Ядролық немесе химиялық қаруды бақылайтын арнайы ұйым биоқауіпсіздік жүйесінде де болуы тиіс. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 75-сессиясында Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру қажеттігі айтылды. Бұл мекеменің қызметі бактериологиялық (биологиялық) қаруды дайындауға, өндіруге тыйым салатын және оны жоюды көздейтін 1972 жылғы Конвенцияға негізделуі тиіс. Халықаралық қоғамдастыққа осындай бәтуалы бастамамен үн қатқан БҰҰ мүшесі – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Адамзат денсаулығына алаң болып тұрған бүгінгі ғаламның болашағы тұрғысынан қарасақ, тың әрі тағдыршеш, өзекті де өміршең ұсыныс. Сөзі салмақты, пікірі пайымдылар тарапынан қолдау табуы да содан. Дүниетанымы мен түсінік көкжиегі әлеуметтік желінің ар жағынан көрінбей, көмескілене бастаған қайсыбір ағайын әдеттегідей «әлемді емес, әуелі өзімізді жарылқап алайықшы» дейтін көк езу күңкілін іркіп қалмады. Ал тарихтан хабардар, көркем шығарма оқығандар кезінде сайын даланы жалмап, жапырып өткен шешек, оба, сүзек секілді жұқпалы кеселдердің алысқа да, жақынға да ортақ қасірет болғанын жақсы біледі.
Күллі дүние дертіне дауа таппай жатқан тәжкесел де шеттен келген індет. Енді тағы қандай вирустың алқымнан алары бір құдайға аян. Бізге белгілісі – жаһанданудан соң жұтатын ауасы, ішетін суы, жейтін азығы, бәрі-бәрі бір кеңістікте тұрғандықтан адам баласының тауқымет-тәлейі де ортақ. Бұл мәселеге осы тұрғыдан қараған абзал.
Рас, күні кешеге дейін түрлі кесел мен індеттен жасалатын биотажалды алапат қауіп-қатерге жатқыза қоймады. Содан шығар, Халықаралық атом энергетикасы жөніндегі агенттік (IAEA), Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым (OPCW) сияқты арнаулы мекеме бұл салада құрылған жоқ. 48 жыл бұрын қабылданған әлгі конвенциядағы талап пен ереженің орындалуын бақылайтын халықаралық тетіктер (механизм) жасалмады. Оның үстіне сол заманғы қос алпауыт – АҚШ пен Кеңес Одағы биологиялық қарудың жойқын түрін жасауға жанталаса кірісті. Сол мақсатпен жан-жануар мен жәндік атаулыға тәжірибе жасап, әр түрлі кеселдің адамға тигізер зияны мен залалын анықтауға тырысты. Арал теңізінде сырт көзге жабық аумақта (арал) жүргізілген осындай үрейлі эксперимент «Биотажал» (Biohazard) атты кітапта былай суреттеледі: «Желдің өтіндегі шағын аралда жүздеген маймыл бағанға байлаулы. Тарс еткен дыбыс тыныштықты бұзып жіберді. Көк жүзінде кішкентай металл шар көрінді. Ол әуеде шыр айналған күйі жерге құлдилады. Іле-шала жарылыстан соң сынықтары айналаға шашылды. Жерден шамамен 20 метрдей биіктегі жарылыс болған нүктеде жасыл түсті қою түтін пайда болды. Ол сорғалаған күйі маймылдар тұрған жерге жақындай бастады. Мұны көрген маймылдар шыңғырады. Басын еңкейтіп, ауызы – мұрнын жабуға ұмтылады. Бірақ төніп келген ажалдан құтыла алмайды. Аралдың енді бір шетінде биологиялық шабуылдан қорғайтын арнайы киімі бар бір топ адам тәжірибенің қалай өтіп жатқанын дүрбімен қарап тұр. Бірнеше сағаттан кейін тірі қалған маймылдарды жинап, торға апарып тастайды. Біраз уақыт мақұлықтардың сібір жарасы, Ку безгегі, шешек, бруцеллез, обадан қалай қырылғанын бақылайды».
Жалпы, еліміз аумағында жүргізілген мұндай тәжірибелер әлі күнге дейін ашылып айтылмаған ақтаңдақ тақырып. Мемлекет басшысының БҰҰ-дағы мәлімдемесінен кейін бұл саланы зерттеп-зерделеу, елеп-екшелеу, биотажалдың адам өміріне қатерлі қару екенін нақты дәлел-дерекпен көрсету қолға алынар деген үміттеміз.
Кітаптың авторы – кеңестің құпия нысандарында әскери дәрігер болып қызмет еткен қандасымыз Қанатжан Әлібеков. Ол 90-жылдардың басында АҚШ-қа барып, осы төңіректегі ғылыми зерттеумен айналысты. Айта кеткен жөн, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде көрген былай тұрсын, естігеннің төбе шашын тік тұрғызар жантүршігерлік тәжірибені тірі адамдарға жасаған атышулы «731-Топтың» (Unit 731) жетекшісі, Квантун армиясының бас әскери дәрігері Иcиро Исии де американдықтарды мол мағлұматпен байытқан деседі. Жапонның атышулы «Аум Синрикио» ағымының өкілдері биоқарудың күш-қуатына шабуыл арқылы көз жеткізгісі келді. Олар 1994 жылы Токиодағы мұнараның басына шығып, «сібір жарасының қоздырғышы» деп бір микроағзаны айналаға шашуға әрекеттенді. Бірақ бұл істің маманы болмағандықтан, штаммды шатастырып алған деседі.
Сол Америка 2001 жылы әлгі конвенцияны тәрк етті. Бұған елді әбігерге түсірген биоқастандық әрекеті себеп ретінде көрсетілді. Айта кеткен жөн, осы биотерроризм ұғымы әлгі құжатта жоқ. Мамандар мұны конвенция қабылданған кезде адамдарға қарсы мұндай қастандықтың болмауымен түсіндіреді. Осыдан-ақ құжаттың мазмұнын жетілдіру, оның талаптарын орындау, биологиялық зерттеу мен тәжірибе жүргізіп жатқан орталықтардың қызметін тексеруге өкілеттігі бар арнайы мекеме құру, адамзатты алаңдатқан биотажалға тосқауыл қою өмір талабына айналды. Айбатын айға білеген мемлекеттің өзін сескендірген төтенше оқиғаға оралсақ, сол жылы қыркүйекте бірқатар БАҚ кеңсесі мен Демократиялық партия атынан сайланған екі сенаторға пошта арқылы келген конверттен сібір жарасының қоздырғышы табылады. Бес адам көз жұмып, 17 азамат ауру жұқтырды. Федералдық тергеу бюросы (FBI) тексеру жүргізіп, қылмысқа Форт-Детриктегі үкіметке қарасты зертханада жұмыс істейтін Брюс Едвардз Айвинздың қылмысқа қатысы бар деген тұжырым жасады. Сабыры сыр берген ғалымның өзі жеті жылдан кейін өзіне қол жұмсайды. Бұдан бұрын, нақтырақ айтсақ, 1984 жылы Орегон штатында Ражниши ағымының (секта) өкілдері сайлауда қарсыластарын саптан шығару үшін тамаққа зиянды зат қосып береді. Нәтижесінде 751 адам сальмонеллез кеселін жұқтырып, 45 науқас аурухана төсегіне таңылады.
Америка топырағы адам баласына жасалған қастандықтың бұдан да зорына куә. Әсіресе, кәрі құрлықтан барған отаршылардың шешекпен ауырғандардың киімі мен жамылғыны тұрғылықты халық – үндістер арасында таратқаны, миллиондаған бейкүнә жанның қырылғаны туралы көп айтылды. Кейбір зерттеушілер мұны ең алғашқы ауқымды биошабуыл деп жүр. Алайда тарихи деректерге жүгінсек, сонау қадым заманда обадан өлген адамның мәйітін немесе жан-жануардың уланған өлексесін жауының алдына тастап, жұқпалы кеселді қару ретінде пайдаланғанын айғақтайтын дерек көп.
Коронавирус кеселі шартарапқа жайылған тұста «Кесел табиғи ортада пайда болды ма, әлде қолдан жасалды ма?» деген сауал төңірегінде қызу пікірталас өрбіді. Мамандар мен оқырман қауым дереу американ қаламгері Дин Кунцты еске алды. Жазушы 1981 жылы жарық көрген фантастикалық сипаттағы «Қаратүнектің көзі» (Eyes of Darkness) атты романында тұтас елдерді жойып жіберуге қауқары жететін аса қауіпті індеттің пайда болатынын болжайды. Ол вирусты «Wuhan – 400» деп атайды. Сондай-ақ биылғы жылдың басында сол «Ухандағы зертханада жұмыс істеген» дейтін американ дәрігері, ғалым Чарлз Либердің қамауға алынуы да алып-қашпа әңгіме мен қауесетті қоздырып жіберді. Аурудан зардап шеккенін алға тартып, миллиардтаған доллар өтемақы төлеуді талап ететіндер де табыла кетті. Енді біреулер Билл Гейтстің екпе салдыру жөніндегі бастамасын «әлемді билеуге ұмтылған ықпалды топтың ғаламдық қастандығы» деп аттан салып жатты. Ал бізде пандемия өршіп тұрған кезде әлеуметтік желі арқылы «ұшақпен ауру таратып жатыр» деген инфодемияны қайта-қайта жоққа шығаруға тура келді.
Сайып келгенде, мұның бәрі әлемдік деңгейде мойындалып, ақиқаты күмән туғызбайтын толыққанды мағлұматтың жоқтығынан еді. Анық-қанығын айтып, дерттің дауасын тап басып, дәл көрсететін, жұртшылықты дер кезінде құлақтандырып, шалыс қадамнан, қателік-қайшылықтан сақтандырып отыруға тиіс Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусқа қарсы күреске дайын болмай шықты. Ұйымның кейбір мемлекеттер мен фармацевтикадағы алпауыттардың қамын күйттеп кететіні жөнінде түрлі әңгіме, дәйек пен дерек те жетерлік. Бұл өз кезегінде ДСҰ төңірегінде қылаң беретін күдік пен күмән бұлтын қоюлатып, мәртебелі ұйымға деген сенімге селкеу түсіріп жатқандай.
Қазір эпидемиолог-мамандар мен ғалымдар «коронавирус табиғи ортада пайда болды» дейтін пікірге басымдық беріп тұр. Пандемияны ауыздықтай алатын екпе жасау ғаламдық ауқымдағы бизнес пен бәсекеге айналып барады. Ал қатерлі індет жан алуын тоқтатар емес. Бұл жетіде әлемдегі Covid-19 құрбандары 1 миллионнан асты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-дағы жиында осы вакцина мәселесін саясиландыруға болмайтынын ескертті. Денсаулықты қорғау, биоқауіпсіздікті қамтамасыз ету адамзаттың жұмыла көтеретін жүгі, көп болып бірге шешетін көкейкесті міндеті екенін қаперге салды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің алдында есеп беретін, арнайы көпжақты орган – Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру жөніндегі Қазақстанның ұсынысы осы жолдағы нақты қадам, оңтайлы шешім екеніне ешкімнің таласы жоқ шығар.
Срайыл Смайыл,
шолушы