Бір ел – бір мектеп

29 қыркүйек 2023, 15:57

Қазір бүлдіршендеріміз – балабақшада, оқушыларымыз мектепте әр түрлі әдістемемен қилы мәртебелі мекемелерде тәрбиеленіп, білім алып жатыр. Бұл қаншалықты тиімді? Немесе формасын мың құбылтқаннан мазмұн өзгере сала ма?

Өркениеттің алтын заңы: балабақша балғындары мен мектеп оқушыларын тәрбиелі, иманды, отаншыл, қоғамшыл, елшіл етіп қалыптастыру – ата-ананың да, қоғамның да, мемлекеттің де ең маңызды міндеті. Ұлт құндылықтарын, соның ішінде ғасырлар бойы қалыптасқан салтдәстүрді бойына сіңірген ұрпақтан адал азамат, бірлігі бекем қоғамды құрушы өсіп шығады. Кез келген қиындықты еңсеретін ұл-қыздар ғана мемлекеттің өркендеп-дамуына ықыласпен атсалысады. Әлемде озық елдердің көрсеткен үлгісі осыны аңғартады.

Біздегі ахуал қандай? Сана-сезім, яғни ментальдық деңгейдегі өзгешелікті, әлеуметтік жағдайдағы теңсіздікті, тілдегі қайшылықты былай қойғанда, сауат ашып, жалпыға бірдей білім беретін мектептердің түрі мен мазмұны жылдан-жылға бір-бірінен алшақтап бара жатыр. Ауыл мен қала мектебінің айырмашылығын жою жұмыстары бұрыннан басталғанын білеміз. Бірақ ол бүгінде түсініксіз үдерісте. Қазір қала мектептерінің өзі сан қилы. Оқушылардың киім үлгісі былай тұрсын, оқу бағдарламасына, пән мен тәлімтәрбие әдістемесіне қатысты алақұлалықты педагогтердің өздері әлеуметтік желіде айтып жүр. Әрине, бәріне ортақ міндеттелген бағдарлама бар.

Алайда білім мекемелерінің міндеті – оны шығармашылықпен жүзеге асыру емес пе? Мысалы, қазір адамзат инженерлік ойының бастауы «Сызу» пәні мектепте оқытылмайтынын, ал соның университеттегі жалғасы (техникалық мамандықтарда) – «Сызба геометриясы» міндетті курс қатарынан шығып қалғанын білесіздер ме? Немесе мектеп жүйесінде де, университеттерде де «Қазақ әдебиеті» мен «Қазақ тілі» пәнінің классикалық бағыттары, бөлімдері жеке-дара өтпей, табиғаты будан, дүбәра дүниеге айналғанын мамандар талай рет көтерді.

Бірақ нәтиже жоқ. Таяуда бір ата-ана 25 жылдай бұрын өзі оқыған «Қазақ әдебиеті» оқулығы мен бүгін баласы оқып жатқан оқулықты салыстырып көрсетті. Бүгінгі 7-8 сынып материалы бастауыш мектеп деңгейіндей-ақ болып тұр. Классиктерден біреу де жоқ, жай ғана танымдық нәрселер… Бүгінде жекелеген мектептер өз бетінше факультатив ретінде түрлі қосымша сабақтар жүргізеді. Оның үстіне тереңдетіп оқыту, бейінділікке байланыстыру т.б. түрлі желеумен жүргізілетін репетиторлық оқыту сапасын тексеру, бақылау іс жүзінде мүмкін де емес.

Жалақыны ғана ойлаған жекелеген мұғалімдердің білігі сын көтермейді. Жалпы мектеп үшін түлегінің білімі, тәрбиесі ең басты көрсеткіш болуы керек. Өкінішке қарай, бүгінгі мектеп талабында мұғалімнің ұстаздық, яғни әдістемелік біліктілігі емес, қилы сертификат сұрайтын формализм алға шыққан. Мұғалім түрлі қисынды-қисынсыз курстардың соңында жүрсе (сертификат үшін), мектепте үзіліссіз тәрбиені кім жүргізеді? Бұған осыдан шамалы уақыт бұрын мемлекеттің малын шашпаққа құрылған ағылшын тілі курсын мысалға алсақ та жеткілікті. Қайда соның нәтижесі?.. Енді ХХ ғасырдың 60-70 жылдарындағы қазақтың қалың интеллигенциясын оқытқан мектеп мұғалімдерін еске алыңыздар. Соның көбі майдангерлер еді. Санаға шегелеп түсіндіретін, тәртіпті де мықтап бойға сіңіретін.

Енді салыстырыңыз: солар курскурс, сертификат-сертификат деп формальды қағаз жинап жүрсе, қалай болар еді? Олар өздері бас болып еңбекпен тәрбиелеудің де үлгісін көрсетті… Егер бала мектепте қағаздан миы ашыған, әр түрлі тренингтен санасына ештеңе қоспаған мұғалімді көрсе, отансүйгіш, ғылымсүйгіш болып шыға ма? Оның үстіне баланың бірі НИШ, бірі «Дарын», бірі БИЛ, бірі лицей, бірі гимназия, бірі жай мектеп боп кете беретін ала-құла мәртебелі орта білім жүйесінде оқыса, біз қалайша қолжетімді оқу орнын, әділетті қоғамды, мықты мемлекетті құрамыз? Қайтіп біртұтас ел боламыз? Әр түрлі мектеп әр түрлі орта қалыптастырады. Психологиясы, болмысы, сана-сезімі түрліше орныққан жастарды бір қоғамға біріктіру оңайға түспейді. Әрине, білім туралы заң мен заңдық құжаттарда орта білімнің түрлі формасы енгенін де білеміз. Сондай-ақ оқушыларға берілетін пәндер де белгілі бір жүйеге бағындырылатынын түсінеміз. Дегенмен осы мәселеде ұлттық және өркениеттік мазмұн салмақты болуға тиіс. Сонымен бірге мемлекеттік сектордағы, жеке меншіктегі, қазақ, орыс, аралас, түрлі этностық, желілік, интеллектуалдық, мамандандырылған, тереңдетіп оқытатын, дарынды балалар мектептері мен лицейлері үшін жалғыз – бірыңғай бағдарлама жасалғаны жөн деп ойлаймыз.

Сонда ғана мектеп айырмашылығы жойылып, білім алушыларды алалау, қолжетімділікке жасанды тосқауыл қою болмайды. Нарық жағдайында осының өзінен жақсы нәтиже көрсететін мектептер шығатыны сөзсіз. Мектеп желілерін дамыту әлеуметті жікке бөлуге емес, халықты ортақ міндетті орындауға біріктіріп, жақсылыққа жұмылдырады деп ойлаймыз. «Бір ел – бір мектеп» қағидасының мәні – осы. Әлемдегі дамыған, өркениетті елдердің тәжірибесі бұған дәлел бола алады. Әділетті Қазақстанда, біртұтас, тату елімізде мектеп тапшылығын кешенді түрде шешу жолында ұлттық жоба қолға алынып жатыр. Ол «Жайлы мектеп» деп аталады. Дәлірек айтсақ, елімізде 2023-2025 жылдары жаңа үлгідегі 369 мектеп салынады.

738 мың орын ұсынатын білім ордаларында оқушыға толық жағдай жасалынбақ. Әрине, қоғамды оқытатын үй-жаймен, оқыту құралжабдықтарымен қамтамасыз ету – мемлекетіміздің шынайы қамқорлығы, үлкен көмегі. Ал мектептің мазмұны, әдістемесі, оқутәрбие ісі – одан да маңызды міндет деп білеміз. Өйткені Отанымызға әлемдік бәсекеге қабілетті, білімді, ынтымағы мен бірлігі мықты азаматтар керек. Бұл барша халқымыздың мүддесіне сай келеді.

Дархан Мыңбай,
мемлекет және қоғам қайраткері

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген