Бастаған соң, тастамаңыз

06 мамыр 2022, 10:25

2025 жылдың соңына дейін халықтың 100 пайызы таза ауыз сумен қамтылуы керек. Әкімдіктер тарапынан ауыл-қалаларда тиісті инфрақұрылымды тарту жұмыстарына ерекше мән берілсін. Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов осылай деп атап көрсетті.

Шындығын айтқанда, ауыз сумен қамту – жылдан-жылға жалғасып, түпкілікті шешілмей келе жатқан өткір мәселе. Бір ғана мысал келтіре кетейік. Осыдан екі жыл бұрын, коронавирус өршіп тұрған маусым айында, Алматыдағы Наурызбай ауданына қарасты Тастыбұлақ шағын ауданының тұрғындары бөркін аспанға атып, мәре-сәре болысты. Өйткені саяжай саналатын осы елді мекеннің халқы су азабын тартып келе жатқанына көп жылдың жүзі болған. Жазда суғаруға ғана жарайтын лай судың барына шүкіршілік етсе, қыста ол да жоқ. Ауыз су тартып алғандар да қыста құбыр жарылса, алыстан тасып ығыры шығатын. Енді, міне, тура үйінің жанынан дәу құбыр төселіп жатыр. Бірі тракторшыға жалынып, метріне 20 мың теңгеден төлеп, кейбірі өзі қазып, үйіне дейін құбырды жүргізіп алды. Аса бір пысықтары есептегіш құралына дейін орнатып тастаған. Екі жыл өтті. Судың қосылатын түрі жоқ. Өйткені су тазартатын станса салынбай жатып, қыруар қаржыға құбыр төселген. Құдай біледі, бұл жалғыз Тастыбұлақ тұрғындарының басындағы жағдай емес. Себебі әр-әр жерден «су-у» деген шулаған жұрттың жанайқайы оқтын-оқтын естіліп қалады.

Сонымен бұл жиында не айтылды? Сусаған жұрт қашан тыныш табады?

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Мемлекет басшысының таза ауыз суға қолжетімділікті 100 пайызға жеткізу тапсырмасын орындау «Қуатты өңірлер», «Ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде жоспарланғанын айтты. Министр келтірген мәлімет бойынша, 25 жылда сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз ету 96 пайызды (қалаларда – 98,1, ауылдарда – 93 пайызды) құрапты. Ауылды ауыз сумен қамтылудың ең төменгі деңгейі – Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында. Қалалық жерде сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз ету бойынша Жамбыл облысы артта қалып отыр.
Ауыз су тапшылығын жою үшін биыл қазынадан 215 млрд теңге бөлінген.

Қалаға – 120 млрд, ауылға – 95 млрд теңге. «Бұл жыл соңына дейін қала халқының 98,5 пайызын, ауыл халқының 94,7 пайызын сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деп сендіреді министр. Еліміз бойынша барлығы 6302 ауылдық елді мекен бар. Оның 4759-ы сумен жабдықтау қызметтерімен қамтылған. 511 ауылды орталықтандырылған су жүйесімен жабдықтайтын құрылыс жұмыстарын жалғастыру жоспары бар.

Осы кезге дейін су құбыры желілері әкімдіктердің немесе білікті мамандары мен арнайы мамандандырылған техникасы жоқ кәсіпорындар мен ұйымдар иелігінде. 275 ауылда сумен жабдықтау желілеріне әкімдіктер тарапынан қызмет көрсетілсе, 335 ауылда бұл жұмысқа бейінделмеген кәсіпорындар қызмет көрсетеді. Бұл желілердің жылдам тозуына әкеп соғады және қайта қалпына келтіру үшін қосымша шығынды талап етеді. Осыған байланысты министр «Бір аудан – бір кәсіпорын» қағидаты бойынша, су арналарын ірілендіруді ұсынды. Сонда көрсетілетін қызмет сапасы мен жұмыс тиімділігін арттыруға болады. «Жергілікті атқарушы органдар жергілікті бюджет қаражаты есебінен жарғылық капиталын ұлғайту арқылы су арналарының материалдық-техникалық базасын жақсарту жөнінде шаралар қабылдауы қажет», – деді ол.
Министр кабинетінен шығып, өз көзімен көрді ме, қайдам, мынадай мысал келтірді: Алматы облысы Кеңдала ауылында халық пайдаланып жүрген су құбыры желісі 1969 жылы салынған. Әлбетте, жаңалауды қажет етеді. Мұндай ауылдарда су құбыры желілерін кеңейту жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен шамамен 40 млрд теңге бөлінуі керек. Тағы бір «ноу-хау» – ауылдарды сумен қамтамасыз ету барысына мониторинг жасау үшін интерактивті карта әзірленіпті. «Карта ғаламторда қолжетімді. Онда сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз ету, қаржыландыру көлемі, халық саны, тозу деңгейі және басқа да өзекті ақпарат көрсетілген. Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі біздің тұрақты бақылауымызда екенін ескере отырып, жергілікті атқарушы органдар интерактивті картаны сапалы және уақытылы толтыруы қажет», – дейді Қ.Өскенбаев.

Қысқасы, халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі министрліктің тұрақты бақылауында сияқты. Мемлекет басшысының халықты бес жылдың ішінде ауыз сумен қамтамасыз ету туралы тапсырмасы кезең-кезеңмен 2025 жылға дейін орындалатынына уәде берілді.
Тастыбұлақ тұрғындары да, басқалар да осы уәденің орындалуын күтеді.

Гүлнар Ахметова

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?