бұл да дұрыс шешім. «Жемшөпті қымбатқа сатып алып, жаздан бастап қорада байлап, малды қыстан аман-есен алып шығуға болады» дегенге шаруаның өзі сенбейді. Онда не істемек керек? Тағы да қазақтың байырғы дәстүріне жүгінген жөн. Бірнеше қожалық бірігіп, малды отарлатып баққанда ғана жұттан аман шығуға болады. Әйтпесе, қарлығаштың қанатымен су сепкендей жасалып жатқан болмашы көмекпен биылғы жұттан шығу қиын.

Мақпал Ноғайбаева

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген