«Қазақстанда 2020 жыл еріктілер жылы болды, біраз шаруа атқарылды. Қазір еліміздегі волонтерлік ұйымдар саны үш есе өсті, яғни 680 ұйым бар. Еріктілердің саны 200 мыңға жетті. Барлық аймақта фронт-офистер ашылды. Онда мыңдаған волонтер дайындықтан өтті. Qazvolunteer.kz платформасы жасалды, яғни бүгінгі таңда Қазақстанда кез келген адам ерікті¬лер тобына мүше болып, пайдалы іске өз үлесін қоса алады. Шын мәнінде, бұл – зор мүмкіндік. Сондай-ақ біздің волонтерлер Иордания, Кения, Таиланд және Түркия елдеріне арнайы барып, тәжірибе жинақ¬тады».
(Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Халықаралық волонтерлер форумында сөйлеген сөзінен)
Қиналған кезде бір-біріне қол ұшын созу, көмегін аямай, демеп отыру – қазақтың қанында ежелден бар қасиет. Сондықтан волонтер болуға ниет танытушылар біздің елімізде жыл сайын көбеймесе, азаймайды.
Әсіресе, Түркістан облысында еріктілер ұйымының атқарған жұмыстары көңіл қуантарлық. Облыстық әкімдік һәм аудандық әкімдіктердің қолдауымен түрлі шараларды жүзеге асырып келеді. Сондай ұйымның бірі Түркістан облысы, Сарыағаш ауданындағы «Адал көмек» волонтерлер тобы деп аталады. Ұйым жетекшісі Ақан Бауыржанмен сұхбаттасудың сәті түсті.
– «Адал көмек» ұйымы қашан құрылды? Сарыағаш ауданында сіздерден басқа бірнеше ұйым бар екен. Өзге волонтерлермен әріптестік байланыс орнатасыздар ма?
– Сарыағаш ауданы Жастар ресурстық орталығы жанынан «Адал көмек» еріктілер клубы ашылған. Осы клубқа Сарыағаш ауданына қарасты 12 ауыл, 1 қала, 1 кент кіреді. Қазіргі таңда «Адал көмек» еріктілер клубынан бөлек, «Жомарт жүрек», «Аялы алақан», «Қамқор жастар», «Ақ жүрек», «Шапағат», «Мейірім» еріктілер клубы бар. Әрине, бәріміздің де илегеніміз бір терінің пұшпағы. Ұстанған бағытымыз, мақсатымыз бір арнаға тоғысатындықтан, үнемі байланыста болып, волонтерлік жұмыстарды да тізе қосып бірге атқарамыз. Еріктілердің мақсаты бір-бірімен бәсеке емес, қоғамдық жұмыстарды ақысыз атқаратын болғандықтан да, арамызда ешқандай бәсеке жоқ. Бірлесіп, ұжымдасып жұмыс істеуге ұмтыламыз.
–Ұйымның атауы айтып тұрғандай, жастар қандай қамқорлық істерді жүзеге асырып келеді?
– Біздің ауданымызда еріктіліктің жеті бағыты бойынша жұмыс жүргіземіз. Жеті бағыт бойынша іс-шаралар атқарылады. Жалғыз басты қариялардың үйін тазалап, азық-түліктерін апарып береміз. Жағдайы төмен отбасыларға киім-кешек пен азық-түліктер, балаларына ойыншықтар апарамыз. Ауданымызда тазалық жұмыстарын жүргіземіз. Ауданымыздағы киелі орындарды насихаттап, ол жерлерге ағаш отырғызып, тазалық жұмыстарын жүргіземіз. Жастарға түрлі бағдарламаларды ұсынамыз. Түрлі экскурсия ұйымдастырамыз. Ағаш отырғызу демекші, Сарыағаш қаласының абаттанып, жасыл желекпен көмкерілуіне «Адал көмек» еріктілер ұйымының қосқан үлесі зор. Сонымен қатар, біздің Сарыағаш ауданы бойынша ауылдық округтерде құрылған волонтерлік ұйымдарымыздың мүшелері өздерінің туған ауылдарына жасыл желек егіп көгалдандыру жұмыстарына белсене араласып жүр. Волонтерлердің мұндай еңбектерін мақтанышпен айта аламыз.
Тарихи жерлерге экскурсия ұйымдастыру ісінде де біздің волонтерлердің белсенділігі жоғары. Әлім тауындағы Жабай ата мекеніне, Емші тауына барып, киелі жерлердің қасиетін ұғынып, тарихи мекеніміздің маңыздылығын сезініп қайтуды дәстүрге айналдырғанымызға да көп уақыт болды. Саяхаттау сапарымызда тек табиғат аясында киелі жерлермен шектеліп қалмай Сарыағаш курортты аймақтарына да барып тыныс-тіршілігімен танысу, келген туристерге жол көрсету секілді жұмыстарды атқарамыз. Одан бөлек жеке кәсіпкерлермен де біздің волонтерлік ұйымымыз қоян-қолтық тығыз қарым-қатынас орнатып жұмыс істейді. Олардың да кәсібінің даму үдерісінде шолу жасап, көріп жүреміз. Бүгінгі таңда ауылшаруашылығы оның ішінде диқандар жиі тұтынатын биогумус деген тыңайтқыш бар. Осы биогумусты өндіретін кәсіпкердің үйіне арнайы барып, инновациялық жобаның тиімділігін көзімізбен кңөріп қайттық. Мұның барлығы да біздің волонтерлер арасынан ертеңгі күні кәсіп ашамын, ісімді ілгері бастырамын деген жастарға жол көрсету, тәжірибе жинап, шыңдалуына серпін беру мақсатында жүзеге асырылады.
– Жергілікті әкімдік, облыс әкімдігімен бірлесіп іс-шаралар өткізіп тұрасыздар ма? Әкімдіктің волонтерлік ұйымға қолдауы қалай?
– Аудан әкімшілігінің жастарға берер қолдауы өте күшті. 2022 жылы әкімдік қолауымен және Жария қоғамдық бірлестігімен ауданымызға 500 түп тал отырғызған болатынбыз. 2021 жылы футболдан сайыс ұйымдастырылып, әр қатысқан команда 10 мың қаржылай ақша бөлді. Сондай-ақ еріктілерміз тағамдар мен су сатып, бұл акциядан 300 мың қаражат жиналған болатын. Жиналған қаражаттың 200 мың теңгесін Ерасыл есімді жігіттің отасына көмек беріп, қалға 100 мың теңгесіне 10 шақты отбасыға азық-түлік сатып апарып берген болатынбыз.
– Ұйым жұмысын жандандыру мақсатында қандай іс-шаралар жүзеге асырылып келеді? Түрлі форум, жиын өткізіле ме?
– Ұйымымызды кеңейту және жандандыру мақсатында түрлі басқосу, форумдар өткізіліп тұрады. Әр жылдың басында ашық есік күнін өткіземіз. Құрамымызды кеңейтіп, жаңа еріктілерді қатарымызға қосамыз. Сонымен бірге түрлі концерттік бағдарламалар, спектакльдер болады. Еріктілерді бірлікке, достыққа шақыру және бір-біріне деген түсіністігін арттыру мақсатында киелі орындарға, демалыс орындарына, концерттерге. экскурсиялар ұйымдастырамыз. Әр жылдың соңында қорытындылау және еріктілерді ынталандыру мақсатында марапаттау рәсімін өткіземіз. Алғыс хаттар және аудан әкімінің дипломын тапсырамыз.
Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет
Түркістан облысы,
Сарыағаш ауданы