jasqazaq.kz

Бейбіт елдің бітімгерлік миссиясы немесе Калай-Хумбтан Голан жотасына дейін

Бүгін, 12:45

Ұлттық бітімгерлік құрам сапында табысты қызмет атқарып, халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға зор үлес қосқан әскери қызметшілермен кездескенде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былай деген еді: «Бітімгер болу – бейбітшіліктің елшісі болу деген сөз. Бұл – үлкен абырой әрі зор жауапкершілік, нағыз ержүрек жауынгерлердің қолынан келетін іс. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Қазір әлемдегі жағдай аса күрделі екенін білесіздер. Түрлі қақтығыстар болып жатыр. Өкінішке қарай, оның бәрін келіссөз арқылы шешу мүмкін болмай тұр. Мұндай кезде бітімгерлік миссиялары айрықша рөл атқарады. Қазақстан – бейбіт ел. Біз әлемде тұрақтылық орнатуды көздейтін барлық бастаманы қолдаймыз».
Президенттің айтуынша, еліміздің қарулы күштері 2014 жылдан бері Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік қызметіне өз үлесін қосып келеді. 80 азамат байқаушы және штаб офицері ретінде бірнеше миссияға атсалысып, 700-ге жуық әскери қызметші БҰҰ-ның арнайы операцияларына қатысқан. Мемлекет басшысы олардың ішінде Әлия мен Мәншүктің, Хиуаздың жолын жалғаған жаужүрек арулар да бар екенін атап өтті.


Жалпы қазақстандық әскери қызметшілердің әлемдегі бейбітшілікті қолдауға қатысу тәжірибесі 2003 жылдың тамызында бірінші инженерлік-саперлік «Қазбат» жасағының құрылуынан бастау алады.
Бірақ одан он жыл бұрынғы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД) оңтүстіктегі ортақ шекарасын қорғауға зор үлес қосқан алғашқы Қазбатты айтпасақ, ол тарихқа қиянат болар еді. 1993 жылғы 22 қаңтардағы ТМД мемлекеті басшыларының шешіміне сәйкес, Қазақстанның құрама батальоны (Қазбат) қалыптасқан дағдарыс кезеңінде тәжік-ауған шекарасын қорғау жөніндегі жауынгерлік тапсырманы орындауға аттанын болды. Қазақ батальонымен бірге орыс, өзбек, қырғыз бөлімшелері де көршілес аудандарда осындай міндеттерді жүзеге асыруға жіберілді. Жалпы 1994 жылдың маусымынан 2001 жылдың ақпанына дейін тәжік-ауған шекарасын (Хорог, Калай-Хумб бағыттарын) қорғауға он мыңнан астам қазақстандықтар қатысты. Олар шын мәнінде еліміздің ең алғашқы бітімгерлері болатын.
Осы уақыт ішінде Қазбаттың жеке құрамы елу рет қарулы қақтығыстарда ысылып, жүзден астам шекара бұзушылықтың бетін қайтарып, бірнеше тонна есірткі заттарын, қаншама қару-жарақтарды тәркіледі.


Енді жаңа ғасырдағы, жаңа Қазбаттың тарихына қайта оралайық. 2003 жылдың 30 мамырында Қазақстан Республикасы Парламентінің қос палатасының бірлескен отырысында «Бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін пайдалану және Коалицияның тұрақтандыру күштері құрамында Иракқа әскери инженерлер бөлімін жіберу туралы» қаулысы қабылданды. Сол тарихи отырысқа осы жолдардың авторы да қатысқан еді. Қаулыны қабылдамас бұрын депуттаттар біраз уақыт аталған мәселе төңірегінде қызу пікірталасқа түскені есімде. Ақыры басым дауыспен Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін орындау үшін инженерлік-саперлік бөлімді елден тысқары жерге жіберген жөн деген байламға тоқтады.
Ирактағы бітімгершілік миссиясы барысында, яғни 2003-2008 жылдар аралығында қазақстандық жауынгерлер 4 млн астам жарылғыш заттарды жойып, 7 мың текше метрге жуық ауыз суды тазартты. 5000-нан астам жергілікті тұрғындарға медициналық көмек көрсетті. Қазбаттың 200 жауынгері мемлекеттік марапаттарға ие болды.
Қазақстан үкіметінің БҰҰ-мен бітімгерлік желісі бойынша өзара іс-әрекеті 2014 жылы Қарулы күштердің алғашқы әскери қызметшісін Батыс Сахарадағы Ұйымның әскери бақылаушысы ретінде жіберген сәтінен басталды. Қорғаныс министрлігінің мәліметіне сүйенсек, сол кезден бастап қазақстандық бітімгерлер Ливан, Батыс Сахара және Кот-д’Ивуар сияқты әлемнің әртүрлі өңірлерінде қызмет етті. 2024 жылы Қазақстан БҰҰ-ның Африка мен Таяу Шығыстағы миссиясына қосымша әскери қызметшілерді жіберді. Әскерилердің айтуынша, әсіресе Орталық Африка Республикасындағы, Малидегі және Конго Демократиялық Республикасындағы миссиялар күрделі болған көрінеді.
Мемлекет бамшысы: «Қазақстан алғаш рет бітімгерлік міндетін дербес орындауға кірісті. Голан жоталарындағы операция аясында Біріккен Ұлттар Ұйымымен қарым-қатынасымыз мүлде жаңа деңгейге көтерілді. Біз толыққанды бітімгерлік күштері бар елдердің қатарына қосылдық. Қазақстан – осы салада мол тәжірибе жинақтаған Орталық Азиядағы бірден-бір мемлекет», – деді жоғарыда айтылған кездесуде.
Қазіргі таңда еліміздің 158 азаматы Африка мен Таяу Шығыс аймағында бітімгерлік қызметте жүр. Болашақта Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында өтіп жатқан басқа да миссияларға қатысуды жоспарлап отыр.
Әбубәкір Смайылов,

әскери журналист

Суреттер мен инфографика ҚР ҚМ сайтынан

Бүгін, 12:45
Бейбіт елдің бітімгерлік миссиясы немесе Калай-Хумбтан Голан жотасына дейін
Бүгін, 10:45
Ғалам – «сауда соғысына» алаң
19 шiлде, 21:21
Түркістан: Қоғамдағы ынтымақтастықтың жарқын үлгісі
19 шiлде, 20:49
Түркістан: Төлеби ауданының экономикалық әлеуеті қаралды
19 шiлде, 20:28
Түркістан: Төлеби ауданында кәсіпкерлік дамып, маңызды жобалар жүзеге асып жатыр
19 шiлде, 19:55
Түркістан: Кентауда 16 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда
19 шiлде, 17:32
Түркістан: Жүзім шаруашылығы қарқын алды
19 шiлде, 11:25
Экономика: Тұрақсыз әлемдегі тұрақты өсім
16 шiлде, 15:14
Түркістан: Сайрамда 32 отбасына пәтер кілті тапсырылды