Белгілі адамдардың білгісіз қырлары

01 қыркүйек 2023, 15:12

Бір нәрсеге бір нәрсе сеп, түрткі болады. Осы жазбаны өзім сыртынан айрықша қадір көретін кісінің бойындағы бір қызық дағды жаздырды. Ғұмырбаяндық дүниелерді оқуға құмарлықтың әсерінен бе білмеймін, мені шығармашылығынан бөлек, белгілі адамдардың бойындағы беймәлім қыры мен сыры, қызық дағдысын білу көп қызықтыратын. Қызықтырып қана қоймай, түрлі ойға жетелейді.

Ойға серпіліс берер, мына бір таңсық тақырыптан бастайын. Табиғаттың ең тартымды төлі сірә, құс болар. Еуропаның, орыстың ірі ғалымдарын, әсіресе, шығармашылық адамдарын бұл тақырыптың ынтықтырмаған, өзіне магниттей тартпаған кезі жоқ. Дарвин адамдарды айтпағанда, құстарды табиғаттағы тірі тіршілік иесінің ішіндегі ең эстетикалық қуаты зор, кереметі деп таныған. Құстар әнінің білгірі И.Шамов бұлбұлдың дауысынан тырнаның, шымшықтың және басқалардың даусын кезіктіреді. Бұлбұл өзі ұя салған жердегі құстар дауысын бойына тез сіңіреді екен және соның ішінен өзіне керегін алып пайдаланып, жетілдірген. Демек құс атаулының ішіндегі ең қабілеттісі әрі полиглоты бұлбұл деген сөз.

«Самородок» бұлбұлдар аса шабыттанған жағдайда сағатына 300-ге жуық ән салады екен. Бұдан артық бай фольклор бола ма!? Құстар әні адамзат, адам шабытының қайнар көзі, сезімнің қозғаушы күші. Оның бір мысалы, кей елдерде «Құс қайыру» атты эстрадалық жанр болған. Біздің Қазанғаптың «Құс қайыруын» еске алыңыз. Ағылшындарда жыл сайын «Құстар фестивалі» өтеді. Оның жұмысына ханзада Чарльздің өзі қатысып, сөз сөйлейді. Он жетінші ғасырда өмір сүрген белгілі музыкант В.Принтц «құстардың әні көптеген композиторлардың ғажайып дүние тудыруына негіз салып бергеніне мен кәміл сенемін» деп жазды.

Ол рас. Глинка өмір бойына құстарға табынып өткен. Пәтерінде құстың ондаған түрі болыпты. «Ол құстармен бірге болған сайын өз бөлмесіне оралған соң күйсандықта отырып, ұзақ ойнайтын» деп еске алады композитордың әпкесі. Бірде композитордың өзі әнші Леоноваға «Маған тұтас бір музыкалық фантазия жазу үшін құстың бір ғана түшкіргені жетіп жатыр» деп өз құпиясынан сыр ашады. Әйгілі әнші Нежданова кезекті концертке шығар алдында Мәскеу түбіндегі орманға барып, бұлбұлдардың дауысын тыңдап қайтуды дағдыға айналдырған. Құстар әніне Чайковкийдің де қатты назары ауған. Қысқасы, құстар әні адамзаттың ең асыл рухани сыйы ретінде бағалы. Халқымыздың өнердегі біртуар тұлғалары да құстар әнінің құдіретін өзгеден жоғары болмаса, кем сезінбеген. Ақан серіге «Көк қаршыға», «Қараторғайды», Ықыласқа «Аққуды», Дәулеткерей, Дина, Кененге «Бұлбұлды», Әшімтайға «Қоңыр қазды», Нұрғисаға «Аққу», «Құстар әнін» жаздырған не құдірет!? Жазушылардың арасында бұл тақырыпқа Тәкен Әлімқұлов барғыштады. Қазір білмедім, ілгеріде Илья Жақановтың үйінде тотықұс болатын. Құс дегеннен шығады, оған деген әуестікті тек шығармашылық адамдары емес, қарапайым жандардың да өмірінен кезіктірдік. Бірде «Алматы ақшамында» шаһарда балконында бүркіт ұстайтын қазақ туралы жазып едік.

Расында, бөтен дағды ұстану бұл кісіні өзін өзгеден ерекшелендіру емес, ол тіпті оның өмірімен бөліп-жара алмайтындай біте қайнасып, қанаттандырып, жаман ойлауға, өзін жаман сезінуге мұрша да бермейді. Абай айтқандай, «пендеде бір іс жалығу» дегеннен құтқарады екен. Демек бұл ғылымда дәлелденгендей, ұзақ өмір сүрудің де бір кепілі. Біз білгенде тағы кімнің, қандай дағдысы бар еді? Сәбит Оразбаев өлеңді домбыра шертіп отырып оқиды. Өтежан Нұрғалиев өмір бойы «Мода» журналын жаздырып оқыған. Бәлкім, елден ерекше көрініп, сәнді киініп жүретіні де содан. Асанәлі Әшімұлы кейде қарсыласы әлсіздеу болса, шахмат үстінде де түрлі шаруалармен айналыса береді. Үнемі жанында тұратын күнделігіне ойын түсіріп, қарсыласын күттіріп те қояды. Әзілхан Нұршайықов басқа жерді айтпағанда автобуста да қойын дәптеріне ойына келгенін түртіп қоюға уақыт тапқан екен. Еуропадағы Шекспирден кейінгі ұлы драматург делінетін Бернард Шоу 62 пьеса жазған адам. Соның басым көпшілігін трамвайда жазыпты. Тахаң – Тахауи Ахтанов: «Қалибек қара сөздің өзін өлеңдетіп оқитын» деуші еді. Райымбек Сейтметов те Шәкен Аймановтың өлеңдетіп сөйлейтінін үнемі айтып отыратын. Өзі де бұл тәсілді көп спектакльде пайдаланып, талай актерді осы мәнерді алып қалуға тәрбиеледі. Ұлылардың осы ұлы қасиетін ұстап қалды.

Бір спектакльдің репетициясына кірісер алдында міндетті түрде ақындардың өлеңдерін төгіліп, тоқтаусыз оқитын болған. Демек өлең оқуды шабытының қозғаушы, қайнар көзіне айналдырған. Қадыр оны бекерге «сахнаның ақыны» деп атады дейсіз бе!? Дағды көп қой. Бір жазушы аяғын шылаушынға салып отырып жазса, енді бірі ескі газет тігінділерін парақтаған. Мен үшін Әбікеннің «Қоңырын» тыңдағаннан кереметі жоқ. Тіпті қаскөй талант Гитлер не істеген десеңші! Оның жеке фотографы Генрих Гофман деген досы болған. Ол фюрердің халық алдында сөз сөйлеуге дайындығын түсіріп отырған. Сонсоң өзі суреттерді мұқият қарап шығатын болған. Ол күлкілі ме, сәтті ме, сәтсіз бе, сын көзімен қараған. Себебі өзі де суретші болған ғой. Кейін кейбір суреттерін жоюға бұйрық бергенімен, оны Гофман түрлі жолмен сақтап қалған. Кейінірек «Гитлер менің досым» атты кітабына жариялаған. Айтпағым, кісі бойына Тәңірден берілетін ұлы қасиет, дағдылар өзі дарынды адамның өзгешелігінің де бір кемел көрінісі. Осылайша белгілі адамдардың белгісіз қыр-сырын білуге деген ынтызарлық жылдар бойы жалғасып келе жатыр. Енді әргі-бергіні шолып, аяңдап отырып осы жайды баяндауға себепші болған кейіпкерімізге де келіп жеттік. Қазақтың таңғы шықтай мөлдір жазатын ақындарының бірі де бірегейі – Нармахан Бегалыұлы.

Ешкімге ұқсамайтын, өз әлемімен ғана өмір сүретін ақынның бір ғажап қырын таяуда білдім. Бұл кісі қанша көз жұмып қарайын десе де прозадан поэзия көреді екен. Тура Тахаң айтқан Қаллеки мектебі. Алты жасынан бастап Ғабит Мүсіреповтің шығармаларын оқыған ол ұлы суреткердің прозадағы үлгісін поэзияда ұстанып келеді. Былай айтқанда Ғабеңмен ауырған. «Сөз біткен жерден саз басталады» деуші ме еді Шопен. Міне, сол прозашы Ғабең сөзінен мұның құлағына тек қана саз, ұлы сарын келетіндей жағдайға жеткен. Нарағаң мұндай ойға табан тіреуін былай пайымдайды. «…Прозашылар да ақыннан асырып жазады. Егер ол нағыз талант болса. Ғабит Мүсіреповтың «Темір пештің үстіндегі қара құман шырт-шырт түкіріп қояды» дейтін сөйлемі қандай керемет. Әрі сурет, әрі қайнап жатқан ойды білдіріп тұр. Қара құманның шырт-шырт түкіріп тұрғаны поэзия емес пе? Поэзия. Сол сияқты Оралхан Бөкейдің тіркестері. Ол да қарасөзбен жырлады.

Тургеневтің де қарасөзбен жазған жырлары бар. Мен Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласын оқығаннан кейін, өзімнің өлең жазу тәжірибеме бір тәсіл, әдіс енді деп айтуға болады. Мысалы, әр шумақты жазғанда мен қазақтың «Елім-ай» әнінің ырғағына салып, іштей ыңылдайтын болдым («Қазақ әдебиеті», 19.05.2023). Қайсыбір жылы Қазығұрт тауының етегіндегі «Мәңгілік ел» саябағы (белгілі меценат Бекет Тұрғараевтың идеясымен тұрғызылған) атты алып ескерткіштер мен кесенелер кешені бірнеше ескерткіштермен толықты. Соның бірі қилы-қилы заманда халықаралық бәйгелерден ұтып алған алтын, күмісін сатып, Ахмет Байтұрсынұлы түрмеден шығарып алған күш атасы Қажымұқанға арналды. Сол жерден Нарағаңды көрдім. Көңілі босап: «мына Бекет үлкен сауап іс жасады. Тұлғалардың өлісін тірілтіп, тірілерін биіктетіп жүретін осындай жігіт бірнешеу болса, шіркін» дегені есімде. Содан ас үстінде Қажымұқан туралы шығарған салмағы шамамен бесалты келі тартатын кітабын тартулады. Осынау қазынаны көкірегіме басып, Алматыға көтеріп келіп, «Ана тілінде» сүйінші сұрап, жарияланым бердік. Нарағаң телефон шалып, тағы бір қауқылдасып қалдық.

Содан бері жылдар өтті. Сол бір рухи қауышулар, ілтипатты ұшырасулар кей-кейде еске түсіп, елжіреп алуға зор себепші. Алайда менің зор табысым жылдар бойы тірнектеп жинап, қойын дәптеріме түртіп жүретін белгілі адамдардың белгісіз қырын білуге деген құмарлықтың Нарағаңмен толығуы еді. Айтары жоқ, бәрінен де Нарағаның Ғабеңді қапысыз тануы бөлек. Расында, Ғабең прозасының бір ерекшелігі – әуезділігінде, сөзді ойнатуында. Бұл қасиетінің бір құпия жағдайына «Дәулеткерей. Ғабең. Шәміл» атты эссемде едәуір жауап тапқандай болып едім. Нарағаның парықтауындағы Ғабең болмысы сол ойымызды еселеп, құнын арттыра түсті. Жаңа бір туындысына кірісер алдында өзі симфонияға балаған Дәулеткерейдің «Жігерін» ұзақ тыңдайтын сырбаз суреткердің туындысынан неге саз ұшқындамасын. Дегдар Ғабеңнің өлеңдегі үлгісін ұстанған Нарағаңның прозадан поэзия іздеуінің сырына енді ғана біршама қаныққандай халдемін.

Қали Сәрсенбай, қаламгер

Бүгін, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді