Танымал дизайнер Жадоның пиар-менеджері Ринат Тәттібай Сиви Махмудидің отыз жасқа толған мерейтойына ниқаб киіп келген.
Сивидің шақырған қонақтарға «шығыс стилінде киініп келіңдер» деген талабын орындамақ болған пиар-менеджер «шаш ал десе, бас алғанның» керін келтіріпті. Тойға келген қонақтардың бәрі оның неге ерлердің емес, әйелдердің ниқабын киіп келгеніне таң.
«Енді шығыс стилінде киініп келіңдер деп айтты ғой. Киім табу өте қиын болды. Мұсылман киімдерін сататын дүкенге барып сатып алдым. Дүкендегі сатушы қыздар кімге алып жатырсыз деп сұрайды. Әпкеме алып жатырмын деп айттым. Осында тойға келген әріптестерім танымай жатыр. Ең бірінші болып Мақпал Жүнісова мен Шахизада таныды»-дейді Ринаттың өзі.
Неге ерлердің емес, қыздардың киімін киіп алғанын сұраған журналиске: «Менсіз де 5-6 араб жігіті жүр осында»-деген пиар-менеджер мұндағы мақсаты Сивидің «ең үздік костюм» деген номинациясына тағайындаған сыйлығын алу болғанын да айтып қалды.
Ниқабпен қоса көзін де бояп алған Ринат Тәттібайдың бұл қылығы «атың шықпаса жер өрте» дегенге келетін сияқты.
Дереккөз: reactor