Сатирамыздың сарабдал сыншы-академигі Темірбек Қожакеев «Әрбір халықтың жан дүниесі оның ән-жырынан ғана көрінбейді, күлкі-сықақ, әзіл-оспағынан да көрінеді. Белгілі бір халықтың сатира, юморында оның бүкіл тарихы, күрес жолы, әр дәуірдегі көңіл-күйі көрініс табады» деп сын-сықақтың мән-мазмұн, мақсатын саралап-сипаттап берген болатын. Осы сөзді басшылыққа алған қазақ баспасөзі юмор мен сатираны ешқашан шеттеткен емес. Әзіл-қалжыңын үзбей жариялап келе жатқан басылымның бірі «Егемен Қазақстан» газеті екені белгілі. Ондағы «Сөз сойыл» әзіл-оспақ, сын-сықақ отауының жарияланып келгеніне биыл 25 жыл болыпты. Соған орай, біз әзіл-оспақ отауын ширек ғасыр шиырлап келген танымал сатирик Берік Садырды әңгімеге тартып, сатира-юмор төңірегінде сұхбаттасқанды жөн көрдік.
Jas qazaq: Берік мырза, «Сөз сойыл» әзіл-оспақ, сын-сықақ отауын жүргізу әуелде кімнің идеясы болды?
Б.Садыр: Әлбетте, шама-шарқымды таразылап барып ұмтылып көрдім. «Егемен Қазақстан» газетінде «Мүйізтұмсық» атты әзіл-оспақ болып, ол жабылып қалғалы да біраз болған. «Егемен Қазақстан» газетінің сол кездегі бас редакторы Нұрлан Оразалинге ойымды айтып едім, «тұрақты түрде шығара аласың ба?» деп төтесінен қойды. «Аннотациясын» мықтап жазып, 3-4 нөмірлік материалдарыңды әдебиет бөліміне өткізіп қой», – деді. Сөйтіп, 1996 жылдың маусым айының ортасындағы сенбіге әзіл-оспақ, сын-сықақ отауының бұрқ етіп алғашқы нөмірі шыға келді. Содан апта сайын шығару керек болып, әйда кеп жатпай-тұрмай жұмыс істеуге тура келді.
«Мүйізтұмсық» деген атты өзгертуге бәйге жариялап, ақыры алты ай асырып барып «Сөз сойылға» тоқтадық. Оны тауып берген белгілі қаламгер Тұрсынжан Шапай еді. Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев ақсақал: «Сөз сойылы» – сорлыға емес, содырға тисін, жемқорға тисін, обырға тисін!» деп батасын беріп, қазір, құдайға шүкір, баспасөз бағында «Ел сойыл», «Сойыл сөз» деп балалап, үрім-бұтағын үкілеп кеткен жайы бар.
Біраз жыл газеттердің макетін сызғылап, нәпақа айырып, қол қалт етсе, тек сатира-юморды ермек еткендіктен болар, ал бұған «Тамаша», «Бауыржан шоуда» редактор болып қоржын ұстағандікі ме, әу бастан-ақ бас-көз демей, төпелей жөнелдім. «Қазақ әдебиетіндегі» «Қожанасыр қоржыны» суалып таусылған, «Ара» жабылған, сатириктер де сусап қалыпты, «бәрекелдімен» бел буып кірісіп кетті. Қазір, құдайға шүкір, еліміздің түкпір-түкпірінен тізімдеп санасам, 80-ге тарта «серкем» бар. Мүйізі қарағайлардан қайыр шамалы, елдегі елгезек авторлар аман болсын. Тек сұрыптай біл, сүзгіден сірнеле, жылт еткенін жарияла, тегі болмаса бесаспаптық танытып, 5-6 жанрда өгіз күшпен өзіме күшенуге тура келеді.
1998 жылдан бастап онда жарияланған материалдар сұрыпталып, жақсы жазған авторларға сатирик-жазушы Балғабек Қыдырбекұлы атындағы жүлденің тағайындалуы дәстүрге айналды. Ол жүлдені ең алғаш сатираның жас перісі Ермахан Шайхы иеленсе, үлкендерден Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевқа, одан кейін Мейірбек Ақынбекұлына, Сейіт Кенжеахметұлына, Әзірбайжан Қонарбаевқа, Қазыбек Әшірбекұлына, Табыл Құлиясқа, Марат Көптілеуовке, Алпысбай Боранбайұлына, Бақтыбай Жұмадилдинге берілді. Қысқасы, «Сөз сойыл» көптің көңілін қанағаттандыратын беттердің бірі десем, қадірлі оқырмандар бұл пікірді теріске шығара қоймас. «Сөз сойылды» алғашында оқырман апта сайын оқитын… Келе-келе сирексіп, қазір шығару қиындаған заман… Ал сапасы жағынан басқа басылымдардағы өзі тектес бұрыштармен салыстырып көрген көзі қарақты оқырман «өте дұрыс» деп баға беретініне сенімдімін… Күн өткен сайын «барым да базарым» болғандықтан, бұған бар күш-біліктілігімді жұмылдырудамын. Міне, өзім зейнеткер болсам да, «Сөз сойылды» «сүйреп» келе жатқаныма 25 жылдың жүзі болыпты.
Jas qazaq: Сұрағымды төтесінен қояйын. ХХІ ғасырдың сиыр жылындағы қазақ әзіл-оспағының деңгейі қандай дәрежеде?
Б.Садыр: Құдайға шүкір, әзіл-оспағымыз бар. «Қазақ әдебиеті» газетінде «Бұзаутіс», «Айқында» – арнайы «Ара» қосымшасы, «Жас Алашта» – «Сүзеген сөз», «Ана тілінде» «Оспанхана», Egemen Qazaqstan «Сөз сойыл» әзіл-қалжың отаулары шығып жатыр. Өздерің сияқты «Бүгінгі сатира» айдарымен әзілге көңіл бөліп отыратын басылымдар да баршылық. Ал дәреже деңгейіне келер болсақ, сапа жағы салмақсыздау, «әп, бәрекелді!» дегізер дүниелер некен-саяқ. Не жазса да «дүр» еткізетін Сейіт Кенжеахмет ағамызды іздейтін болдық. Қазір көштің алдында Мұхтар Шерім тұр. Ал сатира-юморға бет бұрған жастар жоқтың қасы десек те болады. Мұндайда академик Темірбек Қожакеевтің «Сатира – күштілер қаруы» деген қанатты сөзі еске түседі. Егде тарландарымыз өз уақытында өз үлестерін қосты. Ал қазір заман басқа, талап «қарақасқа» болып, сатира сарбаздары тоқырау, тосырқау күй кешуде. Қостанайлық сатирик Дәмер Әбіштің «Қатынымды жекешелендіріп алдым», «Институтымыз ұл тапты!» мен Сайлау Байбосынның «Асқазаныңыз ауырмай ма?!» атты тәуір дүниелеріне «әп, бәрекелді!» деп отырған жайымыз бар. Өзім де әзіл-оспақ отауын шығарып отырғандықтан «оңым мен солыма» алаңдап, тәуір дүние келе қалса екен деп елеңдеймін…
Jas qazaq: Сатира-юморға бет бұрған жастар жоқтың қасы, сатира сарбаздары тосырқау күй кешуде деп қалдыңыз ғой. Осы ойыңызды толықтырып айтыңызшы.
Б.Садыр: Тоқетері, қазіргі қоғамға сынап-мінеу сияқты «ащы-тұщы әзіл» керек болмай тұр. Мұндай жағдайда сатира-юморды жазушылар тосырқамай қайтсін! Бірлі-жарым бұлтартпас дәйекпен фельетон жазылса – бұнысын әрісі қоғам болып көзге ілмейді, берісі шыбын шаққан құрлы көрмейді. Темірбек Қожакеев: «Әдебиет пен баспасөз тәжірибесінде жамандыққа жаны қас, жақсылықты ғана іздейтін, азулы да айбынды бір жанр бар. Ол – фельетон. Фельетон жат мінез, жайсыз қылық, кемшілік-мінді көрсе-ақ айырын ала салып, оны түйрей қояды, жұрт алдына сүйреп шығарып, қағып-сілкіп, масқара етеді» деген. Расында, сол кездері фельетон сатираның өтімді де, өткір жанры болған. Өкінішке қарай, бұл жанр бүгіндері мүлдем жоғалған. Оспанхан Әубәкіров: «Ара» – ара болады, шаққан жері жара болады» деп баға берген журнал бетіндегі фельетонның «басты кейіпкерлері» жылы орындарынан алынып, биліктің қатаң жазасына ұшырап отырған. Қоғамның талай мінін түзеген «Ара» журналы туралы көрнекті сатирик Ғаббас Қабышев: «Ол кезде «Ара» журналына есімі іліккен адам міндетті түрде тексеріліп, лайықты жазасын алып жататын. Журналда қызмет етіп жүргенімізде келеңсіздіктерді айтып, СОКП Орталық Комитетіне дейін шыққанбыз. Сол кезде үш бірдей министрге кінәсін мойындатқызып, қызметінен де босатқанбыз» дейді. Ол сатираның бүгінгі күні әлсіз көрінуінің себебін «оның еленбеуі мен лайықты баға берілмей жүргендігінде» деп түсіндіреді. Сатираның ең бір мықты жанры фельетон болатын. Бұл жемқорлар мен парақорларға қарсы таптырмас құрал еді. Өкінішке қарай, фельетон әдебиет сахнасынан аластатылды. Қазір сыналған адам емес, сынаған адам сүйкімсіз болып жатады. Осылайша, фельетонға қақпақ қоюшылар пайда болып, сатириктер бұл жанрды жазуды қойды. Осындай сатира-юморға аса мән берген кеңестік кезеңнің іс-шараларына тәнті боласың. Соның іс-әрекеті қазіргі қоғамға дарыса, сатириктеріміз тосырқауды сілкіп тастап, бір кездегідей белді буып буырқанар-ақ еді… Оларға қарап оң-солын таныған жас буын да әзіл-оспаққа мойын бұрар еді.
Jas qazaq: Бір кездері «Тамаша» мен «Бауыржан шоу» әзіл-сықақ театрларында редакторлық қызмет еттіңіз. Қазіргі сахналық сатираның деңгей-дәрежесіне қандай баға бере едіңіз?
Б.Садыр: Тәубе, бүгiнде жұрт әзiл-сықаққа кенде емес. Олай дейтiнiм, «Тамашаның» шекпенiнен шыққан «Бауыржан-шоу», «Күлкi керуенi», «Терiсқақпай», «Шаншар», «Екі езу» сияқты әзiл-сықақ театрлары бар. Сценарий жағынан, қойылымдық тұрғысынан «әлi келе жатқан…» театр болмаса, бәрi «бiр шекпеннен шыққандыкi ме», әйтеуiр, айтары да ұқсас, күлкiсi де ұқсас болып келедi. Соған қарағанда, осы театрлардың қойылымдары жөнiнде: «Әзiл-сықақ, әжуасы әпербақан, қойылымы отбасы, ошақ қасы күйбең тiрлiк төңiрегiнде, көрiп отырып көңiл қалады» дегендей пiкiрдiң қалыптасуы бекер емес сияқты. Расында да, осы театрлардың бәрiнде дерлiк тақырып аясы бiрдей. Олардың жеке ұжым ретiндегi өзiндiк қолтаңбасын, өзiндiк iзденiсiн көре алмайсыз. Бәрiнде де қап арқалаған, базар жағалап бала-шаға асыраудың қамымен есеңгiреген әйел. Үгiтiлiп бiткен, әйелiнiң айғайынан бас сауғалап, мүсәпiрлiкке мойынсұнған еркек. Ұрдажық ұрпағына күмiлжiген кемпiр-шал. Барлықтан басы айналған бақырауық келiн. Қалт-құлт еткен қайыршы. Байлықтың буына пiсiп кекiрейген керталтаң… Мiне, тақырып жағынан сатиралық сахнамыздың «көрiк-ажары» осы.
Әрине, бiз оларға уақытпен үндеспе, заман кейiпкерiн кесе-көлденең тартпа демеймiз. Айтсын. Дегенмен әр театрдың өзiндiк қолтаңбасын даралайтын бағыт-бағдары болатынын еске салып отырмыз. Тақырып осы екен деп талғамсыз, тұщымсыз дүниенi шарқ ұрып шиырлағаннан сатира тумайды. Көрермендi күлдiруiм керек екен деп әдепсiздiкке, анайылыққа барып, әпербақандық таныту – дәрменсiздiк.
«Сынықтан басқаның бәрi жұғады» демекшi, соңғы кезде мұндай көрiнiс барша сатиралық театрлардың деңгейiне айналып барады. Бiр айта кететiн мәселе, әрбiр қойылымның тым ұзақтығы. Сатираның құдiретi де сол, көп сөздi аз сөзбен түйiп айту ғой. Ал бiздiң театрларымыздағы әрбiр қойылым пәленбай минутқа созылып, адамды мезi етедi. Сатира театрына керегі сын-сықақ екенi белгiлi. Ал оны жазатын, әрине, сатирик-жазушылар. Олардың қатары аз емес. Сөйте тұра, сатиралық театр тiзгiнiн ұстаушылардың: «Барымыз осы. Бiзде сындарлы, салиқалы скетч жоқ» дейтiнi бар. Ал ой тезiне салсаң, бұлай деуiнiң еш қисыны жоқ. Өйткенi «Тамашаға», «Бауыржан-шоуға» келiсiмшарт бойынша аз-маз болса да, бiр кездерi атсалысқаным бар. Сондағы өзiм түйген ойды айтсам, бiрiншiден, мұнда авторларға деген өзгеше көзқарас қалыптасқан. Автор бұларға «есегi судан өткенше» ғана керек. Сондықтан шығар, осы күндерi аталмыш театрлардағы қойылымның авторлары – бұрын-соңды бiрлi-жарым әзiл-оспақ жазып көрмеген адамдар. Олар да аяқ-асты табылады, үштi-күйлi жоғалады. Мұның себеп-салдары да белгiлi. Бiзде сатира да, юмор да жоқ емес. Тек оны жазатын авторларды өздерiнiң маңына үйiру жетiспей жатқан сияқты. Мiне, осыдан кейiн театр сахнасындағы қойылымның мазмұн-мағынасының талғамнан төмен жатқандығын бүркемелеу үшiн арзан күлкi болса да көрерменiн ыржитып қайтаруға тырысады. Мұны көрiп: «Ау, бұларың қалай?» дей қалсаңыз, олардың: «Бiздiң көрерменнiң талғам, ой-өресi осы төңiректе» деп жұртқа топырақ шашатыны да бар. Ал сол талғамды қалыптастыратын өздерi екенiн мүлдем еске алмайды…
Jas qazaq: «Тамашаның» қазіргі сатира театрларынан артықшылығы неде деп білесіз?
Б.Садыр: Алғашқы әзіл-сықақ театры болды. Ол кезде қазіргідей жетісіне гулетіп жататын әзіл-сықақ бұрышы атымен жоқ болатын. Ал «Тамаша» мерекелерге орайластырылып жылына 5-6 рет қана «Республика» сарайында қойылып, содан кейін ғана теледидардан көрсетілетін. Оны қалың жұртшылық тайлы-таяғымен қоймай тамашалайтын.
Негізгі ерекшелігі – «Тамашада» белгілі бір театрдың танымал артистері ойнайтын. Ондағы әртістер рөлді ойнағанды ғана білетін. Саусақпен санарлық скетчтер болмаса, оларға материалды тауып беріп отыратын театрдың арнайы редакторлары болды. Бұған сол кездегі Оспанхан Әубәкіров, Шона Смаханұлы, Сейіт Кенжеахметов секілді белгілі сатириктер үзбей атсалысты.
Jas qazaq: Қазіргі сатиралық театрлардың көбейгеніне қалай қарайсыз?
Б.Садыр: Әзіл-сықақ театрының бастауы «Тамаша» болса, «Бауыржан шоу», «Терісқақпай», «Күлкі керуен», «Аққу-Гәкку», «Нысана» деп жеке отау тікті. Аймақтарда да құрылды. Бір кездері «Хабардағы» «Ду-думаннан» − «Қуандық пен Бақыт», «Беймарал», «Керемет» дегендерді өз басым бірінші рет естідім. Жарайды, көптік етпес. Осы жерде «сан сапаға әсер етеді» атты қағиданы еске алуға да болатын шығар. Мәселен, Мәскеуде 400-дей театр бар деп жұбату айтамыз. Ал осы ана «Тамашадан» тартып, қазір бәр-бәріне көрерменнің көңілі толмайды. Мына парадоксты қараңыз, Ресейдің «Кривое зеркалосында» 20 шақты әртіс бір ұжымға топтасқан. Олардың әрқайсысының өзі жеке театр құруына бедел-қасиеттері жетіп артылса да, бір ұжымда еңбек етеді. Неге? Ұжым – ұтады. Жетекшісі Евгений Петросян «ұтудың» оңды-солды жолын тапқан. Мәселен, скетч табуда Петросяндардың талғамы керек. Конкурсқа мыңға жуық материал келіп түседі екен. Себебі, оған таңдап алынғанға төленер қаржы өте қомақты көрінеді. Петросян «керек» авторымен сұхбат жүргізіп, насихаттап отырады. Ал олардың менталитеті басқаша деген пікірге келіспеймін. Өз басым ол театрдың әр қойылымын ыждағаттылықпен тамашалаймын. Үлгі боларлық театр-ақ!
Jas qazaq: Қазір зейнеткерсіз, әлеуметтік желіде неге әңгіме қозғамайсыз? Саясат – сатираңыздың сұранып тұрған «жемі» емес пе? Ана құрдастарыңыз құсап шеріңізді бір уақ тарқатып отырмайсыз ба?
Б.Садыр: «Құрдастарыңыз» деп отырғандарды жобалап біліп отырмын. Е, олармен кезінде өкіметтің баспасөзінде бірге қызмет еттік. Олар да, мен де уақыт талабына орай, сол өкіметтің жырын жырладық. Ал олардың қазіргі белсенділігін түсінуге болады. Кезінде айта алмағанын енді көсіліп айтып, шерін тарқатулары жөн-ақ. Менің олардан артықшылығым, өзімнің шығармашылығым – сатирам бар. Cол сатираммен – «Сөз сойыл» әзіл-сықақ отауымен шамам жеткенше еңбек етіп келемін. Ал қазір одан ауытқып шығып кетуге мұршам да, уақытым да болмай тұрғаны. «Сөз сойылды» Egemen Qazaqstan газетінде табандап отырып шығарып келе жатып, қырсыққанда ширек ғасырға бір жарым жыл қалғанда зейнеткерлік «кепер жел» болып, «ал демалыңыз» деп жүгенді сыпырып қоя берді. Амал жоқтықтан содан бері ол «отауды» тегін шығарып отырған жайым бар. Қала берді, архивке үңіліп көрсем, құдайға шүкір, талғажау етер дүниелер жетіп артылады екен. Әлеуметтік желі… әрідегісі – саясатта нем бар, онсызда шерменде шерімді әңгімелерім арқылы-ақ тарқатып алармын.
Jas qazaq: «Сөз сойылды» тегін шығарып жатырмын дедіңіз бе?
Б.Садыр: Дәп өзі, тегін шығаруға тура келді. Өйткені ол кезде не ары жоқ, не бері жоқ, «Сөз сойылдың» шыққанына жиырма үш жарым жыл болып, аспанда ілініп қалғандықтан, «шу қара құйрық» деп бір жарым жылдан аса тегін «құлшылық» етуге тура келді.
Jas qazaq: Сонда сатира-юмордың керегі болмай қалғаны ма?
Б.Садыр: Сұхбатымның басында сатираның мән-маңызына көсіле тоқталып, одан фельетон жанрын шиырлап бәйек болғаным да содан…
Jas qazaq: «Үмітсіз шайтан» деген. Бақандай жиырма айға жуық ақысыз қызметіңізге әзіл-оспақты құлай оқитын қалың оқырмандарыңыз атынан ризашылығымызды білдіреміз! «Сөз сойылды» ширек ғасырға толтырған мерейлі жылыңыз құтты болсын, лайым көздегеніңіз орындалсын.
Әңгімелескен
Жарас КЕМЕЛЖАН