Беташары екі мәрте жасалған екен

25 қантар 2017, 18:32

Таяуда бір жерде қонақта отырып ерлі-зайыптылардың басынан өткен өзгеше оқиға жөнінде естідім.

Сосын бұл жөнінде көпшілік арасына таралатын «Замана» газетіне жазуды жөн көрдім. Өйткені бұдан ата-аналар да, жастар да қажетті ой түйері анық.

…Жандос деген жігіт пен Жанерке есімді қыз (аты-жөндері өзгертілді) бір-бірін шын ұнатып, таяу арада отбасын құрғалы жүріпті. Атына заты сай Жанерке дүкенде сатушы болып жұмыс істейді екен. Оған сырттай ғашық жігіттер көп болыпты. Сондықтан Жанеркеден айырылып қалмауды уайымдаған Жандос өзінің қолы босамай қалған кезде оны жұмыстан үйіне жеткізіп салуды достарына тапсыратын болыпты.

Бірде осындай бір жағдай туындап, Жандос Жанеркені жұмыстан алып қайтуды Ерсұлтан деген жолдас баласына сеніп тапсырып кетеді. Бірақ Ерсұлтан сол күні жедел шақырту келіп, амалсыздан ауылына қайтып кетіпті.  Осыны пайдаланған ауылдың бір жігіттері Жанеркені алып қашады, жылап-еңіреп, сүйген жігітім бар дегеніне қарамайды. Ойда-жоқта болған істен қатты абдыраған Жанеркенің туыстарына телефон шалуға да мұршасы келмей қалады.

Тығырыққа тіреліп, шырылдаған қыз не істерін білмей қиналады. Ал оны алып қашқандар болса, мәз, достарының «үйленгенін» алдын-ала «жуып», есіріктене өздерін күтіп отырған үйге апарып түсіреді. Ол жердегі жағдай да белгілі; «Келін келді!» – деп абыр-сабыр болады да қалады. Мұның жылап-еңірегеніне, сөз байласқан жігітім бар дегеніне ешкім де құлақ аспайды. Жігіттің екі жеңгесі жетіп келіп: «Ештеңе етпейді, үйренесің. Біз де осылай келгенбіз», – деп қызды үйге сүйреп кіргізіпті. Екі арада Жанеркенің үйіне «кешірімге» деп адам жібереді, сөйтіп беташар жасауға кірісіп кетеді.

…Осындай абыр-сабырдың арасында Жанерке Жандосқа қоңырау шалып үлгеріпті. Жағдайды естіген Жандос беташар болған күні түнге қарай алып-ұшып жетіпті де, орайын тауып, терезеден шыққан Жанеркені өзінің үйіне алып қашып кетіпті. Үйіндегілер бұл оқиғадан бейхабар болғандықтан еш дайындықтары жоқ екен. Жандос жағдайды түсіндіргесін түн жарымында қызу дайындыққа кірісіп кетеді. Ал таң атысымен кеше ғана түсірген келіндерінен айырылып қалғандар жетеді аптығып. Не керек, екі арада ұрыс-жанжал болып, соңында татуласып, қызға берілген қалыңмал мен беташар шығындары қайтарылыпты. Бір жақсысы, жағдайды түсінген «қыз алып қашқыш» жігіттің ата-анасы мәселені одан әрі ушықтырмапты.

Сол күннің ертеңіне Жандостың үйінде келіннің беташары болып, арты тойға ұласыпты.

…Осы әңгіменің кейіпкерлері – Жанерке мен Жандос  бүгінде бақытты отбасы, олар үш баланы тәрбиелеп өсіруде екен.

Айтайын дегенім, қыз баланы бұрын көрмеген-білмеген жігіттің алып қашқанын өз басым құптамаймын. Өйткені осы алып қашудың кесірінен талай қыздар «қайтып келген» атанбас үшін өзінің қалаған жігітіне бара алмай қалады, талай жастың жүрегі жараланады. Негізі екі жастың арасында таныстық, сыйластық, сезім, келісім дегендер болуы керек қой. Бақытты шаңырақ құрғысы келетіндердің солай еткені дұрыс деп ойлаймын. Осыны әрбір ата-ана үйленуге талаптанып жүрген ұлдарының құлағына құйып қойса екен.

Ал сүйген адамына адалдық танытқан Жандос пен Жанеркенің ісін өз басым ерлік, адамгершілік деп бағалар едім.

Рауан ӨМІРЖАНҚЫЗЫ

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала