Күн өткен сайын азғындықтың неше түрлісін еститін болдық. Педофилия, некрофилия… Бұл терминдерді қазір жұрттың бәрі біліп алды. Бұрындары азаматтық неке дегенді естіген шал-кемпірлер бетін шымшитын. Қазір шымшитын бет те қалмай барады…
Қарашаның қарлы суығы келді. Пәтер жалдап тұратын қазақ қандай күйде екен? Осыны білмек болып «Жетім бұрышты» жағалағанбыз. Ойламаған жерден сұмдық жағдайға тап болдық. Сағат кешкі 8-дің шамасы. «Жетім бұрышта» «жеңгетай» жүр. Мені оңашалап шақырып алды. «Бауырым, қызбен керек пе? Пәтер мына жақын жерде. Қалаған қызды таңдап аласың, кеттік пе?» – деді. Басында аңдамағанмен, астарын ұға қойдым да, әңгімеге тартқым келді. Өзін Доха деп таныстырды. Қырықтар шамасындағы жігіт. Ашылып ештеңе айтпады. Бірақ бір нәрсені мақтана жеткізді. Самал ықшам ауданында 2 бөлмелі үйі бар екен. Бір бөлмесін бір қызға пәтерге беріп қойыпты. Қыздан ақша алмайды. Есесіне, сенбі және жексенбі күні қыз мұның қалауын орындайды. Бастапқыда Доханың сандырағына сенгім келмеген. Бірақ ол сөзінің дәлелі ретінде бір сайттың мекен-жайын ұсынды. «Осыған кірсең, көзіңді жеткізесің», – деді.
Үйге келген соң, интернеттен әлгі сайтты (slando) іздедім. Айтса айтқандай екен. Сайт пәтерін жыныстық қатынасқа айырбастайтын жігіттердің жарнамасына толы. Тіпті, араларында өзіміздің қазақ жігіттері де бар. Жазғандарын сіз де оқып көріңіз. «Қымбат пәтерімнің бір бөлмесін жас қызға жалға (тегін) беремін. Тек жыныстық қалауымды орындаса болды. Келісті жігіт. Бойы 183 см». «Барлық жағдайы жасалған 1 бөлмелі пәтерді жыныстық қатынасқа дайын қызға жалға беремін. Тек коммуналдық қызметті төлесе болды».
Бұрындары әйелдердің көңілін көтеретін, массаж жасап, стрептиз билеп беретін жезөкше жігіттер барын оқығанмын. Ал мыналар бірден «жыныстық қалауымды орындасын» дейді. Пәтерін пұлдап, оңай олжаға кенелгісі келеді. Біреуі былай депті. «Тұрақты жыныстық қатынасқа түсуге дайын қызды немесе қыздарды өз пәтерімде тегін тұрғызуға дайынмын. Суретін және телефон нөмірін айырбастау арқылы таныстықты жақындатуға болады. Өзім жайлы: еуропалық, 40 жаста, түрі келісті, әңгімеге бейім». Сайтта қалтафон нөмірі көрсетіліпті. Сол бойынша хабарластық. Басында ашып ештеңе айтқысы келмеді. Бірақ, аты-жөнін көрсетпейтінімізді айтып, хабарласып қоймаған соң, сөзге көнді.
– Жарнамаңыз бойынша хабарласқан қыздар болды ма?
– Осыған дейін 2-3 қыз тұрып кетті. Қазір бір қыз тұрып жатыр. Түнде ресторанда ма, түнгі клубта ма, әйтеуір жұмыс жасайды.
– Сонда қыздың өзі бірден келісе салды ма?
– Әрине. Мен оны қинаған жоқпын. Осылай деп келістік. Сәрсенбі және сенбі күні бірге боламыз.
– Қыздың жүретін жігіті бар ма екен?
– Ол жайлы әңгіме болған емес. Бір-біріміз жайлы жақын таныспаған дұрыс деп шешкенбіз.
– Өзіңіздің әйеліңіз, отбасыңыз жоқ па?
– Жоқ. Әскерде Ауғанстанда болдым. Соғыста жарақаттанып, бір аяғымнан айырылдым. Мүгедектік зейнетақы аламын. Қазір мені ешбір жер қызметке алмайды. Тіпті маған күйеуге тиюге де ешкім құлшына қоймайтын шығар.
– Ал баспанаға қалай қол жеткізіп жүрсіз?
– Бұл үй маған әкемнен қалған. Сол үйдің арқасында ғой бәрі. Әйтпесе, өмірбақи бақытсыздық құшағында кетер ме едім…
Сайтты сүзіп отырып, тағы бірнеше жарнаманы тауып алдық. Бұл жолғы баспана іздейтін – жігіттер. Қалада жеке үйі бар әйелдерге әуейі. Ақша табу үшін енді еркектер де жезөкшелікке даяр. Төмендегі жарнамалардан соны түсіндік.
«Баспана іздеймін, қайтарымы – жыныстық қалауды қанағаттандыру. Өзім жайлы: қазақ, ұзын бойлы, қызуқанды». «Жалғызбасты әйелдің бөлмесін немесе үйінің бір бұрышын жалға аламын. Бөлменің тазалығы мен тыныштығы үшін жауап беремін. Сізді аймалап, керек десеңіз ананы да жасауға дайынмын». Тағы бірі: «Бай әйелдің бөлмесін жыныстық қатынас үшін жалға аламын. Осы тақырыпқа қызығушылық танытсаңыз, хат қалдырыңыз», – деп электронды поштасын жазыпты. Поштасы арқылы пікірлестік. Есімі – Баха екен. 27 жаста.
– Жарнамаға пәтер үшін жезөкшелікке баратыныңды жазыпсың. Бұл рас па?
– Енді оны жезөкшелік деуге келмейді. Олай деп атайтындай мен қыз емеспін ғой. Білесіз, қалада пәтер қымбат. Сосын осылай күн көріп жүрмін.
– Қызмет жасайсың ба?
– Иә. Такси жүргізушісімін.
– Пәтеріңе қонақтарың келе қалғанда, «қожайыныңды» кім деп таныстырасың?
– Әпкем дей салам. Сөйтіп жүрміз.
– Әпкем дегеніңе қарағанда жасы өзіңнен үлкен болды ғой?
– 38-де. Байдың қызы, тұрмысқа шықпаған. Жеке туристік фирмасы бар. Негізінен, бұл сіз үшін түсініксіз жағдай болып тұрған сияқты. Бірақ таңданудың қажеті жоқ. Бұған ешкім зорлықпен келмейді. Бір жағынан әйелдің, екінші жағынан өзімнің қалауымды орындап жүрмін. Қызметке ақша төлемесе де, пәтер үшін ақша алмайды.
– Бұл жағдайдан туыстарыңның хабары бар ма?
– Білмейді. Білгенін де қаламаймын. Олар мені жігіттермен бірге тұрады деп ойлайды.
– Жігіт басыңмен мұныңа арланбайсың ба?
– Несіне ұяламын. Біреудің затын ұрлағам жоқ, қылмыс та емес. Керісінше, басқаларға қарағанда адал өмір сүріп жатырмын. Қалада жалғызбасты әйелдер көп. Құмарын қандыру үшін олар бәріне даяр. Тілегін орындағанның несі айып? Қазір адамдардың ақшасы жоқ. Сондықтан мұны екеуара айырбас деп түсіну керек. Естуімше, Францияда бұл жағдайға мемлекет рұқсат берген. Пәтер қожайыны қыздардан үйін тазалауды, киімін жуып беруді, тән қалауын қанағаттандыруды талап етеді екен. Оларда бұған жұрт бизнес ретінде қарайды. Бәлкім, бізге де бизнестің бұл түріне үйренісу қажет шығар?
Қалада өмір сүру қиындаған сайын, қоғам да азғындап барады. Сайттағы сорақылықты былай қойғанда, шынайы өмірде денеңді шымырлатар жәйт көп-ақ. Әсіресе, аядай ғана құжыра үшін, арын сататын қыздардың тағдыры жанды қинайды екен. Әй дейтін ажа болмағасын, ойына келгенін істеп жатыр жұрт.
Интернеттегі жағдай бір бөлек. Бәрі перденің артындағы жасырын адамдар. Ал шынайы өмірде ше? «Жетім бұрышта» да тән қалауын талап ететін еркектер жүретінін бұрын естігенміз. Алайда, сенгіміз келмеген. Мына жағдайдан кейін, сенбеске амалың қалмайды. Бұрындары «Жетім бұрышты» жағалап алпыстан асқан ақсақал жүретін. Ақсайда 3 бөлмелі пәтері бар. Бір бөлмесін қыздарға береді екен. Жеңіл жүрісті қыздарды ғана алатын көрінеді. Сондағысы қыздарға қырындап, төсекке тартқыштайды екен. Атасындай адамнан қорланған қыздар қайдан тұрақтасын? Түйіншегін жинап, тайып тұрады. Ал шал болса, жаңа қыз іздейді. Біз ақсақалды іздеп, «Жетім бұрышқа» барғанбыз. Бірақ, таба алмадық. Мұндағы делдалдардың ешқайсысы шалға қатысты дені дұрыс ақпарат бере алмады. Ешкім ештеңе білмейді, әйтеуір!
Қарашаның қарлы суығы денеңді қалшылдатады. «Жетім бұрышқа» жақын жерде бөтелке құшақтаған баспанасыз бейбақ жатыр. Ал қарсы беттегі көп қабатты үйдің подъезінен орыс кемпір итін жетектей шықты. Итке қарап ойланып қалыппын. «Жетім бұрышқа» бармайтын, жалға пәтер алмайтын орыс кемпірдің иті неткен бақытты еді…
Серікбол ХАСАН