Баспананың беріктігін тексеру: Алматыда қай үйлер зілзалаға төтеп бере алады?

31 шiлде 2023, 10:45

Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу институты BAZIS-A компаниясымен бірлесіп, 14 қабатты LEGENDA тұрғын үй кешеніне вибродинамикалық сынақтар жүргізіп, оған журналистерді шақырды.

ҚазҚСҒЗИ мамандары әлі пайдалануға берілмеген ғимараттың шатырына жер сілкінісі кезінде пайда болатын дүмпу шығаратын діріл машинасын орнатты. Алматылықтар үшін болар-болмас зілзала таңсық емес, бұл жолы журналистер 9 балдық сілкіністің қалай боларын сезіне алды. Анығы, мақсат құрылыстың барлық ережесіне сәйкес салынған монолитті үйдің 9 балдық зілзалаға қалай төтеп бере алатынын көру еді.

Сынаққа қатысушылар қауіпсіздік бойынша нұсқаулықтан өтіп, каска мен жилет алды. Содан кейін олар 14 қабатқа жаяу көтеріліп, ыдыс-аяқ, кітаптар, глобус, шкаф қойылып, аспашамдар ілінген әрленбеген, әлі толық әйнек салынбаған бөлмеге барды. Бұлар құлай ма, жоқ па, елдің бәрін елеңдеткен сол еді. Ғимараттың жер сілкінісіне төтеп бере алатынына компанияның бас инженер-дизайнері сенімді, біздің де алаң көңілді басты.

Сирена ойнаған соң діріл машинасының гүрілдеген дыбысы естілді. Жасанды зілзала әуелі ақырын, содан кейін күшейе түсті. Бір кезде тербеліс 9 балға жеткенде еден қозғалғандай болды. Дегенмен, ғимарат зақымданбады, шкаф пен люстра тербеліп, қозғалса да бәрі өз орнында қалды.

ҚазҚСҒЗИ өкілдері сынақ кезінде бүкіл ғимаратқа ең төменгі дүмпуді тіркеу үшін 60-тан астам жоғары сезімтал датчиктер орнатқанын айтты. Ғимараттарды сейсмикалық төзімділікке сынау кезінде мамандар ғимараттың негізгі құрылымдық элементтерінің, атап айтқанда еден мен темірбетонды монолитті қабырғаларды, сонымен қатар, терезе мен есіктерді, баспалдақтарды, лифттерді, желдеткіш қораптарды, су құбырлары мен кәріз көтергіштерін қадағалады. Ал сынақ біткен соң датчиктерден алынған деректер ҚазҚСҒЗИ-ға зілзалаға төзімді құрылыс саласындағы ғылыми ізденістерін жалғастыруға мүмкіндік береді.

Қала тұрғындары үшін мұндай сынақ – сапалы көпқабатты үйлер сала алатынымызға көз жеткізу еді. Өйткені, Түркиядағы жойқын жер сілкінісінен кейін Алматыдағы құрылыстың сапасы көпшілікті алаңдатқаны рас.

«Біз құрылыс компаниясы ретінде осы сынақ барысында үйлеріміздің тұрғындары қауіпсіз өмір сүру үшін ғимараттарымыздың сапасын тексердік. Дәл осы LEGENDA ТҮК тексеру кездейсоқ таңдалды, себебі өзіміз салған әрбір нысанның сапасына сенімдіміз», — деді «Bazis-A Corp.» ЖШС бас инженері Павел Бобылев.

Айтпақшы, бұл ҚазҚСҒЗИ мен BAZIS-A бірлесіп өткізген алғашқы сынақ емес. Алғашқы сынақ 2001 жылы «Фантазия» ТҮК-не жүргізілген. Содан кейін мұндай сынақтар «Столичный центр» ТҮК, Mega Tower Almaty ТҮК және «Нұрлы Тау» ПФО тұрғын үйінде өтті.

BAZIS-A өзінің тұрғын үй кешендерінің сейсмикалық төзімділігіне вибродинамикалық сынақ жүргізетін Алматыдағы жалғыз компания екені қынжылтады. Әрине, үйлерді тексеруге мәжбүрлейтін заң жоқ, бұл ерікті процедура. Бірақ қымбат бағаға сатып алған соң тұрғындар сол баспананың табиғи апаттан қаншалықты қорғалғанын білсе нұр үстіне нұр болар еді.

«ҚазҚСҒЗИ» АҚ жоғары қабатты ғимараттардың сейсмикаға төзімділік зертханасының меңгерушісі Жасұлан Омаровтың айтуынша, әрбір ғимаратты сынаудың қажеті жоқ. Құрылыс салушы тұрғын үй кешенінің бір блогын тексере жеткілікті, тек қалғандары сол технология бойынша, сол құрылыс сапасын сақтай отырып салынса болғаны.

Бұған қоса, сарапшылар біздегі ҚНжЕ-ге оң баға беріп отыр, мұндай сынақтардың арқасында ереже жетілдіріліп, пысықтала түседі, бірақ ғимараттың сапасына құрылыс салушы жауапты. Демек, өзіңіздің қауіпсіздігіңіз үшін сенімді құрылыс компаниясын таңдау керек.

Олжабек Байқуатов

08 тамыз, 10:38
Мақсат Мақтабек: Заң – азаматтардың қорғаны
08 тамыз, 10:29
Түркістан: Қоғамдағы қауіпсіздік – тәртіп сақшысының күнделікті жұмысы
07 тамыз, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
07 тамыз, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады