БАУАШАР

19 наурыз, 13:44


Тұңғышымыз дүниеге келгенде атын Қамзабек атасы қойды. “Бұл қыздың аты — Үнзила болсын!” деді. Әуелі өзімізге беймағлұм есім болса да әкеміздің ұйғарымын талқыға салмадық, тіпті шәк келтірмедік. Жалпы, араб тілінен аударғанда “түскен” деген ұғымды білдірсе, қасиеті бар жазбаның аспаннан жерге түскенін меңзейді екен.

Сондықтан, туу туралы куәлігіне қатасыз жазылуына көңіл бөлуге тура келді.
Жылдар сырғып өте берді. Үнзила отбасыда, дәстүрлі ортада тәлім-тәрбие алды, білім жинады. Өзімен қатар қыздармен бірге бой жетті, қалауы бойынша тұрмыс құрды.

Қазіргі кезде өз алдына үй болып, ұрпағымызды жалғастырып жатыр. Ол кішкентайынан үнемі шығармашылықпен шұғылдануды ұнатты.

Арада біршама уақыт өтті, көп жылғы еңбегі енді ғана едәуір нәтижесін бере бастады. Тұңғыш кітаптары жарыққа шықты. Кейіпкерлерінің қатысуымен ерекше форматта өткен бауашарға (презентацияға) біз де қатыстық. Әсіресе, аталмыш игі іс-шараға жасы тоқсанға таяған, кезінде Мұхтар Әуезовтен дәріс алған тіл-әдебиет маманы — Үміт әжесі мен анасы — Қорлан қатты қуанды. Екінші кітабы тапсырыс беруші әулеттің діттегенінен, ойындағысынан да асып түсті. Оның үстіне, әділ де қатал оқырмандар көңілінен шыққаны жас қаламгердің қаламына қанат бітіргендей.

Сәрә, әйгілі Әмір Темірдің: “Жазылған нәрсе әулеттің жадында қайырлы істен де ұзағырақ жасай бермек” деген өсиеті өміршең болса керек.

Қойнына сыймаған қуанышты достармен, әріптестермен, ағайын-туғанмен, көрші-қолаңмен бөлісіп, шашу шашып жатқанда Мұхтар Шахановтың “Мені неге Мұхтар қойған” балладасының жыр жолдары да есіме түсті:
“…Менің тұңғыш кітабым басылғанда,
Үміт оты алдымнан шашылғанда
Анам байғұс шаттықтан жарылардай,
Жыртық, ескі кебісін сүйрелектеп,
Көршілерге жүгірді күйбелектеп.
Сосын үнсіз тұрды да ойға қалып,
Үйренбеген әлі де тойға барып
Менің титтей елеусіз кітабымды
Ұлы томның қасына қойды апарып.
Мұның не деп айтуға жарамадым,
Досым, бұған мысқылмен қарамағын.
Перзентінен даналық күтетұғын
Әдеті ғой ежелден бар ананың.
Дей алмаймын өнерде бос қамалам,
Бос қамалсам жанымды жасқа малам.
Абай ақын бір басқа,
Мұхтар басқа.
Мен де, досым, ендеше басқа болам.

Жол іздеймін әлі ешкім бастамаған” (Ғашықтық ғаламаты: Өлеңдер, балладалар, поэмалар М.Шаханов. — Алматы: ”Өнер”, 2012. — 130 б.).
Әрине, қазір Үнзила әлі ешкім бастамаған жолды іздеп жүрген жоқ, өз соқпағын тапқан сияқты.
Ардың ісін — әдебиетті қолға алып, адамдар тағдырын зерттеу, түрлі жанрда халыққа керек шығарма жазу.
Жақында салиқалы Jibek Joly TV телеарна ұжымы Үнзила МЫҢБАЙ туралы арнайы хабар түсірді.
Қашаннан өз қадірімен ерекшеленетін қазақ қыздарының бірі ретінде Үнзилаға сенім артқан сияқты.

Жаңа тележоба — келешегінен үміт күттіретін жастарға деген үлкен қолдау. Шын мәнінде, еліміздің дамуы үшін әдебиеттің әлеуеті, рухани күштің маңызы арта береді.

Әрбір отбасының өмірі мен тәлім-тәрбиесі, замандастары, әйелзатының қоғамдағы орны, ана табиғаты, баланың отансүйер сана-сезімі өзара тығыз байланысты. Үнзила баспадан шығып, сатылымға түскен тырнақалды туындыларына қатысты сыр айтып, ой қозғайды.

Тағылымды телетуындыны назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

 

Дархан МЫҢБАЙ

29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді
24 шiлде, 15:23
Түркістан: Басты мақсат-қылмыстың алдын алу
23 шiлде, 12:11
Түркістан: Миллиондаған қарызы бар борышкер мен мас жүргізуші құрықталды
23 шiлде, 12:06
Түркістан: «Таза Қазақстан» аясында 21 000-нан астам құқық бұзушылық анықталды