Безбүйрек

19 сәуiр 2019, 12:13

Марқұм әжем «Қазір жамандық атаулы жер бетіне шыққан заман» деп кейіп отырушы еді. Сол рас-ау деймін. Адамның жүрегіне ауыр тиетін қайдағы-жайдағы жамандықты күн сайын естіп жатамыз. Біреуіне мән береміз. Екіншісіне елең етпейтініміз тағы бар. Бірақ Түркістан облысының Жетісай ауданында болған тосын оқиға жанымызды түршіктірді.

«Жетім жыласа, жер жылайды» деген ауыр сөз бар. Жетісайдағы жағдай жетімді жылатып, жерді күңіренткеннен суық хабар. Баяғы заманда қазақтың асыл аналары жұтта қалған жетімді «балам» деп, соғыста қолға түскен тұтқынды «олжа» деп қабылдап, бауырына басушы еді. Ондай мысал жеткілікті. Тіпті кез келген ру ішінде олжаға түссе де ел болып кеткен, тұл жетімнен түлеген қауым баршылық. Қиын-қыстау заманның өзінде қазақ ішінде мейірім мен кісілік қасиеттің осындай тұмасы тұнып тұратын. Қазір ше? Өкінішке қарай, жетімді жебейтін асыл текті аналар азайды. Жетісайдағы жағдай соның бір дәлелі.
Жұлдыз Көбеева есімді 28 жастағы ананың қатыгездігі қазір әлемжеліден асып, барлық БАҚ-қа тарап кетті. Тарқатып айтайық. Бір күнде көргенсіз кейіпкерге айналған әйел – 2003, 2005 және 2007 жылы туған Сәлима, Мәншүк және Милана есімді алтын жүзіктей қыздардың анасы. Анығырақ айтсақ – «өгей шешесі». Қыздардың әкесі осыдан бес жыл бұрын бірінші әйелімен ажырасады. Барды бағалай алмады ма, әлде… Әйтеуір бәйбішесі құрсағынан шыққан үш қызды күйеуіне қалдырып, үйден қара басы қайқайып шығып кетіпті. Үш қызына ие болып қалған әке осыдан үш жыл бұрын Жұлдызбен бас құрайды. Жас келіншек бір-ақ күннің ішінде көпбалалы ана атанады. Санасында сәулесі бар кісіге бұл да бір бақыт емес пе?!

2017 жылы өзі де бірінші перзентін сүйеді. Биыл екіншісіне аяғы ауыр екен. Ол енді бөлек әңгіме.
Халық арасында «Өгейдің берген асы құрысын» деген сөз де бар. Бұл арада сондай жайсыз жағдай орын алып отыр. Әпкелі-сіңлілі үш қызды өгей аналары үнемі ұрып-соғып отырған. «Ұрып-соқты» деу – бергі жағы. Әлгі әйел қыздарды адам жаны төзбестей етіп азаптаған. Қыздардың үлкені Сәлима айтады: «Тілімді кемпірауызбен қысты. Саусақтарыма ине тықты. Тырнақтарым түсіп қалды. Сіңлілеріме пышақ тығып алған кездері болды. Мұздай суға жатқызып қойып, тұншықтырды. Мені қолмен қылғындырды. Күнара істейтін еді, бір күн таяқ жемей қалсақ, ертесіне таяқ жейтінбіз», – дейді. Сынықтан сылтау іздеген жанға бәрі қисынды: сылбыр қимылдаса да, жұмсаған затын лезде әкелмесе де жаза дайын. Безбүйрек ана күнделігіне қалай ұрып-соғып, қинағанына дейін жазып жүріпті. Мұндайды шетелдің экшн киноларынан ғана көретін едік. Өмірде де кездеседі екен-ау!..
Бұл сұмдықты мұғалімдер байқапты. Мектепке Сәлиманың беті көгеріп келеді. Ол «Құлап қалдым» деп жалтарған көрінеді. Сынып жетекшісі сенбей, мектеп директорына айтады. Сонда да тіс жармапты. Қыздардың әжесін шақырып, үшеуін сол кісіге қосып жібереді. Әжесі оңашада немерелерімен сөйлеседі. Қыздар кімнен, қандай қорлық көргенін түгел жайып салыпты.
Қазір күдікті қамауда. Құзырлы орындар мен психологтардан құралған жедел топ жұмыс істеп жатыр. Ал әлеуметтік желіге тарап кеткен сүркейлі видеоны қыздардың жеңгесі түсіріпті. Оқиғаны бұрмалап жібермесін дегені. Ішкі істер министрінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз: «Балаларды ұрып-соғып, дене жарақатын салу бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды. Министр Ерлан Тұрғымбаев бұл мәселені өз бақылауына алды», – деп хабарлады.
Айтпақшы, қыздарының қорлық көріп жүргенін әкесі білмепті. Әлгі әйел «Әкелеріңе айтатын болсаңдар, оның жүрегі шыдамайды» деп қорқытатын көрінеді. Өйткені бес жыл бұрын бірінші әйелі кетіп қалғанда, әкенің жүрегі сыр берген. Балапандары әкесінің дерті асқынып кете ме деп қорқады екен.
Мұндай оқиға бірінші рет болып тұрған жоқ. Біраз бұрын Алматыда өгей шеше 12 жастағы баланы қала шетіндегі саяжайға апарып, асып өлтірген болатын. Бала өгей болса да, анасын жақсы көрген деседі. Періште жүрек таза ғой. Зұлымдық пен қара ниетке сенбейді.

Жарас Кемелжан

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?