Бетон жолдың азабы

25 наурыз 2022, 11:37

Ел арасында «бетонка» аталып кеткен цемент бетонды жолдарда апат жиі болады. Әсіресе, қыс-күз мезгілдерінде бір мезетте ондаған көліктің соқтығысып жатқанын жиі естиміз. Өйткені қар мен жауынды былай қойып, тұман түссе, бетон жолдар көктайғаққа айналады. Тіпті Алматы-Қапшағай трассасында коньки теуіп жүргендерді де көрдік. Тақтайдай тегіс, 50 жылға шыдас беретін бұл жолдар біздің климаттық жағдайға бейімделген бе? Ауасы ылғалды, жауын-шашын көп болатын өңірде бетон жолдағы «бейнетті» азайту үшін не істеу керек? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін техника ғылымдарының докторы, профессор, жол саласының ардагері Әбді Қиялбайұлымен сұхбаттасқан едік.

Jas qazaq: Әбді аға, жол саласын қырық жылдан бері зерттеп жүрген ғалым ретінде бірнеше сұрағымыз бар. Бетон жолдарда көлік апаты көп болады. Тұман түссе, жолдың беті көктайғаққа айналады. Осы бетон жолдар бізге керек пе?

Ә.Қиялбайұлы: Бетон жол өте берік. Ол ұзақ жылға жарайды. Бірақ Қазақстанның ауа райына есептелмеген. Біздің климат ылғалды. Цемент ылғалды тез сіңіретін материал.

Сәл күн суытса, сол ылғал мұзға айналып, тайғанақ пайда болады. Цементті бетон жол салу мәселесі 2000 жылдары басталды. Алғаш рет Астана мен Шортандының арасына 238 шақырым жол төселді. Бірақ жап-жақсы жолды күреп тастап, артынша бетон төседік. Неге дейсіз ғой? Өйткені сол кездегі депутаттар «Біз шетелге бардық, көрдік, осындай технология бар екен. Егер біз де осындай бетон жол төсесек, 18-20 жыл бүлінбейді» деп мәселе көтерді. Осы депутаттардың дабырасымен цемент бетонды жол төсеу туралы шешім қабылданып кетті. Ешқандай ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілместен, Шортандыға дейін бетон төсеп тастадық. Ал негізінде эксперимент жүргізу үшін 10 шақырым жерге төселіп, жол саласының мамандарына кемі 5 жыл бойы зерттеп беріңдер деуі керек еді. Ғалымдар бұл жаңа технологияның артықшылығы, кемшілігі, пайдасы мен зиянын анықтап болмайынша, мемлекет ақша бөлмеуі тиіс. Бірақ біз «Нұр-Сұлтан – Қарағанды» (200 км), «Павлодар – Нұр-Сұлтан (441 км), «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» (шамамен 860 км), «Алматы – Шеңгелді» (118 км) бағытында жалпы ұзындығы 1500 шақырымды құрайтын бетон жол төседік.

Jas qazaq: Басқа мемлекеттердің зерттеуіне де көз жүгіртпедік пе? Көрші елдерде бұл технология бар ма өзі?

Ә.Қиялбайұлы: Қазақстанда бетон жол төселгеніне Ресей, Беларусь, Украина елдері қатты қуанды. Өйткені біздің ел жаңа технологияны сынайтын алаңға айналды. Ираннан келген мамандар зерттей бастады бетон жолдарды. Сол Иранда да, Ресейде де бетон жол деген атымен жоқ. Өйткені олардың ауа райына бұл жолдың қолайсыз екеніне көздері жетті. Теріскейдегі ең керемет жол Варшава – Москва арасы. Бірақ бетон емес. Мен сол жолды бастан-аяқ көлікпен жүріп өткен адаммын. Бір қызығы, осы технология біздің елге келгенде Қазақстан ғылыми-зерттеу институттары мен жеке ғылыми-консалтингтік компанияларға ешбір тапсырма берілген жоқ. Цемент бетонды жамылғының табиғи жер ресурстарының, гидрологиялық және климаттық ерекшеліктеріне шыдай ма деген сауал алдын ала зерттелген жоқ.

Jas qazaq: Алғашында бетон жолдың астына жылыту спиралі салынады екен, қыста тайғақ болмайды екен деген әңгіме айтылды. Осы қаншалықты рас?

Ә.Қиялбайұлы: Бетон жолдың қалыңдығы – 28 сантиметр. Оның қай жеріне спираль саламыз? Тіпті ең астына жүргізгеннің өзінде, жылу жолдың бетіне жетпейді. Екіншіден, жүздеген шақырым жолды жылытуға қыруар шығын кетеді. Біз жол емес, үйді жылыта алмай отырмыз.

Jas qazaq: Онда бетон жолдағы көлік апатын қалай азайтамыз?

Ә.Қиялбайұлы: Қазір бетонның бетіне асфальт жабындысын төсесек деген әңгімелер айтылуда. Бірақ ол қып-қызыл шығын. Екі жол төсегенмен бірдей. Бірақ адам шығыны болып жатқанда, ақша шығынын ойлау дұрыс емес шығар. Қордайдың тұсындағы айналма жолға қазір бетонның үстіне асфальт төселіп жатыр. Амал жоқ. Өйткені кезінде дабыра көтерген депутаттардың сөзіне еріп, ғалымдардың тілін алмаудың соңы, міне, осындай шығынға әкеліп жатыр. Депутаттар жаны ашып, сапалы жол болсын деген шығар. Бірақ олар жолдың маманы емес қой. Ғалым ретінде бетонның бетіне асфальт төсегенді құптаймын. Бірақ бұдан технология бұзылады. Бетон жолда апат жиілеп, қаншама көлік қағылып, мыжылып жатыр. Осы шығынға қарасақ, бетонның бетіне асфальт жамылғысын төсеу керек.

Екіншіден, бізде цемент-бетонды жолды күтіп-баптайтын бірде-бір арнайы техника жоқ. Шетелдің тәжірибесін алдық, бірақ техникасына қолымыз жетпей жатыр. Өйткені бағасы өте қымбат.

Jas qazaq: Соңғы отыз жылдағы жол саласындағы өзгерістерді айтыңызшы. Қазақстандағы жолдардың сапасы жақсарды ма?

Ә.Қиялбайұлы: 1949 жылы әупірімдеп жүріп, жолдың ұзындығын 96,5 мың шақырымға жеткіздік. Біз жолды кеңітіп, биіктетіп, шетелдік стандартқа сәйкес келтіріп жатырмыз. Бұрын екі жолақ болса, қазір 6 жолақты етіп кеңейттік. Кеңес үкіметі кезінде осы жолдармен шамамен 650 мың көлік жүрді. Ол талапқа сай болатын. Қазір елімізде 4,5 млн көлік бар. Біз ескі асфальтты сыпырып тастап, орнына жаңа жамылғы төсеумен ғана айналысып жатырмыз. Қызылорда мен Жезқазғанның ортасына 450 шақырым жол сала алмай отырмыз. Ақтөбені айналмай-ақ Сағыз арқылы Атырауға баратын тіке жол бар. Оны да сала алмадық.

Jas qazaq: 2019 жылы «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» құрылды. Зертханалар жұмыс істеп жатыр. Осындай қатаң бақылаудан кейін жолдардың сапасы қалай? Көңіліңіз тола ма?

Ә.Қиялбайұлы: Бұрын әрбір жол мекемелерінде өзінің зертханасы болатын. Олар тиісті деңгейде жұмыс істеп, жолдардың сапасы өте жақсы болды. Кейін барлығын таратып жіберді. Бірақ ғалымдар шулап жүріп, соңғы жылдары 14 облыста зертхана ашуға септігімізді тигіздік. Қазір жол сапасын жақсартамын деп «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығын» басқаратын Замир Сағынов деген азамат жүгіріп жүр. Зертханаларға жақсы құрал-жабдықтар қойды. Бірақ енді маман жетіспей жатыр. Қазір жұмыс істеп жүрген қыз-жігіттер лаборант деңгейіндегі мамандар. Жолды білу үшін, тексеру үшін ғылыми тұжырымдама, көзқарас болуы керек. Мысалы, мына жол әрдайым бүлінеді, бұған не себеп деген сұраққа жауап іздемейді олар. Оны ғалым зерттеуі керек. Сондықтан жол зертханаларындағы ғылыми-зерттеулерді дамыту керек. Тек сонда ғана Қазақстандағы жолдардың сапасы әлемдік стандарттарға сай болады.

Jas qazaq: Сұрақтарымызға жауап бергеніңізге рахмет! Жолымыз ашық болсын!

Сұхбаттасқан
Диас Нұрақын

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?