Бейнетінің зейнетін көрсін

03 қараша 2016, 15:41

photo

 

Гүлнар Ықсанова,

Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты

 Бүгінгі медицина тым қымбат. Содан болар, ең бай деген мемлекеттің өзі денсаулық сақтау саласын бюджет есебінен өркендете алмайды. Дейтұрғанмен, дамыған елдерде әрбір азаматтың сапалы ем қабылдап, білікті дәрігерге қаралуға толық мүмкіндігі бар. Бұған медициналық сақтандыру жүйесінің көмегімен қол жеткізеді. Сол арқылы азамат та, жұмыс беруші компания да жанама түрде медицинаны демеп, қолдап отырады.

          Дәрігердің жалақысы жоғары болсын

       Елімізде медицинаның дамуы үшін мемлекет қыруар қаржы жұмсайды. Соңғы 10 жылда бюджеттен қаржыландыру көлемі 6,3 есе, ал жан басына шаққанда 5,6 есе өсті. Тұрғындардың жеке төлемі денсаулық сақтау саласына жұмсалған жалпы шығынның 37,4 пайызын құрайды. Ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (OECD) бұл көрсеткіш орташа есеппен 17 пайыз шамасында.

Бюджеттен бөлінетін қомақты қаржының өзі әзірге ең негізгі түйіннің шешімін тауып бермейді. Денсаулық сақтауда бәрі де медицина маманына кеп тіреледі.

Емдеу орындары қандай да бір заманауи құрал-жабдықпен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілсін, кәсіби біліктілігі жоғары дәрігер болмаса, одан қайыр жоқ. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, басты міндет — медицина қызметкерін ынталандыру, олардың бейнетіне сай зейнетін көретін мүмкіндік туғызу. Өкінішке қарай, бізде ондай ынталандыру әзірге болмай тұр. Құрал-жабдыққа, технологияға, дәрі-дәрмек сатып алуға ақша бөлінгенімен, адам факторы алға шықпай тұр. Медицина қызметкерінің жалақысы оның біліктілігі мен жұмсайтын қайрат-қажырына сай келмейді. Бұл мүлдем дұрыс емес. Мұндай жағдайда ауырмаған абзал. Медбике айына 70 мың теңге, санитар әйел 40-50 мың теңге, ал дәрігер орта есеппен 120 мың теңге табады. Мұны өзгерту керек. Мамандықтың лайықты бағаланбауы, қызметкердің жұмысты басқа жақтан іздеуіне немесе науқасқа атүсті қарауына әкеп соғады. Қазақстан бәсекеге қабілетті елдердің қатарына енуге ұмтылып жатқанда денсаулық сақтау сияқты стратегиялық салада біз өркениетті әлемнен қалып қоймауға тиіспіз.

Мына жәйтті де түсінуіміз керек. Мемлекет жалғыз өзі қанша күш салғанымен біздегі дәрігердің Батыстағыдай ақша табуына мүмкіндік беретіндей деңгейде медицинаның барлық шығынын көтере алмайды.

Денсаулық сақтаудың жаңа үлгісін енгізу идеясы осындай жағдайды өзгертуге бағытталған. Не өзгеруі тиіс? Ең әуелі, медицина мекемелерін қаржыландыру, соның ішінде дәрігердің табысына қатысты көзқарас. Мұны кешеуілдетуге болмайды. Бұл жерде жыл сайын 5-10 пайызға арттыруды көздейтін эволюциялық емес, түбегейлі жаңғыртуға жол ашатын шешім керек. Адам емдеумен айналысатын дәрігер табысы жоғары маман болуы тиіс. Ал көп жылдық тәжірибесі мен атақ –дәрежесі жоғары дәрігерге одан да көп төлеу керек. Ол науқас атаулының бәріне бірдей араша болуы  тиіс.

Тағы да айта кетейік, мемлекет өз бетінше бұл мәселені шеше алмайды. Рас, қазір дәрігердің жағдайын жақсартуға көп нәрсе жасалып жатыр. Бірақ бұл жеткіліксіз. Тіпті, жалпы ішкі өнімінің 17 пайызын денсаулық сақтауға жұмсайтын АҚШ сияқты экономикасы мықты елдің өзін медициналық сақтандыру жүйесінсіз тұра алмайды. Дәл осы сақтандыру медицина қызметкерінің еңбегін лайықты түрде ынталандыруға жағдай жасайды.

         ММС-ке жұмсалатын қаржы

 Есеп –қисап пен ұсынылған қаржы үлгісі көрсеткендей,  еліміздегі міндетті медициналық сақтандыру (ММС) жыл сайын медицина мекемелерінің мұқтаждығына ең кемі 1 триллион теңге керек. Бұл бірқатар техникалық мәселелер мен науқастарды лайықты дәрежеде емдеуге бағытталған міндетті, сондай-ақ, медицина қызметкерлерінің жағдайын барынша жақсартуға септігін тигізеді.

Ал салық төлеушіге қалай әсер етеді? Жұмыс берушілер төлейтін жарнаның жалпы мөлшері кірістің 5 пайызын құрайды. Жүйе  біртіндеп енгізіледі. Алдымен төлем 2 пайыздан басталады. Осы төлем корпоративтік табыс салығын (КТС) есептеген кезде алып тасталады. Демек КТС мөлшері азаяды. Соның нәтижесінде қазіргі салық деңгейімен салыстырғанда, жұмыс берушінің нақты салық  жүктемесі 2017 жылы — 1,6%, 2018 жылы – 2,4, 2019 жылы – 3,2, ал 2020 жылы 4 пайыз болады.

Қызметкер де ММС жарнасын төлейді. Жарна оның табысының небәрі 2 пайызын құрайды. Төлем 2019 жылы 1 пайыз, ал 2020 жылы 2 пайыз мөлшерінде қалыптасады.

Көріп отырғанымыздай, медициналық сақтандырудың жалпы көлемі салық төлеушіге тым жоғары болмайды. Көптеген дамыған елдермен салыстырғанда, тіпті, төмен. Айталық, АҚШ-та медициналық сақтандыру қызметкердің айлық табысының 25 пайызын «жеп қояды». 300 миллиондай тұрғыны бар осы елде  40-50 млн адамның медициналық сақтандыруға жете алмай жүргені де осыдан.

Қазақстанда медициналық сақтандыру қоржынындағы дәрігерлік көмектің ауқымы мен сапасы (дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін емханадағы көмек, жоспарлы стационарлық емдеу,   оңалту) жыл өткен сайын кеңейіп, жақсара түседі. Медициналық сақтандыруды енгізу әр отандасымызға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын анағұрлым арттыруы тиіс. Жүйеге тартылғандардың қатары молайып, өзін-өзі жұмыспен қамтитын тұрғындар арасында өнімді еңбек ететіндердің үлесі көбірек болғаны аса маңызды. Бұл Қордың қаржылай әлеуетінің тұрақты болуына, яғни денсаулық сақтау жүйесінің ресурсы жеткілікті мөлшерде қалыптасуына ықпал етеді. Жұмыс берушілер мен азаматтар сақтандыру қорын құрады. Соның арқасында мемлекет медициналық қызмет көрсету түрін көбейтуге, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, денсаулық сақтау саласы мен медицина ғылымын дамытуға, заманауи технологияны енгізуге және медицина қызметкерлерінің ауыр да абыройлы еңбегін лайықты бағалауды  қамтамасыз етуге жағдай жасайды..

 

17 шiлде, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде