Бие сүтінің ем-шипалық қасиеттеріне жаңаша көзқарас

22 тамыз 2023, 14:28

 

Бие сүтінің кереметтей емдік қасиеттері адамзатқа ежелден белгілі. Көшпенділер ертеден жаңа сауылған бие сүтін «саумал» (жаңа сауылған, балғын сүт) деп атаған. Байтақ даланың сиқырлы сусыны туралы мәліметтер алғаш рет ежелгі грек тарихшысы Геродоттың (б.з.д. 484-424 ж.ж.) жазбаларында кездеседі.

Бие сүті 3000 жыл бұрын Қытайда емдік мақсатта қолданылатын қасиетті өнім болып саналған. Гиппократ (шамамен б.з.д. 460-377 жж.) осы өнім жайлы жазбаларында оның емдік қасиеттері жайлы, әсіресе туберкулез, тыныс жолдары аурулары мен басқа да көптеген сырқаттар кезінде таптырмас ем екендігін баяндаған. Сонымен қатар, «Авиценна» деген атпен белгілі болған Әбу Әли Ибн Синаның ежелгі қолжазбалары мен медициналық трактаттарында кездестіруге болады.

Біздің дәуіріміздің алғашқы ғасырларында қазіргі Қазақстан территориясын мекендеген халықтар (ғұндар, үйсіндер, оғыздар, қимақтар, түркілер, қыпшақтар) негізінен мал шаруашылығымен, оның ішінде жылқы шаруашылығымен айналысқан. Көшпенділер байлығының негізгі өлшемі мен мөлшері жылқы санына байланысты болатын.

Еуропалық әдебиеттерде бие сүті ас қорыту ауруларына қарсы «бальзам», бауырға арналған «эликсир» және жалпы сырқаттарға арналған «сергіткіш сусын» ретінде көрсетілді. Бұл көптеген аурулардың симптомдарын азайтатын немесе толығымен алдын алатын пайдалы тағам, деп есептелді. Сондай-ақ «Бие сүті ағзаны емдеп қана қоймай, оны нығайтады, иммунитетті арттырады, күш-қуат беріп, төзімділікті арттырады, яғни, жалпы өмір сүру сапасын жақсартады», — деген қорытынды жасалған.

Жаңа сауылған бие сүтінің ғасырлар бойы Қазақстан аумағында ғана емес, оның шегінен тыс жерлерде де танымал болғанына қарамастан, оның емдік қасиеттеріне соңғы жылдары ғана мән беріле бастады. Бұл үрдіске бие сүтінің жаңа инновациялық технологиялар — сублимациялау, пастерлеу (пастеризация) әдістері арқылы саумалдың ұнтақ түрін шығаруы түрткі болды.

Сублимациялау (сублимациялық кептіру) саласындағы заманауи жетістіктер бие сүтінің пайдалы қасиеттері мен балғындығын тиімді сақтауға мүмкіндік береді. Сублимация процесі кезінде бие сүті тоңазытылып (-35ºС)  мұзға айналған соң, алынған сүт мұзы арнайы жағдайда сұйық фазаны айналып өтіп, құрамындағы су буға айналып кетеді. Нәтижесінде, мұздың орнында тек сүттің құрғақ ұнтағы ғана қалады. Осылайша, сублимация әдісімен алынған бие сүті ұнтағының сапалық құрамы табиғи сүтке мейлінше жақын болады.

Пастерлеу (пастеризация) процесі арқылы өнімнің қауіпсіздігіне қол жеткізілді. Бұл жағдай тек ересектер үшін ғана емес, балалар мен жүкті әйелдер үшін де өте маңызды. Құрғақ бие сүті ұнтағын белгілі бір пропорцияда жылы суда еріткен кезде ол тез қалпына келіп, табиғи сүтке айналады. Осындай озық технологиялармен өңделген бие сүтін отандық кәсіпкерлер ойдағыдай жүзеге асырып, оны шетелдік тұтынушыларға да ұсынып жатқаны қуантады. Бұл, әрине, экономикалық тұрғыдан да мемлекетімізге тиімді.

Осындай сублимация мен пастерлеу әдістерінің арқасында саумалдың ем-шипалық қасиеттерін медицина саласында кең көлемде ғылыми тұрғыда зерттеуге мүмкіндік туды. Отандық дәрігер ғалымдардың осы саладағы еңбектерін айтып өткен жөн. Еліміздегі бетке тұтар клиникаларымыздың бірі «Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы медицина орталығының ауруханасында» осындай ғылыми зерттеулер жүргізіліп жатқанын білетінмін.

Бие сүті мен қымыздың, түйе сүті мен шұбаттың ем-шипалық қасиеттерін зерттеп жүрген ғалымдардың көшбасшысы ретінде осы аурухананың бас гастроэнтеролог дәрігері, медицина ғылымының докторы, профессор Бақытжан Рысқұлұлы Биімбетовты зор ілтипатпен айта аламын. Оның жүргіліп жатқан ғылыми жұмыстары, бие сүтінің ас қорыту органдары мен бауыр, өт жолдары сырқаттарындағы кереметтей қасиеттерін дәлелдеп жазған ғылыми жұмыстары көңілге жылу ұялатады.

Қазіргі заманда кең етек алып жатқан метаболизмге байланысты аурулар (қант диабеті, атеросклероз, инфаркт, инсульт, семіздік, бауырдың майлы аурулары т.б.) мен кешегі елімізге орасан зор шығын келтірген Covid-19 инфекциясының салдары әлі де маңызды проблемалардың бірі болып келеді. Ол тек медицина қызметкерлерін ғана емес, жалпы қоғамды да алаңдатуда. Осы бағытта жаңаша көзқарастар мен зерттеулер қажет сияқты көрінеді.

Жақында Президент ауруханасында қызмет ететін медицина ғылымдарының докторы, профессор Орал Базарбайұлы Оспановтың жетекшілігімен дайындалған бір топ авторлардың «Қазақстан Республикасындағы бариатриялық және метаболикалық хирургияның концептуалды реинжинирингін әзірлеу және енгізу – көпсалалы көзқарас» тақырыбында Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласы бойынша Мемлекеттік сыйлығына тапсырылған жұмысын көріп, оған өз пікірімді қалдыруды жөн көрдім. «Реинжиниринг» деген сөзбен ұсынылған жұмыс тақырыбын оқыған кезде мен алдымен медицинадағы қандай да бір техникалық жаңалықтар туралы ойлаған болатынмын. Бірақ ғылыми-практикалық жұмыстпен  танысқан соң маған оның терең мағынасы түсінікті болды.Жалпы айтқанда, бұл ғылыми жұмыс метаболизм бұзылыстары мен оның асқынуларын комплексті түрде, яғни әртүрлі саладағы дәрігерлердің бірігіп, мультидисциплинарлы көзқараспен қарап, хирургиялық және хирургиялық емес тәсілдермен емдеу керек, деген қорытындыға саяды. Меніңше, бұл өте дұрыс көзқарас! Себебі адам организмі өте күрделі жаратылған биологиялық субъект қой. Оны тек қана бір көзқараспен қарап, оның денсаулық проблемасын оңтайлы шешу, сірә, дұрыс болмас. Дәрігер болмағандықтан мен аталған ғылыми-практикалық жұмыста көрсетілген хирургиялық тәсілдерге сараптама жасай алмаспын, бірақ биолог, ветеринар дәрігері, ғалым ретінде өз ой-пікірімді білдіргім келді. Ондағы айтқым келгені:Біріншіден, жұмыстың ауқымдылығы. Аталған проблемаларды шешу жөнінде жасалып жатқан әртүрлі хирургиялық тәсілдер, олардың керемет нәтижелері. Бұл әсіресе кейіңгі кезде белең алып бара жатқан семіздік кезінде айқын көрінеді. Екіншіден, «Бариатриялық және метаболикалық хирургия» саласы инновация ретінде танылып, алғаш рет Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің аттестациялауға жататын мамандықтар тізіміне алғаш рет енгізілген екен. Яғни, медицинада жаңаша мамандық пайда болды, деген сөз. Бұл мамандық ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бекітілген (№ ҚР ДСМ-218/2020, 30.11.2020 ж.). Бұл, әрине, мақтауға тұрарлық нәтиже!Үшіншіден,  жұмыс нәтижелерінің отандық және шетелдік баспаларда ауқымды түрде жарық көруі. Жасылған жұмыс нәтижесі бойынша 7 монография, 15 отандық және шетелдік патенттер, 39 авторлық куәлік, дәрігерлерге арналған 9 методикалық нұсқаулық, әлемдік Scopus және Web of Science деректер базасындағы басылымдарда жарияланған 50 мақала! Өте көлемді, ауқымды жұмыс! Тарихта тек бір монографиямен ғана мемлекеттік сыйлықты алған жағдайлар кездеседі. Ал, мұндай ірі көлемдегі жұмыс қазіргі таңда сирек кездессе керек.Төртіншіден, жасалған жұмыс нәтижелері тек қана ғылыми жұмыс болып қана «шаң басып» жатпай, күнделікті практикада қолданысқа ие болған. Оны дәлелдейтін еліміздің барлық өңіріндегі практикаға енгізу актілері дәлел. Яғни, кең байтақ қазақ елінің барлық өңірлерінде метаболизм бұзылыстары кезінде авторлар енгізген әдістермен ем-шаралар жүргізіліп жатыр, деген сөз.Бесіншіден, әрине, бие саумалын метаболизм сырқаттары кезінде емдік-профилактикалық әдіс ретінде қолдану – жаңаша көзқарас, жаңаша әдіс. Біздің бұл ұлттық тағамымызға жаңаша көзқараспен қарау нәтижесінде пайда болған жаңаша емдеу тәсілі көптеген ғылыми зерттеулерді жүргізу нәтижесінде дәлелденген екен. Бұл бағыттағы жұмыстар патенттер мен авторлық куәліктермен, Scopus және Web of Science деректер базасындағы басылымдарды жарияланған. Сонымен қатар, саумалдың ем-шипалық қасиеттері жөнінде Бақытжан Биімбетовтың авторлығымен 2 монография жарық көрді.Реті келгенде айта кеткенім дұрыс болар. Ұлтымыздың қасиетті тағамдары бие сүті мен қымыздың, түйе сүті мен шұбаттың ем-шипалық қаситеттерін терең зерттеу мақсатында мемлекеттік тұрғыда қолдау жасалынып, Ұлттық бағдарлама ретінде қолға алғанымыз дұрыс болар. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, Денсаулық сақтау мен Ауыл шаруашылық Министрліктері бірлесіп, осы бағытта жаңа бағдарлама жасап ұсынса, оны білікті ғалым дәрігерлер мен ауыл шаруашылық саласының ғалымдары терең зерттеп, нәтижесін көпшілікке ұсынса, нұр үстіне нұр болар еді! Шерхан Мұртаза ағамыз атқандай саумал мен қымызымыз, түйе сүті мен шұбатымыз жұртшылыққа қол жетімді болып, халықтың денсаулығы жақсарар еді.Қорыта келе, «Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы медицина орталығының ауруханасы» дәрігерлерінің «Қазақстан Республикасында бариатриялық және метаболикалық хирургияның концептуалды реинжинирингін әзірлеу және енгізу – көпсалалы тәсіл» тақырыбындағы жұмысы ғылыми-практикалық маңызы бар, ашқан жаңалығы мен енгізу ауқымы бойынша Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты дәрежесіне ұсынуға лайықты деп баға беремін.

Қ. Айтаханов,

Қазақстан Республикасы Сенаттар Кеңесінің мүшесі,

Қоғам және мемлекет қайраткері, ветеринар дәрігер,

Ауыл шаруашылығы академиясының

Академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор                                                                      

Бүгін, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
Бүгін, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз