Білте шамның жарығымен жыр жазған…

04 шiлде, 14:42

(Көрнекті ақын һәм ғалым Бауыржан Жақып өнернамасы туралы толғаныс)

Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығармалар

Иә, алдап-сулап әкеліп, сырға басыңды соғып кететін Шимұрындай, уақыт құрмағыр да біздің талай балшырын сәттерімізді ұрлап бағыпты-ау!

«Әкудей шіркін, өтер бір күн, миллион сомдық ойын-күлкің», — деп Иса Байзақұлы жырлағандай, қылшылдаған құбарлан кездер білдірмей қыр асып кетіпті-ау!

Қарап отырсам, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары туған қазақтың қара домалақ балаларына бүгінде халқымыз алғыс айтқандай екен. Өйткені бұлар бұғанасы қатып үлгермеген бозөкпе ұлан бола тұра, ауыл арасының «көппен көрген ұлы той» дейтін үйреншікті сүрлеуіне түспей, заманның сыңайына қарап, өз бағын өзі сынап бағатын нар тәуекелдің жалына жармасыпты.

Қалай дегенмен де, Бауыржан жастайынан ән-жырдың дулы ортасында өскен құйма құлақ бұла дарын, есейе келе көпшілікке мәшһүр шайыр, көшелі азамат деңгейіне көтерілді. Ол мұндай құрметті біреуден қолқалай қалап та, сұрап та, алған жоқ. Осы елге, өскен жерге сіңірген ұшан-теңіз еңбек, сол еңбегі арқылы жылдар бойы жинаған берекелі ісі мен беделіне орай өзі іздеп келген абырой екенін біліп отырмын. Яғни, айналасына тигізген пайдасы мен көрсеткен үлгісінің жемісі екені анық.

Бұл өзі шын мәнісінде жер басып жүрген жұмыр басты пенденің бәріне бұйыра берер бақ емес еді. Жақсылығы мен жамандығы, әділеті мен әбілеті алма-кезек ауысып, әйтеуір жеңісе алмай, кейбір тұста ит жығыс түсіп те жататын осынау жалған дүниеде сүтпен бірге сүйекке біткен кісілік келбетінен айнымай, азаматтық тұғырынан таймай, әрдайым таразы басын тең ұстап, теңселмей өту, жүзін сыртқа, арқасын ыққа бермей, адал ғұмыр кешу де екінің бірінің қолынан келе бермес қасиет.

Сондықтан да болар, Бауыржан абыройдан айыратын көрбақ апан, марту аран, шәйтан сай, пері соқпақ, ұры жыра-жықпылдардан аулақ жүреді.

Тургенев 1845 жылы Парижде Пушкин туралы француз тілінде жазған мақаласында: «Оның бізден артықшылығы – өзіне деген сүйіспеншілігінің жоғында еді», — деген. «Өзін сүйіп, өзіне тамсанатын ақын-жазушы – әдебиеттің соры», — дейтін Тәкен Әлімқұлов. Осы тақылеттес, біздің Бауыржан да өзін көпірте мақтауды суқаны сүймейтін еді.

Иә, біздер ағалы-інілі, іркес-тіркес ғұмыр кештік, алған білімдеріміз де ыңғайлас, тәлім берген ұшқан ұямыз да бір, мұрат тұтқан арман-үміт ортақ болып еді. Қадірлеп, қастерлеген идеяларымыз да бірыңғай. Осылай ержетіп, қатарлас мезгілде әдебиетке, ел-жұртқа адал қызмет ете бастадық.

Ол бір ар-ожданның әлі де лайлана қоймаған тұнық кезі еді. Тасқа жазып қойғандай айнуға болмайтын адами кодекс бар, содан бұрылмауға, бұра тартпауға тырыстық. Ағайын-жұртқа адалдық, жолдас-жораның көңіліне қарау, отансүйгіштік, парыз, қарыз дегендерді жалау ете көтеріп, ешкімнің ала жібін аттамауды мұрат тұтып өскен буыннанбыз.

Мен алғаш рет Бауыржанды 1983 жылдың күзінде Алматыда өткен жас ақын-жазушылардың «Жігер» фестивалінде көрдім. Тебіндеп жаңа шыға бастаған қара мұрты қарлығаш балапанының қара қылтанақ ата бастаған қауырсын қанатындай жылт-жылт етеді. Қағылез, сыптығырдай науша жігіт көпшіліктің алдында өзінің «Ұршық» деген өлеңін оқыды.

Бір сәтке, әже, тыншып па ең –
Шүйкеге мол жіп жиылып.
Отырушы едің ұршықпен
Уақытты қоса иіріп.

…Өзімді сонда жұбатып,
Өмірге іштей күйінгем.
Ұршық қой мына Уақыт
Жіп қылып бәрін иірген…

Жұрт сатырлата қол соқты. Бүгінде маған сол «Ұршық» өлеңі Бауыржанның ақындық төлқұжаты сияқты көрінеді. Батыс өлкесінің балалары жақсы біледі, алғаш атылған мұнай фонтанының ғаламат селі тіпті енапат қой! Болат ұңғыларды дірдектетіп, көкке атылған мұнайдың қысымы соншалық, жүздеген метр биікке дейін самғап, ық жақтағы, үш шақырым жердегі қырат, қырқаларды майлы нөсердің астында қалдыратын.

Міне, осы алғаш атылған фонтандарды мен талантты ақындардың тұңғыш жырларына шендестіргенді қалап тұрамын. Сондықтан да болар, күннен емес, электр жарығынан нәр алып, қаланың жасанды жылыжайларында өскен жемістей кенеуі аз, ана тілінің мәйегіне қанбаған, қан-сөлсіз әлжуаз шаһарда туған ақындардан гөрі, мен кіндігі далада қалған шайырларға көбірек ден қоямын.
Затында, дарынды жандардың жүйрік фантазиясы өз назарына түскен құбылыстарды зорайта да, кішірейте де алады. Сол сияқты олар әлгіндей құбылыстарды жарқырата да, күңгірттей де біледі.

«Елін апат жайласа, эпицентрі ақынның жүрегінде болады» дегендей, Бауыржан да Абыралыдағы атом нәубетіне нәлет айтып, жанын қоярға жер таппайды. Енді ақынның «Тамыздың жиырма тоғызы…» деген өлеңін оқып қарайық:

Тамыздың жиырма тоғызы…
Күн емес Алып шар шықты,
Аспан көзінен қан шықты,
Дегелең деген өр таудың
Кеудесінен сол күн жан шықты.

Сұрапыл дауыл соқтырды,
Жарылуға далам шақ тұрды.
Жер менен Көкте тұтасқан
Бұрын болмаған от тұрды.

Майлықара, Үшқара,
Берікқара сұстана.
Тақыр боп қалды төбелер,
Сыпырғандай алып ұстара.

Тамыздың жиырма тоғызы…
Көзімді менің байлады,
Денеме дерт боп бойлады.
Жер-Ананың ақ шашын,
Ақ шашын жұлып ойнады.
Құстардың тоқтап сайрауы,
Бойымда қаным қайнады.
Өртенді  атақонысым
Қырдағы мен ойдағы…

Иә, бұл ақынның тірі жүрсе жүрегінің түбінде, о дүниеде сүйегімен бірге кететін қасіреті еді.

Бауыржан оқырманның көз алдына небір көрініс, хикметтік сипаттарды тізбелей әкеледі де, оған көркемдік және сәулелі ойларды орап, адамды қайғыртып, мұңайтып, зығырданын қайнатып, ішкі сезім тұнығының бетін жыбыршытып, толқыта біледі.
Ақынның осы бір атом қасіреті туралы өлеңі біздің де бүйірімізді бақадай мұздатып, бейдауа күйге түсіреді.
Осы орайда, тағы да қыршынынан қиылған Айжан қызға арнаған өлеңіне назар аударайық:

Ойласам, ет-бауырым езіледі,
Елесің қайда барсам, кезігеді.
Сен кеттің бір Алланың жазуымен,
Жоқтығың бұл дүниеде сезіледі.

Артыңда қала қалды, ауыл қалды,
Өзенің, далаң қалды, тауың қалды.
Полигон ойсыратты омыртқаңды,
Полигон қаңыратты қабырғаңды…

Міне, айналасына қадірсіз, ешкімге де пайдасы жоқ өлімтік пенделердің өмірі таусылмайды да, ал асыл жандардың ғұмыры парлай атылып, ақжайнақ боп жанатын отшашулардай тез сөнетінін осы өлеңнен анық байқаймыз.

Негізінен, Бауыржан жырларында адам – рухтың белгілі бір арнасы, зерденің ең жоғарғы субстанциясының қоймасы, нақты денелерді, — яғни, тірі жаратылыс пен астралды заттарды құпия түрде байланыстыратын ғаламның айрықша символы ретінде көрінеді.

Қалай дегенмен де, бір биікке шыққаннан кейін мәрені екінші биікке көтеріп қою өмірдің бұлжымас заңы. Міне, өсу, кемелдену деп осылай сатылап тырбануды айтады.

Мысалы, алпыс жастың балалық дәурен шағына, оқушылық кезеңіне, студенттік дәуіріне деп бір жиырма жылын қысқартып тастасақ, Бауыржан еншісіне қырық жылдай уақыт қалады. Ол өзіне тиісті болған осы қырық жылында адамды азамат деңгейіне көтеретін нәрсе мігірсізшығармашылық пен жанкешті еңбек екенін дәлелдеді. Еңбек болғанда да қара бастың қамы, тойымсыз құрсақ ындыны емес, рухани шаруаға құлаш ұрды.

Ақын халық әдебиетінің нуынан алған сөздеріне жаңа мән, тосын ажар беріп, құлпырта түседі. Көрген-білгенін көз шоласынан, ой сарасынан әбден өткізіп барып қалам тербейді.

Ай туады, Күн қашады,
Алдымызда түн тосады.
Жанушы еді сонда біздің
Қараша үйдің білте шамы.

Терезеден ұрланып Ай,
Күлімсіреп тұрған ұдай.
Білте шаммен біз оқыған
Ғашықтардың сырларын-ай,
Батырлардың жырларын-ай!

Өрт боп жанып жалынынан,
Соның бәрін қанып, ұғам.
Қымбат нәрсе жоқ-ау, сірә,
Білте шамның жарығынан

Ол әдісін артына сақтайтын палуандардай, оқырманын әрі-сәрі күйге түсіре келіп, өлеңнің құяр жерін, яғни шүңейтін салмақты уәжбен түйіндейді.

…Әйтеуір қара тонда құдірет бар,
Жауса да тоңдырмайды мың рет қар.
Ішінде сақталған бір асыл бейне,
Көзімнен мәңгі өшпейті сурет бар.

Өмірдің өзгерсе де марафоны,
Адамдар барады ағып қала толы.
Әкемнің ізін жалғап мен келемін,
Үстімде қара шалдың қара тоны. («Қара тон»)

Әлдеқашан дүние салған ардақтысының киімін қасиетті тәбәріктей сақтап, иіскеп мауқын басу, онымен тірі адамша сөйлесу – тек қазақтарға ғана тән шығар.

Айдың нұрына түн шомылғанда,
Тыныштық келіп тұнса қырларға.
Тылсым әлемнің құшағына еніп,
Билейді сәуле құм-шағылдарда.

Өзеннің ғажап күйі болады,
Жағаға толқын тиіп ағады.
Бетінен судың шөп-шөп еткізіп
Нәзік бір сәуле сүйіп алады.

Міне, бұл енді, сурет! Сөзбен сурет салу деген осы! Өрілген ішектей өрнектелген теңеу!

Иә, жақсы өлеңдер жазудың камертоны дәрежесіне көтерілу оңай шаруа емес. Қажетсіз қауызынан арылып, селкеу қағылған арқауы ширап,  көптің көкейіне қонақтаған жыр ғана ел жадында ұзақ сақталатынын Бауыржан жақсы біледі.
Біздің буын құйын-перен ақындар: Төлегеннің, Жұмекен, Сағи, Қадыр, Мұқағали, Тоқаш, Өтежан, Жұматай жырларын жатқа оқитыны сондықтан да болар.

Мұхитта тереңдеген сайын алапат қысым күшейе беретіні секілді, есейген сайын аманат, парыз да көбейіп, еңсеңді езе түседі. Сондай ойдан туған сүбелі еңбектің бірі – ақынның «Білте шамның жарығы» атты кітабы дер едік. Бұл жинақ дарынды шайырдың ұзақ ізденістен туған мәйекті шығармасы екені  анық.

Бауыржан кешегі жыр жазирасының жампоздарын көріп қалған, солардың ақыл-кеңесін тыңдаған доңғайыр шайыр. Сондықтан оның өлеңдерінде таңғы кәусар себезіндей саф тазалық, қарынның құрышында қалған сәуірдің сары майындай дәмділік бар.
Қашан да жазып отырған кейіпкеріңе лайықты сөз табу – қиынның қиыны ғой. Оған арналған лебізің дәл пішілген киімдей құнтиып, жараса қалса қандай ғанибет! Асыра сілтеуге де болмайды, өйткені бақсылар салған қатты демді кез келгеннің көтере алмайтыны және бар.

Бір қызығы, адамдар, әсіресе өнер адамдары өз қатарластарын оңайлықпен мойындай қоймайды ғой. Бауыржан жөнінде ондай «әрі тарт та, бері тарт» болған жоқ, бәрі де оның шығармашылығын жылы қабылдады. Сондай-ақ, алдындағы алыптарға еліктеген, солықтаған да жоқ.

Осы жайтқа байланысты кезінде Мұхтар Әуезов былай деген еді: «Пәлі, бәрін біреуге теңейміз, ұқсатамыз кеп. Абай неге Гете болуы тиіс? Құрманғазы неге Моцарт болады? Бетховен сонаталарына Саймақтың «Сары өзенін» өлсем де берем бе мен? Абай мен Гете, Құрманғазы мен Моцарт, Бетховен, Сейтек, Мұхит, Тәттімбет, Дина… пәлі, бұлардың әрқайсысы бір-бір тұлға. Бір-бір жаратылыс. Өз-өзінше бір-бір керемет! Олар бір-бірінің көлеңкесінде қала алмайды».

Міне, кемеңгер Мұхаң осылай толғайды!

Иә, біреудің көлеңкесінде жүргеннің оңғаны бар ма? Сондықтан омбыласаң да өз жолыңды салмай, бақ жұлдызың жанбайды екен! Бүгінде жер-жиһанда жеті миллиард жарым адам бар, соның бірде-біреуінің саусақ белгілері екіншісіне дәл келмейді. Міне, ғажап! Ендеше, өмірде де, өнерде де даралыққа не жетсін! Дәл осы қағидатты Бауыржан жете түсінген шайыр.
Ол бүгінде жер танабын қуыра шауып, ақ көбік, ақ сел боп терлеп келіп, таң асқан арғымақтай қунақ қалпында алпыс жасқа толып отыр.

Бір қарағанда, дүниеде жыл құстарындай ақылды мақұлық жоқ сияқты, олар аспандағы ақ бауыр сансыз жұлдыздар шоғырының сілемін бойлап, Құс жолын сағалап, жылы жаққа бет түзейді, бағытынан адаспайды. Өйткені, осы жүлгеде әдемі ауа ағысы болатынын олар жақсы біледі, құстар әлгі ағыспен жеңіл қалқып, көздеген мекеніне жетеді.
Сол тақылеттес, Бауыржан ақын да Құс жолындай өзінің имандылық, кісілік, шайырлық даңғылына түсіп, дариға-дәурен биігіне тартып барады…

Ендеше, биылғы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық додасында «Білте шамның жарығы» жыр жинағының бағы жанатынына бек сенеміз.

Жұмабай ҚҰЛИЕВ,
ақын, Халықаралық “Алаш”әдеби сыйлығының лауреаты

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?