
Елімізде 2029 жылға дейін инженерлік инфрақұрылымды дамыту тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен энергетика саласындағы ауқымды жобаларды қамтиды. Осы мерзім ішінде жылу және сумен жабдықтау жүйелерінің тозуы 45 пайызға азайып, 1,6 мың шақырым жылу және 78 шақырым электр желілері жаңғыртылып, ал ауыз суға қолжетімділік 100 пайызға жеткізілуі тиіс.
Бұл бағытта Қызылорда облысында бірқатар шаралар қолға алынған. Өңірде инженерлік инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары айтарлықтай қарқын алды. Облыс әкімдігінің дерегі бойынша, газдандыру деңгейі 83 пайызға жеткен, ал ауыз сумен қамту көрсеткіші 100 пайызға орындалған. Осы аймақтағы инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы Jasqazaq.kz тілшісіне облыстың Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Ізмағамбетов айтып берді.
– Бауыржан Нұрланұлы, алдымен өңірдегі газдандыру жұмыстарының қазіргі жағдайына тоқталсаңыз.
– Облыста газдандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Былтыр осы салада 18 жобаны жүзеге асыруға 17,3 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 5,7 млрд теңге, облыстық бюджеттен – 3,1 млрд теңге, ал «Самұрық-Қазына» АҚ тарапынан 8,5 млрд теңге қарастырылды. Осы жобалардың нәтижесінде 10 елді мекен – Шижаға, Ортақшыл, Баймұрат, Талдыарал, Ақтан батыр, Н.Ілиясов, Шаған, Дүр Оңғар, 21-бекет және Жансейіт табиғи газға қосылды. Соның арқасында 17 мыңға жуық тұрғын көгілдір отынды пайдалану мүмкіндігіне ие болды.
Жалпы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша облысты газдандыру деңгейі 83 пайызға жетіп, газдандырылған елді мекен саны 56-ға дейін артты.
Биыл газдандыру саласында 14 жобаны жүзеге асыруға 4,9 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 4,2 млрд теңге республикалық бюджеттен, 0,7 млрд теңге облыстық бюджеттен қарастырылған. Бұл жобалардың 2-еуі өтпелі, ал 12-сі жаңа жобалар. Жыл соңына дейін тағы 10 елді мекенді газдандыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар республикалық бюджетті нақтылау барысында жалпы құны 8,1 млрд теңгені құрайтын 19 жобаға бюджеттік өтінім ұсынылды.
– Ал электр энергиясымен қамту саласында қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Қызылорда облысында қазіргі таңда 10 504 шақырым электр желісі және әртүрлі кернеудегі 2018 қосалқы станция бар. Электр желілерінің тозу деңгейі шамамен 60 пайызды құрайды. Сондықтан бұл бағытта жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде.
2025 жылы 6 млрд теңгеге бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Соның ішінде 3,1 млрд теңгеге 280 шақырым электр желісі, ал 2,9 млрд теңгеге 87 қосалқы станция жаңғыртылады. Сонымен қатар «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ-ның инвестициялық бағдарламасы аясында 532,6 млн теңгеге 40,2 шақырым әуе желісі қайта жаңғыртылды.
– Ал жылумен қамту жүйесін жаңарту бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Облыс аумағындағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 217 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда олардың тозу деңгейі — шамамен 40 пайыз. Қызылорда қаласында жылу желілерін жаңарту мақсатында 2025 жылы 6 жоба іске асырылып, жалпы ұзындығы 7,9 шақырым жылу желісі жаңғыртылды. Бұл жұмыстарға бюджеттен 3,6 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар 4,2 шақырым квартал аралық жылу желілеріне ағымдағы жөндеу жүргізілді.
– Ауыз сумен қамту мәселесі өңірде қалай шешілуде?
– Қызылорда облысында 4 қала және 222 ауылдық елді мекен бар. Бүгінде барлық қалалар 100 пайыз ауыз сумен қамтылған. Мемлекет басшысы елді мекендерді 2025 жылдың соңына дейін толықтай сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырма берген болатын.
Осы тапсырманы орындау үшін арнайы жол картасы әзірленіп, орталықтандырылған су жүйесіне қосылмаған 11 елді мекенді сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Арал ауданындағы Ақбасты, Абай, Тоқабай, Ерімбетжаға, Тастүбек ауылдары топтық су құбырына қосылды. Ал Қазалы ауданындағы Шәкен, Шитүбек, Сарбұлақ, Шилі елді мекендерінде ішкі су жүйелері салынды. Сонымен қатар Лесхоз және Бірлік ауылдарына су тұщытқыш қондырғылары орнатылды.
Бұл жобаларды жүзеге асыруға 16,5 млрд теңге бөлініп, нәтижесінде 2025 жылы облыс халқын орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамту деңгейі 100 пайызға жетті.
Биыл су инфрақұрылымын жаңарту бағытында 7 жобаға 11,9 млрд теңге бөлінді. Бұл жобаларды іске асыру нәтижесінде су желілерінің тозу деңгейін 31 пайызға, ал кәріз жүйесінің тозуын 30 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық