Бес елдің басқосуы — жақсылықтың нышаны

02 мамыр 2018, 12:21

Қазақта аман-саулықтан кейін «Көршің кім, онымен татусың ба?» деп жөн сұрайтын әдет бар. Біз көршіге жарыған елміз. Теріскеймізде – ормандай орыс. Ал шығысымызда – қалың қытай. Күнгейде – Кіндік Азиядағы бауырлас халықтар. Көрші болған соң ауылымыз аралас, қойымыз қоралас. Қай көршімізбен болсын, алыс-берісіміз қарым- қатынасымыз жақсы. Дейтұрғанмен кейбір түйткілдер де жоқ емес. Осы бағыттағы байланыс қалай өрбіп жатыр? Бұл сауалды белгілі саясаттанушы Досым Сәтбаевқа қойған едік.

Қазақта аман-саулықтан кейін «Көршің кім, онымен татусың ба?» деп жөн сұрайтын әдет бар. Біз көршіге жарыған елміз. Теріскеймізде – ормандай орыс. Ал шығысымызда – қалың қытай. Күнгейде – Кіндік Азиядағы бауырлас халықтар. Көрші болған соң ауылымыз аралас, қойымыз қоралас. Қай көршімізбен болсын, алыс-берісіміз қарым- қатынасымыз жақсы. Дейтұрғанмен кейбір түйткілдер де жоқ емес. Осы бағыттағы байланыс қалай өрбіп жатыр? Бұл сауалды белгілі саясаттанушы Досым Сәтбаевқа қойған едік.

Jas qazaq: Досым Асылбекұлы, бір сұхбатыңызда «Еуразия экономикалық одағының (ЕАЭО) сол ұйымға мүше мемлекеттерге ықпалы жөнінде айтыпсыз. Сондай-ақ Орталық Азия елдерінің ынтымағы артып, бірлесіп біраз жұмыс атқаруы мүмкін екеніне тоқталыпсыз. Оны қандай деректерге сүйеніп айтып отырсыз?
Д.Сәтбаев: Шынтуайтына келгенде, Ресей үшін ЕАЭО – геосаяси жоба. Сол себептен үлкен маңызға ие. Теріскейдегі көршіміз ЕАЭО-ның жуық арада құлдырауына жол бере қоймас. Соңғы кезде ресейлік саясаткерлер мен саясаттанушылар елімізге қатысты біртүрлі мәлімдеме жасайтынды шығарды.
Jas qazaq: Саясаттанушылар ғана емес, тележүргізушілердің өзі кейде бізге қарата қисық пікір айтатын болды.
Д.Сәтбаев: Иә, В.Соловьевті айтып отырсыз ғой. Оның алдында Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров мәлімдеме жасады. Ол «Қазақстан Батыс елдерімен визасыз тәртіп енгізбес бұрын ЕАЭО-на мүше елдерімен келісу керек» деді. Оған біздің сыртқы істер министрлігі «Еуразия экономика одағы саяси ұйым емес» деп өте сауатты жауап қайтарды. Әрине, біздің ел өзінің сыртқы саясатын ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен келісуге міндетті емес.
Осыған дейін «Орталық Азия елдерінің басын біріктіретін одақ құрылса қалай болады?» дейтін сауал қойылатын. Бірақ бұл ұсыныстың бүгін-ертең жүзеге асуы екіталай. Қазір нақты жобалар бойынша, атап айтқанда, шекаралық сауда-саттық, су мәселесі, қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жандандыру қажет.
Jas qazaq: Дегенмен соңғы уақыттары, әсіресе, Қырғызстан мен Өзбекстан президенттері елімізбен байланысты жаңа белеске көтеруге мүдделі екенін білдіріп жатыр.
Д.Сәтбаев: Бұрын Орталық Азия елдері әрқайсысы бөлек-бөлек жүргісі келді. Аймақтағы экономикалық, саяси жүйелер әр қилы. Экономикадағы айырмашылық жер мен көктей. Қазақстан нарықтық жүйеде. Қырғызстан да нарықтық жүйе құрғысы келеді. Алайда биліктегі болып жатқан өзгерістер толыққанды экономикалық стратегия құруға кедергі келтіруде. Жалпы мұндай елдердің басын бірден қосу оңай емес. Дегенмен наурыз айында Астанада өткен Орталық Азия елдері басшыларының кездесуі – жақсы бастама. Алқалы жиынға Өзбекстан президентінің ықылас танытқанын жақсылықтың нышаны деп бағалауға болады. Себебі Өзбекстансыз аймақтағы біраз мәселені шешу мүмкін емес. Ресми Ташкенттің осы уақытқа дейін шешімін таппай отырған шекара, су мәселесі сияқты түйткілдердің түйінін тарқатуға кіріскені еліміз үшін тиімді болады. Ендігі жерде білекті сыбана кірісу қажет. Бірақ асықпай, бәрін ой елегінен өткізіп алған дұрыс. Қазақстан мен Өзбекстан бірлесе жұмыс істей алатынын көрсетуі тиіс. Шекарада еркін сауда аймағын құрып, бизнесті дамыту қажет. Екі ел арасындағы ортақ жұмыстың сәтті болғанын Қырғызстан мен Тәжікстан секілді көршілеріміз көрсе, олардың да бірлесіп жұмыс істеуге ынтасы артады.
Jas qazaq: Ал айыр қалпақты ағайындармен байланысымыз алдағы уақытта қалай өрбімек? Қырғыз саясаттанушысы Әділ Тұрдықұлов «Сапар Исақовтың үкімет басшысы қызметінен кетуі екі ел арасындағы барлық кедергінің жойылғанын білдіреді» депті.
Д.Сәтбаев: Жуырда Армения мен Қырғызстанның жағдайын салыстырып қарадым. Посткеңестік екі ел парламенттік республика құруға ұмытылды. Бұл посткеңестік елдер арасында сирек кездесетін жағдай. Жуырда ғана отставкаға кеткен Серж Саргсян Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмасбек Атамбаев сияқты әрекет етті. Екі елде де конституциялық реформа жасап, парламенттің рөлін күшейтті. Серж Саргсян оны не үшін істеді? Ол президент тағынан кеткенде премьер-министр болғысы келді. А.Атамбаев та сөйткен. Конституциялық реформа жүргізгенде премьер-министрдің өкілеттілігін күшейтті. Сол арқылы өзі отырғысы келді. А.Атамбаев өткенде ғана Қырғызстан социал-демократиялық партиясының жетекшісі болып сайланды. Мен осыған дейін берген сұхбатымда «Қырғызстан президенті Сауранбай Жиенбеков біреудің айтқанымен ұзақ жүрмейді» деп болжам жасағам. Сондай-ақ ерте ме, кеш пе биліктегі А.Атамбаевтың адамдарын азайтып, өз командасын жинайды» дегенмін. Жарты жыл болмай жатып, болжам шындыққа айналды. Сапар Исақовты алып тастауға С.Жиенбековтың туған бауыры көмектескен болуы да мүмкін. Асылбек Жиенбеков – парламент депутаты. Ал оның парламентте салмағы бар. Парламент үкіметке сенімсіздік танытып, С.Исақовты алып тастады. Ең қызығы, Асылбек Жиенбеков Қырғызстан социал-демократиялық партиясының мүшесі. А.Атамбаев жуырда ғана өткен партияның съезіне президенттің бауырын шақырмады. Тіпті А.Атамбаев «Оның (А.Жиенбеков — ред.) президентпен туыстығы болғандықтан, депутаттық мандатын тапсыруы керек» деді. Арада келіспеушілік басталды. Біраз уақыттан соң А.Атамбаев өзі ұсынған ізбасарын сынап, мәлімдеме жасауы да мүмкін. Ал С.Жиенбеков болса, өзінің бауырының қолдауымен жаңа партия құруы да ықтимал. Немесе «Республика» (Республика-Ата-Жұрт-ред) партиясына арқа сүйейтін болады. Тіпті жуық арада бұл елде парламент сайлауы өтуін де жоққа шығаруға болмайды.
Jas qazaq: Беларусь президенті Александр Лукашенко да соңғы бір жиында ЕАЭО-ны сынады. Ол Арменияны мысалға келтіре отырып, «Бізді дәл осылай біртіндеп құртады» деді. Сіздіңше, оның бұлай деуіне не себеп?
Д.Сәтбаев: А.Лукашенко осы одақ құрылған күннен бастап сынап келеді. Бәлкім, оның ойындағысы жүзеге аспай жатқан шығар. Ол одақ құрылған кезде бірыңғай мұнай-газ нарығын құруды ұсынды. Сол арқылы арзан шикізат алуды көздеді. Ал Ресей ондай нарықтың 2020-2025 жылдары құрылатынын жариялады. Бұл, әрине, А.Лукашенконың көңілінен шықпады. Оның үстіне Батыстың Ресейге салған санкциясы да ЕАЭО-ға мүше елдерге жайсыз тиді. Тіпті Ресей «Қазақстан мен Беларусь тыйым салынған заттарды саудалап жатыр» деп мәлімдеме жасады.
Біз мейлінше көпвекторлы саясат ұстанып, бәрімен байланысты тең дәрежеде ұстауға тырысамыз. Өкінішке қарай, бізбен бір одақтағы Ресей өз нарығына Қазақстан мен Беларусь тауары көптеп өтпес үшін неше түрлі кедергілерді ойластырады. Қазіргі санкция кезінде де бірқатар өнімге тыйым салды. Бұл біздің тауар өндірушілеріміз үшін үлкен мәселе. Дегенмен ЕАЭО жуық арада жабылып қалатын одақ емес. Сол үшін жұмысты жақсартудың оңтайлы жолын қарастырған абзал.
Jas qazaq: Әңгімеңізге көп рахмет!

Елдос
Өмірзақұлы

Бүгін, 18:08
Жаңа жылда Kaspi Red+ арқылы шоппинг үшін 15% бонус!
20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?